«Егемен Қазақстан» газеті
№136-138, 17 сәуір 2009 ж.
МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУЛАР
Оларды ашық өткізу — бюджеттік қаражатты үнемдеу көзі
Қаражаттың басқа бір көзі – бұл бюджеттің барлық шығындық баптары бойынша қатаң үнемдеу және аса қатал қаржы тәртібі. Осыны ескере отырып Үкіметке республикалық бюджет шығындарын оңтайландыруды және апта сайынғы мониторинг режімінде бюджеттік қаражаттың жұмсалуын жіті бақылауды тапсырамын. Осыған сондай-ақ біздің депутаттарды да шақырамын.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
“Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға”
атты Қазақстан халқына Жолдауынан.
Мұрат ӘБЕНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты.
Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” атты Жолдауында дағдарыстан шығудың бірден-бір көзі әрі экономикалық өсуге апарар жол ретінде бюджеттің барлық саласы бойынша қатаң үнемдеу жасалып, қаржылық тәртіптің сақталу қажеттілігін ерекше атап өткен болатын. Сондықтан Үкіметке апта сайын мониторинг жүргізу арқылы бюджеттік қаржының пайдаланылуын қадағалау тапсырылған. Бұл Парламент депутаттарына да қатысты айтылған еді.
Ең бастысы, бұл ретте қаржылық тәртіпті бұзғандарға дағдарыс уақытының заңдары бойынша қатал түрде сұраныс жасалатындығы ескертілді.
Сондай-ақ, Үкімет пен әкімдерге жоспарланған іс-шараның қаржыландырылуын қамтамасыз ете отырып, бюджеттен бөлінген әр теңгенің жұмсалуын айрықша бақылауға алу тапсырылды.
Осы ретте, бюджеттік қаржыны үнемдеудің ұтымды тәсілі мемлекеттік сатып алудың тиімді жүргізілуі екендігі бесенеден белгілі. Аталған міндеттерді орындау мақсатында өткен жылдың күзінде мемлекеттік сатып алу саласын реттейтін заңнамаға өзгерістер енгізілді. Әрі Елбасы өз Жолдауында мемлекеттік сатып алу саласына қатысты тағы бір маңызды мәселе – көбіне отандық тауар өндірушілер мен орта және шағын кәсіпкерлерді қолдау қажеттігін атап өтті.
Бұл мақсатта өткен жылдың қараша айында “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заңға өзгерістер енгізіліп, ол 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап өз күшіне енген болатын. Заңда алғаш рет “отандық тауар өндірушілер”, “отандық кәсіпкерлер” және “отандық жұмыс берушілер, қызмет көрсетушілер” ұғымдары тарқатылып көрсетілді. Шетелдік өнім берушілермен салыстырғанда басымдыққа ие болатын нақты жағдайлар анықталды. Осы ретте, жергілікті тауар өндірушілерді қолдауды жеңілдету үшін “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры құрамына кіретін ұлттық компаниялардың сатып алулары бұл заңның қолданылу аясынан шығарылды. Бірақ отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша талап бұрынғыдан да қатайтылды. Ең бастысы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мейлінше жетілдірілген тосқауыл үлгісі жасалды: сатып алу мен түрлі ақпараттық қызмет көрсетудің электронды нұсқасы енгізілді, конкурстық ресімдеу жеңілдетіліп, оның ашықтығы қамтамасыз етілді. Дегенмен, 2009 жылдың 2 айында аталған заңның жүзеге асырылуына жасалған сараптама нормативтік-құқықтық актілер талаптарын бұзуға жол берілгендігін көрсетті.
Мемлекеттік сатып алу туралы ақпараттың жүйесіздігі
Мемлекеттік сатып алудың жариялығы мен ашықтығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қажетті шара ғана емес, экономикалық тиімділіктің негізгі факторы болып табылады. Мысалы, 2008 жылы тәжірибе ретінде бірқатар мемлекеттік органдарда электронды сатып алу тәсілін енгізу нәтижесінде 575 конкурс бойынша алғаш бөлінген қаржының орта есеппен 22%-ы үнемделген. Бұрындары осындай артық қаражат қайда кеткендігін сұрамағанның өзінде, кем дегенде бюджеттік қаражатты үнемдеудің салмақты қоры бар.
Конкурсқа қатысты мәліметтерді (мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспары, хабарландыру, хаттамалар және т.б.) ықтимал өнім берушілер тең және еркін түрде алуы үшін заңға сәйкес тапсырыс беруші оны өзінің веб-сайтында орналастыру және қосымша құзіретті органға ақпарат жолдау қажеттігі қарастырылған.
Сондай-ақ, заңға енгізілген өзгерістер қатарында жалпы техникалық саясатты жүзеге асыру үшін бір оператордың болуы және мемлекетіміздегі сатып алу туралы мәліметтер жинақталатын жалпымемлекеттік ақпараттық жүйе – мемлекеттік сатып алудың арнайы веб-порталын (www.goszakup.gov.kz) жасау бар. Әйтсе де, бүгінгі күнге дейін порталда заңда қарастырылған мәліметтер толық орналастырылмаған. Мысалы, 17-бапта көрсетілген тауар, жұмыс және қызмет көрсету тізілімі жасалмаған. Тапсырыс берушілер конкурс өткізілуге дейін өздеріне қажетті тауардың жіктеуіште бар екендігін қалай тексеретіндігі белгісіз.
Сонымен қатар, порталда ағымдағы жылы тапсырыс беруші мен конкурс жеңімпазы арасында жасалынатын келісім-шарттардың тізілімі орналастырылмаған. Ал, заң талаптарына сәйкес әрбір тапсырыс беруші келісім-шарт жасалғаннан кейін ол туралы он жұмыс күні ішінде порталға мәлімет орналастыруы қажет. Және де тапсырыс беруші порталға келісім-шарттың орындалған немесе орындалмағандығы жөнінде мәлімет ұсынуы керек. Жыл басынан бері конкурстардың едәуір бөлігі өткізіліп қойғандығын ескерсек, олардың бірде-біреуі жөнінде веб-порталда ақпарат орналастырылмаған. Сонда келісім-шарттардың орындалуына жұртшылық қалай бақылау жүргізбекші?
Елімізде бүгінгі таңда тапсырыс берушілердің 17 мыңнан астам жылдық жоспары бар десек, порталда соның тек 165-і қамтылған. Заңға сүйенсек, бұл жоспарлардың барлығы тіпті алдыңғы жылы бекітіліп, 5 күн ішінде құзыретті органға жолдануы қажет еді. Сонда бұл ақпарат әдейі жасырылған ба немесе байқаусыз еленбей қалып қойған ба? Егер қажетті ақпараттың 1 пайызы ғана орналастырылса, онда тапсырыс берушілер ақпараттың жариялылығына мүдделі емес. Оларға қажетті адамдардың білгені ғана жеткілікті болғаны ма?
Сайттардың ауылы алыстап кеткен...
Арнайы веб-порталда мәліметтердің аз болуы салдарынан ықтимал өнім берушілер өз бетінше ғаламторда басқа тапсырыс берушілердің сайттарын іздеуге мәжбүр. Оның үстіне, сайттың Қазақстан Республикасы резиденті болып табылатын тұлғаға тиісті болу қажеттігі жөнінде 17-бапта көрсетілгенімен, кейбір мемлекеттік мекемелер әлі күнге дейін өз ақпараттарын казнет (kz әріптерімен аяқталатын сайт атаулары) аймағынан тыс жариялауда. Сәйкесінше тапсырыс берушілер ұсынуы тиіс мемлекеттік қызметтік ақпарат шетелдік серверлерден орын тепкен. Мысалы, көптеген білім беру мекемелерінің сайттары “narod.ru” деген ресейлік ресурста орналасқан. Бұл жағдайда, мұндай орналастыру ресми болып табылмайтындығы белгілі. Ондай болса, қызметтік мәліметтің қолжетімділігі мен сақталуына немесе өзгермеуіне кім кепіл береді?
Атауымыз біркелкі болса... немесе бір үйдің баласының тегі бір болуы қажет
Сонымен бірге, тіпті 2005 жылдың өзінде-ақ бекітілген қазақстандық сегменттің домендік кеңістігін тарату ережесінің талаптары да орындалмауда. Онда мемлекеттік органдар үшін gov.kz-ке аяқталатын үшінші деңгейлі атаулар (мысалы, Білім және ғылым министрлігінің сайты www.edu.gov.kz), ал оқу орындарының сайттарына edu.kz анықталған.
Мәселен, 26 министрлік пен ведомстволардың 19-ының домендік атаулары талаптарға сай келмейді. Осының салдарынан сайттар атауын өз еркімен таңдау өз бетінше қажетті ресурсты табуға мүмкіндік бермейді. Мысалы, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің домені бойынша (www.mіnplan.kz) мұның министрлік екендігін аңғаруға болғанымен, Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің домені бойынша (www.nature.kz) көптеген пайдаланушылардың қиындыққа тірелетіні анық. Домендік атаулардың бірыңғай стандарттарының болмауы (әр министрлік сайт атауының негізі мемлекеттік немесе ресми, сондай-ақ ағылшын тілдеріндегі сөз не сөздің бас әріптерінің қысқартып алынуы мүмкін) мемлекеттік құрылымдардың Интернет ресурсындағы жүйелілікке түсініксіздік әкелетіндігі сөзсіз.
Тұрақтылықты Интернет те қажет етеді
Заңға сәйкес тапсырыс берушінің сайты тұрақты жұмыс жасап тұруы қажет. Десе де, мемлекеттік органдардың ресурсы ретінде көрсетілген веб-сайты немесе оның сілтемесі жұмыс істемейтін жағдайлар да кездесіп жатады. Мысалы, Жер ресурстары агенттігі сайтындағы (www.auzr.kz) мемлекеттік сатып алу бойынша мәліметтер деген сілтемесі ашылмайды.
Ақпараттың ашықтығы қайда?
Кейбір мемлекеттік органдардың сайттарында заңда көрсетілмесе де ықтимал өнім берушілердің мемлекеттік сатып алу туралы мәлімет алуына шектеу жасалған. Осылай, Ауыл шаруашылығы министрлігінің (www.mіnagrі.kz) веб-сайтындағы мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын арнайы тіркелмей және құпия белгіні енгізбей ашу мүмкін емес. Заң бойынша мұндай шектеулер қарастырылмаған. Ақпарат бәріне бірдей қолжетімді болуы қажет.
Мемлекеттік сатып алу мен мемлекеттік тіл үйлеспей ме?
Мемлекеттік сатып алулар саласындағы негізгі кемшіліктердің бірі тіл туралы заңнама талаптарының орындалмауы болып отыр. Бірқатар сайттардағы мемлекеттік сатып алу туралы мәліметтер мемлекеттік тілде ұсынылмайды немесе толық көлемде берілмейді.
Аталған жөнсіздік мемлекеттік құрылымдардың басым көпшілігіне тән. Тіпті, өкілетті орган – Қаржы министрлігіндегі мемлекеттік сатып алу заңдылықтарының орындалуын қадағалайтын комитеттің өзі мәліметтерінің басым бөлігін ресми тілде орналастырғаннан кейін басқа мемлекеттік органдар туралы айтудың өзі артықтау болар. Мәселен, мемлекеттік сатып алуды конкурс арқылы өткізудегі сатып алу туралы мәліметтің 54-і ресми тілде, тек 14-і мемлекеттік тілде орналастырылған. Мемлекеттік сатып алуды баға ұсыныстары арқылы өткізудегі мәліметтердің 39-ы ресми тілде, ал оның тек 2-еуі мемлекеттік тілде жарияланған. Демек, мемлекеттік тілдегі мәліметтер конкурстар бойынша 25% және баға ұсыныстарын сұрату бойынша 5% ғана қамтылған.
Бірқатар министрліктерде мемлекеттік сатып алу туралы мәлімет ресми тілде болғанымен мемлекеттік тілдегі нұсқасы мүлдем жоқ. Мысал ретінде, Индустрия және сауда министрлігінің (www.mіt.kz) веб-cайтындағы мемлекеттік сатып алу бойынша мәліметтің мемлекеттік тілдегі сілтемесі тіпті жоқтығын келтіруге болады.
Заң бұзушылықтар көп мақтаған электронды түрде де болады
Заң талаптарын орындамаудағы салмақты кемшіліктердің бірі электронды сатып алу тәсілімен өткізілген конкурстардың 700-ден астамы мемлекеттік тілде өткізілмеген. Өйткені, электронды мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыратын бірыңғай оператордың (www.goszakup.gov.kz) веб-порталы әлі күнге дейін ресми тілде ғана жұмыс істейді.
Мәліметтердің мемлекеттік тілде болмауы тіл туралы заңдылықтарды бұзып қана қоймай, адал бәсекелестікке кедергі келтіреді. Соның салдарынан ресми тілді білмейтін кәсіпкерлердің мемлекеттік сатып алу саласына қатысуда тең мүмкіндіктері жоқ.
Мемлекетіміздің бірқатар өңірлеріндегі бизнес құрылымдарының төмен белсенділік танытуын статистикалық мәліметтер де қоштайды. Мұны республика өңірлері бойынша электронды сауда-саттыққа ықтимал қатысушы ретінде электронды қолды (подпись) 5074 заңды және жеке тұлғалардың алуы көрсетіп отыр. Оның ішіндегі негізгі бөлігін Астана қаласы (1006) мен ірі аймақтар (Алматы қаласы мен облысы – 577, Қарағанды облысы – 445) береді. Осы ірі үш аймақтың өзі барлық тіркелушілердің 50%ын құрап отыр. Ал, Атырау облысынан – 94, Қызылорда облысынан – 79, Маңғыстау облысынан 93 қана. Яғни, аталған осы үш аймақ бірге барлық ықтимал қатысушылардың 5,2%-ын ғана құрайды.
Осы материал дайындалып жатқан кезде жергілікті бюджеттерді оңтайландыру жөнінде Үкімет шешімі қабылданғаны белгілі болды. Сондықтан теңіздің тамшыдан құралатыны іспетті, жыл басында қаражат жұмсалынбай тұрғанда, оны тиімді игеріп, қатал дағдарысты еңсеру жолында біріккеніміз абзал.