«Ел» газеті
2010 жылғы 12 қаңтар
Ғарыш саласының қарышты қадамдары – кемелді келешек кепілі
Қазіргі әлемдік экономикада дамудың қозғаушы күші ретінде білім мен технологиялық инновацияларды пайдалану базасында экономикалық өсудің жаңа тұрпаты қалыптасты.
Ғылыми-техникалық әлеует және оның өзін-өзі дамытуға қабілеттілігі жалпыға бірдей бәсекелестік жағдайында басты фактор ретінде қарастырылуда. Бұл орайда Қазақстанда қарышты қадаммен жүзеге асырылып отырған ғарыштық бағдарлама экономикадағы әртараптандыру үдерісінің қуатты әрі тиімді қозғау-шы күші болары сөзсіз. Ғарыштық сала - экономиканың және бүкіл қоғам мен мемлекеттің “ілгерілеуінің” белгісі. Ғарыштық қызметте адамзат прогесін ілгері апаратын бірегей идеялар мен инновациялар қабаты мол. Тарих көрсетіп отырғанындай, ғарыштық ілім ғылыми-техникалық прогрестің негізгі өнімі болуымен қатар, осы прогрестің қуатты қозғаушы күшіне айналды. Ол әлемдік шаруашылықтың басқа да салаларына жаңа мүмкіншілік, тың технологиялардың және ғылыми жасалымдардың үздіксіз тасқынын беріп отыр. Біздің өркениетті дамуымыздың барлық маңызды өмірлік салалары бүгінде ғарыштық технологиялармен және жасалымдармен тікелей байланысты десек, асыра айтқанымыз емес. Ғарыштық зерттеулер нәтижелері мен ғылымның осы саласының жетістіктерін шаруашылық қызметіне енгізудің экономикалық маңызы үлкен. Қазірдің өзінде халық шаруашылығының әртүрлі салалары ғарыштық зерттеу-лердің арқасында ғылыми және техникалық сипаттағы көптеген пайдалы ақпараттарға ие болды. Осы заманғы экономикалық өсімнің басты факторлары микроэлектроника, сандық және ақпараттық жүйелер, бағдарламалық қамтамасыз ету, байланыс және коммуникация, жаңа композиттық материалдар және т.б. салалардағы инновациялық технологиялар болып отырғаны баршаға белгілі. Ал бұл жасалымдардың бастауы ғарыштық индустрия саласында тұнып тұр және олар заманауи өмірімізге елеу-лі ықпал етуде.
Заманауи ақпараттық қоғамның қалыптасуы мен дамуына жаһандық телефония, Интернет желісіне қол жеткізудің спутниктік жүйелері, тікелей сандық теле және радиохабар тарату, шұғыл корпоративтік және кеңжолақты байланыс, навигация жәрдемдесіп отырғаны жасырын емес. Осынау өмірлік қажетті бағыттардың дамуы ғарыш техникасынсыз мүмкін бе?! Шындығында, кез келген үкімет қызметіндегі метеорология, Жерді қашықтан зондтау, жаңа жоғары сапалы берік материалдар жасау, экологиялық мониторинг, табиғаттың тосын құбылыстарының алдын алу сияқты маңызды өмірлік жағдаяттар ғарыш қызметінсіз тіптен мүмкін емес.
Сондықтан да ғарыш саласының ойдағыдай өркендеуі үшін мемлекет пен қоғамның елеулі назар аударуы қажеттілік екені түсінікті. Алайда бүгінгі таңда оның дамып, өркендеуі өте сылбыр. Өйткені, оны кезең-кезеңімен, ұзақ уақыт бойы дәйекті жүргізуге орасан зор қаржы салымдары, басқару саясатын сауатты жүргізу, үлкен интеллектуалдық ресурстар, елеулі кадр әлеуеті және соған сәйкес тиісті ғылыми орта қажет. Ал оны пайдаланудың жемістері күткендегіден әлденеше есе мол.
Сонымен ғарыш саласы мемлекеттік тұрғыдан сындарлы саясатты, жинақталған тәжірибелерді орнымен жүзеге асыруды қажет етеді. Бұл салаға әріден ойлайтын, қарымы мол, ойы ұшқыр, осы іске жан-тәнімен берілген адамдар қажет. Сөз реті келіп тұрғанда, қазақ-стандық ғарыш қызметі сенімді қолда екенін айта кетудің артықтығы болмас. Елбасымыздың қазақстандық ғарыш саласын басқаруға танымал ғарышкер және өз мамандығының нағыз кәсіпқой шебері, елін сүйген ер Талғат Мұсабаевты таңдауы тегіннен емес.
Қай жұмыста да істің мәнісін білетін маманның жөні бөлек. Талғат Мұсабаев – Ресеймен ынтымақтастықта елеулі үлес қосып келе жатқан дипломат, халықаралық ғарыш ілімін елеулі үлес қосып отырған беделді зерттеуші. Оның Қазақстан Республикасының ұлттық ғарыш агенттігін қалыптастыруда еңбегі зор.
Бүгінде ол Қазғарышты басқара отырып, қазақстандық ғылымды жаңа өрістерге шығаруға жан аямай қызмет етуде. Бұл орайда Қазғарыш мамандары халықаралық ынтымақтастықты дамытуда, берік әріптестік байланыстарды жолға қоюда, Қазақстанға қажетті алдыңғы қатарлы техникологиялары бар ғарыштық мемлекеттермен және трансұлттық корпорациялармен өзара тиімді ықпалдастыққа зор маңыз беруде. «Қазсат» спутник топтары жүйесін қалыптастыруда, Жерді қашықтан зондтаудың ғарыштық жүйесін жасаумен айналысуда. Бүгінде қазақстандық ғарыш саласының мамандары Ресеймен ынтымақтастықты тереңдетіп, Украинамен өзара іс-қимылды күшейтуде, Еуропаның жетекші елдерімен, Үндістанмен, Канадамен, Қытаймен және Жапониямен әріптестікке ынта білдіріп отыр.
Тұтастай алғанда, ғарыштық менеджмент дәйекті іс-қимылдар стратегиясын айқын көрсетуде. Болашақта «Байқоңырдай» бірегей ғарыш айлағы бар Қазақстан әлемдік ғарыштық ірі державалардың ортасынан ойып тұрып өз орнын алатынына сенім мол. Осы ұлы істердің басы қасында жүрген Қазғарыштың басшысы – Талғат Мұсабаевқа жақында өткен туған күніне орай Жаңа жылда жаңа жеңістер тілейміз.
Мұрат ӘБЕНОВ,
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің депутаты