Әбенов
Мұрат
Абдуламитұлы

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Хатшысы

Депутатқа хат
Казакстан ЕКЫУ-нын торагасы ретінде Еуропага Кауіпсіздіктін жана улгісін танытты - Мажіліс депутаты М. Абенов
«Қазақпарат» агенттігі

«Қазақпарат» агенттігі

2010 жылғы 28 қыркүйек

 

Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Еуропаға

қауіпсіздіктің жаңа үлгісін танытты - Мәжіліс депутаты М. Әбенов

 

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алдағы желтоқсан айында Астанада ЕҚЫҰ-ның үлкен саммиті өткелі отыр. Онда Қазақстанның осы ұйымға төраға ретіндегі бір жылдық жұмысы қорытындыланып, өзекті мәселелер талқыланады. Халықаралық айрықша маңызы бар ұйымға еліміздің басшы болуымен әлемдік қаржы дағдарысы және Орталық Азиядағы саяси толқулар қатар келді.

Бұл ретте әлемдік саяси-экономикалық, әскери күрделі мәселелерді шешуде Қазақстанның ықпалы қаншалықты әсер етті және алдағы саммитте қандай өзекті мәселелер талқылауға түспек? Осы сұрақтар төңірегінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

- Мұрат Абдуламитұлы, еліміздің ЕҚЫҰ-ға төраға ретінде жеткен жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз...

- Өздеріңізге белгілі, бұл ұйым негізінен үштік басқарумен үш бағытта жұмыс істейді. Қазіргі күнге дейін көбінесе тек саяси мәселелер көтеріліп келген еді. Ал Қазақстанның басшылыққа келуімен барлық үш бағыттағы жұмыстар қатар жүруде, яғни: әскери қауіпсіздік, экономика және демократиялық ұстанымдар бағыттарында көптеген істер бірге атқарылып жатыр. Бұл біздің жетістігіміз әрі басқалардан ерекшелігіміз.

- Еліміз төраға ретінде Орталық Азиядағы және Қырғызстандағы саяси ахуалдарға қаншалықты ықпал ете алды және қандай ерекшелігімізбен танылдық деп ойлайсыз?

- Қазақстан Қырғызстандағы жағдайға беделді ұйымның төрағасы ретінде Ресей және АҚШ-пен бірге тікелей араласты. Біздің мемлекетіміз ондағы жағдайға көрші әрі бауырлас ел ретінде жақсы түсіністікпен қарады. Сондықтан, Қазақстан Қырғызстандағы саяси ахуалдың жақсаруына белсене атсалысып, қалыпты жағдайға келуіне үлкен үлес қосып отыр. Осы ретте біздің елдің беделінің айтарлықтай өскеніне көз жеткізіп отырмыз.

Ел басшылығы дәл солай есірткі бизнесі өршіп тұрған Ауғанстандағы, Тәжікстандағы жағдайлардың оңалуына қолдау білдіруде. Бұл саяси қадамдардың барлығы айналып келгенде, әлемдік аренада өз пікірімізді өткізе алуымызға, біздің де айтарымыз бар екендігін білдіруге және өзге еуропалық мемлекеттермен тең дәрежеде сөйлей алуымызға мүмкіндік береді.

Біздің бір ерекшелігіміз, қауіпсіздік мәселесі еуропалық кеңістікте ғана қаралмауы керек деген ұғым қалыптастырдық деп ойлаймын. Осы арқылы еуропа мемлекеттеріне қауіпсіздіктің жаңа үлгісін таныттық. Себебі, бүгінге дейін ұйымның қауіпсіздік мәселелері Еуропалық үлгіде байқалып келген еді. Біздің ұстанымымыздағы үлгі бойынша, бір мемлекетте қауіпсіздік болу үшін, басқа мемлекеттерде де қауіпсіздік, тұрақтылық болуы керек. Себебі, ондағы жағдай көршілес, шекаралас не бауырлас елдерге ұласып кетуі әбден мүмкін.

- Сіздің ойыңызша, алдағы үлкен саммитте қандай өзекті мәселелер талқыға түседі?

- Біріншіден, осы қауіпсіздік ұйымына мүше мемлекеттер экономика, қаржы дағдарысына қатысты ортақ мәселе көтерген жоқ. Ол кезеңде әр мемлекет өз ауыртпалықтарын өздері көтерді. Ал негізінде ортақ қауіпсіздік үшін күрделі ситуацияларды бірге шешуге ұмтылу керек еді, мәселелерді бірлесіп шешу керек еді.. Алдағы саммитте Қазақстан осыған қатысты сұрақтар көтереді және көтерілуі тиіс деп ойлаймын. Сондықтан, тек қана демократиялық бағытта ғана емес, бұл басқосуда экономикалық мәселелер маңызды орын алады деген пікірдемін.

Екіншіден, қауіпсіздік мәселесінде әлгіндей Ауғанстан, Қырғызстан секілді мемлекеттерге Еуропа немқұрайлы қарамай, олар да көмектесулері керек. Оларды бұл жағдайлар да  толғандырулары керек. Қазақстан жиында осы мәселені де ортақ талқылауға салады деген пікірдемін.

Үшіншіден, жаңа экономикалық өсу жолына, даму жолына түсіп келе жатқан мемлекеттерге қолдау көрсету. Оларға демократияны, сайлауды қалай өткізуді үйрете бермей, өмір сүру деңгейін, білім саласын, денсаулық сақтау саласын дамытуға Еуропалық мелекеттер көмек берулері керек. Тек ақыл айтып, қажет кезінде өз көмегін көрсетпесе, ұйымның маңызы жойылады.

- Ұйым төрағалығындағы басты жетістігіміз деп нені атар едіңіз?

- Ең әуелі біз өз пікірімізді халықаралық деңгейде батыл айта алдық. Сонымен бірге, ТМД, Орталық Азия және Ислам мемлекеттері арасында бірінші болып осы ұйымға төрағалық етіп отырмыз. Бұл жетістіктер біздің бейбітшіл еліміздің халықаралық саяси ұйымға ерекше ықпалын білдіріп отырса, оған қоса, Қазақстанның әлемдік аренадағы беделінің артуына жағдай жасап отыр.

- Халық қалаулысы ретінде, әлі де төрағалықтағы кемшін тұстарымызды байқайсыз ба және оған қатысты айтарыңыз бар ма? 

- Бүгінгі таңда елімізде көптеген мемлекеттік реформалар жүргізілуде. Бірақ, ақпараттандыру деңгейі республикалық деңгейде жүзеге асырылып жатқанымен, аудандық, елді мекендік деңгейге жетпей қалуы кездесіп жатыр. Ашықтық, жариялылық тек республикалық жалпылама түрде айтыла бермей, ауылдық жерлерге тиісті деңгейде жетуі қажет. Осы ретте аудандық, ауылдық әкімдіктер жұмысында белгілі бір кемшіліктер бар секілді. Жергілікті атқарушы органдарда тек әкімшіліктер, үкіметтік органдар ғана хабардар болып, қарапайым халықпен санаспай іс жүргізулері дұрыс емес. Сондықтан, мемлекеттік реформалар, бағдарламалар және басқа да мәселелерді халыққа жеткілікті түрде ақпараттандыруда әлі де атқарылар жұмыстар бар деп ойлаймын. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, болашақта осы жергілікті халық пен орталық үкіметтің тығыз байланыста мемлекеттік жобаларды жүзеге асыруы көп пайдалар әкеледі деген сенімдемін.

Сонымен бірге, мемлекеттік тілдегі ақпараттандыру деңгейі жеткіліксіз. Ауылдық жерлерге жаңа технологиялар жеткізу үшін техника тілін қазақшалау қажеттілігі туындап отыр. Мысалы, «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» көлік дәлізінің құрылыс жұмыстары еліміздің территориясында қарқынды жүріп жатқаны белгілі. Алайда, кадр жетіспеушілігі көптеп кездесіп жатыр. Сондықтан, техниканы меңгеру үшін қазақша техника тілінің бірліктерін, тілдік стандарттарды қалыптастыру керек.

Осындай ақпараттандыру және тілдік мәселелердің кемшіліктері біздің еуропалық сипат алуымызға кедергілер жасауы мүмкін. Айта кетерлік бір жайт, жергілікті мәслихат депутаттарының белсенді қызметі үлкен қажеттілікке ие. Оның үстіне, барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттардың басым көпшілігі «Нұр Отан» партиясының мүшелері. Сондықтан, республикалық аталмыш жұмыстарды атқаруда олардың да ықпалын пайдалана білу керек.