Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің
Төрағасы
Қ.Н. Келімбетовке
Құрметті Қайрат Нематұлы!
2013 жылғы 10 қазанда Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Сізді Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы етіп тағайындауға келісім берді. Сіздің кандидатураңызды қарау кезінде Сізге сұрақтар қойылып, олардың ішінде мынадай сұрақ та болған: «Г.А. Марченко мырза өткен жылдары теңге девальвациясын өткізіп, соның салдарынан халық банк депозиттеріндегі салымдары бойынша шығынға ұшыраған еді. Алдағы уақытта осындай жайт қайталанбай ба?».
Сіздің жауабыңыз неғұрлым жалпылама немесе таза кәсіби болуы мүмкін еді. Бірақ Сіз сөзбе-сөз келтірсек, былай деп жауап бердіңіз: «Алаңдаушылыққа ешқандай негіз жоқ, ұлттық валютаның айырбас бағамы саясатына әсер ететін іргелі факторлар өзгермеді. Бұлар мұнай бағасы мен ресейлік валютаның айырбас бағамына қатысты».
Үстіміздегі жылдың 21 қаңтарында журналистерге арналған өз брифингіңізде Сіз «Оңтайлы сыртқы экономикалық конъюктура және Қазақстандағы тұрақты макроэкономикалық ахуал жағдайында теңге девальвациясы үшін себептер жоқ» - деп тағы қуаттап бердіңіз.
Шын мәнінде мұнай бағасы өзгерген жоқ, ал Ресей рублі 2013 жылы бар-жоғы 7,9 пайызға төмендеді.
Бірақ 11 ақпанда кенеттен теңгенің жаңа айырбас бағамы жарияланып, ұлттық валютаның 20 пайыздық девальвациясы орын алды.
Оның үстіне Сіз журналистер алдында «бұл туралы бүгін таңертең білдім немесе шешім жарты жыл бойы дайындалды» - деп мәлімдедіңіз. Бұдан Сізде кәсібилілікпен немесе этикамен проблемаларыңыз бар деген қорытынды өз-өзінен туындайды. Сіз Қазақстан халқын ғана емес, ресми билік органы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын да шатастырдыңыз. Депутаттар Сізге сеніп, Сізді тағайындауға келісім берді.
Осыдан кейін Сіз қалай Парламентке келіп, өзіңіз алдаған, сөйтіп еріксіз «сыбайласыңызға» айналғанын білмей де қалған депутаттармен жүздесесіз. Бұдан кейін Сіздің сөздеріңіздің қаншалықты салмағы болмақ?
Теңге девальвациясы – қаржы мәселесі. Алайда оның әлеуметтік салдарлары бар: бұл дегеніміз – тауар бағаларының, тарифтердің өсуі, банктердегі жинақтарды жоғалту.
Осыны ескере отырып, Мемлекет Басшысы ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап мұғалімдердің, дәрігерлердің еңбекақыларын, зейнетақыларды, жәрдемақыларды, стипендияларды ұлғайту, шағын және орта бизнеске кредит беруге қаражат бөлу жөнінде шұғыл шаралар қабылдады, Үкіметке, әкімдерге ең қажетті тауарлар мен қызметтерге бағалардың негізсіз өсуін тежеу бойынша жедел шаралар қолдануды тапсырды.
Осыған байланысты Сізге де Мемлекет Басшысынан үлгі алуыңыз қажет, өзіңізге тиесілі банк саласында іс-әрекеттер жасау үшін. Валютаның девальвациясы салдарынан қазақстандықтардың теңгедегі салымдары 20 пайызға құнсызданды. Бұл бүгінде теңгемен салынған депозиттердің қайтарып алынып, банктердің әлсіреуіне әкеп соғуда. Қандай да бір банктердің жабылуы туралы қауесет – бұл алданып қалған салымшылардың амалсыздықтан жасаған шарасы.
Сіздің «арандатушыларды» «қорқытуыңыз» бен телеэкраннан берген түсініктемеңізге енді ешкім сенбейді. Іс-қимыл қажет. Сіздің деректеріңіз бойынша банктерде жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы 2,2 триллион депозиті бар. Қазақстан Республикасының банктерінде теңгедегі салымдарының бестен бір бөлігін жоғалтқан жеке тұлғаларға ұлттық валютадағы депозиттер бойынша сыйақыларды 13-14 пайызға дейін ұлғайтып, қолдау көрсеткен қисынды болар еді. Қолданыстағы пайыздарды инфляция жеп қояды.
Сіз мұндай шешіммен Өзіңізге сенім білдірген және Өзіңіз «алдап соққан» адамдар алдында өзіңізді аз да болса ақтап алар едіңіз. Оның үстіне бұл ұлттық валютадағы депозиттер мен тұтастай алғанда банк жүйесіне деген жоғалтылған сенімді көтетер еді.
Құрметпен, С. Жалмағамбетова