«Егемен Қазақстанның» арнаулы беті
Ел үшін еңбек ету – парызымыз
– дейді Парламент Сенатының депутаты С.Жалмағамбетова
Жуырда Парламент депутаттары аймақтарға барып, сайлаушылармен кездесіп, Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жаңа Жолдауын және одан туатын міндеттерді түсіндіріп келді. Біз солардың бірі, белсенді сенатор Светлана Жалмағамбетованы әңгімеге тартқан едік.
– Мен Ақмола облысынан сайланған депутат ретінде осы өңірде болып, 10 кездесу өткіздім. Соның ішінде Жарқайың, Целиноград, Астрахан, Атбасар, Сандықтау, Шортанды және Есіл аудандарында болдым. Сонымен қатар, Көкшетау және Степногор қалаларындағы сайлаушылармен кездестім. Кездесулерге халықты арнайы шақырып жинаған жоқпын, тек «Нұр Отан» партиясының форумдары мен әкімдердің есеп беру жиналыстарына келген халықпен кездестім. Осы форумдарда сайлаушыларға Президенттің жаңа Жолдауында алға қойылған міндеттер, Парламенттегі істелген жұмыстар туралы айтып және депутат ретінде халықтың өзіме жүктеген мәселелерінің шешілу барысы туралы есеп бердім.
Бүгінгі күні Ақмола облысында республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа іске асып жатқан шаруа көп. Соның ішінде Үкімет бекіткен «Шучье-Бурабай аймағын дамыту туралы» бағдарлама бар. Оған 2014 жылдың бюджетінен 19 млрд. теңге қаражат бөлу қарастырылған. Астананың төңірегіндегі ауылдарды дамыту бағдарламасы биыл аяқталады. Ол жұмыстарға биыл 10 млрд. теңге қаражат бөлінді. Бұл қаражат негізінен электр қуатын жеткізуге, ауызсу мәселесін шешуге жұмсалмақшы. Осының ішінде Ақмолдан Қараөткелге дейінгі су құбырын тарту, сонымен қатар, Бозайғырдағы су құбырын жаңарту мен Жібек жолына су тарту сияқты нақты үш ауылға бөлінген қаражат менің ұсынысыммен қосылды. Ал Максимовкаға электр қуатын тарту үшін менің ұсынысыммен бөлінген қаражат артынан үш ауылға бөліп жіберілді. Степногор қаласын оңалтуға моноқалаларды қолдау бағдарламасы бойынша 4 млрд. теңгедей қаражат бөлінген. Соның ішіндегі ең өзекті мәселе – ауызсу. Биыл осы мәселе шешілетін шығар. Ал жолдарын жөндеуге 626 млн. теңге бөлінді. Аймақтарды дамыту бағдарламасы бойынша Көкшетау қаласына 4,7 млрд. теңге қарастырылды. Әрине, бұлардан басқа бағдарламалар бойынша Ақмола өңіріне биыл қомақты қаражат бөлінген. Солардың ішінде көптен бері көтерсек те шешілмей келе жатқан бір мәселе биыл өзінің шешімін тапты. Ол – Жарқайың ауданының орталығына аурухана салу. Бұрын 140 орындық аурухананың құжаттарын өткізіп, қаражат сұралғанда «аудандарға мұндай үлкен ем орындары салынбайды» деп кесіп тасталған болатын. Бірақ бұл мәселені мен аяқсыз тастауға үзілді-кесілді қарсы болып, Үкіметтің алдына шығарған соң, әйтеуір қосымша ақша бөлініп, 70 орындық аурухана мен емхана салуға қаражат бөлінді. Сонымен бірге, біздің сұрауымыз бойынша қосымша қаражат бөліну арқылы Бұланды ауданында 420 орындық мектеп салынатын болды. Сондай-ақ, Жарқайың, Шортанды, Астрахан және т.б. аудандарда ауызсу мәселесінің шешілуіне тікелей атсалыстық.
– Сайланған аймағыңыздың көп мәселесін шешуге атсалысқан екенсіз. Сайлаушылар тағы да қандай мәселелердің шешілуіне көмектескеніңізді қалайды?
– Ел үшін еңбек ету – кім-кім үшін де азаматтық парыз. Ал сұрағыңызға келсек, сайлаушылар тағы да көптеген мәселенің шешілуіне мұрындық болуымды өтінді. Соның ішінде Есіл ауданының орталығы Двуречен ауылына ауызсу жеткізу мәселесін шешуді сұрады. Мұндағы су құбырлары күрделі жөндеуді ғана талап еткендіктен, «Ақ бұлақ» бағдарламасына енгізілмей, «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша қарастырылған. Алайда, қажетті қаражат үлкен болғандықтан, оған да енгізілмеген еді. Енді осы мәселемен айналысатын боламын. Сондай-ақ, Зеренді ауданындағы Березниковка, Сандықтау ауданындағы Каменка, Еңбекшілдер ауданындағы Мамай және т.б. елді мекендерге ауызсу тарту мәселелерін шешуге атсалысуым керек. Аймақтағы қалалар мен ауылдардың үнемі шешілмей жатқан бір мәселесі – жол. Соның ішінде Көкшетау, Шучье қалаларының жолдары сын көтермейді. Былтыр бұл жұмыстарға қыруар қаражат бөлінген еді, ал биыл ағымдағы орта және шағын жөндеулердің шығынын жергілікті бюджетке сырып тастап, олар қаражат таба алмай отыр. Енді осы мәселеге Үкімет назарын аудартуым керек.
Көптеген елді мекендерде жылу құбырын тарту мәселесін шешуге қол жеткіздік. Бұл жұмыстар қазір Ақмолда, Бұланды ауданының орталығында жүргізілуде, биыл Бурабайда басталады. Енді Атбасарға да сондай жұмыстар қажет. Онда жаңа шағын аудан салынуда, соған енді бу қазандығы қажет болып тұр, Үкіметтен соған қаражат бөлінуін өтінуім керек. Сондай-ақ, Астананың төңірегін дамыту бағдарламасы биыл аяқталуына қарамай әлі де көптеген елді мекендерде электр қуатын, ауызсу тарту толық шешілген жоқ. Соның шешілуіне атсалысуым да сұралды. Қазір Үкімет 2020 жылға дейінгі мерзімге даму бағдарламасын жасап жатыр. Осы бағдарламаға аталған мәселелердің кіруін қадағалауым керек. Ауылдардағы толық комплектілі емес мектептердің қамтылуы нашар. Солардың мәселесін шешуде жергілікті халықтың ұсыныс-пікірлерін ескеру керек.
Мен біршама жергілікті мамандар мен жанашыр адамдардың ұсыныстарын біліп келдім, енді соларды қорытындылап, осы мәселені шешу бойынша Үкіметке депутаттық сауал жолдамақпын. Елбасы білімнің сапасы жоғары болуын талап етіп отырған жағдайда Білім және ғылым министрлігінің ұсынған дистанциялық және ресурстық орталық арқылы оқыту сияқты әдіс-тәсілдерінің тиімділігі жоғары бола қояр дегенге сену қиын. Біздіңше, бұл мәселені осы заманғы барлық жабдықтармен жарақталған интернаттар салу арқылы шешкен дұрыс.
– Халықтың әлеуметтік қамтылуы мәселесі бойынша да сұрақтар болған шығар?
– Ондай мәселелер де баршылық. Мәселен, үлкен дағдарыс жылдары зейнет демалысына шыққандардың зейнетақысы төмен. Сондай жандар өздерінің зейнетақысы қайта қаралса екен деген тілек білдірді. Сондай-ақ, теңге бағамына түзетулер енгізілуіне орай Үкіметтің ұстанған позициясын халыққа жеткізіп, мұның қажетті шара болғандығын түсіндірдік. Халық арасында пошта бөлімдерінің жабылуына да наразылық бар. Министрлік халқы 2 мыңнан аз ауылдарда пошта бөлімдерін жауып жатыр. Жылжымалы пошта бөлімшелері деген жасалады дейді, бірақ оның тиімді болмағына халық алаңдаулы. Бұл мәселені мен де көптен көтеріп жүрмін. Солтүстік облыстардың қай ауылын алсақ та тұрғындары 2 мыңға жетпейді. Сондықтан бұл аймаққа ерекше бағдарлама жасауды ұсынған болатынмын. Бұл мәселе қаралу үстінде.
– Халықтың биылғы Жолдауға деген көзқарасы қалай?
– Халық Жолдауды қолдап отыр, әсіресе, әлеуметтік салаға қамқорлық жасау мақсатымен еңбекақыларының көтерілетініне риза. Соның ішінде мүгедектерді қолдау жөніндегі тапсырмаға разылықтарын білдірген адамдар көп болды. Оларды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесінің қарастырылғаны да ризашылық тудыруда.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».