«Айқын» газеті
2010 жылғы 15 желтоқсан
Түйе шаруашылығын дамытуға түйінді тұжырым қажет
Елбасы Н.Назарбаев биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытуды экономиканы әртараптандыру мен мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі деп атап өткені белгілі. Осы орайда жоғары сапалы, экологиялық тұрғыда таза және бәсекеге қабілетті өнімді (ет, сүт және жүн) өндірудің қосымша қоры бар мал шаруашылығының дәстүрлі саласының бірі - түйе шаруашылығы.
Ал бұл саланың Қазақстандағы даму барысы қандай? Әрине, алаңдатарлық мәселелер бар. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов түйе шаруашылығын дамыту бойынша Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдады.
- Қазақстанда 180 млн гектардан аса жайылымдылық жердің 80 млн гектары шөл және 36 млн гектары шөлейт аймақта орналасқан. Бүгінде осы жайылымдық жердің 43 пайызы ғана пайдаланылуда. Бұл - мал шаруашылығын дамытуға пайдаланбай отырған орасан мүмкіндік. Жергілікті халықтың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі осындай өнімділігі төмен жерді мал шаруашылығына пайдалануға болатынын айқындайды. Түйе малы республиканың қатал климаттық және азық жағдайларында өмір сүруге бейім.
Соңғы жылдары түйе санының тұрақты өсуі байқалуда. Мысалы, 2004 жылы республикада 125,7 мың бас түйе болса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 158,6 мыңға жеткен, яғни 6 жылда 26,1 пайызға көбейіп отыр. Айта кету керек, республикадағы түйе санының 80 пайызы Маңғыстау (46,5 мың бас), Атырау (31,4), Қызылорда (28,1), Ақтөбе (16,6) облыстарында өсірілуде. Мемлекетіміздің кей өңірлерінде биылғы ұзаққа созылған қуаңшылыққа байланысты қалыптасқан жағдай жер шаруашылығынан гөрі мал шаруашылығын, оның ішінде тиісті аймаққа бейім түйе саласын дамытуға ерекше назар аудару қажеттігін көрсетті, - дейді Мұрат Әбенов.
Халық қалаулысының деректеріне сенсек, өткен ғасырдың отызыншы жылдары түйе саны 1 млн 125 мың басты құрап, қазіргі деңгейден 7 есе артық болған. Сол кездері Қазақстан бүкіл әлем бойынша алдыңғы қатарда еді. Тіпті 1986 жылы Қазақстанда бүкіл КСРО-ның 50 пайыздан астам түйесі шоғырланған екен. Жыл сайын 65 пайыздай түйе еті, дәл сондай түйе жүні мен шұбат өндірілген. Түйе шаруашылығының қазіргі жағдайына қарамастан біздің еліміз бүгінде дүниежүзінде түйе өсіруден озық саналады.
- Түйе сүтінен өндірілетін дәстүрлі өнім мемлекетіміздің ерекшелігі және ол мемлекеттен қолдау тапса, халықаралық нарықта жаңа табыс көзіне айналады, сонымен қатар озық отандық өнім болып табылар еді, - дейді халық қалаулысы.
Бірақ Мұрат Әбенов түйе санының тұрақты дамуына қарамастан, бұл саладағы өнім өндірудің төмендеп бара жатқанына алаңдайды. Мысалы, 2008 жылы 5 460 тонна түйе еті, 11 428 литр сүт, 463 тонна жүн өндірілсе, 2009 жылы сәйкесінше, 5 268 тонна ет, 10 654 литр сүт және 442,4 тоннаны құраған.
"Бұл саладағы өнімдердің төмендеуі, ең алдымен түйелердің тұқымының нашарлығына байланысты" деп ой қорытады депутат. Жалпы, асыл тұқымды түйе республикадағы түйе санының 10 пайыздан төмен бөлігін қамтиды. Ал түйе шаруашылығы қорын жалпы саны 16,5 мың бастан тұратын 36 асыл тұқымды мал шаруашылығы құрайды. Жекеменшіктегі түлектің санын былай қойғанда, көптеген шаруа және фермерлік қожалықтарында, селекциялық жұмыс жүргізілмейді. Бұл жағдай түйе шаруашылығында малдың асыл тұқымды құндылығын бағалайтын кәсіби мамандардың болмауынан қалыптасып отыр.
- Қазіргі кезде түйе шаруашылығын дамытуға байланысты нақты мемлекеттік саясат жоқ. Өткен жылы Мәжіліс депутаттары Үкіметке түйе шаруашылығы өнімдерін (ет, шұбат пен жүн) субсидияланатын мал шаруашылығы өнімдерінің тізіміне енгізу жөнінде депутаттық сауал жолдады. Шұбатты субсидиялау мәселесі шешімін тапқанымен, түйе шаруашылығы дамыған өңірлерге бөлінген қаржының әділ және тең бөлінбеуі жөнінде наразылықтар бар. Сонымен қатар түйе еті мен жүні әлі де субсидиялауға жатпайды. Қазіргі таңда "Мал өнімдері корпорациясы" АҚ 2020 жылға дейінгі тек ірі мүйізді мал етін өндіруді дамыту туралы мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының тұжырымдамасын жасап жатқан сыңайлы. Бұл жобада түйе өсіру шаруашылығының ет өндіру бағытындағы жоғары экономикалық тиімділігі ескерілмеген. Мамандардың бағалауы бойынша, түйе етінің өзіндік құны ірі мүйізді малдың құнынан 2-2,5 есеге арзан және қойдың құнынан 1-2 есе төмен. Сондай ақ жемшөп қоры мен жайлауды пайдаланудың ғылыми негізді тәсілдерін енгізу мәселелері шешімін таппай отыр, - дейді Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов.
Қазақстандық ғалымдар машина арқылы сауу мен түйе жүнін қырқудың технологиясын жасап шығарған, тез бұзылатын сүт пен одан шығатын өнімдерді сақтау мерзімін ұзартуға және алыс жолға тасымалдауға мүмкіндік беретін түйе сүтін қайта өңдеу мен консервілеу технологиясы патенттелген. Сондай ақ жайлауда 50-60 бастай түйе мен оның 50-60 ботақанына арналған шағын сүт құрылғысы жасалған. Алайда ғалымдардың бұл еңбегі қаржыландыру болмағандықтан тоқтап тұр. Мысалы, Израильде түйе сүтінен диабеттердің аз ғана тәттілері саналатын қант қосылмаған йогурт пен балмұздақ жасалады. Әлбетте бұл технологияны Қазақстанда да қолдануға болар еді. Бірақ түйе шаруашылығының бүгінгі даму қарқыны қолда бар нақты мүмкіндіктерге сәйкес келмейді. Түйе шаруашылығын дамытуда түйінді мәселелердің шешілмей отырғанына алаңдаған халық қалаулысы өз кезегінде Үкімет басшысының мына мәселелерге назар аударуын өтінеді:
1. Етті мал шаруашылығын дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының тұжырымдамасына түйе шаруашылығын да енгізу;
2. Түйе еті мен жүнін субсидиялау шараларын қарастыру және шұбатқа бөлінетін субсидия мөлшерін ұлғайту;
3. Қазақ түйелерін жетілдіру бағытында оларды асылдандыру жұмыстарын жүргізу;
4. Түйе шаруашылығы үшін азық қорын қалыптастыру;
5. Жоғары және орта кәсіптік оқу орындарында түйе шаруашылығына мамандарды дайындау;
6. Түйе өнімдерінің бәсекеге қабілетті бағыттарын дамыту бойынша халықаралық тәжірибені зерттеу;
7. Түйе шаруашылығы дамыған шалғай елді мекендерде бастапқы өндеу пункттерін құру мүмкіндіктерін қарастыру;
8. Түйе шаруашылығымен айналысатын орта және ірі ауыл шаруашылық құрылымдарын құру үшін олардың құқықтық және экономикалық негіздерін айқындау.
http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=5287&Itemid=2
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ