Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
2014 жылғы 10 қыркүйекте жарияланды К.Қ. Мәсімовке
Депутаттық сауал
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!
Бүгінгі көтеріп отырған сауалдың себебі- «Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы республикалық әскери мектеп- интернаты мекемесінің және генерал С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілері мен ұжымнан келіп түскен өтініштері болып отыр.
Жау оғынан ықпай, қасқайып кеудесін тосқан батырларды пір тұту, көтеру көнеден келе жатқан дала дәстүрі. Халқымыз өзінің ержүрек ұлдарын- қайрат-рухымыздың қайнар көзі, ұлттық діліміздің діңгегі деп білген.
Аты аңызға айналған Батырларымыз Бауыржан Момышұлы, Сағадат Нұрмағамбетов, Талғат Бигельдинов, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсеновтың ерен ерліктері, арман тілектері, елім деген перзенттік жүректері Жеңіс күніне алып келді.
Бүгінгі таңда, тәуелсіздікпен бірге батырлар даңқын асқақтатып, «Мәңгілік Ел» болу үшін, елдік пен ерлікті біріктіріп, өр, өжет бабаларымыз бен әкелерімізді үлгі тұтар, тәуелсіз ұрпақ- батыр аталарын мақтан тұтып, еңсесін тік ұстап, көк туымызды төбеден төмен түсірмеуге тиісті. Рухани дүниеміз кедейленіп, рухымыз жалаңаштанып кетпеуі үшін, өз елімізде батыр тұлғалардың тарихын түгендеп, тарихи әділдікті қалпына келтіруге алдымен өзіміз мүдделік танытқанымыз абзал.
Осы орайда, Ұлы Отан соғысында елге танылған даңқты мерген Төлеуғали Әбдібековтың есімі бүгінде елеусіз қалмауға тиіс.
Мысалы, Кеңес Одағының Батырлары снайперлер Ф.Смолачков – 125, В.Зайцев – 255 жауды жойған. Ал, Төлеуғали Әбдібеков – 396 фашисті, яғни бір батальонға жуық жаудың көзін құртқан. Бірақ оған Батыр атағы берілмеді.
2007 жылы қазан айында Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери мұрағатына сұрау салынған, ал, 2008 жылдың 18-наурызында жауап келіп, Подольск әскери мұрағаты екі архивтік анықтама салған. Гвардия аға сержанты, снайпер Т.Әбдібековтың соғыс деректерінде ерен ерліктерін растаған.
Хатта мұрағат деректері қолмен көшіріліп, наградалардың қандай ерлігі үшін берілгені тізіліпті. Онда архивтік құжаттар негізінде Т.Әбдібековтың «даңқты және теңдесі жоқ снайпер екендігі, 396 гитлершілді жойғандығы, 32 мергенді тәрбиелеп шығарғандығы» анық жазылған. Қол қойылған, мөр басылған, бәрі заңды түрде рәсімделген.
Даңқты жерлесіміздің соғыстағы асқан ерлігін дәлелдейтін бұдан артық қандай құжат керек?
Жауынгерлік ерліктері үшін ол Қызыл Жұлдыз, Қызыл Ту ордендерімен, Отан соғысының I-ші дәрежелі орденімен, Ленин орденімен марапатталған. Отан соғысында біздің қандасымыздан асқан, басқа бірде-бір мерген жайында дерек кездеспейді.
Командование оны Совет Одағының Батыры атағына өмірбаяндық анкетада өзінің немере ағасы Кемелбай Насырхановтың репрессияланғанын жасырмай жазғаны үшін ғана ұсынбаған.
Дегенмен, алдағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы еліміздің іздеуі жетпеген ер ұлының таудай атын жарыққа шығарып, мәртебемізді асқақтатады деген үкілі үміт сөнбейді.
Елбасы, Президент Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында лайықты ұрпақ өсіру мәселесіне, патриоттық тәрбиеге баса мән берді. Осы орайда, Төлеуғали Әбдібековтей батыр тұлғаның өнеге ерлігі, талай жүректерді жаулап, түлектерді баулып қанаттандыра берері сөзсіз.
Кезінде, Елбасының ерен еңбегінің арқасында Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев қас батыр Қасым Қайсенов сынды ұлы батырларымыздың жанқиярлық ерлігі кеш те болса еленіп, Тәуелсіздікпен бірге олардың атағы асқақтады.
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, Сізден төмендегі ұсыныстарды қолдап, іске асыру мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймын:
- Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріндегі мергендер даярлайтын құрылымдарының біріне Т.Әбдібековтың атын беріп;
- Ұлы Жеңістің 70 жылдығына қарсаңында даңқты мерген Төлеуғали Әбдібековты «Халық қаһарманы» атағына ұсыну.
2012 жылы «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Батырларымыздың тарихын түгендеу, атын дәріптеу, ала алмаған лайықты бағаларын беру мәселесі ақпарат құралдарында кеңінен көтеріліп, игі іс басталды. Енді осы жұмысты лайықты қорытындысына дейін жеткізсек, Ел болашағы – жас ұрпақты, отансүйгіштік және қаһармандық өнегесімен тәрбиелесек, нұр үстіне нұр болар еді.
Әрі бұл халықтар достығына ықпал етеді: ұлтымыздың ержүрек батыры, Ұлы Отан соғысы жылдарында отандық мергендер қозғалысының бастауында тұрған Төлеуғали Әбдібеков сол кездегі ортақ Отанымызды қорғады, сол үшін қайталанбас ерлік жасап, жанын қиды.
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, Сізден «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес жауап беруіңізді сұраймыз.
Қосымша: 8 бет.
Құрметпен,
Мәжіліс депутаттары,
«Нұр Отан» фракциясының мүшелері Б.Смағұл
Г.Иксанова Г.Исимбаева
М.Айсина Қ.Қаракен
Ж.Алиев А.Нуркина
И.Аронова Н.Петухова
М.Ахмадиев А.Смайыл
Ж.Ахметбеков С.Ферхо
М.Бегентаев
В.Бишимбаев
К.Бурханов
Г.Сейтмағанбетова