Депутатпен болған жүздесу
Құрылғанына 80 жыл толып отырған Қазақ ұлттық аграрлық университетінің еліміздегі жоғары оқу орындары арасынан алар орны айырықша екенін халық жақсы біледі. Оның өткен тарихына үңілген сайын білімділігі артқан, іскерлігі толыққан, мыңдап саналатын мамандарды даярлап шығарудан алдыңғы орыннан көрініп жүргенін атап айтуға тиіспіз.
Университеттің әр күні білім берумен қатар, сан алуан болып келетін игілікті шараларға толы. Жан-жақты жасалған жоспарлар ағымы бойынша белгіленген уақытында өтіп тұрады. Соның бірі зиялы қауым өкілдерімен жүздесулер мен кездесулер болып табылады. Есімдері елгі танымал, халықтың мүддесі үшін күресіп жүрген тұғыры биік тұлғалардың келешек ұрпақ үшін де берерлері көп.
Осы аптаның орта шенінде университет оқытушылары мен студенттері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Мұрат Әбеновпен жүздесу болып өтті. Қасиетті қара шаңырақта бұған дейін де бірнеше депутаттар болған еді. Олармен жүздесу әлі ұмытыла қойған жоқ.
Мұрат Абдуламитұлымен болған жүздесуді кіріспе сөз сөйлеп ашқан университет ректоры, ҰҒА академигі Тілектес Есполов мемлекет пен қоғамымыздағы мәні мен маңызы зор мәселелерді парасаттылық пайымымен тілге тиек етті. Сонымен қатар алдағы апталарда аталған білім ордасының 80 жылдық мерейтойына Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың арнайы келетінінен хабардар етіп, атқарылп жатқан жұмыстардың ауқымына тоқталды.
Бұдан кейін сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов жаңару мен дамудың жолына түскен еліміздің елеулі жетістіктеріне жан-жақты сараптама жасай келіп, басқа бағыттағы әңгімелерін де қайнаған өмірдің тныс-тіршілігімен байланыстыра айтып берді. Елімізде жаңа ғасырдың онжылдығының өзінде өрлеу кезеңдері жүріп жатқандығын нанымды нақты дәлелдермен әңгімелеп, қатынасушыларды ризашылыққа бөледі. Депутаттың әңгімесі сондай әсерлі болды.
Жүздесуде сөз алған университеттің оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі проректордың орынбасары, жастар әкімшілігінің төрайымы Жұлдыз Сүлейменова, студенттер Гүлжайна Рүстемова, Ердос Майтаев, Анар Жұматаева, Айзада Жүнісова, тағы басқалары сөйлеп, көкейлерінде жүрген көптеген ойларын ортаға салды. Бұдан соң оқытушылар мен студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға депутат қанағаттанарлық деңгейде жауап берді. Депутатпен жүздесу көпшіліктің көңілінен шықты.
Қанат ТӘКЕБАЕВ
http://www.kaznau.kz/viewnews.php?id=128&lang=kz