ЖОЛЫМЫЗ ОҢДЫ, САПАРЫМЫЗ СӘТТІ БОЛҒАЙ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі халыққа Жолдауы жыл сайын мемлекеттік аппаратты ғана емес, бүкіл халықтың ортақ мақсатын, ұлттық мүдделер мен болашаққа бағытталған үлкен мұраттарға бастайтын мәнімен ерекшелетіні анық. 2014 жылғы «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ болашақ» атауымен өткен Жолдаудың 2012 жылдың 14 желтоқсанында жасаған «Қазақстан-2050» стратегиясының тактикалық бөлігі болғаны анық.
«Кеменің бағыт-бағдары болмаса, ешбір жел оған бағыттас болмайды» деген даналық тәмсіл бар. Жаһанданып жатқан әлемде, еңбек ресурстары күн өте дамып, өзгеріп жатқан заманда әрбір мемлекеттің өзінің ішкі рухани-мәдени, өркениеттік, экономикалық ерекшеліктеріне сай қалыптастыратын жолын іздеу – табиғи үрдіс екені анық. Қазақстан да соңғы жылдары көптеген елдердің даму кезеңін зерттей отырып, өзінің жолын қалыптастыруды бастады. Бұл жол – тек сөзбен емес, үлкен еңбекпен, ең бастысы – қоғамның бірлігі, оның ортақ мақсат-мұратымен қалыптасатын жол.
Әлемдік банк сарапшыларының ұсынысы бойынша, елдің серпінді дамуының негізгі факторлары – құйылатын инвестициялардың мақсатты түрде пайдаланылуы мен атқарушы билік жүйесінің тиімділігінің жоғары болуымен тығыз байланысты. Аталмыш ұсыныс жыл сайынғы Жолдауларда айтылып келеді. Еліміздің күре тамыры болып отырған инфрақұрылымды өркендету, экономика және өндіріс салаларын дамыту, еліміздің территориялық артықшылықтарын тиімді пайдалану, оның ішінде Қытай мен Ресей арасындағы логистикалық-көлік орталығы болу, өңірлерде индустриялық жаңа салалардың пайда болуы – осы жылғы Жолдауда да ескерілді. Себебі ХХІ ғасыр – экономикаға негізделген, оның ішінде интеллектуалды адами ресурстардың мүмкіндігін ашатын инновациялық экономиканың ғасыры. Бүгінгі күннің АҚШ, Финляндия, Жапония, Сингапур, Оңтүстік Корея, Тайвань, Канада, Австралия секілді дамыған елдері адами ресурстардың үлесіне үлкен мән беретінін енді ғана түсініп келе жатқандаймыз. Осы тұста «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасының мәні мен стратегиялық маңызы артатыны анық. Елдегі ұлттық ғылыми-зерттеу орталықтардың жұмысының нәтижелі болуы, экономиканың серпілісіне үлес қосуы басым бағыт ретінде белгіленді. Ішкі жалпы өнімнің 3 %-ға дейінгі үлесін ғылым мен білімнің дамуына бөлінуі – заман талабы.
Парламенттің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі ретінде Жолдауда аталған салаға жылдағыдай айрықша көңіл бөлінгені байқалады. Біріншіден, отандық білім беру саласының сапалы болуы басты межеде тұр. Қазір көп облыстарда бүлдіршіндерді балабақшамен қамтамасыз ету ісі өте баяу әрі нәтижесі жағынан төмен дәрежеде атқарылып жатқаны анық. 2020 жылға дейінгі мектепке дейінгі біліммен толықтай қамтамасыз ету мақсатталып отыр. 2017 жылға дейін халық тығыз орналасқан аймақтарда 3 ауысымда оқытуды түбегейлі жойып, екі аусымда оқитын мектептердің санын көбейту. Университеттердің әлеуетін арттыру арқылы елдің экономикасына білімді, сындарлы ойлай алатын, техника мен жаңа технологиялардың тілін меңгерген, кемінде 3 тілді білетін маман даярлау да өте маңызды іс болып отыр.
Екіншіден, ұзақмерзімді мәдени саясаттың Концепциясын қабылдау. Бүгінгі күні мемлекетіміздің негізгі құндылықтары – тәуелсіздікті баянды ету, қоғамдық татулық, бірлік, өзара сыйластық болып қалыптасқаны анық. Осы құндылықтарды өскелең ұрпақтың бойына ғана емес, алдағы уақытта елдің имиджісіне қатысты дамыту – қабылданатын Концепцияның негізгі тұғырларының бірі болуы қажет. Аталған құжаттың темірқазығы етіп – мемлекетшілік сана – сезім мен ұлттық құндылықтарды белгілеу керектігін ұсыныс ретінде айтқым келеді.
Үшіншіден, әлеуметтік салалардағы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы туралы. Қоғамда, ұстаз, дәрігер деген мамандарға лайықты құрмет болмай, осы мамандардың тек үшінші қатардағы қызметкерлер болып қала беруі ықтимал. Ұстаздар мен дәрігерлердің жалақысын көтеру, олардың кәсіби біліктілігінің дамуына қолайлы жағдай жасау, «ұстаз» бен «дәрігер» статусының жоғары болуы – кешенді жұмысты талап етеді. Әуелі мемлекет өз тарапынан қажеттіліктерді тудыру, екінші жағынан қоғамның көзқарасының өзгеруі, үшінші жағынан аталмыш мамандық иелерінің өзіне деген сенімділігін күшейтуі қажет. Сенімділік – әрдайым біліктілік арттырып, кез келген елдегі өзінің әріптесімен білімі мен білігі жағынан тең келерлік қабілетімен қалыптасатын ерекше айтып өту қажет.
Төртіншіден, тағдырдың қалауымен, Жаратқанның жазғанымен кемтар атанған азаматтардың қоғамдық өмірде, әлеуметтік жағдайында тең дәрежелі құқықтарға ие болуы. Қазақстанда көптеген үкіметтік емес ұйымдар, өзім мүше болып отырған Комитеттің төрайымы Дариға Нұрсұлтанқызы бастаған топ та мүгедек балаларға, кемтар жандарға ерекше мән беріп келеміз. Кемтар адамдар рухы жағынан мықты келерін ескерсек, оларды мүсіркеуден бұрын, қолдау, тең дәрежеде еңбек қатынастарына араластыру жағын ойланған абзал. Бұл да өз кезегінде Жолдауда ерекше аталып өтті.
Елбасының Қазақстанды «Мәңгілік ел» деп атауында үлкен идея жатқаны анық. Шынында да темірқазығы ұлы мақсаттар мен нақты нәтижелерге негізделген мемлекеттің серпінді дамыған бейнесі екендігі анық. Көшбасшы болу қиын, көшбасшылықты сақтап қалу одан да қиын дейтін ғибратты ескерсек, біз жауапты жолға енді түстік. Халықтың батыры Бауыржан Момышұлының « ел дегенеде емініп, жұрт дегенде жүгініп қызмет ет» дейтін даналық сөзі бар. Ендеше алысты көздеген мақсатты сапарымыз сәтті, жолымыз оңды болуына баршамыз жұмылып қызымет еткеніміз абзал.