Қазақстан Республикасының Премьер-министрі К.Қ. МӘСІМОВКЕ |
05.05.2011 г.
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!
Салық салу, кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мәселелері.
Ресей Федерациясы Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру Келісімінің 6 бабы негізінде қалалық әкімшілікті әкімшілік басшысының ұсынысымен Ресей Федерациясының Үкіметі құрылымдайды. Осыған байланысты жалға алу кезінде Байқоңыр қаласының аумағында Ресей Федерациясының салық заңнамалары жұмыс істейді.
Қалада орта және шағын бизнеспен 843 субъект айналысады, оның 801 жеке кәсіпкерлер.
Байқоңыр қаласында азық-түлік тауарларының бағалары Қызылорла қаласымен және жақын ауылдармен салыстырғанда едәуір жоғары. Мысалы, тұз – Қызылорда қаласында 25 теңге болса, Төретамда 30 теңге, ал Байқоңырда 60 теңге, сәйкесінше күріштің бағасы – 100 теңге болса, 125 теңге, 250 теңге. Бұл төмендегі себептерге байланысты болып отыр.
Бүгінгі таңда Байқоңыр қаласына Қазақстан Республикасынан 85 % тауарлар Қазақстан Республикасының қосылған құн салығы – 12 % салынып кіреді және соның жалпы құнына тағы да Ресей Федерациясының қосылған құн салығы – 18 % қосылады. Бұл өз кезегінде, тауардың бағасына үлкен әсер етіп отыр.
Қазақстан кәсіпорындары халық тұтынатын тауарларды кіргізгенде кеден органдары тарапынан тауарлар декларациясы рәсімделмегеннен осы жөнелтілім нөлдік ставкамен салық салынуға жатпайды және Қазақстан Республикасының жалпыға белгіленген ҚҚС ставкасымен салық салынады. Ал осы халық тұтынатын тауарларды Ресейден Байқоңырға кіргізгенде Қазақстан Республикасының кеден органдары қала Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігі болып табылатындықтан осы жүктерден барлық салықтарды, баждарды және алымдарды алып, кеден рәсімдерін жүргізеді. Содан, екі жақтық салық салу орын алады, халық тұтынатын тауарлардың құны жоғары болып отырғаны осыдан.
Сонымен қатар, кеден одағы аясында өзара сауда айналымында жүктерді кедендік рәсімдеу жүргізілмейді, ал ҚР аумағына импортталатын жағдайда жанама салықтарға (ҚҚС, акциздер) басшылық жасау ҚР салық органдарының қарауына берілгендіктен қайтадан ҚҚС төленеді. Байқаңыр қаласында ҚР салық органдарының болмауынан Байқоңыр қаласының кәсіпкерлері жанама салықтар бойынша құжаттарын жақын орналасқан Қармақшы ауданының салық органдарына тапсыруына тура келеді, бұл өз кезегінде тағы бір проблеманы – кәсіпкерлер тарапынан Қазақстанның СТН алуы қажеттігі.
Байқоңыр қаласында кәспкерлік қызметті дамыту сұрағы да маңызды болып отыр. Өйткені оның дамуына бірқатар кедергілер әсер етеді. Осы кедергілерді жою үшін төмендегідей мәселелерді шешу қажет:
1. Қалалық әкімшіліктің кәсіпкерлік субъектілердің қызметтерін реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің барлығы Ресей Федерациясының заңнамаларына сәйкес қабылданғандықтан, Ресей Федерациясының заңнамаларын Қазақстан аумағында қолданғанда келіспеушіліктер болады. Сол себепті тиісті бағдарламаларды және қаулыларды қабылдап кәсіпкерлікке қолдау көрсету;
2. Жалға алынған орынның арендалық ақысын есептегенде көтеріңкі коэффициенттерді қайта қарау. Себебі, Москваның төрінде орналасқан сауда орнында 1 шаршы метрдің жалдық ақысы – 4125 теңге болса, Байқоңыр қаласында Қазақстан азаматтары үшін 26750 теңге;
3. Жер учаскелеріне қосалқы жалгерлік келісімін 5 жыл және одан жоғары уақытқа жасау;
4. Қосалқы жалға алушы қосалқы жалгерлік құқығын басқа тұлғаға беруге құқық беру;
5. Бар мүмкін кірісіне бірыңғай салық ставкасын есептеуде коэффициенттерді (К2) белгілеу.
Жоғарыдағыларды баяндай келе, Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, Қазақстан жағынан ҚҚС нөлденуіне шаралар қолдану керек және ресей жағымен нөлдену мәселесі және/немесе тиісті үкіметаралық Келісім жасау арқылы Байқоңыр қаласына Қазақстан жағынан да, Ресей жағынан да кіретін/шығатын тауарларға, кәсіпкерлердің жұмыстары мен қызметтеріне ҚҚС салығын есепке алу бойынша, кәсіпкерлік қызметтің дамыуындағы кедергілердің жойылуы бойынша жұмыстар жүргізілуіне ықпал жасауыңызды сұраймыз.
Қазақстан Республикасы
Парламенті Сенатының
депутаттары
Б. ДОСМАНБЕТОВ
Қ. БАЙМАХАНОВ