Смағұл
Бақытбек

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
10.12.2014 ж. "Егемен Қазақстан" газетінде "Адасқанға иланба" мақала жарияланды.

Адасқанға иланба, шәк келтірме иманға!

10.12.2014 Басты мақалалар, Етжеңді 0 пікір 25 рет оқылды

DF-ST-99-05308

Соңғы жылдары әлдебір рухани күйзеліске ұшырай бастаған, опынысы мен өкініші бар мұсылман отандастарымыз, әсіресе, жастарымыз жүректеріне күмән салатын уағызшыларға көп жолығуда. Елімізге еміне енген бөтен болмыс солар арқылы енді жерсінуге жанталасып жатыр. Осының кесірінен қазіргі біздің қоғам мүдделердің арпалыс алаңына айналған іспетті. Егер оған тосқауыл қоймасақ, мемлекеттік мүдде, жалпыұлттық идея, халықты жаңа заман талаптарына бейімдеу жайына қалуы ғажап емес.

Дін – ұлттық рухымыздың бас­ты бір қайнар көзі ғой. Замана құ­йыны үйіріп әкелген шөп-шалам шел болып, осы бұлақ көзін басып кетпеуі керек. Бұл жал­ғыз діндарлардың ғана шекесін сол­қылдататын сауал ма? Жоқ, әри­не. Сондықтан ұлт болашағын ой­лаған әр азаматты толғантар осы мә­селе бойынша өз ойларымызды ортаға салуды жөн көріп отырмыз.

Қазіргі кезде «тәкпіршілер» деп аталатын жамағат өкіл­дері сенім мәселесінде жас ұр­паққа және діни сауаты аз мұсыл­ман­­дарға жал­ған сенім­дерін та­ңып, жолдан адас­­тырып жүр. Адастырғанда, ең бас­­тысы, сонау ғасырдан-ғасырға жете­ле­ген сақтан қалған салтымыз бен ғұннан қалған ғұрпымыздан, ұлттық дәстүрлерімізден бас тартуға үгіттеуде. Бұлардың негіз­гі «кәсібі» – түрлі әрекет­теріне қарап, адамдарды кәпір деп тану. Құранның үкімдерін емес, Конституцияны бас­шы­лыққа алатын мемлекетті де «кәпір мемлекет» деп атайды. «Өз­дерінен басқаны «дінсіз» деп ұй­ғаруға бұлар неге құштар?» деп, ісінің мән-жайына үңілсеңіз, оның ар жағында «кәпірдің қаны, малы халал, яғни оларды өлтіруге, дүниесін тартып алуға болады» деген қатыгез пәтуаларын жүзеге асырудың амалы жатқандығын аңғарасыз.

Такфиршілердің ісі жай қараң­ғы­лық емес, олар халқы­мызды діні­мізден, салтымыздан ажырату қау­пін ала келуде. Осының ба­рлы­ғының артында батыстағы үлкен саяси және экономикалық ресурс­тарға сүйенген, арнаулы барлау қызметтерінің бағдарлары бойынша қимылдайтын жасырын күштер тұр. Олар «Жаратқан иеге серік қосу» деп насихаттап, жолдан адасу­шылар қолымен Шығыстағы сонау ықылым замандардан бері келе жатқан теңдесі жоқ, үлкен мә­дени мұраларды және тарихи құн­ды­лықтарды – ескерткіштер мен жәді­гер­лерді қиратуда. Көп­теген ұлттық рух­тың ұс­тыны саналар қасиетті нысан­дарға шабуыл жасауда.

Бірлігімен бай, ынтыма­ғы­мен ірі, тұтастығымен табан­ды Қазақ елін де тоз-тоз еткісі келетін, қазақтарды қыр­қыс­тырып қойып, қыр басынан қызықтағанды қалайтын қиямпұрыс, қитұрқы қозғалыс-ағымдар да қар­қын алып, әр жақтан қылаң беріп, қарманып бағуда. Ақтөбедегі жарылыс, Ақтаудағы атыс, Балқаштағы былық сырттан сызылып отыр­ған сценарийлер екендігі сөзсіз.

«Такфиршілер» қазақстан­дық­тар арасында қате әрі қауіпті уағыз жүр­гізуде. Ең сора­қысы сол, Аллаға сенетін мұсыл­мандарымыз бес уақыт намазын оқымаса болды, оларды да кәпір санайды. Бұл – қате ұғым. Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі: «Кімде кім мұсылман адам­­­­­ды күпірлікте айыптаған болса, ол адамды өлтіргенмен тең» деп, ай­тып кеткен. Адамды кәпірсің деу – оны Алланың қаһарына қию. Алла­ның қаһары адамның қаһа­ры­нан әл­деқайда ауыр. Демек, адамды кә­пір­лікке ұйғару – оны өлімге байлау.

Бүгінде Елбасының «Ме­рейлі отбасы» бағ­дарла­ма­сы да, «Нұр Отанның» отба­сы­­лық бағдарлама­лары да Қазақ­станның гүлденуіне қызмет ете­тін құндылықтарға құ­ры­лып отыр. «Қазақстан-2050» Стра­те­гия­сында отбасы институтын күшейтуге, сол арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәр­биелеуге ерек­ше мән берілген. Себебі, Қазақ­стан барлық жетіс­тіктеріне патрио­тизмнің, Отан жо­лын­дағы ерен ерліктер мен ең­селі еңбектердің ар­қасында жетті. Тек біліммен шың­дал­ған, иманмен нұр­ланған халық­тың ғана бола­шағы жарқын болады.

Қазақ халқы бүкіл қалыптасу жолындағы өмір тәжірибесінен сан ғасырлар бойы тірнектеп жинаған, тіршілік тезінен өткізіп, бір жүйеге келтірген ұлттық дәстүрінен, салт-санасынан айырылып қалмауы керек. Әйтпесе, ұлт басына бұлт үйі­ріліп, шаңырағы шайқалмақ. Осы тұста тағы бір ұғымға тоқтала кеткен жөн. «Хижрат» – араб тілінен ау­­дарғанда, «тәрк ету, қалдыру» де­ген сөз. Шариғаттағы мағынасына жү­гінсек, діни сенімдері үшін дін­сіз­­дер тарапынан қысым, зардап көр­ген мұсылмандардың сол жерден басқа жаққа қоныс аударуын білдіреді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған ғұламалар алқасы мынадай пәтуа ұсынды: «Хижрат жасаудың негізгі шарттары – ол мұсылманның тәрк ететін отаны дінсіз қоғам болып, сонымен қатар, сол елдің басшылығы мұсылман емес, Ислам дінінің не­гізгі құндылықтарына қарсы келіп, мұсылмандарға Исламның маңызды рәміздері мен рәсімдерін атқаруға тыйым салып, қысым көрсету жағ­дайы орын алуы шарт. Атап айт­­қан­да, мұсылмандардың негізгі құн­дылығы Исламның бес па­рызына (иман, намаз, ораза, зекет, қажылық жасауға) ты­йым салынған, азан айттырмаған, ме­шіт­терді түгелімен жапқан жә­не мұсылмандардың мейрамдарын атап өтуге шектеу қо­йылған жағдайда ғана мұсылманға өзінің дінін сақтау үшін басқа елге көшуі міндет етіледі».

Атап айтқанда, мұсылмандар құлшылығына тыйым салынған заманда 12 сахаба христиан елі Эфио­пияға көшкен екен. Мұның мысалы өз тарихымызда да болды. Ұлт тынысын тарылтқан, ұлыс дер­бестігін қысқан, еркін ойлауға тежеу салған, қудалаған Кеңес өкі­­­метінің алғашқы жылдарында атеис­тік биліктің қы­сымына, зор­лық-зомбылығына ұшы­раған ата-ба­баларымыз өзінің дінін, тілін, дәс­түрін сақтап қалу үшін басқа жұрт­тарға қоныс аударуға мәжбүр бол­ды. Қытай, Моңғолия асып кетті. Кейін Қазақ елі егемендік алған­да, ата­­­мекенге оралды. Дәл осы қан­дас­­­тарымыз шынында, оралмандар емес, хижрат еткен адамдар саналады.

Ал, қазір Аллаға сансыз шүкір, еліміз егеменді, басшымыз – мұ­сыл­ман. Мемлекетімізде екі жарым мыңдай мешіттің есіктері ашық. Құлшылық жасауға еркіндік беріл­ген. Діни мейрамдарымыз кө­ңіл толардай деңгейде атап өтілу­де. Әкім-қаралардың өзі елге дастарқан жа­йып, ауызашар беріп жүр. Айта кет­кеніміз абзал, тә­ліп­тер келіп, өз ағымдарын та­ңып, көндікпегендерді қырып жатқанда Қазақстан бас­шы­лығы Ауғанстанның «Мазари Ша­риф» деген елді мекеніне 4 әске­ри жүк ұшақтарын жібертіп, сол жақтағы «қазақпын» де­ген­дердің бәрін елге алдыртты. Сөйтіп, біздің мемлекет мұ­сыл­ман бауырларына жана­шырлық танытты.

Біздің Ата Заңымызда на­ным-сенім бостандығы бекі­тіліп, зайырлы, құқықты мемлекет екендігіміз айқындалған. Төл дініміз бен ділі­міздің табан тірер топырағы көшіп, арқа сүйер тірегі тайып жатқан жоқ, қайта өрісі кеңейіп, даму­да. Ен­деше, «дінімізді сақ­таймыз» деп, қазақстандық мұсыл­мандардың Си­рияға, Иракка және басқа қақтығыс ошақтарына кетуіне ешқандай негіз жоқ. Демек, кейбір аран­датушы ағымдардың қазақ­стан­дықтарды «Қазақстаннан басқа елдерге хижрат жасауға міндеттісің» деп үгіттеуі хижрат амалының бастапқы шарттарына қайшы келгендігі сыртында, ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп болса керек.

Осы орайда «жиһад» ұғы­мын жаңылыс ұғындыруға бейімдеу келетін сарынның белең ала бере­тініне де көз жұма қарауға болмайды. Жиһад – араб тілінен алған­да, «белгілі бір мақсатқа жету үшін күш-жігер салу, күресу» деген мағынаны бе­реді. Исламда «Алла жолында жиһад ету» ұғымы кең көлемде қол­данылады. Бұл дұш­панның қастығын тоқтату, әлсіздерге қорған болу және Алланың дінін қорғау мақ­сатында шариғатталған.

Жиһадтың ең үлкені – ру­хани жиһад болса керек. Бұл ретте біз білім мен ғы­лым жолында жиһад етіп, жаңа ілімдерді игеруге ұм­тылғанымыз абзал. Біз бо­йымыздағы кесір ға­деттермен, жаман ниеттермен күресуіміз қажет. Балалар жетім, тастанды қал­мауы үшін жастарға дұрыс жол көрсету, отаулар­дың күйреп, отбасылы отан­дас­тарымыздың ажырас­пауына қолдан келгенше мүмкіндік жасайық. Ата-әжелеріміз қарттар үйінің төрт қабырғасына қамалмауы үшін жас ұрпақ арасындағы ізгі тәр­биені күшейтуіміз ке­рек. «Ата-анаң сені бағып-қақ­ты, өсір­ді, енді оларды бағу саған фарз әрі қарыз» деп үйреткен жөн. «Дүние-кезек», ертең сол қария­лар ор­нында сенің де болмауыңа кім кепіл?! Алла жолын, ақ жолды түсіндіру, насихаттау – ол да жиһад. Жиһад – содыр санамен, сауатсыздықпен күрес.

Қазіргі уақытта теріс пи­ғылды радикалды ағымдар «жиһад» сөзін пайдаланып, аңқау жастарды, аңғал адамдарды алдап, арбап, өзге мұсылман елдері арасында болып жатқан қақтығыстарға соғысуға аттандыруда. Не­гізі, өзге елдің ішкі ісі­не ара­­ласуға ешкімнің қақы­сы жоқ. Олардың өздерінің пәтуа беретін ресми ді­ни бас­қармалары мен мүфти­лері бар. Мұсылмандар арасындағы шиеленістердің отына май құй­май, оларды қырудың қаруы болмай, қайта татуластырудың жайын ойлау маңызды. «Мұ­сылман мұсылман бауырына қарсы қару көтерсе, онда ол екеуі де тозақ отында» дейді Пай­ғамбарымыз (с.ғ.с).

Діни ғалымдардың түсін­діруін­ше, шариғатымызда имам­ның, Мемлекет басшы­сының рұқсатынсыз соғысқа шығуға тыйым салынған. Жиһад істері де ел басшысына жүк­телген. Оған бағыну міндет, тек күнә істерге бұ­йыр­маса болды.

Қазақ еліне Ислам діні бей­біт жолмен, софылар, қа­жылар ар­қылы келді. Ал, жат ағымдар болса, тұрғылықты ұлысты үрейде ұс­тап, қара­пайым бұқараның сана-се­зімдерін тұрмыс тудырған келең­сіз жайттар арқылы езіп, еңсесін көтерт­пестей күй кеш­тіреді. Сөй­тіп, рухын сындыру арқылы билеп-төстеп қалуға тырысады. Үрей үстем болған тұстан ұлттық тұтастық күй­­рейді. Сондықтан да, Қазақ­стан мұсылмандары діни бас­қар­масының шариғат және пәтуа бөлімі «Тәкфиршілер» жа­мағатының әрекеттері жалпы Ислам дініне жат бол­ған­дықтан, Қазақстанда таралуына тыйым салуда.

Экстремизм қаупі кер­дең қимыл мен керенау пи­ғылды көтермейді. Сон­дықтан, мемлекетіміздің бо­ла­­шақ қауіпсіздігі үшін Қазақ­стан мұсылмандары діни басқар­масының ақыл-кеңес беріп, ағарту­шылық жұмыс жүргізуімен бірге, заңға шикілік жібермей, за­ман мен қоғамға жат ағым­дарға үзілді-кесілді тыйым са­латын батыл өзгерістер керек.

Ел болып қарсы тұрусыз осынау асарлы істе аңсарлы нәтижеге жету мүмкін емес. Қазақ ешқашан да құдайсыз халық болмаған. Біз енді жас ұрпақты жат пиғылдардан сақтауға тиіспіз. Қазақ жастары тілегі де, құлқы да бөтен ағым­дарға еліктесе, оларды солардың сөзі еліктірсе, өз хал­қын менсінбесе, қазақ деген ұлтқа, Қазақстан деген жері бай мемлекетке ертең кім ие болады?

Бақытбек СМАҒҰЛ,

Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі.