2021 жылдың 29 сәуірінде Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұйымдастыруымен «Сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері. Мемлекет басшысы Қ.Ж. Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес міндеттер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары, Білім және ғылым вице-министрі, Білім және ғылым, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жауапты қызметкерлері, өңірлік білім басқармаларының өкілдері, педагогикалық жоғары оқу орындары мен орта білім беру ұйымдарының басшылары, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының, «Ұстаз» жалпыұлттық платформасының және БАҚ өкілдері қатысты.
Отырыста қала мен ауыл мектептері арасында оқу сапасындағы алшақтықты азайту, оқушылардың тұратын жеріне және оқыту тіліне қарамастан сапалы білім алуына жағдай жасау мәселелері талқыланды.
Бүгінгі күні елімізде 6 957 орта білім беретін мектептердің 74,6%-ын (5 194) ауыл мектептері құрайды, оның 53,6%-ы (2 787) – шағын жинақты мектептер. Ауылдық мектептерде 348 723 педагогтың 203 247-сі немесе барлық мұғалімнің 58%-ы жұмыс жасайды.
Халықаралық зерттеу нәтижелері бойынша PISA-2015 қалалық және ауылдық оқушылар арасындағы білім сапасының айырмашылығы соңғыларының жарты жылдан астам артта қалғанын көрсетті. Ал PISA - 2018 нәтижелері бойынша бұл артта қалушылық бір жылға жетті.
Білім және ғылым вице-министрі Ш.Т. Каринова қалалық және ауылдық мектептердегі орта білім сапасындағы алшақтықты қысқарту бойынша мемлекет қабылдап жатқан шаралар туралы баяндады. Осылайша, 2025 жылға дейін 5 000 ауыл мектебі жаңғыртылады, кең жолақты Интернетке қолжетімділік бойынша жұмыстар жүргізілуде, алдағы 5 жылда 800 мектеп салу жоспарланса, оның ішінде ағымдағы жылы 315 мектеп салу жоспарлануда.
«Ауылдық және қалалық мектептер арасындағы теңсіздік: себептері мен еңсеру перспективасын» зерттеу нәтижелерімен Л.Н. Гумилев Еуразия ұлттық университетінің доценті Жаслан Есейұлы Нұрбаев бөлісті.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның Тәжірибені тарату және коммерцияландыру департаментінің директоры Г.К. Балғабаева өздері іске асырып жатқан «Ауыл мектебі» жобасының іске асырылуы туралы айтып берді.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Академиялық мәселелері жөніндегі проректоры Асан Адасбекұлы Сәтмырзаев педагогикалық кадрларды даярлау сапасын арттыру бойынша университет қабылдап жатқан жүйелі шаралар туралы атап өтті.
Отырысты қорытындылай келе Комитет төрайымы Ж.Н. Нұрманбетова ауылдық және қалалық мектептердің білім алушылары арасындағы білім берудегі алшақтықты қысқарту үшін қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты қысқарту бойынша тұжырымдамалық тәсілдерді әзірлеу және бекіту, педагогтарды даярлау және кәсіби дамыту сапасын арттыру, білім беру процесінде үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламаларының компоненттерін икемдеп қолдануды көздеу, ауылдағы орта білім беру ұйымдарының, оның ішінде ШЖМ ғимараттарын қолданудың нормативтерін қайта қарау, мектептерді компьютерлік техникамен және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Отырыс қорытындысы негізінде ұсынымдар әзірленіп, тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жіберілетін болады.