№7-8, 10 қаңтар 2009 жыл
«Егемен Қазақстан» газеті
Толғандырар тақырып
АРАЛ ТЕҢІЗІ ЖӘНЕ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
проблемаларын оң шешу үшін бірқатар
кешенді шаралар қолға алынуы тиіс
Мұрат Әбенов,
Мәжіліс депутаты
Қызылорда облысы экологиялық апат аймағы болып саналатындықтан, бұл аймақ тұрғындарының денсаулығын сақтау мәселелері, әрине, ерекше назар аударуды қажет етеді.
Осы ретте Министрлер Кабинетіне Қызылорда облысының денсаулық сақтау мекемелерінің штаттық санын 595 бірлікке арттыру және ана мен бала өлімі көрсеткішін төмендетуге арналған дәрі-дәрмектерді сатып алуға қосымша қаржы бөлу жөнінде жасаған біздің соңғы бір топ депутаттардың ұсынысы қолдау тапқанына алғыс білдіреміз.
Арал өңірі проблемаларын кешенді түрде шешу үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен “Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау” (САРАТС) бірегей жобасы іске асырылуда. Бұл жоба халықаралық сарапшылар тарапынан “Ғасыр жобасы” деген атауға ие болды.
Аталған жобаның бірінші бөлігін қаржыландыру үшін $85,79 млн. бөлінген болатын, оның ішінде Дүниежүзілік банктің қарызы есебінен – $64,5 млн. және республикалық бюджеттен – $21,29 млн. Аталған жобаның бірінші кезеңінде Үлкен және Кіші Аралдың қосылған тұсындағы ұзындығы 13 шақырымды құрайтын Көкарал бөгеті салынып, Сырдария өзені арнасының табаны тазартылды. Сондай-ақ, онда бірнеше жаңа гидротехникалық құрылғылар орнатылды.
САРАТС жобасының жүзеге асырылуы өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде балық шаруашылығын дамытуға жаңа леп әкелуде. Қазіргі таңда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі маңызды міндеттердің бірі болып тұрған уақытта балық шаруашылығын дамыту кезек күттірмес шаралардың бірі екені анық.
Азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты жағдай көрсетіп отырғандай, балық өнімдерін өндіру және тұтыну бойынша біз қауіпсіздік шегінен асып кетіп тұрмыз. Ғылыми нормативтер бойынша бір адам жылына 14 кг балық өнімдерін тұтынуы қажет екен. Ал, қазір Қазақстанда әрбір адамға импортты қоса есептегенде бар болғаны 3-4 кг балық өнімдерінен ғана келетін көрінеді.
Арал теңізі мен Сырдария өзенінің бойында тұрып жатқан Қызылорда облысы тұрғындарының өздері балық өнімдеріне сұранысын қанағаттандыра алмай отырғанда, басқа өңірлер туралы не айта аламыз. Бұл орайда САРАТС жобасының бірінші кезеңін жүзеге асыру барысында балық шаруашылығын дамытуға кері әсер ететін және шұғыл түрде шешуді қажетсінетін бірқатар айтарлықтай кемшіліктерге жол берілді.
Балықтарды өткізу құрылғыларының болмауына байланысты олар жаппай қырылуда
САРАТС жобасының бірінші бөлігін жүзеге асыру барысында экологиялық жағдайға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әсер ететін айтарлықтай қателіктер жіберілді.
Жобаның бірінші бөлігін жүзеге асыру нәтижесінде Кіші Аралдан жылына 11-12 мың тонна балық аулау жоспарланған болатын. Әйтсе де, бүгінгі күні тек қана 3 мың тонна балық ауланып отыр. Көкарал бөгетінде балықтардың өтуін бөгейтін құрылғылардың болмауынан көктемгі су тасқыны кезінде Кіші Арал толып, тасығанда уылдырық шашатын балықтардың бір бөлігі, оның ішінде Қамшылыбалық питомнигінде өсірілген бекіре тұқымдас бағалы балық түрлері, олармен бірге бюджет қаражаты да Үлкен Аралға ағып кетуде. Капрон торынан жасалған балықтардың өтуін бөгейтін уақытша құрылғы жүктемеге шыдамай істен шықты. Металдан жасалған күрделі құрылғылар орнату шығыс сметасында қаралмаған.
Оның үстіне, Үлкен Аралға уылдырық шашқан балықтар кері өткізу құрылғысының болмауына байланысты Көкарал бөгетінің сарқырамасы арқылы қайтадан кері қайта алмайды. Сөйтіп, шағын су айдындарына шашырап, көлшіктердің кейбірі кейіннен құрғап кететіндіктен, ондағы балықтар жаппай қырылады, осылайша онсыз да қиын экологиялық жағдай күрделене түседі.
Құрылысы аяқталмаған Ақлақ су торабы проблемаларының салдары
Ақлақ гидротехникалық су құрылғысын пайдалануға беру мерзімімен бірге аяқталуы тиіс САРАТС жобасының бірінші бөлігі әлі күнге дейін жүзеге асырылмай отыр. Бұған дейін аталмыш су торабы құрылысының аяқталғандығы туралы бірнеше мәрте баяндалған еді.
Ақлақ гидротехникалық су құрылғысының құрылысы екі негізгі функцияны атқарады: Сырдария өзенінің су өткізу қуатын арттыру және қысқы және көктемгі су тасқыны кезінде балық шаруашылығы тұрғысынан аса маңызды 20-дан астам жалпы көлемі 30,0 мың га құрайтын тұщы өзендер мен 10,0 мың га шабындық жерлерді суландыру.
Келісім-шарт бойынша Ақлақ гидроторабының құрылысы 2005 жылы аяқталуы тиіс болатын. Сонымен бірге, осы нысан құрылысымен айналысатын Ресейдің “Зарубежводстрой” компаниясының басшылығы Қазақстан Үкіметіне келісім-шарт мерзімін ұзарту туралы екі мәрте өтініш білдірген. Ең алдымен, 2006 жылдың тамызына дейін, одан кейін 2007 жылдың тамызына дейін. Мемлекет басшысы осы нысанды аралаған уақытта компания өкілдері құрылыстың белгіленген мерзімде бітетіндігі жайлы бірнеше мәрте сендірген. Алайда, осынша маңызды су торабының құрылысы әлі күнге дейін аяқталған жоқ.
Жалпы, Ақлақ су торабы құрылысын бітіру үшін барлық жағдай жасалды, Сырдария өзенінің арнасы бөгеліп, қажетті қаражат бөлінді. Ол қаражат бүгінгі күні игерілмей отыр.
Құрылыста ескі техниканың пайдаланылуы себебінен енді ірі техникалық ресурстарды жұмылдырмайынша және бақылауды күшейтпейінше, Ақлақ нысанын уақытында аяқтау мен оның сапалы болуына кепілдік беру мүмкін еместігі жайлы жергілікті су шаруашылығы мамандары мен аймақ басшыларының ескертулері дер кезінде назарға алынбады.
Бас мердігер – ресейлік “Зарубежводстрой” компаниясы мен қосалқы мердігер арасында ішкі проблемалар бар. Мысалы, қазіргі таңда Павлодар қаласындағы қазақстандық “Ай-Су Мелиорация” компаниясымен сот дауы жүруде. Айта кету керек, Павлодар облысының арнайы аймақаралық экономикалық сотының 2007 жылғы 4 қыркүйектегі сот шешімімен “Ай-Су Мелиорация” ЖШС алдындағы жалпы 126,1 млн. теңге қарыздың бір бөлігін өтеу үшін “Зарубежводстрой” АҚ-тың техникасы кәмпескеленіп, аукционда 9 млн. теңгеге сатылды.
Осындай маңызды жоба құрылысын жүргізетін ресейлік компания нәтижесінде техникасыз қалды. Олай болса, компания құрылысты бұдан әрі қарай қалай жүргізбек деген заңды сауал туындайды. Оның үстіне, бұл жағдай Арал және Қазалы аудандарының 150 мың тұрғынын арзан қуатпен қамтамасыз етуді көздеген САРАТС жобасының екінші фазасы барысында көзделген Ақлақ су торабындағы 23 мВт қуаттылығы бар гидроэлектростанса құрылысына да кері әсерін тигізуі ықтимал.
Дәл қазіргі жағдай қандай? Ақлақ құрылғысының болмауы себепті онсыз да зәру болып отырған тұщы су Үлкен Аралға кетуде. Су торабы құрылысына дейін мүмкіндігінше жұмыс істеп келген арнайы бөгет болса, қазір ол да жоқ.
Арал өңірі тұрғындары Ақлақ су торабын пайдалануға беру мерзімінің кешіктірілуіне байланысты алаңдаушылық білдіруде. Өйткені, тұщы көлдер құрғап, жайылымдар шөлейттеніп барады. Жем-шөптің болмауынан тұрғындар амалсыз малдарын сойып, САРАТС жобасының болашағына сеніп, Аралға оралған балықшылар кеуіп жатқан өзендердің жағалауларын тастап кетуде. Кезінде балық шаруашылығымен айналысқан және әлі де айналысып жатқан осы төңіректегі елді мекендердің 30 мыңнан астам тұрғыны қиын әлеуметтік жағдайға ұшырап отыр.
Осылайша, өңірге орасан зор экологиялық және әлеуметтік-экономикалық нұқсан келуде. Бұл жағдай тапсырыс беруші – Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің әлсіз бақылауы салдарынан болып отыр.
САРАТС жобасы екінші кезеңінің техникалық-экономикалық негіздемесін жасауда баламалы нұсқалар қарастырылуы қажет
Өздеріңізге белгілі, САРАТС жобасының негізгі құрамдас бөлігі болып табылатын Сарышығанақ ағысын бөгетпен жауып, оның деңгейін көтеруді көздейтін екінші бөлігінің техникалық-экономикалық негіздемесін жасау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба аймақ тұрғындары үшін зор маңызға ие болғандықтан, шығанақты тек қана толтыру емес, ондағы экологиялық тепе-теңдікті сақтап қалу жайы да басты назарда болуы тиіс.
“Казгидроводхоз” институтының Сарышығанақ ағысында бөгет құрылғысын салу жөнінде жасаған негізгі жобасында су деңгейін 46 метрге дейін көтеру және ағыстың төменгі бөлігінен қосымша канал жүргізу көзделген. Бірақ, аталған жобаның бірқатар кемшіліктері бар.
Біріншіден, бұл жобаның басты кемшілігі – таяз су айдыны кеме қатынасы мен балық өсіруді қамтамасыз етпек түгілі, балықтардың жаппай қырылуына алып келуі мүмкін. Бүгіннің өзінде Арал балықшылары бұған дейін кездеспеген көк-жасыл балдырлардың (цианобактерийлердің) пайда болуына байланысты дабыл қағуда. Бұл балдырлардың жасушалары ауадағы азотпен қоректенеді, осыдан су азотпен байытылып, балықтардың қырылуына алып келеді. Осындай жағдай Азов теңізіндегі Цимлян су қоймасында орын алған болатын.
Екіншіден, Сарышығанақ ағысының төменгі бөлігінен қосымша канал жүргізу келіп жатқан тұщы су мен ағыстағы ащы судың толыққанды араласуын қамтамасыз ете алмайды, бұл ондағы балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік бермейді.
Үшіншіден, “Казгипроводхоз” институты жасаған жобаны жүзеге асыру барысында Сарышығанақ ағысындағы су Арал қаласына 8 шақырымды құрайтын өзінің бұрынғы шекарасына оралмайды. Сондықтан, ағыс пен қаланы байланыстыру үшін тағы қосымша каналдар құрылысы қажет болары анық.
Сонымен қатар, Арал проблемаларын зерттеу мәселесі бойынша Қазақстан-Германия тобының (Тараз қаласындағы Су шаруашылығы ҒЗИ мен Германияның Карлсруэ университетінің су және су нысандары институты) Қызылорда облысындағы су және балық шаруашылығы мамандарының қолдауына ие болған тағы бір баламалы жобасы бар.
Бұл жоба Сарышығанақ ағысындағы су деңгейін 51-52 метрге жеткізуді, Арал теңізінің алғашқы деңгейін қайта қалпына келтіруді және теңіздің Арал қаласы жағындағы жоғарғы бөлігінде қосымша канал жүргізуді көздейді. Бұл Арал теңізі деңгейін қалпына келтіруге және Арал қаласының портты қала ретінде әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, аталған нұсқа Арал қаласына су көлігі жүретін канал жүргізу құрылысы қажеттілігін жояды.
Су қоймасында қажетті су тереңдігін (8-10 м.) жасау Солтүстік Аралдың барлық акваториясындағы белсенді су айналымының болуын қамтамасыз етеді және Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі экологиялық жүйенің өзін-өзі реттеуіне мүмкіндік береді.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ел Үкіметі “Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу” жобасының Арал өңірі үшін экологиялық, әлеуметтік-экономикалық маңыздылығына орай Ақлақ гидротехникалық құрылғысы құрылысын салу мерзімінің ұзартылу себебін және осыған бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын тексеру жөнінде тиісті органдарға тапсырма беруі тиіс деп білеміз.
Екіншіден, балықтардың жаппай қырылуына байланысты САРАТС жобасының екінші кезеңінің басталуын күтпей-ақ, Көкарал бөгетінде балықтардың өтуін бөгейтін және балықтардың өтуіне мүмкіндік беретін құрылғыларды салуға қаржы көздерін қарастыруы керек.
Үшіншіден, САРАТС-тың екінші кезеңі бойынша шешім қабылдау уақытында “Казгидроводхоз” институтының жобасымен қатар, Қазақстан-Германия тобының жобасын объективті түрде қарастырып, қазіргі қалыптасқан жағдай аясында Қызылорда облысы су және балық шаруашылығы мамандарының пікірлерін және тұтас критерийлер кешенін қаперге ала отырып, ең оңтайлы нұсқаны таңдауы қажет.
Төртіншіден, көк-жасыл балдырлардың пайда болуын зерттеу бойынша жұмыстар жүргізіп, олардан тазарту бойынша кешенді шаралар қабылдағаны жөн.
Ең соңында айтарымыз – шетел мердігерімен байланысты туындаған проблемаларды және оған қатысты пәрменді шаралар көру мүмкіндігінің болмауын ескере келгенде, САРАТС жобасының екінші кезеңін жүзеге асыруда осындай ірі нысандарды салу бойынша жеткілікті тәжірибесі бар отандық компанияларға басымдық берген ұтымды көрінеді.