Сенаттың Светланасы. Қазақтың Светланасы.
Депутат пәрменді болса, Парламент те пәрменді
Бірде Сенат деген тамаша орын деп айтыпсыз. Несімен тамаша?
Қазақстанда 17 миллион халық бар, оның бәрі депутат бола бермейді. Депутат болу деген үлкен сенім, бақыт. Бұған дейін зауытта, атқарушы билік органында жұмыс істедім, өз бетіңмен шешім қабылдай алмайсың. Бұл жердің кереметі сол еркіндік бар, жұмыс уақытыңды өзің жоспарлайсың., жинаған тәжірибеңді пайдаланасың және бастысы шешім қабылдауға ықпал ете аласың. Кейінгі жылдары көбінесе денсаулық, мәдениет, спорт, жалпы айтқанда әлеуметтік салада жұмыс істедім. Адамның мүдделерінің бәрі осы салаларда шоғырланған. Кей мәселелерді облыстық деңгейде шеше алмағандықтан, Парламент арқылы қол жеткізу керек деп ойладым. Мәселен, кезінде Парламентте «Отбасы» деген топ құрдық. Бексұлтан Тұтқұшев басқарды, екі Палатадан да депутаттар енді. Біріге отырып балаға бір жасқа дейін жәрдемақы беру, сәби дүниеге келгенде бір реттік әлеуметтік төлем тағайындау секілді біраз ұсыныстарымыз жүзеге асты.
Парламенттің пәрменділігін арттыру үшін не істеу керек?
Парламент пәрменді болу үшін, ондағы әрбір депутат сыйлы болуы керек. Шындықты айтсын. Халықтың мүддесін қорғасын. Кейінгі депутаттық сауалымда неге Қайрат Келімбетовті сынға алдым? Байқап сөйлеу керек. Кезінде ол Сенатқа келгенде девальвация болмайды деп кесіп айтты. Оның орнына асықпай- аптықпай: «Жаңа ғана сайланып отырмын. Анализ жасаған жоқпын. Бәрін талдап, кейін келіп жауап беремін» демей ме? Бұл басқа министрлерге сабақ болсын деп айттым. Парламентті сыйлау керек, өйткені бізді халық сайлады.
Соңғы девальвация жайында ашық ойын айтып жүрген бір өзіңіз. Биліктің осы шешімін жұртқа қалай түсіндірер едіңіз?
Жан-жақты терең талдауды қажет ететін тақырып. Ұзаққа барармыз,қысқа қайырайын. Президент тапсырма бергенде, бар ақыл-парасатымызды пайдалануымыз керек. Анау Әбденов «Потому что, потому что» деп тарихта қалды. Енді Келімбетов келіп, телевизордан девальвация жөнінде айтып отырып: «Мен популярный болып кеттім» деп күледі. Ал халық ана жақта ақшамызды жоғалттық, баға өседі деп жылап жатыр. Ал ол күледі. Жұрт алдына шыққанда, елмен бірге қайғырып: «Біз түсінеміз, сіздерге қиын, бірақ бұл экономикамызды дамытады, ал ол бюджетті өсіріп, сосын өздеріңізге қайтып келеді», деп түсіндіру керек қой. Қайтейін соған ақылы жетпеді ғой. Елбасы сеніп тағайындаса, олар осыған сай болуы керек.
Кез келген әйел бастық бола алмайды
Президент жанындағы Отбасы және гендерлік саясат жөніндегі комиссия мүшесі болыпсыз. Гендерлік саясат әсірефеминизмге алып келмей ме?
Әр мемлекет жұмыс күшін әр түрлі жолмен шешеді. Мәселен, Франция Африка мемлекеттері мен араб елдерінен еңбек мигранттарын тартты, бірақ олар сіңісіп кете алмады, керісінше түрлі қиындықтар туғызып отыр. Ал Скандинав елдері үйде отырған адамдардың, әйелдердің білімін, біліктілігін арттырды, жұмыс орындарын ашты. Нәтижесінде экономикалық дағдарысты айналып өтті. Қоғамда әйелдер, қарттар, жастар, мүгедектер секілді әр түрлі әлеуметтік топтар бар. Сондықтан шешім қабылдауда олардың бәрі қатысса, нәтиже дұрыс болады.
Әйел адамға бастық болу оңай емес. Билік басында жүргенде әйелдерді қызметке тартуға тырыстым. Өзімнің комфортым үшін емес. Бірақ ол да керек. Әйелдер бір-бірін қолдамаса, билік басына шыға алмайды. Ақмола облысы әкімінің орынбасары болып істегенде білім, мәдениет, ішкі саясат басқармасының бастығы әйел, редактор әйел болды. Аудан әкімдерінің орынбасарларына көбінесе әйелдерді тарттым.
Маргарет Тэтчер идеалыңыз екен? Осыны тарқатсақ...
Жалпы билік басына барған әйелдер жұмысты еркектен кем істемеу керек, бірақ әйел болып қалуы тиіс. Тэтчер осындай адам. Ол Ұлыбританияның басшылығына келгенде елдің халі мүшкіл еді. Сонда ер азаматтар қабылдай алмайтын шешімдерді қабылдады. Жауапкершілікті толығымен мойнына алды. Ол жақтағы Парламент басқа. Біздің министрлерді кішкене сынасаң бұрқырап-шұрқырап кетеді. «Тұманды Албион» депутаттары Үкіметтегілерді жерден алып, жерге салады. Қиын сұрақтар қойып, бірнеше сағат ұстайды. Тэтчер солардың алдында бір де бір рет сөзінен жаңылып көрмеген, ұстанымынан таймаған. Бұл бірінші. Екіншіден, әлемдік саясаткерлердің арасында ұлттық мүддесін қорғай алған сарабдал саясаткер. Кеңес Одағында «каждая кухарка» бастық бола алады дейтін, шындығында бұл қате пікір, бастық болу оңай шаруа емес. Батылдық, мықтылық керек.
Биліктегі және іскер әйелдер бірігіп бірнеше клуб құрғанын естуші едім. Сіз қай клубтың мүшесізіз?
Біздікі «Томирис» деп аталады. Астанаға халық көптеп келіп жатты. Жергілікті белсенді қыз-келіншектер жерде қалмасын, бірігіп жұмыс істейік деген оймен 1997 жылы. құрылдық. Шүкір, біздің клубтан үш әйел Парламент депутаты болып отыр. Мен, Оразкүл Асанғазы және Надежда Петухова. Кейіннен «Бәйтерек», «Жібек» деген топтар құрылды. Бес-алты жыл болды, 8-наурызда жиналып, кеш ұйымдастырамыз. Ешқандай әртіс шақырмаймыз, өзіміз концерт қоямыз, әрбір клуб нөмір дайындайды, жыл сайын арнайы тақырып қойып, кешке бір клуб мұрындық болады. Былтыр біз ұйымдастырдық, биыл «Жібек» клубының кезегі. КВН секілді өткіземіз, оның ішінде көне заманда, қазіргі алтын ғасырда және космос дәуіріндегі әйелдер деп үш жақтан көрсетуіміз керек.
Арнайы іріктеп барып қабылдайсыздар ма?
Клубқа қабылдану үшін екі адамның рекомендациясы болуы керек. Сосын бәріміз ол адамды көруіміз керек. Клуб деген үлкен ұйым емес. Мінез-құлқы сәйкес келмей жатса кейін қиын ғой. Осы уақытқа дейін бір рет қана түсінісбеушілік болған. Қазір шамамен 25-26 адам бар.
Тәубе, мен бақыттымын
Есіміңіз не себепті Светлана?
Неге Светлана деп атағанын білмеймін. Әкем қойыпты. Сол үшін өзгерткім келмеді.
Өзгерт деп ұсыныс айтқандар болды ма?
Иә, болды.
Әйел бақыты мен биік мансап әйел адамға қатар келмейтін бақ секілді...
Отбасы бақытынан артық не болсын? Еліңе қызмет еткің келеді, бірақ шындығында билік, мансап деген уақытша дүние ғой. Отбасы бар әйелдер билік басына барғысы келсе, отағасымен ақылдасып қана шешу керек деп санаймын.
Отбасылық қарым-қатынаста мүмкін мінезім тік болған шығар. Өйткені жас кезімде шыншыл, тым принципшіл болдым. Мүмкін ер адамға ондай ұнамайтын шығар. Кейін махаббатымды кезіктіргенде мүмкіндіктер болмады. Біраз нәрселерден аттай алмадым. Біреулерге кедергі келтіргім келмеді.
Алпыс жасыңызды үлкен бір той қылып атқардыңыз ба?
Мерейтойды жек көремін. Бір юбилейді той қылып атқарған емеспін. Алпысқа толғанда құрбыммен Эмиратқа кетіп қалдым. Ойландым. Өмірім қалай өтті. Қолымнан не келді, нені үлгермедім? Жақсысы да бар, жаманы да бар. Жеткенім де бар, жетпегенім де бар. Әйел бақытын кем көрсем де, жалғыз кішкентай сіңлімнен қанша жақсылық көрдім. Қызым, немерелерім бар. Қоғамда жиған азды-көпті абыройым бар, ел сыйлайды, соның бәрін еске түсіріп, тәубе дедім. Әкем екі жасымда қайтыс болды, бірақ шүкір шешем тоқсаннан асып қайтты. Алла тағала өзі бәрін реттейді екен. Мен бақытты адаммын. Осыған жеткен де бар, жетпеген де бар.
Мектепте жүріп жұмыс істедіңіз, соған қарамастан Алтын медальмен бітірдіңіз, Қалай үлгердіңіз?
Зауытта істегенде Михаил Бутенко деген бастығымыз айтушы еді: «Светлана сенің аяғыңа электр станциясын байлап қойса, талай энергия өндірер едік» деп. Құдай берген күш-қуат әлі күнге дейін тыным таптырмай келеді. Адам оптимист болу керек. Жарық дүнеде жер басып жүргеніме тәубе. Осы жасымда Сенатқа жұмысқа келе жатқаныма тәубе. Сондықтан қанағат, шүкірлік еткен адамға Аллаһ Тағала береді.
Қазақ «Тегінде бар тек жатпас» дейді. Қарым-қабілетіңіз қанмен келген секілді...
Атам Ағаділ қажы.. Қорымы Қорғалжын ауданында. Негізі фамилиям Ағаділова болуы керек. Әкемді бай баласы деп оқуға алмай қойған, Содан Жалмағамбетов деп алыс туыстарының атын алады. Қазіргі Ерейментау ауданы, ол кезде Еркіншілік ауданы, орталығы Благодатныйда бас дәрігер болды. Оқ тиіп, бір иығы төмендеу еді, сондықтан соғысқа алмай, ауылда сот та болып істеді. Туыстарына қамқоршы, адал, шыншыл адам болыпты. Отыз үші жасында қайтыс болды.
Қызыңыз тұрмысқа шыққан соң, жалғызсырап қалған жоқсыз ба? Қазір кіммен тұрасыз?
Өмір бойы шешеммен тұрдым, қазір сіңлім, оның отбасымен бірге тұрамыз. Қызым алты жыл Түркияда тұрғанда шыны керек оңай болған жоқ. Демалыс сайын сол жаққа алып-ұшып жетемін, Ауа райы жақпайды, елге келе салып ауырамын. Олар Аланья дейтін шағын қалада тұрды. Сосын: «Балалардың келешегі үшін Анталья ма, Стамбул ма, үлкендеу қалаға барыңдар, не Қазақстанға келіңдер» деп айттым. Қазір, шүкір, қызымның отбасымен Астанда тұрып жатқандарына үшінші жыл болды. Үлкен немерем қазақ сыныбында оқиды, қазақша сайрап тұр, күйеубалам да үйренді. Мұны көріп ағайындарым қуанып жатыр.
Тігін машинасының даусы әлі күнге құлағымда
Кескін келбетіңіз, мінезіңіз кімге ұқсаған?
Түрім әкеме, мінезім шешеме тартқан секілді. Анам 30 жасына қарағанда жесір қалды, не жұмысы, не мамандығы, не әке-шешесі жоқ. Соған қарамастан сіңлім екеумізді тәрбиелеп, тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай бағып-қақты. Қазір кей адамдар сәл қиындыққа шыдамай, жер жастанып жатып алады. Анам өмірде ешкімге тәуелді болған адам емес. Шешесінен тігіншілік дарыған екен. Күндіз фабрикада жұмыс істейді, түнде жеке адамдардың тапсырысын орындайды, солай бізді асырады. Мен сол машинканың даусымен өстім. Өмір бақи құлағымда тұрады.
Сізге талай көйлек тіккен шығар.
Ой мен «модница» едім. Политехникалық институтта оқығанда шешем артық қалған маталарды құрастырып, костюм тігіп беретін. Ол кезде солай «комбинированный» киімдер сән болатын. Пиджак дегенді алғашқылардың бірі болып кидім. Сырт киімге дейін беріп жіберетін.
Сол қасиет сізге, қызыңызға дарымады ма?
Мен институт бітіріп келгенде бірінші жыл немере ағамның үйінде тұрдым. Көп балалы отбасы еді. Киімдері мәз емес екен. Содан бірінші жалақыма мата алып, бәріне тігіп бердім. Өмірде ешқашан ештеңе тікпегенмін. Анамның айтқандары жадымда жатталып қалыпты. Иығы мынанша, белі мынанша болуы керек, мынау 52-размер ғой деп отырушы еді. Өзім Политехтің инженер-конструктор мамандығын бітіргенмін. Математикаға жақсы болдым, сондықтан сандар есімде оңай сақталып қалады. Содан өлшеп, сызып, бәріне көйлек-шалбар тігіп бердім. Олар таңғалды, қайдан үйреніп алдың деп. Өзім де аң-таң болдым. Содан кейін ине-жіпті қолыма алмаппын.
Ұлттық дизайнерлерге тапсырыспен берген кезіңіз бар ма?
Әкімнің орынбасары болып жүргенде Бөгенбайдың үш жүз жылдық тойы болды. Ұлттық киімді камзолы, көйлегі, бөрігі бар толығымен тіктірдім. Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз ауылдарды аралып жүрген. Мен қазақүйден қазақ көйлекпен шыққанда ол кісі құлап қала жаздады. «Ойбай, Света сенсің бе? Мынау бір тамаша үлгі екен» деп қатты қуанды. Пиджактарыма да қазақша элементтер қосатынмын. Жағасы, иығы алтынды жіппен өрнектелген сырт киімдерім, бөрігім де бар.
Биліктен қудалаған адамдар болды
Бай адамсыз ба?
Ең басты капиталым – абырой. Абырой болса бәрі де болады. Байлықты ақшамен есептемеймін. Көп адамдар: «Сіз он төрт жыл әкім орынбасары болдыңыз, неге жеріңіз, фирмаларыңыз жоқ» деп әсіресе осы соңғы кезде нарық заманында жиі сұрайды. Артық байлық не үшін керек? Аннан-мыннан жымқырып ұрлап... сосын ертең қалай елдің бетіне қарайсың? Ұят болу керек қой. Өмір сүруге қажетті қаражатым бар. Үйім бар, қызымда баспана бар. Зейнетақым бар. Келешекке кішкене жиған-тергенім бар. Бір басыма жетеді.
Ұзақ уақыт облыс әкімінің орынбасары болдыңыз. Не түйдіңіз?
Бір жерде көп уақыт отырғандықтан, әбден үйреніп қалдым. Депутаттыққа шақырғанда, мен қалай кетемін бітпеген талай шаруа бар деп ойлайтынмын. Мен кетсем бәрі құритын секілді.(Күледі) Сөйтсем олай емес екен. Жеті-сегіз әкіммен жұмыс істедім. Қайсысы болмасын, сенім білдірді.
Билікке жақын жүргендіктен Елбасымен талай жүзбе-жүз кездесіп, дастархандас болған шығарсыз. Ел білмейтн, көп айтыла бермейтін қандай қырлары бар?
Астана ауысқаннан кейін Елбасын жүзбе-жүз жиі көріп тұрдық. Президент қатысқан бір жиында тамада да болдым. Арқалы адам. Сөйлеген кезде адамның іші-бауырына кіріп кетеді. Облысқа келгенде біраз ауылдарды аралайтын, сосын ауыл адамдарының аты-жөнін қанша жыл бұрын келсе де ұмытпайды. Еске сақтау қабілеті мықты. Таңғаламын. Бір-екі жыл бұрын Көкшетауда Орталық алаңда халықпен кездесті. Сонда «Зура қалың қалай?» деп сұрап жатыр. Ол Зура атам заманда облыс әкімінің орынбасары болған еді. Қарамайсыз ба, соны ұмытпаған. Екіншіден, дастархан үстінде «Президентпін» деп кеуде кермейді. Сондай көңілді жан-жағындағы адамдарды көтермелеп отырады. Өмірімнің өте бір қиын кезеңдерінде маған үлкен қолдау көрсетті. Сол кісінің арқасында билік басында қалдым. Кедергі келтіріп, қудалаған кісі бұл дүниеден өтіп кетті, сол үшін кім екенін айтпай-ақ қояйын.
Биліктегі интрига туралы не айтасыз?
Билік басында интрига деген бола береді. Бірақ ол ақылсыз адамның жұмысы. Тәжірибесі жетпеген соң интрига арқылы билік басында қалам деп ойлай ма? Кешіріммен қараймын, ренжімеймін, тек алыс жүруге тырысамын. Дос болмаймын.
Мұқағал Мақатаев сүйіп оқитын ақындарыңыздың бірі екен. Өлеңдерін жатқа оқи аласыз ба?
Туыстарым аз, достарым көп. Сондықтан мына шумақтарды жақсы көремін.
Досым саған сенемін, сеніп өтем,
Жолың бөлек демеймін, жөнің бөлек.
Достық деген адамның көрігі екен
Достық деген ақылдың серігі екен.
Сосын Фариза Оңғарсынованың мына өлеңі ұстанымым десе де болады:
Менің ең жек көрерім – жасандылық.
Сүйерім – ащы шындық.
Қазақ тілін білмейтін қазақтың намысы жоқ
Қазақ тілін қаншалықты дейгейді меңгердім деп санайсыз?
Орташа. Ойымды еркін жеткізіп, жаза аламын.
Ағылшыныңыз қалай?
Парламентке келгелі біраз оқыдым. Шетелге барсам, нан тауып жеуге жеткілікті.
2004 жылы Амангелі Айталы Сенат және Мәжіліс депутаттығына кандидат қазақ тілін білу керек деген ұсыныс айтты. Сіз қарсы дауыс беріпсіз. Неліктен?
Өйткені, өкінішке орай, барлық адам қазақша білмейді және басқа ұлттың өкілдері бар. Сондықтан билік басынан көптеген адамдарды ажыратып алуымыз мүмкін. Ал биліктен алыстатылған адам, мемлекетке де қарсы болады. Қазақтың саны 67-68 пайызға жетті, ол 75 пайызды құрағанда бұл ұсынысты қолдауға болады. Әзірге еліміз үшін қауіпті.
Одан бері табаны күректей 10 жыл өтіпті. Әлі дайын емеспіз бе?
Иә. Жан-жақта не болып жатқанын көріп отырсыздар ғой Тамаша ұйып отырған араб елдерін еске алайық. Қазір іріткі салып араны ашу оп-оңай. Ұлттық мәселе және дін – ең нәзік проблемалар.
Сіз тырыстыңыз, үйреніп алдыңыз, ал өзгелер, әсіресе қазақтар неге ана тіліне немқұрайлы?
Намысы жоқ. Солтүстік өңірде өсіп, мектебім де, ортам да орыс болды. Бірақ қазақ тілі генімізде жатыр ғой. Тек соны ояту керек.
Украинадағы жағдайға көзқарасыңыз қандай?
Құдай басқа бермесін. Бұл демократия емес. «Барлық революция демократия деп басталады, бірақ оның жеңісін басқалар пайдаланады» Алаңда министрлер тағайындап жатыр. Не сұмдық? Алаңға ең бірінші болып студенттерін әкелген ректорды Білім министрі етіп қойды, сол жерде алғашқы медициналық көмек көрсеткен біреуді Денсаулық министрі етті. Үкіметті мазақтау бұл. Мен қазақ халқы одан ақылды деп ойлаймын.
Ал Юлия Тимошенко туралы не айтасыз?
Ешқандай көзқарасым жоқ. Ол тек қана популист.
Қазаққа керек қарекет?
Бірлік керек. Еріншектіктен арылу керек. Жігер керек. Әрқайсымыз мемлекетке өзімізге жұмыс істегендей еңбек етсек , қазақ өз арасында ұйымшыл болып, бір-бірінің жамандығын жасырып, жақсылығын асырса, сонда дамып, көркейеміз.
Әңгімеңізге рахмет
Пост-пайым
Адал, шыншыл көрінді. Барлық сауалға жауап берді. Өзін сыйлата алады, өзгені де ерекше сыйлай біледі. Өмір бақи орыс тілді ортада өскен адам үшін, қазақ тілін меңгеру деңгейі қуантарлық, әсіресе сыршылдықпен жатқа өлең оқығаны жүректі тебірентеді. Жаны қазақ.
Әсірефеминистік көзқараста болмаса да, әйелдерге бүйрегі бұрып тұрады. Бұл бір жағынан әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етсе, екінші жағынан дәстүрлі отбасылық құндылықтар аясында қарама-қайшылықтар тудыруы мүмкін. Өз ойым.
Өте қарапайым, халыққа жақын жан. «Ақырын жүріп, анық басады». Саясаткер әйелдердің ішіндегі сақасы. Сенаттың Светланасы, қазақтың Светланасы.
Сұхбаттасқан Жанар Елдосқызы