Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
13.02.2019

Мәжіліс тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заң жобасын I оқылымда мақұлдады


Астана, 13 ақпан, Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтіп, онда депутаттар «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасында тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау, зерделеу, сақтау, пайдалану және кеңінен таныту саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеу жүйесін құру, тарих және мәдениет объектілерін анықтау, есепке алу, паспорттау, тарихи-мәдени сараптама жүргізу көзделген.

Тарихи-мәдени мұра объектілерін тарих және мәдениет ескерткіштері деп тану тәртібі айқындалған, уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдардың оларды қорғау және пайдалану саласындағы құзыреті бекітілген, «Киелі объектілер» деген ұғым енгізіліп отыр.

Тарихи-мәдени мұра объектілері мен тарих және мәдениет ескерткіштеріне археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жыл сайынғы жоспарлау жүйесін енгізу мақсатында заң жобасында осындай жоспарлау және оларды тиісінше есепке алу тетігін айқындау көзделеді.

Ілеспе заң жобасында тарихи-мәдени мұра объектілеріне археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру шарттарын, сондай-ақ ескерткіштердің бастапқы келбетінің, тарихи және мәдени маңыздылығының жойылуына және олардың бүлінуіне жол бермеу мақсатында тарих және мәдениет ескерткіштеріне ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүргізу шарттарын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылықты енгізу ұсынылады. 

Сонымен қатар тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының шекараларын бекіту жөніндегі функцияларды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына беру көзделеді, бұл аталған шекараларды айқындауға байланысты әкімшілік рәсімдерді реттеу тетігінің тиімділігін қамтамасыз етеді.

Жалпы отырыста мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру нәтижесінен туындайтын «оңтайландыру» деген жаңа ұғымды енгізуді; орталық және жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функциялары сапасыз іске асырылған жағдайда оларды қайтаруды; мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін Комиссия құрамына орталық атқарушы органдармен қатар, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерін қосуды көздейтін, сондай-ақ,  мемлекеттік орта білім беру ұйымдарына бекітілген дене шынықтыру-сауықтыру және спорт құрылысжайларын мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру бөлігінде түзетулер енгізілді.

 

Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары орталық мемлекеттік атқарушы органдардың басшыларына бірнеше депутаттық сауалдар жолдады. Олар З.Аманжолова, Ш.Хахазов, К.Абсатиров, Р.Ким, М.Магеррамов, Ш.Нурумов, И.Смирнова, А.Қоңыров.

 

***

Бүгінгі жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев Аграрлық мәселелер комитетінің құрамына сайланды.

 

(74-63-01, Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Ж. Құспанов).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі