Жаңаөзенде туған жыр
Бөлісу…
15 қаңтар күні «Нұр Отан» партиясының атынан байқаушы ретінде халықаралық байқаушылармен бірге Жаңаөзендегі сайлауға қатысып, 28 сайлау учаскесін араладық. Мұнайшылармен, жергілікті халықпен, оралмандар қоныс тепкен Батыр ауылының тұрғындарымен кездестік. Елді бірлікке шақыру барысында жаңаөзендіктердің жаңа өмірге бейімделіп, сайлауға деген белсенділігін өз көзіммен көрдім. Жолда туған, жүрегімнен үзіліп түскен осы жырды елмен кездескенде оқыдым, халық ықыласпен тыңдады.
Ел газеті «Егемен Қазақстаннан» «Ел мүддесі – тыныштық» деген пікірлер топтамасын оқыдым. Халықтың бәрі де Жаңаөзендегі төтенше жағдайды әрі ұзартпау жөніндегі Елбасы шешіміне разылығын білдіріп жатыр. Мен де өз үнімді қосып, сонда оқыған өлеңімді редакцияға ұсынбақпын.
Я, Жаратқан Хақ Ием, ақиқатқа жүгіндір,
Қарқалләзи күн еді, думандатқан бүгін дүр.
Аңсап жеткен арманды ылаң қылып неткені -
Ел емес пе ек, қазағым, намысы бір, түбің бір!
Болатын ел қашанда ынтымақпен өседі,
Қателессе еркесі, есі бары кешеді.
Ер Қосай мен Ер Шотан осы азат күн үшін,
Найза ілген білекке пір Бекеттер кешегі.
Неге айтып отырмын, ой жіберіп өткенге,
Еркіндікке осынау өліп-талып жеткенде.
Шырқын бұзып шаттықтың, дос-дұшпанға таба боп,
Айналайын қазағым, бір-біріңе кектенбе!
Ақылға сал бәрін де, асыл елім, салмақтап,
Қадіріне жетейік, бейбіт күнді ардақтап.
Жемтік аңдып жүрген көп, бөлінгенді бөліп жеп,
Қарға-құзғын төнбесін, төбемізде қалбақтап!..
Өтсін, кетсін өткен күн, өткен күн,
Болмасын іште кек пен мұң.
Табыс үшін намысты аяқасты етпегін.
Ақтауымның аясы – ұясы болып кептердің,
Ұлылыққа бастайық ұрпағы болып текті елдің.
Бейбіт күн үшін бүгінгі, болашақ үшін ертеңгі,
Арманға нұрлы бет алған, ақ кеме құсап желкенді!
Отан деп сүйсең өлкеңді, ес жиып көтер еңсеңді,
Тағдыры үшін халықтың, ел болу үшін өркенді!