«МЕН ҮШІН БАСТЫ ҚАҒИДА – ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ БОЛУ»
Біздің елімізде 8 наурыз дәстүрлі түрде Халықаралық әйелдер күні мерекесі ретінде аталып өтіледі. Рас, әлемнің көптеген елдерінде мұндай мейрам жоқ. Мұны кешегі кеңестік кезеңнен қалған ескі сарын дейтіндер де жоқ емес. Сондай-ақ, өткен жылдан бері Қазақстанда Елбасы Жарлығымен Отбасы күні мерекесі белгіленді. Әрине, халық үшін мереке артық болмайтындығы белгілі. Биылғы 8 наурыз мейрамы қарсаңында осы сауалдармен Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты, қоғам қайраткері Светлана Жақияқызы Жалмағамбетованы әңгімеге тартқан едік.
–Светлана Жақияқызы, өткен жылы белгіленген Отбасы күні мерекесі мен 8 наурыз мерекесінің айырмашылығы бар ма? Бірін-бірі қайталап тұрған жоқ па дегенім ғой.
–Рас, әлемнің көптеген елдерінде 8
наурыз тойланбайды. Дегенмен, оның есесіне кейбір мемлекеттерде «Отбасы
күні», енді біреулерінде «Ана күні» мерекесі аталып өтіледі.
Қысқаша айтқанда, әр мемлекет аналарға, жалпы
әйелдер қауымына өздерінше сый-құрмет
көрсетеді.
Ал, біздегі 8 Наурыз – Халықаралық
әйелдер күні сол Кеңес заманынан бері келе жатыр. Бұл
арада енді өткеннің бәрін жаман деп сырып тастаудың
қажеті жоқ шығар. Өзіңіз айтқандай,
мерекенің көптігі болмас.
Жалпы, осы мейрам аясында біз
қыз-келіншектерімізді, бала тәрбиелеп отырған аналар мен
ақ жаулықты әжелерімізді құрметтеп, олардың
қоғамдағы алар орындарына мән беріп, әсірелеп
айтсам, тағзым етеміз ғой. Сол үрдіс әлі өз
жалғасын тауып келеді. Ал, енді жылдар бойы қалыптасқан
бұл дәстүрді «ескінің қалдығы» деп
сырып тастаудың қажеті бола қоймас. Сайып келгенде,
күнтізбеден бұл мерекені алып тастау қиын емес. Рас,
бүгінде бұл екі мереке бірін-бірі қайталап
тұрғандай. Алайда, ештеңенің байыбына бармастан
жаңалық аша беру қателік болады дер едім. Сондай-ақ, жылдар
бойы тойлап келе жатқан аға буын мұны қалай
қабылдайды. Сондықтан әзірге «бүйректен сирақ
шығарудың» қажеті жоқ деп ойлаймын. Мүмкін
уақыты келгенде бір ретке келетін болар.
–Бүгінгі таңда Қазақстанда «әйел теңдігі» деген мәселе күн тәртібінде мүлдем жоқ қой. Солай бола тұра, гендерлік саясатты алға тартып «ана салада әйел аз, мына салада қыздар жоқ» дегендей, аруларымызды аламанға сүйреп қосу не үшін қажет?
–Шынында да, еліміздің Ата Заңына
сүйенсек те, басқа да жайларға назар аударсақ та
елімізде әйелдер қауымының құқықтары
ер-азаматтармен тең. Тіпті, бір қарағанда бұл туралы
сөз қозғауға да негіз жоқ сияқты. Дегенмен,
бұл тұрғыда әлі де назар аударатын мәселелер
баршылық. Әрине, жоғарыда айтып өткенімдей,
әйелдер үшін жұмыс істеуге барлық сала ашық.
Бірақ, зер салып қарасақ, олар негізінен денсаулық
сақтау, білім беру салаларында еңбек етеді.
Нақтырақ айтсақ, аталмыш салалардағы
әйелдердің үлес салмағы 75-80 пайызға жетеді. Ал,
басшылар болса негізінен ер адамдар. Жалпы, шешім қабылдайтын жерлерде
әйелдер өте аз. Бұл мәселеге кеңірек
қарайтын болсақ, жалпы шешім қабылдайтын жерлерде,
яғни, биліктің әр тармағында да халықтың
әртүрлі топтарының өкілдері болуға тиіс деп
ойлаймын. Бұл арада әңгіме тек әйелдерге ғана
қатысты емес. Міне, осындай жағдай қалыптасқанда
ғана қабылданатын маңызды шешімдер халықтың
барлық топтарының мүдделерін толық қамтитын
болады.
Сонымен қатар, бірді айтып басқа
мәселеге ауысып кетті демеңіз, мәселен бізде әлі
күнге дейін мүгедектердің мәселелері толық
шешілмей келеді. Бұған ешкім әдейі кедергі келтіріп
отырған жоқ. Алайда, билікте болсын басқа да белгілі бір
шешім қабылдайтын орындарда олардың өкілдері
жоқтың қасы. Сол себепті, олардың біраз
мәселелерінің шешілуі кешеуілдеп тұр. Менің
жоғарыда айтқанымдай, шешім қабылдайтын орындарда
халықтың барлық топтарының өкілдері міндетті
түрде болу керек дегенім осыдан туындап отыр. Мәселен,
аяғынан мүгедек адам білімі, біліктілігі болса арбада
отырып-ақ, кез келген министрлікте жұмыс істей алады.
Өкінішке орай, әзірге бізде мұны ойлап отырғандар
шамалы. Ал, енді Сіз сұрап отырған әйелдерді «билік
жаққа сүйреп қосуға» келетін болсақ, Сізбен
келісе алмаймын. Рас, «инені қапқа тығып қоя»
алмайсың. Қолынан іс келетін қыз-келіншектер ешқандай
демеусіз-ақ бизнесте болсын, басқа да басшы орындарда болсын
бөрік кигендермен терезесі тең жағдайда қызмет
етіп жүр. Дегенмен, әлі де болса олардың үлес
салмағы өте мардымсыз. Жалпы, әйелдердің психологиясы
ер-азаматтарға қарағанда біршама бөлектеу екендігіне
шүбә келтірмейтін шығарсыз. Әйелдер табиғатына
орай отбасы жағдайына бала тәрбиесіне, жалпы әлеуметтік
мәселелерге баса назар аударады. Шынында да, ер-азаматтар
жанұяның, елдің қорғаны ретінде әдетте
ұсақ-түйектерге мән бере бермейді де, тек күрделі
де, ауқымды мәселелерді шешуге бейім. Міне, осы жағынан алып
қарағанда билікте, басқа да лауазымды қызметте
жүрген әйелдер қабылдаған шешім қарапайым
халыққа мейлінше жақын болады. Қарапайым тілмен
айтсақ, еркектер көп жағдайда ескере бермейтін жайлар
әйелдердің назарынан тыс қалмайды. Сондықтан, Сіз
үрке қарап отырған Гендерлік саясат дегеніміз әйелдер
қауымын міндетті түрде саясаттағы аламанға қосу
керек деген қағидадан туындаған мәселе емес.
Қандай да болмасын шешім қабылдауға әйелдер де
неғұрлым көбірек араласса, соғұрлым
қабылданатын шешімдер де елге жақынырақ болар еді деген
ниеттен шығып отыр.
– Тәуелсіз ел болғанымызға 22 жылдан асқаны- мен, халықтың саны сол баяғы 17 миллионға жаңа жетті. Оның өзінде осы жылдары шетелдерден 1 миллионға жуық көшіп келген қандастарымызды ескерсек, аса көбеймей тұрмыз-ау, осы. Мына көрші өзбек акалар осы жылдары күрт өсті. Өзіңіз айтып отырғандай, экономикамыз алға басса, әйелдерге барлық жағдай жасалса, келіншектер бұл тұрғыда неге «кешеуілдеп» тұр? Елбасы айтқан «Мәңгілік ел» болудың алғы шарттарының бірі осы, халықтың санын көбейту емес пе? Келіншектердің бала тууға қызметтен қолдары тимей ме десем, ағаттық бола ма?
–Мұның енді себептері аз емес. Біріншіден, өзіңіз айтқандай, 90-шы жылдары біраз адам Ресей мен Германияға қоныс аударды. Сонымен қатар, экономикалық дағдарысқа орай жасыратын не бар, «байтал түгілі бас қайғы» болып, бала туу мүлдем азайды.
– Әйелдердің көпшілігі ала дорба арқалап, Түркия мен Қытайдан тауар тасуға мәжбүр болды дейсіз ғой.
–Шынында да солай болды ғой. Азаматтарымыз
ренжімесін, еркектер жұмыссыздық пен қаңырап бос
қалған зауыттар мен кәсіпорындарды көргенде не істерін
білмей абдырап қалғанда, әйелдер белді буып тастап
өзіңіз айтқандай, елімізді тауар тапшылығынан
аман алып қалды ғой.
Міне, осындай жағдайда бала туу
күрт кеміді. Жалпы, қандай да болсын мемлекетте экономикалық
дағдарыс кезінде халықтың табиғи өсімі
кемитіндігі тарихтан белгілі ғой. Қалай болған күнде
де, бұл тұрғыда кейінгі уақытта жағдай
жақсара бастады. Балаларға, көпбалалы аналарға
берілетін жәрдемақы мөлшері көбейді. Бірінші бала
дүниеге келгенде берілетін қаржы көлемі де біршама
өсті. Ол жыл сайын өсіп келе жатыр. Сондай-ақ, жұмыс
істейтін әйелдер баласын бір жасқа дейін үйде бағып
отырса, оның жалақысының 40 пайызы төленіп отырады.
Бұл кейінгі кезде енгізілген жағымды жаңалық. Сонымен
қатар, зейнетақы қорына 100 пайыз жалақыдан қаржы
аударылып отырады. Зейін салып қарасақ, бұл бүгінгі
жағдайда аз көмек емес. Әрине, «бәрі керемет» деуге әлі
ертерек болар. Дегенмен, әйел-ана мен балалардың Үкімет
қамқорлығында екендігі дау тудырмайды. Алдағы
уақытта әлі де талай жеңілдіктер жасалады. Елімізде
халықтың табиғи өсуі көбейеді деуге толық
негіз бар.
–Рас, бүгін жағдай жақсарды. Оған дау жоқ. Алайда, қазір де жаңа үйленген жастардың «алдымен пәтер алайық, жағдайымызды түзейік, сосын балалы болармыз» деген қағиданы ұстанатын жайы да бар екендігі байқалады. Жоғарыда айтып өткенімдей, Елбасы айтқан «Мәңгілік ел» болудың басты шарты халық санын көбейту ғой. Яғни, табиғи үдеріс – бала туу дегеніміз экономикалық мәселеге айналып кетпесе екен дегенім ғой. Шынында да, пәтер жағалап жүрген жастардың бала тууды кейінге ысыра беруіне таңдануға бола ма?
–Әрине, халық санын көбейтпесе болмайды.
Жеріміз кең, ал халық саны аз. Сондықтан, көпбалалы
отбасыларға жан-жақты жағдай жасап, ана мен баланың
мемлекет қамқорлығында болуына баса назар аудару қажет.
Бұл тұрғыда біраз игі бастамалар қолға
алынғандығын жоғарыда айтып өттім ғой.
Қарапайым есепке жүгінсек, Қазақстанда кемінде 20-25
миллион халық тұруы керек. Әсіресе,
қазақтардың саны көбейе түссе тіпті тамаша.
Жалпы, елде тұратын халықтың
бәрі дерлік, бұл арада мен еңбекке жарамдыларды айтып
отырмын, экономикаға араласуы керек. Бұл жерде «Үкімет не
береді?» деген қағида жүрмейді. Сондай-ақ, «портфель
іздеп, шолақ белсенділікке» ұмтыла берудің де қажеті
жоқ. Мүмкіндігінше шағын және орта бизнеске ден
қойған дұрыс. Мәселен, халық
экономикаға түгел араласпаса түрлі жұмыстарға
шетелдерден адам тартуға мәжбүр боламыз. Ал, оның
еліміздегі ахуалға кері әсерін тигізуі әбден мүмкін.
Мысалы әлем картасына көз жүгіртсеңіз оны бірден
байқауға болады. Анау Франция, тағы да басқа Еуропа
елдері шетелдерден жұмысшылар тартып, ақыры дау-дамайға
қалып отыр. Шынында да, кез келген мемлекетте шетелдерден
жұмысқа немесе тұрақты тұруға көшіп
келгендердің үлес салмағы көбейсе, ол елде
қосымша проблемалар туындай бастайды. Яғни, өз үйімізді
өзіміз салып, өз экономикамызды өзіміз дамытып дегендей,
бәрін өзіміз жасауымыз керек.
Жалпы, әңгіме әйелдер туралы
болып отырған соң тағы да қайталап айтайын,
әйелдер ер-азаматтарға қарағанда белсендірек.
Әйел бала туады, оларды тәрбиелеу де негізінен соларға
жүктеледі, үй шаруасы да солардың мойнында. Сөйтіп
жүріп ерлермен бірдей түрлі жұмыстар мен қызметтер атқарады.
Осының бәрін тең ұстау оңай деп отырсыз ба?
Яғни, әйелдердің өздеріне жүктелген міндеттерді
ойдағыдай атқарулары үшін мемлекет те, қоғам да
оларға жан-жақты қолдау көрсетуі керек.
Сондай-ақ, оларға артылған жүкті ер-азаматтар
бөлісуі керек қой. Әсіресе, ер балаларды
тәрбиелеуде ерлердің орны бөлек екендігі ескерілуі
қажет-ақ.
–Сіз көп жылдардан бері ірі лауазымды
қызметтерде жүрсіз. Аудан басқардыңыз (кезінде
аудандық партия комитетінің хатшысы болғаныңыз
белгілі), облыс әкімінің орынбасары болдыңыз, бүгінде
Сенат депутатысыз. Айтыңызшы, үлкен шенеунік болу әйел адамды
қаншалықты өзгертеді? Не пайда табады, не жоғалтады
дегендей...
–Бір ауыз сөзбен айтсам, өзгеретін адам өзгереді. Ал, ішкі сарайы кең, өмірде түйгені мол, парасатты адам үшін қызмет, мансап дегендеріңіз кәдімгі өзі атқаруға тиіс жұмыс қана. «Қызмет қолдың кірі» деген де сөз бар емес пе? Қысқаша айтқанда, бәрі адамның өзіне байланысты. Жалпы, билікте болсын, басқа да лауазымды қызметтерде жүрген әйелдер негізінен өздерінің барлық мәселелерін өздері шешіп үйренген жандар ғой.
Бұл арада алдымен билікте жүрген кез келген
тұлға адам мүддесін бірінші кезекке қоюға тиіс.
Сондай-ақ, неғұрлым халыққа жақын болуы
керек. Өкінішке орай, қатты кетті демеңіз, бізде
басшылардың басым көпшілігі қарапайым халықтан алыстап
кеткен. Тіпті, өздері атқарып жүрген қызметтерін біреу
мұраға қалдырып кеткендей көретіндер бар.
Сондай-ақ, «ертеңгі күнім не болады» деп қолда
тұрғанда қамтып қалуды ойлайтындар да аз емес.
Оның кейбір мысалдарын көріп те, біліп те жүрміз ғой.
Осындай жағдайлар болмау үшін адам өзінің
адамгершілігін жойып алмауын ойлауы керек. Бұл енді еркекке де,
әйелге де қатысты мәселе. Сіз айтып отырған
өзгеру дегеніңіз осындай тәубәні ұмытып кетуден
басталады.
Ал, енді әйелдер бұдан не
ұтады, не жоғалтады дегенге келсек, оның да мысалдары толып
жатыр. Мәселен, Кеңестер Үкіметінің алғашқы
жылдары тері күртеше киіп, маузер асынып, әйел екендіктерін
ұмыта бастағандар болғандығы тарихтан белгілі
ғой. Қазір ол заман келмеске кетті. Ал, жалпы қазақ әйелінің
табиғатында ондай еркекшоралық жоқ деп ойлаймын. Әйел
қандай қызметте жүрсе де, қандай билікте жүрсе де
ол үйге келгенде әйел болып қалады. Мәселен, атын
атамай-ақ қояйын, менің өмір бойы билік басында
жүрген бір құрбым бар. Өзі бес баланың анасы. Сол
үйіне келгенде кәдімгі қарапайым қазақтың
әйелі. Күйеуінің сүйеніші, балаларының
қамқор анасы, немерелерінің мейірімді әжесі. Дауысы да
жұмсақ, жүріс-тұрысы да сыпайы. Бұл нені
көрсетеді? Бұл тағы да айтайын, бәрі
адамның тәрбиесіне, адами қасиетіне байланысты. Ал,
енді «кеудесіне нан пісетіндер» болса ол олардың
өздерінің проблемасы.
–Депутат ретінде ел ішінде көп боласыз. Жоғарыда айтылған қапшықтарын арқалап, шетелден тауар тасыған қыз-келіншектер өзгерді ме екен? Қазіргі жастар оны түсіне ме, түйсіне ме?
–Әрине, өзгерді. Жалпы, кезінде өзімізбен
қатар Тәуелсіздік алған республикалар арасында біз көш
ілгеріміз деуге болады. Әрине, бізді әзірге Батыс Еуропа елдерімен
немесе сонау АҚШ-пен салыстыруға ертерек. Дегенмен, еліміз
қарқынды дамып келеді. Алпауыт елдердің өзі санасатын
мемлекетке айналдық. Экономикамыз дамыған сайын халықтың
санасы да, көзқарасы да өзгереді. Шүкір дорба
арқалау артта қалды ғой. Мәселен, шетелдерге
барғанда қымбат тауарлар сатылатын дүкендерге көбіне
тек қазақтар ғана барады деген сөздер естиміз.
Біздің халықтың әл-ауқаты
жақсарғанның бір көрінісі осы шығар. Ал,
бүгінгі жастарға келетін болсақ, болашақ солардікі
ғой. Өз басым жастарға сенемін. Әрине, көп
жағдайда олардың көзқарастары біздікінен сәл
өзгешелеу болар. Бірақ, бұл заңды құбылыс.
–Өзіңіз білесіз, сонау кеңес
үкіметі кезінде Аршалы ауданын Раиса Григорьевна Коваль
басқарды. Содан бері Ақмола облысында ауданда бірінші басшы
болған әйел болмап еді. Енді міне, Шортанды ауданына
Гүлнұр Әнуарбекқызы Сәдуақасова әкім
болып тағайындалды. Қалай, сіңіліңізге
қамқор болып, ақыл-кеңес айтып қоясыз ба?
–Мен өмір бойы билікте жүрген
адаммын. Осы уақыт аралығында мен бір нәрсені анық
түсіндім. Ол – мүмкіндігінше әйел адамдарға
көмектесу, оларға әрдайым қолұшын беру. Оларды
тәрбиелеу керек, ұйымдастырушылық қасиеттері
жоғарыларын билікке тарту қажет. Бұл тұрғыда біраз
іске бастамашы болдым деп айта аламын. Мәселен, мен Ақмола облысы
әкімінің орынбасары болған кезімде білім саласын
Е.А.Дмитриенко, мәдениет саласын Н.Сейітжанова басқарды.
Сондай-ақ, ішкі саясатты К.А.Байдәулетова басқарса,
менің ұсынысыммен Г.Құсайынова экономика
басқармасында басшылықта болды. Енді осыған
облыстық «Акмолинская правда» газетінде алдымен Л.И.Леева, кейіннен
В.В.Косянюк бас редактор болғандығын қоссақ,
біздің облыста билікке жақын жүрген әйелдер аз
болған жоқ деуге болады. Уақытында мен солардың
бәрін тарттым. Бұл арада олардың да өздерінің
біліктіліктерін көрсете білгендігін атап өткім келеді.
Айтпақшы, аудан әкімдерінің орынбасарлары арасында да
әйелдер басымдау болды.
Ал, Шортанды ауданына әкім болып
тағайындалған Гүлнұр Әнуарбекқызына келетін
болсақ, ол қолынан іс келетін адам. Степногорск қаласында
біраз жыл білім саласын басқарса, кейіннен қала
әкімінің орынбасыры қызметіне жоғарылатылды.
Айтпақшы, ол әкімнің орынбасары болып жүргенде
қала әкімі түрлі себептерге орай қалада немесе
жұмыста болмаса (ауырып қалса, еңбек демалысында жүрсе)
оның міндетін уақытша атқару үнемі осы
Гүлнұр Әнуарбекқызына жүктелетін. Басқа
орынбасарларға қарағанда оған көбірек сенім
білдіру де біраз жайды аңғартса керек. Әрине, мен оны
үнемі қолдаймын, қажет болса ақыл-кеңес беремін.
Басымнан өтті ғой, бірінші басшы болу өте қиын
жұмыс. Сондықтан да, мен одан қолдан келген көмегімді
аямаймын. Ал, сөз соңында барлық ақмолалық
қыз-келіншектерді, ақ жаулықты әжелерімізді
Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен
құттықтаймын! Әйелдер қауымының
жағдайы жақсы болса, еліміздегі ахуал да қалыпты деген
сөз.
–Светлана Жақияқызы уақытыңызды бөліп, пікір алмасуға келіскеніңіз үшін «Арқа ажарының» оқырмандары атынан рахмет айтамын!
Сұхбатты жүргізген
Талғат ҚАСЕН,
арнаулы тілшіміз.
Парламент үйі. Астана қаласы.