Досманбетов
Бақберген
Сәрсенұлы

Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі К.Қ. МӘСІМОВКЕ (Байқоңыр - Ресей мен Қазақстанның космос саласындағы қарым-қатынасының негізі)
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі

К.Қ. МӘСІМОВКЕ

 

31.03.2011 г.

Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!

 

Байқоңыр – Ресей мен Қазақстанның космос саласындағы қарым-қатынасының негізі екені белгілі. Кешенді тиімді пайдалану екі ел үшін де шын мәнінде маңызды және қажетті.

1994 жылдың 10 желтоқсанындағы Ресей мен Қазақстан арасындағы космодромды жалға алу келісім-шартында Байқоңыр қаласы – жалға берілген Қазақстан Республикасының әкімшілік-аймақтық бірлігі деп көрсетілген. Демек, бұл қалада Қазақстан Республикасының Конституциясының талаптары бұлжытпай орындалуы тиіс.

Бас жалға алу келісім-шартына сәйкес, тиісінше, әрбір сала Ресейдегі өз әріптестерімен келісімдер жасасады. Екі елдің Байқоңыр қаласындағы қазақ тілінде оқытылатын мектептердің тыныс-тіршілігі туралы білім саласындағы келісім 2006 жылғы 21 қарашада жасалды. Осы келісімнің жүзеге асуы барысы Байқоңыр, Төретам, Ақай елді мекенінде тұратын оқушылардың сапалы білім алуына төмендегі кемшіліктер мен қайшылықтардың әсер етіп отырғаны белгілі болып отыр.

1. Қаладағы қазақ тілінде білім алатын мектептерде білім бағдарламаларының Ресей Федерациясының мемлекеттік білім стандарттары негізінде және оның талабына сай жүргізілуі.

Жоғарыда көрсетілген Келісімнің кіріспесінде «екі жақ та өз азаматтарының оқыту тілін таңдау конституциялық құқығының іске асуын қамтамасыз етеді» деп жазылғанымен, Келісімнің 4 бабында «қазақ тілінде білім алатын мектептердегі білім бағдарламалары Ресей Федерациясының мемлекеттік білім стандарттары негізінде және оның талабына сай жүргізіледі», - деп көрсетілген.

Осыған байланысты, қазақ сыныптарының оқушылары үшін Ресей оқулықтарымен қазақ тіліне аударылып оқытылады. Өкініштісі – өңделмей, сол қалпында аударылып оқытылуы. Мысалы, 1 сыныптың «Бізді қоршаған әлем» оқулығында «Өз еліміз және қаламыз (ауылымыз) туралы не білеміз?» - деген сұраққа жауабы – Біздің еліміз Ресей деп аталады. Ол - әлемдегі ең үлкен ел. Бұл –біздің Отанымыз. Ресейдің елтаңбасы, Ресейдің туы көрсетілген. Өздеріңіз ойлаңызшы мектеп есігін ашқан бойдан осындай таным алатын балаларда қандай патриоттық сезім болады?      

Бұл туралы үш-төрт жылдан бері мен айтып келемін, депутаттық сауал да жолдадым, әзір өзгеретін емес.

Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілгендей білім берудің жалпыға міндетті стандарттарын мемлекет белгілейді, кез келген оқу орнының қызметі осы стандарттарға сай болуы керек. Сондықтан, Байқоңырдағы қазақ тілінде оқытылатын мектептерде оқытудың ҚР мемлекеттік стандарттарын енгізу керек, қажет болса қалалық білім беру бөлімін ашуымыз тиіс.  

Осыған орай, Ресей Білім және ғылым министрлігімен келісе отырып, жоғарыда көрсетілген Келісімге өзгертулер енгізіп, Парламентте ратификациялау қажет деп санаймын.

2. Байқоңырда тұратын оқушылардың мәселесі, мектеп жасына дейінгі балалардың тәрбиесі мен оқуға дайындалуы.

Қазір қалада барлығы 68770 адам тұрса, оның 39918 (58 %) Қазақстан азаматтары. Олардың балаларына келетін болсақ: 6 жасқа дейінгілер – 4342 адам, 6 жастан 18-ге дейін – 12443 адам.

Қала мектептеріндегі барлық оқушылардың саны – 9741, оның ішінде қазақстандықтары – 6748, немесе 69 %. Кәсіптік мектептер мен лицейлерде оқытылатындар – 1521, оның ішінде қазақстандықтары – 1246 (82 %). Бала бақшалармен – 1276 бала қамтылған, қамтылмағандары – 1288 бала.

Жоғарыда аталған Келісімде мектеп жасына дейінгі балалардың тәрбиесі, мектепке дайындығы туралы сөз де жоқ.

Осыған байланысты, Елбасымыздың ұсынысымен қабылданған «Балапан» бағдарламасына сәйкес, арнайы Төретам стансасы үшін 280 орындық бала бақша, Дерментөбе ауылындағы демалыс орны базасында 300 орындық балалар лагерін салуға Қызылорда облысының бюджетіне арнайы ағымдағы трансферт бөлгізуіңізді сұраймын.    

Тағы бір мәселе. Байқоңыр қаласында тұратын, жұмыс істейтін, бірақ пропискасы жоқ (пәтерді жалға алған) ата-аналардың балалары қала мектептерінде оқуына мүмкіндіктері жоқ. Себебі, ішкі ережелеріне сәйкес оқушының ата-аналарының қалада есепте тұруы міндетті шарт. Осыған байланысты, оқушылар күнде қаладан шеттегі Төретам, Ақай поселкаларына қатынап оқуға мәжбүр. Бұл жағдай әсіресе қыс айларында қиын. 2000 жылға дейін мұндай оқушыларға қала ішіндегі мектептерде оқуларына рұқсат етілген болатын.

Қаладағы орыс тілінде оқытылатын мектептерді бітіретін қазақстандық оқушылар РФ стандарттарына сәйкес бірыңғай мемлекеттік емтихан (ЕГЭ) тапсырады. Бірақ, сол оқушы Қазақстанның (өзінің елінің) жоғарғы оқу орнына түскісі келсе, тағы да қосымша кешенді тест тапсыруы тиіс. Бұл оқушы үшін екі жақты психологиялық және моральды қысым болып табылады. Сондықтан, бітіруші қазақстандық оқушыға ЕНТ тапсыра ма, әлде ЕГЭ тапсыра ма өзінің таңдауына мүмкіндік беру қажет. Ол үшін тиісті нормативтік құжат қабылдануы тиіс деп ойлаймын.

Байқоңыр қаласының халықаралық статусына сәйкес, Қызылорда облысының балалар құқығын қорғау департаменті мен қала әкімшілігінің арасында құқықтық шешімін таппаған мәселе бар. Қала әкімшілігі балалардың құқының сақталуы Байқоңырға байланысты құрылған Мемлекетаралық комиссияда қаралуы тиіс, сол комиссия ғана құқылы, - дейді. Демек, осыған орай ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 28 тамыздағы № 744 «ҚР Білім және ғылым министрлігінің кейбір мәселелері» атты Қаулысына толықтыру енгізіп, «Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша бала құқығын сақтау Департаменті» деп атаған дұрыс болар.

3. Келісімде көрсетілген міндеттерді Қазақстан жағының толық орындамауы.

Келісім бойынша, Ресей Федерациясының білім стандарттарын, білім бағдарламалары мен оқулықтарын қазақ тіліне аудару, қазақ тілінде оқытылатын мектептер үшін оқулықтарды баспадан шығару, уақытылы қамтамасыз ету, оқу-методикалық құралдармен, электронды оқулықтармен және қазақ тілінде білім беретін мектептердің кітапханаларын қазақ тіліндегі ғылыми-көпшілік, әдеби кітаптармен толықтырып қамтамасыз етуді қаржыландыруын Қазақстан жағы іске асыруы тиіс.

Бұл жердегі үлкен кемшілік, айып, біріншіден, біздің аудармашылардың өз жұмысына жауапсыз қарауы. Оның бір дәлелі жоғарыда айтылды. Екіншіден, оқулықтардың, методикалық құралдардың уақытылы жеткізілмеуі. Оқу жылы аяқталып келеді, әлге дейін оқулықтар толық жеткізілмеген. Қазақ тілінде оқытылатын мектептердің оқу кабинеттері қазіргі заманғы озық үлгілермен толық жабдықталмаған.

Келісімнің 7 бабында көрсетілген, жалпы білім беретін мекемелердегі педагогикалық жұмыскерлердің білімін жетілдіруі мен шыңдауы да өз дәрежесінде емес. Әкімшіліктің айтуы бойынша қазақ мектептеріндегі оқытушылар әр жерде өз қаражаты есебінен білімін жетілдіреді екен де, орыс мектептеріндегілер мүлдем өтпейтін көрінеді. Осыған да зер салынса.

Қала мектептері жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізеді, бірақ 1994 жылдан бері еш мектепте күрделі жөндеу жүргізілмеген. Мектеп асханаларындағы арнайы құрал-жабдықтар өте ескі, он жылдан бері жаңартылмаған.

Осыған сәйкес, қаланың статусын ескере отырып, жоғарыда көрсетілген жұмыстарды жүргізуге республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлінгені дұрыс болар еді.

 

Қазақстан Республикасы

Парламенті Сенатының

депутаттары

                                                                                              Б. ДОСМАНБЕТОВ

 

                                                                                                                             Қ. БАЙМАХАНОВ

 

 

 

 

Депутаттық сауалға жауап

 

№ исх: 11-21/1861   от: 16.04.2011

 

 

               

 

                             

Қазақстан Республикасы

 

Парламенті Сенатының

         депутаттары

     Б.С.Досмамбетовке,

        Қ. Баймахановқа

 

                                                              

 

2011 жылғы 31 наурыздағы

№ 19-7-105 д/с  депутаттық сауалға

 

 

Құрметті   депутаттар!

                                                    

Сіздердің Байқоңыр қаласындағы білім берудің  және Қазақстан Республикасы азаматтары құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етудің  проблемалық мәселелеріне қатысты сауалдарыңызға  мынаны  хабарлаймын.

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру туралы шартқа (бұдан әрі - Шарт) сәйкес Байқоңыр қаласы оның жылжитын және жылжымайтын мүліктерімен бірге  ғылыми-техникалық, өндірістік және әлеуметтік  бірыңғай «Байқоңыр» кешенін құрайды. 

Байқоңыр қаласындағы қазақ тілінде оқытатын мектептерді мемлекеттік бюджет есебінен ұстау мақсатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) 2006 жылғы 21 қарашада қол қойылған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Ресей Федерациясы Білім және ғылым министрлігі арасындағы Байқоңыр қаласының қазақ тілінде жалпы білім беретін мекемелері қызметінің жағдайы туралы келісімнің   орнына осыған ұқсас келісім жобасын әзірледі.

Қазіргі уақытта келісімнің жобасын тиісті мемлекеттік органдармен  келісу рәсімдері жүргізілуде. Келісу жұмыстары аяқталған соң, жоба Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арқылы Ресей Федерациясының Білім және ғылым министрлігіне жолданады.

    Шартқа сәйкес «Байқоңыр» кешенi жалға берiлген кезеңде Байқоңыр қаласының аумағында жұмыс iстейтін органдардың тізімі  шектеулі  болғандықтан,  Байқоңыр қаласында білім бөлімін құру  туралы ұсыныс Ресей тарапынан қолдау таппаған.

Байқоңыр қаласының білім басқармасының өтінімі негізінде қазақ тілінде оқытатын 6 мектеп жыл сайын қайта басылып шығарылған оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етіліп отырады. Қазіргі уақытта  қазақ тіліне аударылған ресей оқулықтары  «Оқулық»  республикалық ғылыми-практикалық  орталығында  сараптамадан  өткізілуде. 

Министрліктің 2011 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес  мамыр айында Байқоңыр қаласындағы мектептер мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмыс үдерісін зерделеу жоспарланған.

2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет есебінен 023 «Мемлекеттік білім беру ұйымдары кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау» бюджеттік бағдарламасы шеңберінде Байқоңыр қаласының 23 мектеп басшылары Білім  беру жүйесінің  басшы  және  ғылыми-педагогикалық кадрларының біліктілігін арттыру  республикалық институтының базасында біліктілікті арттыру курсынан өтеді.

Республикалық  деңгейде on-line режимінде өткізілетін іс-шараларға қатысу үшін Байқоңыр қаласындағы барлық мектептер  14  интерактивті тақтамен жарақталды.

Байқоңыр қаласының мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында  республикалық бюджет есебінен Қызылорда облысына бөлінетін квота ұлғайтылып,    «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы мен «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталықтарына  жыл бойына қосымша  орындар  бөлінеді. 

Шарттың 6-бабының 6.2-тармағына сәйкес жалға алушы жалға алынған объектілердің ағымдағы жөндеу, күрделі жөндеу және қайта жаңарту жұмыстарын өз қаражаты есебінен жүргізеді.

Осыған байланысты мектептерді күрделі жөндеу жұмыстарын қазақстандық тараптан қаржыландыруға заңнамалық негіз жоқ.

Министрлік  Қызылорда облысының әкімдігіне  Байқоңыр қаласының, Ақай және Төретам елді мекендерінің проблемалық мәселелерін  шешуге бағытталған  іс-шаралар бойынша бюджеттік өтінімдерді бюджеттік бағдарламалардың тиісті әкімшілеріне ұсыну қажеттігі туралы хат жолдады.

 Бюджеттік өтінімдер 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде Республикалық бюджет комиссиясының қарауына белгіленген тәртіппен енгізілетін болады.

 

 

К. Мәсімов