Әбенов
Мұрат
Абдуламитұлы

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Хатшысы

Депутатқа хат
KazNET ??????? ????????? ????
KazNET қазақша сөйлейтін емес

KazNET қазақша сөйлейтін емес

Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбеновпен әңгіме.

Заң бар, өзгеріс жоқ

- Мұрат Абдуламитұлы, Сіз өткен сайланымда да электронды үкімет, интернеттегі қазақ тілінің үлесі туралы бірнеше мәрте мәселе көтеріп, Үкімет басшысына сауал жолдағаныңызды білеміз. Бұл мәселені тағы да көтергеніңізге қарағанда, жағдай өзгермеген-ау.

- Мемлекеттік мекемелерде, Үкіметтен бастап, министрліктер мен аудан, облыс әкімдіктеріне дейін өз ресми сайттарында қазақ тілін пайдалануға қатысты мәселе де, мемлекеттік сатып алу порталында қазақ тіліндегі ақпарат жеткіліксіздігін де айтылып жүр. Өкінішке орай анықталған кемшіліктердің түзетілетіндігі айтылғанмен, мәселе толық шешім тапқан жоқ. Ал бұл орын алып жүрген олқылықтарға жол бермес үшін 2010 жылы «электрондық үкiметтi» дамыту мәселелерiне тиісті заңнамалық өзгерістерді де енгіздік. Ол заңның бір талабы – мемлекеттiк ақпараттық жүйелердi қалыптастыру үшiн сатып алынатын немесе жасалатын бағдарламалық өнiмдердiң қазақ тiлiнде интерфейсi болуға тиiс.

Бұл өзгерістердің күшіне енгеніне бір жылдан астам уақыт өтті. 2011 жылғы мемлекеттiк ақпараттық жүйелердi қалыптастыру үшiн сатып алынатын бағдарламалық өнiмдердiң қазақ тiлiнде интерфейсi болуға тиiс талабы конкурстық құжаттарда енгізілуі міндетті болса да, Заңның бұл талабы толық орындалмауда. Өткен жылы миллиондаған қаржыға өткізілген мемлекеттік сатып алу бұл норманың орындалуын міндетті талап ретінде құжаттарға енгізбей өткізген. Демек, қазақ тілін жаңа технологияларда дамыту үшін бөлінген қаражат талан-таражға түсті. Өйткені тендерді жеңіп алған компаниялар қазақ тілін енгізу талабы болмаған соң арнайы бағдарламалық өнiмдердi жасап қиналмай-ақ, көрші елдердің тіл қажеттілігімен жасалған бағдарламалық өнiмдердi арзанға алып, біздің мемлекеттік органдарға табыс етуде.

Жалпы, мемлекеттік органдар ақпараттық жүйелерінің бағдарламалық өнiмдердi сырттан алу әрекеттері елдің ақпараттық жүйесінің қауіпсіздігіне күмән туғызады. Сондықтан құқық қорғау органдары жүйелі түрде осыған тексеру жүргізуі қажет!

Яғни бұрын мемлекеттік тіл туралы заңнама талаптары орындалмаса, енді мемлекеттік сатып алу туралы және басқа да заң талаптарын бұзу, мемлекеттің қаржысын талан-таражға салу, сыбайлас жемқорлық фактілерін тексеріп, анықтауға тура келеді. Мысалы, он миллион теңгеге сайт жасауға тапсырыс берілді. Оның белгілі бір бөлігі мемлекеттік тілде ақпарат жасау үшін бөлінді. Тендер өтті, сайт жасалды, бірақ қазақ тілінде ақпарат жоқ. Сонда мемлекеттік тілде ақпарат жасауға бөлінген қаржы қайда кетті? Демек бұл қаржы ұрланды. Біреулердің қалтасында кетті.

Прокуратура мен қаржы полициясы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін қазақша интерфейспен қалыптастыруды және оларға қазақ тілінде ақпаратты енгізуді талап ететін заңнамаға өзгерістің жүзеге асырылуын, сайттарды, порталдарды, сервистік бағдарламаларды жасауды жеңіп алғандарды тексеру қажет. Егерде, сайт бір тілде ғана жұмыс жасап, бағдарлама қазақша интерфейссіз болса, қазақ тілі үшін бөлінген қаржы қайда кетті? Бұл – сұрауы бар және ол үшін жауап берілуі тиіс үлкен мәселе.

«Ақпараттық теңсіздік» - тілде

- Елбасы биылғы Жолдауында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласы бойынша тапсырмалар берді. Осы тапсырмаларды орындау мүмкіндіктері туралы не айтасыз?

Соңғы кездері интернет желісінің жылдамдығы мен сапасы және оны пайдаланушылардың саны артып, тұрғындардың компьютерлiк жабдықтармен қамтамасыз етілуі өсуде. Сонымен қатар, бұл салада көптеген жаңа жобалар пайда болуда. Қазақша уикипедия да Үкіметтің қолдауының арқасында жақсы даму үстінде. Осы шаралар арқасында соңғы кезде қала мен ауыл арасында тұрғындардың ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану, интернетке қолжетімділігі бойынша «ақпараттық теңсіздік» азайып келеді. Дегенмен, басқа теңсіздік бар. Ол – мемлекеттік тілге байланысты «ақпараттық теңсіздік». Республикада қазақтілді мектептерде оқушылардың үштен екісі білім алса да, «ақпараттық теңсіздікті» жою бағытындағы қабылданып жатқан мемлекеттік шаралар жеткіліксіз.

- Мүмкін интернетте қазақ тіліндегі ақпаратқа сұраныс төмен шығар…

- Статистика мәліметтеріне сүйенсек, елімізде қазақ тілін білетін адамдардың саны өсіп келеді. Тіпті, көп кешікпей бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу жөнінде жоспар да бар. Егерде әр 9 ай сайын тұтынылатын ақпараттың көлемі 2 есе өсіп отыратынын ескерсек, дәстүрлі кітаптар ақпаратқа деген сұранысты өтей алмайтыны түсінікті. Бұл жерде жаңа технологиялар мен интернетсіз қиынға соғады. Біз соңғы кезде ғаламторды қолданушылар санының өсуі мен мектептердің компьютерлермен жабдықталуының жақсаруындағы жеңістеріміз туралы мәлімдемелер жасауға әуес болып кеттік. Әрине, бұл маңызды, бірақ бұл ақпаратқа қолжетімділіктің «техникалық» шарты ғана.

- Сонда негізгі шарты не?

- Біз шешетін ең басты мәселе – интернетте қазақ тілінде қажетті көлемде және сапада ақпараттың (контенттің) болуы. Ал бізде қазақ тіліндегі ақпарат жеткіліксіз, қолданыстағы веб-ресурстар сапасы төмен және бәсекеге қабілетсіз. Рас, бізде бірнеше мәрте және бірнеше жылдан бері қазақ тіліндегі контентті қолдау үшін мемлекет тарапынан қаражат бөлініп келеді.

Соған қарамастан Қазнетте қазақтілді сайттар саны мүшкіл халде. Оған дәлелді kzindex.kz сайтының «KZ домендік зонасында интернет-ресурстардың фонетикасы» бөлімінен таба аламыз. Сіз білесіз бе, «KZ» аймағында қазақ тіліндегі сайттар «KZ» аймағында жасалған ағылшын тіліндегі сайттардан да аз?! Саны жалпы ресурстардың 10 пайызына да жетпейді. Домендік аймақта мемлекеттік тілде веб-ресурстарды дамытуға жағдай жасалмаса, қалай дамиды? Ал қазақша контентті жасауға бөлінген қаржы қайда жұмсалып жатыр? Міне, мәселе!

Интернеттегі қазақ тілінің әлсіздігінің тағы бір дәлелі – қазақстандық веб-ресурстар рейтингісін анықтайтын zero.kz сайтында танымал «ондықты» айтпағанда, «жиырмалыққа» кіретін бірде-бір қазақтілді сайттың жоқтығы. Бюджет қаражаты есебінен қазақша контентке қолдау көрсету үшін арнайы мекеме құрдық. Жүздеген миллион қаражат бөлінді. Танымал болған сол сайттар қайда? Біздің KazTube қайда? Заңды түрде отандық фильмдерді қайдан көреміз, қазақ музыкасын қайдан тыңдаймыз, ана тілімізде кітаптарды қайдан оқимыз? Түсінікті, тілде ақпарат жоқ болса, қазақ тілділерге интернетке шығудың не қажеті бар?

- Қазақ тіліндегі ақпаратты көбейтудің көзі не?

- Көпшілікке қазақ тілінде контент жасауды үйретпесек, әрине, болмайды. Контенттің басты көзі – интернетте жұмыс істеуге машықтанған қолданушылар. Осындай адамдар көп болса, контент те көп болады.

- Проблема неде?

- Біздің басты проблема – тұрғындардың компьютерлік сауаттылығының төмендігі. Олардың қатарына мектепте информатиканы оқымаған ересек адамдар санатын қосу әдеті қалыптасқан. Жастарды – мектеп оқушылары мен орта арнаулы және жоғары оқу орындарының студенттерін бірден компьютерлік технологияларды жақсы түсінетіндер қатарына жатқызамыз. Бірақ жағдай ондай емес. Мектептер әлдеқашан заман талабынан қалып қойды. Мәселен, оқушыларды компьютерге бірінші рет 7-сыныпта отырғызсақ, олардан не күтуге болады? Оқу бағдарламасы солай. Және сабақ аптасына бір рет. Бұған қоса ауылдық жерлерде балаларға мектептен басқа жерде монитордың алдында отыру мүмкіндігі жоқ. Оқушылар компьютерді қалай қосу және өшіру жаттығуларын 13 жасында ғана үйренеді. Мектептегі информатика пәнінің бағдарламасы қатты ескірген. Әлі сол Visual Basic пен «Паскаль» төңірегінен шыға алмай жүрміз. Мектептің 11 жылдық бағдарламасында ғаламтормен, е-поштамен, аудио, фото, мәтіндік файлдармен қалай жұмыс жасауды, сайт құруды мүлдем үйретпейді. Осындай біліммен олар жоғары оқу орындарына барады. Жоғары оқу орындарындағы қазақ топтарында ақпараттық технологиялар көп жағдайларда орыс немесе ағылшын тілінде оқытылады. Басты себеп – мамандар, сапалы оқулықтар, заман талабына сай әдістемелер жетіспейді, термин жиынтығы әлі жоқ.

Сондықтан ғаламторға ең негізгі ақпарат (контент) орналастырушы мемлекет болу керек. Заң бойынша мемлекеттік органдардың мемлекеттік тілде ақпарат орналастыру міндеті де бар, қаражаты да шешілген. Бірақ мемлекеттік органдардың сайттарында қазақша ақпараттар жеткіліксіз. Оның есесіне интернет-ресурстарда халыққа ақпаратты негізінен орыс тілінде береді.

Заңды сыйламайтындар көп

- Әсіресе, қай ведомствоны саусақпен көрсетер едіңіз?

«Ақпараттандыру туралы» Заңға депутаттар ақпараттық жүйеде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған қазақ тiлiндегi ақпараттың көлемi орыс тiлiндегi ақпараттың көлемiнен кем болмауға тиiстігі туралы өзгеріс енгізілген болатын. Сөйте тұра мемлекеттік ақпараттық жүйедегі қазақ тілінің жағдайы осы заң қабылданғанға дейінгі қалыпта. Заң талаптары мемлекеттік органдар тарапынан орындалмауда. Осыған байланысты Сіз айтқандай, кейбір ведомстволарды саусақпен көрсетіп көрелік. Олардың бірі Ауылшаруашылығы министрлігінің сайтын алайық, www.minagri.gov.kz – тек қана қазақ тілін білетін ауыл тұрғынына субсидиялау тәртібінен бастап Жер кодексіне дейін барлық қажетті ақпараттар мемлекеттік тілде жоқ. Мемлекеттік сатып алу туралы ақпараттар да тек орыс тілінде.

Бұдан «ҚазАгро» да қалыспайды: www.kazagro.kz Сайт ауыл еңбеккерлерін қасақана шатастырып, жобалар туралы ақпарат бермеу үшін жасалған сияқты.

Төтенше жағдайлар министрлігінің сайтында kaz.emer.kz - рұқсат беру құжаттар туралы, рұқсатнамалық рәсімдер бөлімінде өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік лицензиялар туралы ақпарат жоқ.

Ішкі істер министрлігі mvd.gov.kz сайтының мемлекеттік тілдегі басты бетіндегі ақпараттар бірен-саран аударылған. Барлық нормативтік- құқықтық база тек орыс тілінде берілсе, ондағы «Оқиғалар мен хабарламалар» бөліміне кіру үшін түрікше білу қажет. Неге дейсіз ғой, «Oturum Aç Oturum açmak için Tek Adımlı Oturum kullanıcı adınızı ve parolanızı girin» деген сөздерді жазу керек! Ақпаратты ашайын десең, түрік тілінде ескерту аласыз: «Bu sitenin yetkisiz olarak kullanılması yasaktır ve hukuki davalara konu olabilir». «Осы сайтты заңсыз пайдалануға тыйым салынады және дау сотпен шешіледі». Неге құпия сөз түрік тілінде енгізілетіндігін және мұны кім жасағанын түсініп көріңіз. Осы сияқты хабарламалардан соң туындаған даулар қай елдің заңдарымен реттеледі деген сұрақ туындайды. Менің жоғарыда қауіпсіздік мәселесі туралы айтуымның себебін енді түсінген боларсыз.

Ал, Қаржы министрлігінің www.minfin.kz сайтында есептер туралы файлдардың атауы қазақ тілінде көрсетілгенімен, енді оны жүктесең, орыс тілінде мағлұмат аласың.

Электронды үкімет интернет-ресурстары мен порталдарының ішіндегі ең назар аудартатыны – Денсаулық сақтау министрлігінің сайты www.mz.gov.kz Мысалы, қазақ тіліндегі «Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі» деген бөлімге кірген адамның алдынан қазақ тіліндегі ақпараттың орнына «Такой страницы не существует. Хотите создать?» деген сөздер шығады. Өңірлерде тұрғындармен кездесу барысында олардың бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі туралы хабарсыз екенін көріп жүрміз. Сондықтан жұртшылық бұл жүйенің пайдасын сезінбеуде, өз құқықтарын білмейді. Өйткені бұл жүйені түсіндіру шаралары дұрыс жолға қойылмаған. Жоғарыдағы мысал – соның айқын дәлелі.

Жоғарыда айтқандай, мемлекеттік сатып алуда маңызды заң бұзушылықтардың бірі – ол тілдер туралы заңнама талаптарының сақталмауы. Мемлекеттік сатып алу туралы ақпарат қазақ тілінде мүлдем жоқ немесе толық көлемде орналастырылмаған. Бұндай заң бұзушылық көптеген мемлекеттік құрылымдарға тән.

Мемлекеттік тілде ақпараттың жоқ болуы тілдер туралы заңнаманы бұзып қана қоймай, адал бәсекелестікке тосқауыл болуда. Осының салдарынан орыс тілін меңгермеген кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысуда бірдей мүмкіндіктерге ие емес.

2009 және 2010 жылдарда Үкіметке мемлекеттік сатып алу порталында www.goszakup.gov.kz ақпараттардың мемлекеттік тілде орналасуына қатысты депутаттық сауал жолдағынымды айттым-ау деймін. Ал, порталды шолып қарасақ, тілдер туралы заңнаманың бұзылуы әлі бар екенін көреміз. Осындай заң бұзушылықтарға тыйым болмаған соң, 2011 жылғы қарашада азаматтардың құқықтарын қорғау мен тілдер туралы заңнаманың біркелкі және нақты орындалуын қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, мемлекеттік сатып алу ұйымдастырушысын мемлекеттік сатып алу веб-платформасында ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде бірдей орналастыруды міндеттейтін талап енгізілді. Бұл норма Заңның бірінші ресми жарияланғанынан кейін 30 күн өтісімен, 2012 жылдың 26 ақпанында күшіне енді.

Менің айтқанымның бәрі мемлекеттік органдар тарапынан тіл заңнамасының талаптарын сақтамаудың бірер мысалы ғана.

- Мәке, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласы бойынша өз мамандарынан да көп тер төгіп, жұмыс істеп жүргеніңізді баршамыз білеміз. Бұл өзі Сіздің еншіңіздегі сала іспетті. Тек сол жұмыстарыңыз жемісін берсін. Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен Разиға Әшеева.

 

Мақаланың сілтемесі: http://www.aorda.kz/?p=15697