«Егемен Қазақстан» газеті
17 мамыр 2008 ж., №142-143 (25115)
Күріш — бидайдан кейінгі маңызды дәнді дақыл
Оған қатысты проблемаларды бүгін шешпесек, ертең кеш қаламыз
Осы мақаланы жазуыма күрішке деген әлемдік бағаның күрт өсуімен байланысты қалыптасқан жағдай және отандық күріш шаруашылығы саласындағы проблемалар себеп болып отыр.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев өзінің биылғы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін ерекше атап өткені мәлім. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін, ішкі және сыртқы факторларға қарамастан, халықты негізгі тамақ өнімдерімен үздіксіз қамтамасыз ету қажет болатыны түсінікті. Ал өткен жылдың күзінен бастап әлемдік азық-түлік рыноктарында орын алған оқиғалар тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету проблемалары жаһандық, жүйелі сипат алғанын көрсетіп отыр.
Мәселен, күріштің әлемдік бағасы соңғы 2 ай ішінде 50 %-ға өсіп, алғаш рет бір тоннасы 1 мың доллардан асты. Соңғы жылдары халық санының өсу қарқынының күріш өндіру көлемінен асып түсуі осының негізгі себебі. Бұл әлемдік күріш қорының 2 есеге азаюына әкеліп соғып, соңғы 30 жылда ең төмен деңгейге түсіп отыр. Бұл ретте күріш көптеген елдер үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өнім болып табылады және оның жалпы әлемдік өндірісінің 6 %-ы ғана экспортқа шығарылады. Негізгі күріш экспорттаушылар болып табылатын Үндістан, Қытай, Египет және Вьетнам елдері өз рыноктарын қорғай отырып, күрішті экспорттауға толықтай тыйым салу немесе экспорттық баждарды арттыру арқылы оны сыртқа шығаруға шектеу енгізді.
Осыған байланысты Қазақстанның ішкі күріш рыногы қаншалықты қорғалып отыр деген заңды сұрақ туындайды.
Қазақстан күріш өсіретін 112 елдің қатарында және ел ішіндегі қажеттілікті қамтамасыз етумен қатар, оны экспортқа да шығарады. Сонымен бірге, отандық күріш шаруашылығы саласында шұғыл шешімін табуды қажет ететін бірқатар проблемалар қордаланып қалған.
Бидайдан кейін екінші маңызды дәнді дақыл болып табылатын күріш егіс алқабының барлық құрылымының небары 0,6 пайызын және дәнді дақылдар мен бұршақ тұқымдастарды жалпы жинаудың 1,5 %-ын құрайды. 1990 жылдан бастап күріш егілетін егіс алқаптары 124,5 мың гектардан 88,3 мың гектарға дейін, яғни 30 пайызға қысқартылды. 2007 жылғы астық көлемінде барлық жиналған күріштің 294 мың тоннасынан қайта өңдеуден кейін 147 мың тонна күріш жармасын алуға болады, бұл халықтың белгіленген нормативтік қажеттілігін ғана өтейді.
Мәселен, жан басына шаққанда 9 килограмды құрайтын қабылданған есептік норма белгіленсе, республикамыздың күріш жармасына деген қажеттілігі жылына шамамен 144 мың тоннаны құрайды. Алайда, Тағам академиясының деректері бойынша күріш адам рационындағы маңызды тамақ болып табылады және оны оңтайлы пайдалану жан басына шаққанда кемінде 11,5 килограмды құрайды. Дүкендердегі күріш сөрелерінде әртүрлі орамадағы көптеген сорттардың болуы күріш тапшылығының импорт есебінен өтеліп отырғанын дәлелдейді.
Мәселен, кеден комитетінің деректері бойынша, егер 2004 жылы күріш импорты 4 мың тоннадан сәл ғана асса, бір жылдан кейін 9 мың тоннаны, өткен жылы шамамен 14 мың тоннаны, ал биылғы жылдың 3 айында 6 мың тоннаны құрап отыр. Мұндай қарқынмен жыл соңына дейін күріш импорты 24 мың тоннаны немесе ішкі рынок қажеттілігінің 17 %-ын құрайтын шығар.
Ақпан айынан бастап импорттық баждардың 20 %-дан 10%-ға, яғни 2 есеге азайтылуы импорттың ұлғаюына әсер еткен. Ал күріш импортын ынталандыруға объективті себептер болған жоқ. Өйткені, соңғы 2-3 жыл ішінде отандық күрішке деген көтерме баға өсімі байқалмаған. Бұл ретте, Қазақстанның сыртқы сауда саясаты отандық тауар өндірушілерге тауар импорты арқылы қысым жасамай, керісінше олардың басымдық жағдайын қамтамасыз ететін шараларды қамтуға тиіс. Сонымен қатар, импорт құрылымын талдау көрсеткеніндей, жыл басынан бастап әкелінген күріштің 80 %-дан астамы Қытайда өндірілген және ол бағасы жағынан да, тауарлық сипаттамасы жағынан да өзімізде өндірілетін сорттармен бәсекеге түсіп отыр. 2006 жылдан бастап импортқа тыйым салып, содан соң 2007 жылы 40 %-дық баж енгізген, сол арқылы өз рыногын қорғап қана қоймай, өткен жылы өндірісті 50%-ға ұлғайтқан Ресейдің тәжірибесін ескеруіміз керек. Соңғы бір апта бедерінде Астананың көтерме базарларында қытайлық 1 килограмм “Баракат” күріші бағасының 95-100 теңгеден 115-120 теңгеге көтерілуі және осыған қарамастан, шағын көтерме саудагерлердің оларды қоймалардан түгел сатып алуы ішкі рынок үшін біршама қауіптің бар екенін дәлелдейді.
Өткізу рыногындағы проблемалар отандық күріш өндірушілердің онсыз да күрделі қаржы-шаруашылық қызметіне кері әсерін тигізуде.
Республикамыздағы күріш алқаптарының 88 %-ы Қызылорда облысының аумағында, ондағы әрбір үшінші адамның күріш шаруашылығына қандай да бір қатысы бар екені әмбеге аян. Бұл аумақ климаттық жағдайы бойынша да, су ресурстары бойынша да тарихи қалыптасқан күріш қоймасы болып табылады. Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан басқа өңірлерде күріш өсіру жұмыстары нәтиже бермегені белгілі. Облыс аумағында 200 мың гектардан астам жоспарланған жер бар, оның 151 мың гектары жер өңдеу үшін пайдаланылады. Бүгінгі таңда бұл алқап 70 мың гектарға дейін қысқартылған. Бұл ретте, ол жыртылған егіс қана емес, арнайы жер өңдеу технологияларына арналған күрделі қымбат бағалы гидротехникалық құрылыстар мен инженерлік-жоспарлы жер жүйесі болып табылады.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Қызылорда облысындағы күріш шаруашылығына байланысты бірқатар мәселелерге назар аударғым келеді.
Күріш – шығынды көп қажет ететін дақылдардың бірі екені мәлім. Соңғы 2-3 жыл ішінде жанар-жағар май материалдарының бағасы 40-50 %-ға, минералдық тыңайтқыштардың бағасы 2 есеге өссе де, күріштің көтерме бағасы өзгеріссіз қалып, бір килограмы 70 теңгені құрап отыр. 1 гектар күріш өсірудің орташа өзіндік құны 100 мың теңге болғанда, мемлекет тарапынан бөлінетін субсидия жер иеленушілер шығаратын шығынның 7,5 мың теңгесін, яғни 6-8 %-ын ғана өтейді. Бұл ретте рентабельділіктің ең төменгі деңгейіне жеткізу үшін 1 гектарға қажетті субсидия есебі кемінде 14,5 мың теңге болады. Бұл жағдай биылғы жылы көптеген шаруашылықтың күріш егуіне мүмкіндік бермей отыр. Оның үстіне, екінші деңгейдегі банктер кредит беру талаптарын қатайтып, сыйақы ставкасын көтеріп жіберді. “Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы” ҰК” АҚ та өткен жылы күріш өсірушілерге банк кепілдігі болмауы себебінен қаражат бөлмеді.
Облыстағы өзекті проблемалардың бірі – ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз ету. Су тапшылығы проблемасының объективті сипаты бар екені сөзсіз. Дегенмен, бірқатар мәселе Су ресурстары комитетінің қызметінде жүйелі жұмыстың жоқтығы салдарынан да туындап отыр. Су шаруашылығындағы жағдайдың мониторингі мен болжануы бойынша, жұмыстың жеткілікті түрде атқарылмай отырғанын айтпай кете алмаймын. Облыстағы жер өңдеушілер жыл сайын тұқым себу науқанын үлкен алаңдаушылықпен қарсы алады. Оның бастапқы кезеңінің өзінде-ақ жаздың құрғақшылық болу ықтималдығына қоса су тапшылығына байланысты елеулі проблемалар да бой көрсетеді. Неліктен биыл суландыру маусымы алдында Шардара су қоймасын сумен толтыру деңгейі былтырғыдан төмен болды? Тоқтағұл су қоймасында су тапшылығы болатынын алдын ала біліп, су жіберуді дер кезінде тоқтатып, оны жинауға болмас па еді? Тіпті, жағдай неғұрлым күрделі болған 2001 және 2006 жылдардың өзінде де суару үшін жиналған су қазіргі көлемнен артық болды. Қазір өзеннің төменгі аңғарына су өткен жылдарға қарағанда 4 есе, ал 2006 жылғыдан 2 есе аз жіберіледі. Бұл – ерте егілетін дақылдарды суару уақыты өтіп кетті деген сөз.
Қазір Су ресурстары комитеті Қызылорда облысына болашақта судың аз болуына орай егіс алқаптарын қысқартуды ұсынып отыр. Күріш егісін 15 мың гектарға дейін азайту жоспарлануда. Ал мұның өзі 80 мыңға жуық адам тұратын тұтас ауданның күріш егісі алқабына тең. Бұл есеп-қисап неге сүйеніп, қандай деректерге негізделіп алынған? Ал осы шаруашылықтарға оның орнына не ұсынылады? Сонда адамдар немен айналыспақ?
Ең таңқаларлығы, өткен жылы да егіс алқабын азайту жөнінде осыған ұқсас ұсыныстар болған еді. Бірақ былтыр суы мол жыл болды да, барлық күріш алқабы толық суға кенелді.
Бұл жағдайда негізгі проблемалардың бірі гидрогеологиялық режімдердің жеткілікті түрде есепке алынбауында және Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің метеорологиялық қызметімен үйлесімді әрекеттің болмауында.
Әрине, экологиялық тұрғыдан күрделі өңірде күріш өсіру және суармалы жер өңдеуге байланысты жұмыс жағдайы ғылымды көп қажетсінетін үдеріс. Оның үстіне, соңғы жылдары күріш өсірудің жаңа технологияларын, күріштің суды аз сіңіретін және жоғары өнімді сорттарын енгізу, өсімдік шаруашылығын әртараптандыру арқылы суармалы жерлерді қысқарту салдарларын азайту жөнінде шаралар қолданылмады. Бұл тапсырмалар Арал өңірі проблемаларын кешенді түрде шешу жөніндегі 2007 – 2009 жылдарға арналған бағдарламада көзделген болатын. Ғылыми орталықтар мен институттар жұмыс істесе де, күріш өсірушілер олардың жұмыс нәтижесін сезіне алмай келеді. Осы іс-шараларды орындауға қаржы қаражатының салынбауы себепті Ауыл шаруашылығы министрлігі бөлімшелерінің оларды орындай алмай отырғаны түсінікті. Ғылым мен практика күріштің өнімділігін жақсарту үшін өсірілетін күрішті әрбір 3-4 жыл сайын басқа жоғары сапалы тұқыммен алмастырып отыру қажеттігін дәлелдеді, бұл өнімділіктің 50%-дан 70%-ға дейін артуын қамтамасыз етеді. Алайда, соңғы 20 жыл ішінде күріш сапасын жақсарту жөнінде шаралар қолданылмады. Мәселен, бүгінгі таңда 1987 жылы енгізілген “Ақмаржан” атты күріштің белгілі сортының шаруашылықтық және биологиялық сапасы нашарлады және ол тез арада ауыстыруды қажет етеді. Осындай сорттан қандай жоғары өнімділік күтуге болады? Жергілікті ғалымдардың жаңадан аудандастырылған сорттар енгізіп жатқаны белгілі, бірақ оларды кеңінен енгізуге қаражат жоқ. Мысалы, болашағы бар Арал 202 сорты әлі енгізілген жоқ.
Күріш өсірудің қалыптасқан технологиясында суландыру және коллекторлы-дренажды желіге көп күш түседі, тұнбаланады және олар жиі істен шығады, бұл агроэкологиялық жағдайды одан әрі нашарлатады. Суландыру арналары мен коллекторлы-дренажды желілердің техникалық жай-күйі мен олардың пайдалы әсер коэффиценті жер ресурстарын да, су ресурстарын да бүлдіретін көзге айналып, сапалық деңгейі төмендейді. Бұл өзі қат ылғалдың 60%-ға жуығын күріш жүйелеріне жеткенше жоғалтып алуға әкеліп соғады. Бұл сомалар күріш өсірушілерге ғана емес, жергілікті бюджетке де ауыр тиеді. Егер біз тиімсіз пайдаланудың өзінен осынша жоғалтатын болсақ, судың 20% азайғаны үшін егістікті қысқартудың қажеті жоқ шығар.
Әрине, күріш шаруашылығы күрделі әрі бейнеті көп сала, бірақ онсыз елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Біз Қытай күрішіне және күріштің әлемдік бағасының ауытқуына тәуелді болып жүре бермейміз ғой. Оның үстіне, Қызылорда облысы – елдің негізгі күріш өсіретін аймағы. Бұл жерде мәселе өз ауқымы жөнінен ұлан байтақ кешенді жасауға жұмсалған қомақты қаржы ресурстарына, экологиялық проблемаларға, бірегей климаттық аймаққа ғана тіреліп тұрған жоқ, мәселе ата-бабасынан бері күріш өсірумен айналысып келе жатқан, күріш өсіруді білетін Қызылорда облысының халқына тіреліп тұр.
Осыған байланысты әрі 25 сәуірде басталған, 25 мамырға дейінгі аралыққа созылатын күріш себу науқанын ескере отырып аталған науқанға қатысты мәселелерді шұғыл түрде шешу мүмкіндігі қарастырылуы тиіс деп білемін. Үкімет осы толғақты мәселеге бүгін мән бермесе, ертең кеш болады.
Мұрат ӘБЕНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты