Дамуымыздың ертеңін айқындады
Барыс бейнелі болашаққа баянды бағыт ұстаған тәуелсіз Қазақстан жаңа тарихында өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа сапалық кезеңіне өтті. Оның шынайы дәйектемесі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауынан нақты көрініс тапты. Қалыптасқан мемлекеттің жаңаша дамуына бастаған «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың қазіргі және ұзақмерзімдік нақты жоспарын айқындаған бұл тарихи Жолдаудың басты идеясы – Қазақстанның болашағына деген нық сенім. Елбасының осы кезекті Жолдауы жарияланғаннан кейін алғашқы әсерлерімен бөлісу мақсатында Парламент Сенатының депутаты Светлана Жалмағамбетованы әңгімеге тартқан едік.
– Светлана Жақияқызы, қасиетті жұма күні Тәуелсіздік сарайында тағы бір тарихи құжат – Елбасының Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауы жария етілді. Осыған байланысты алғашқы әсерлеріңізбен бөлісіп, биылғы Жолдаудың негізгі басымдықтарын атап өтсеңіз.
– Әлмисақтан әмбеге аян ақиқат – ел дамуының басты тұғыры – экономика. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы «Қазақстан-2050» Стратегиясын нақты жүзеге асырудың барлық салалардағы таяу мерзімдегі және ұзақмерзімдік міндеттері мен мақсаттарын айқындаған стратегиялық құжат болып табылады. Елбасы өзінің Жолдауында «Күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақмерзімдік жоспарлаумен, тұрақты экономикалық өсумен айналысады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы... Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет!» деп атап көрсетті.
Мемлекет басшысы халық назарына ұсынған осы бір стратегиялық бағдарламасында еліміздің 2050 жылға дейінгі экономикалық-әлеуметтік даму кезеңдерін жеті бесжылдыққа бөліп, кезең-кезеңмен атқарылатын кешенді міндеттерді саралады. Бұл жеті бесжылдықтың әрқайсысы еліміздің әлемдегі ең дамыған 30 мемлекетінің құрамына кіру жөніндегі биік мақсатқа жету жолындағы ортақ міндетті ойдағыдай іс-жүзіне асыру белестері болмақ. Қазір елімізді дамытудың үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасының алғашқы бесжылдығының қорытынды жылында тұрмыз. Бірінші бесжылдықта атқарылған шаралар ауқымы үлкен. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында келесі – екінші және одан кейінгі бесжылдықтарда атқарылатын нақты міндеттер ауқымын айқындады. Бұл бесжылдықтарда мобильді, мультимедиялық, нано және ғарыштық технологиялар, роботты техника, гендік инжинерия салаларын, болашақтың энергиясын іздеу мен ашудың негізін салуға ерекше мән берілмек.
– Жолдауда қазақстандықтардың тұрмыс жағдайын жақсартып, өмір сүру дәрежесін арттыру мәселелеріне ерекше мән берілді. Осы орайдағы пікіріңіз қандай?
– Елбасы барлық жолдауларында халықтың өмір сапасын арттыруды бірінші кезекке қояды. Кейбір ретте ел арасында осы ұзақмерзімдік бағдарламалар қабылдаудан гөрі елдің бүгінгі тұрмыс жағдайын жақсартатын мәселелерді күн тәртібіне қойса дұрыс болар еді деген пікірлер де айтылып қалады. Ақиқатына келсек, «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламаларының негізгі мақсаты да халқымыздың тұрмыс жағдайын жақсартып, өмір сүру сапасын арттыру болып табылады. Ол туралы Жолдауда «Стратегия – күннен-күнге, жылдан-жылға елімізді, қазақстандықтардың өмірін жарқын ете түсетін нақты практикалық істер бағдарламасы» деп атап көрсетілген. Мемлекет басшысының алдымызға қойып отырған еліміздің әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жөніндегі жоспары да осы халқымыздың өмір сапасын жақсарту мақсатындағы көкейкесті ойлардан туған. Жолдауда атап көрсетілгеніндей, осы биік межеге жету үшін Елбасы ел Үкіметінің алдына нақты тұжырымдама жобасын жасау жөнінде міндет қойды.
– Жолдауда азаматтық қызметшілердің еңбекақысын тағайындаудың жаңа үлгісін әзірлеу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Бұл шын мәнінде әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысын елеулі түрде көтеруге жол ашады емес пе?
– Осы уақытқа дейін мұғалімдердің, дәрігерлердің және әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысын белгілеу мәселесінде түсініксіз жағдайлардың орын алып келгендігі жасырын емес. Биылғы Жолдау бойынша 2015 жылғы 1 шілдеден бастап, елімізде азаматтық қызметшілердің еңбекақысын белгілеудің жаңа үлгісі енгізілетін болды. Яғни, 2015 жылдың 1 шілдесінен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 28 пайызға дейін, білім беру саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 29 пайызға дейін, Әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің жалақысы 40 пайызға дейін өсірілетін азаматтық қызметшілер еңбегіне ақы төлеудің жаңа моделі енгізіледі. Бұл көпшіліктің көңілінен шығатын, көптен күткен игі қадам болмақ.
Сонымен бірге, бұл Жолдауда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тұрмыс жағдайын көтеруге байланысты кешенді міндеттерді шешу мәселесі көтерілді. Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда «...мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс», – деп атап көрсетті. Ендігі уақытта мүмкіндігі шектеулі адамдарға тұрмыстық қызмет көрсету, тағам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмысқа орналасу үшін барлық мүмкіндіктер жасалатын болады. Елбасы барлық кәсіпкерлер мен бизнесмендерді мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық көрсетуге шақырды.
– Жолдауда еліміздің ұлттық идеясының тұғырына айналатын «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін әзірлеп, қабылдау мәселесі атап көрсетілді. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы төңірегіндегі ойыңыз қандай?
– Шындығында да көпшілік арасында еліміздің ұлттық идеясы туралы әртүрлі пікірлер үнемі айтылып келеді. Тұңғыш Президентіміз өзінің парасаттылығы мен даналығын осы жолы тағы бір айқын паш етті. Ол кейбіреулер әр саққа жүгіртіп, әңгіме туындатып жүрген ұлттық идеямыздың тұғырын бұлжытпай айқындап берді. Ата-бабамыз армандаған Тәуелсіздігімізді баянды етіп, елімізді өркениет биігіндегі елдердің алдыңғы қатардағы шоғырынан көретін болсақ, ұлттық идеямыздың орындалғаны емес пе. Мәңгілік Ел болудан артық қандай мақсат, қандай арман болуға тиіс. Мемлекет басшысы барлық қазақстандықтарды бір мақсатқа жұмылдыратын ұлттық идеяның жеті тұғырын белгілеп берді. Ендігі міндет – осы жеті кешенді міндетті іс жүзіне асыру мақсатында жұмыла еңбек етіп, бірлігімізді берік, берекемізді баянды ете беру баршамыздың басты парызымыз болмақ.
Әңгімелескен
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».