Қазақстан Республикасының Премьер-министрі К.Қ. МӘСІМОВКЕ |
07.04.2011 г.
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!
«Ресей Федерациясы жалға алған Байқоңыр қаласы мен Төретам стансасы, Ақай елді мекеніндегі тұрғындарға медициналық көмек көрсету тәртібі туралы» Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы 2009 жылғы 17 қарашада қол қойылған Келісімнің 4 бабының 2,3 тармақшаларына сәйкес халыққа көрсетілетін медициналық қызмет Қазақстан Республикасы бюджеті есебінен Қазақстан Республикасының заңнамаларына сай тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде ғана төленеді.
Осыған сәйкес, 2009 жылдың 29 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті мен Ресейдің Федеральдық медико-биологиялық агенттігінің №1 Орталық медико-санитарлық бөлімі арасында келісім-шарт жасалынған болатын. Бірақ, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 2010 жылдан бастап қолданысқа енуіне байланысты, аурудың бірнеше түрлері: психикалық, инфекциялық аурулар, туберкулез, әскерге шақыру кезіндегі тексерулер тегін медициналық көмек көрсетудің тізбесіне енбей қалған.
Ресейдің медициналық мекемелері Ресей заңымен, Қазақстанның мекемелері ҚР заңдары аясында жұмыс істейтін болғандықтан қаржыландыруда, көрсетілген қызметтің сапасын тексеру кезінде бірнеше келіспеушіліктер кездесіп отыр.
1. Осы кемшіліктерді орнына келтіру мақсатында екіжақты жасалынған келісім шартқа тиісті өзгертулер енгізу қажет.
2. Байқоңыр қаласындағы медициналық мекемелердің азаматтардың психикалық, жұқпалы аурулар мен туберкулезбен ауырғандарына, әскерге жарамдылығын тексеру кезіндегі шығындарын жабу үшін республикалық бюджеттен Қызылорда облысының бюджетіне ағымдағы нысаналы трансферттер бөлінуі қажет.
3. Төретам, Ақай елді мекендері тұрғындарына Байқоңыр қаласының жедел медициналық жәрдем мекемелерінің қызмет жасауын ұйымдастыру керек.
4. Төретам, Ақай елді мекендерінде поликлиника мен дәрігерлік амбулатория салуға республикалық бюджеттен трансферттер бөлу керек.
Әлеуметтік мәселелер проблемасы. Байқоңыр қаласында тұрақты тұратын тұрғындар Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы 1996 жылғы 27 сәуірде жасалынған «ҚР Байқоңыр қаласы тұрғындарының зейнетақы құқығына кепілдігі туралы» Келісімге сәйкес, қай елдің азаматы екеніне қарамастан зейнетақымен қамтамасыз етілуі Ресей заңнамасымен жүзеге асырылады.
Дегенмен, Төретам, Ақай елді мекендерінде тұрып Байқоңырдағы Ресей мекемелерінде жұмыс істейтін, сонымен қатар Байқоңырдан көшкісі келетін ҚР азаматтарына зейнетақы тағайындалуында шешілмеген мәселелер бар.
Атап айтсақ, зейнетақыны тағайындауға қажетті жұмыскердің ресей рублімен көрсетілген жалақысы туралы анықтамасы қабылданбайды. Себебі, біріншіден, жұмыскердің жалақысынан Қазақстан Республикасы жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы төлемдері төленбейді, екіншіден, жалақысы ресей рубілімен көрсетілгендіктен оларға ең төменгі зейнетақы тағайындалады.
Екі елдің Үкіметінің арасындағы 1998 жылғы 22 желтоқсандағы ратификацияланған Келісімге сәйкес, ерекше режим жағдайында өмір сүріп, жұмыс істеп жатқан адамдар жалпы әлеуметтік өтемақы алуы тиіс, оған: халықтың көтеріңкі деңгейде қамтамасыз етілуі, әлеуметтік қорғау шаралары, еңбек ақы төлеудегі, мемлекеттік қамсыздандырудағы жеңілдіктер кіреді.
Жоғарыда көрсетілген бапқа сүйене отырып, Қала әкімшілігі Ресей заңдарына сәйкес қалада тұратын ресейлік азаматтарға әлеуметтік қолдау мақсатында отбасылары мен балалардың әлеуметтік мәселелерін шешу үшін қаржы бөледі. Бұл көмекті Қазақстан азаматтары ала алмай келеді.
Байқоңыр қаласының атқару ұйымдары Ресей Үкіметінің шешімімен құрылған. Қаладағы тұрғын үй коммуналдық тарифтері Қызылорда облысының тарифтеріне қарағанда жоғары, азық-түлік тауарларының бағасы Ресейдің орталық аймақтарының бағаларымен сәйкес. Байқоңыр қаласының күнкөріс деңгейі Қызылорда облысы үшін бекітілген нормадан 2 есе жоғары. Сонымен қатар, Ресей азаматтарының жалақысы да анағұрлым жоғары.
Осы жағдайлардың бәрі ҚР азаматтарының әлеуметтік жағдайына теріс ықпалын тигізеді. Біздің азаматтардың көпшілігі тұрмыстық қызмет көрсету саласында (төмен жалақымен) жұмыс істейтінін, отбасында 2-3 баладан барын ескерсек, жалақысының біраз бөлігінің коммуналдық төлемдер мен азық-түлікке жұмсалатыны белгілі.
Жоғарыда көрсетілгендерді ескере отырып, қазақстандықтардың әлеуметтік қынжылыстарын шешу мақсатында:
1. Байқоңырда тұратын Қазақстан азаматтарының зейнетақымен тиісті деңгейде қамтамасыз етілуін Ресей жағымен келісіп шешу.
2. «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» ҚР Заңының 4 бабы келесі мазмұндағы 13 тармақшамен толықтырылса: «Ресей Федерациясы жалға алған Байқоңыр қаласында тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары».
3. Қаладағы әлеуметтік мәселелерді шешу Қармақшы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің Байқоңыр секторына жүктелген. Сектордегі 3 адам 5 мыңнан астам адамдарға қызмет етеді. Қалада өз алдына облыстың қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ашылуы қажет.
Қазақстан Республикасы
Парламенті Сенатының
депутаттары
Б. ДОСМАНБЕТОВ
Қ. БАЙМАХАНОВ
Депутаттық сауалға жауап
№ исх: 12-39/2001 от: 06.05.2011 |
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарына
2011 жылғы 7 сәуірдегі
№ 19-7-117 д/с депутаттық сауалға
Құрметті депутаттар!
Байқоңыр қаласында, Төретам және Ақай кенттерінде тұратын қазақстандық азаматтарға медициналық қызмет көрсету жөніндегі Сіздердің сауалыңызды Қазақстан Республикасының Үкіметінде қарады.
Сіздер көтеріп отырған проблемалар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық бойынша халықаралық комиссияның «Байқоңыр» кешені бойынша Кіші комиссиясының (одан әрі – «Байқоңыр» кешені бойынша Кіші комиссиясы) жұмысы шеңберінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мемлекеттік органдарымен бірнеше рет қаралды және олар Қазақстан Республикасы Үкіметінің тұрақты бақылауында.
Аталған мәселелердің шешілуі үшін жауапты Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары – Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Қызылорда облысы әкімшілігінің мәліметі бойынша мынаны хабарлаймыз.
Байқоңыр қаласында, Төретам және Ақай кенттерінде тұратын қазақстандық азаматтарға медициналық қызмет көрсету туралы.
Байқоңыр қаласында,
Төретам және Ақай кенттерінде тұратын қазақстандық
азаматтарға медициналық қызмет көрсету 2006 жылғы
17 қарашадағы Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы
Ресей Федерациясының «Байқоңыр» кешенін жалға алу
жағдайында «Байқоңыр» ғарыш айлағының
персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам
және Ақай кенттерінің тұрғындарына
медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімге
сәйкес іске асырылады, осыған сәйкес көрсетілген
медициналық қызметтерге ақы төлеу Қазақстан
Республикасының бюджеті қаражатының есебінен ақысыз
медициналық көмек көрсетудің кепілді көлемі (одан
әрі – АМККК) шеңберінде Қазақстан Республикасының
заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
Бұл Келісімді іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті «Ресейдің Федералдық медициналық-биологиялық агенттігінің орталық медициналық-санитарлық № 1 бөлімі» Федералдық мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымымен стационарлық және стационарлық орнын басатын медициналық қызметтерді көрсетуге келісім жасасқан.
2010 жылдың басынан республикада Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесінің егізілуімен стационарлық және стационарлық орнын басатын медициналық көмектің көрсетілуіне байланысты шығындардың барлық түрлері, туберкулез, жұқпалы ауру және психикалық аурулардың емделуінен басқалары, жергілікті қаржыландырудан республикалық деңгейдегі қаржыланыруға берілді. Туберкулез, жұқпалы ауру және психикалық ауруларын емдеу шығындары АМККК шеңберінде Қызылорда облысының бюджетінде есепке алынды. Сондықтан жұқпалы ауру, психикалық және туберкулез аурулары бар науқастарға стационарлық және стационарлық орнын басатын медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарынан медициналық қызметтерді сатып алуды Қызылорда облысының әкімшілігі іске асырады.
Бұдан басқа Төретам елді мекенінде 50 төсек орынды аудандық аурухана, және соның ішінде 1 фтизиатр-дәрігерінің ставкасы мен жедел жәрдем көмек станциясы, ал Ақай елді мекенінде – аудандық дәрігерлік амбулаториясы бар. Қармақшы аудандық орталығында аудандық емхана орналасқан, соның ішінде 1 жұқпалы аурулар-дәрігері, 1 фтизиатр-дәрігері және 1 психиатр-дәрігері ставкалары бар. Туберкулез науқастары мен жұқпалы аурулар науқастарына орталық аудандық аурухана негізінде стационарлық көмек көрсетіледі. Төретам елді мекенінің аудандық ауруханасы мен жедел жәрдем көмек бөлімі аталған аудандық аурухананың құрамына кіреді. Стационарлық психиатриялық көмек Қызылорда қаласының аудандық психо-жүйкелік ауруханасында көрсетіледі.
Аудандарға мемлекет бюджетінен жыл сайын материалдық-техникалық жабдықтарды жақсартуға қаражат бөлінеді, соның ішінде қазіргі заманға сай жабдықтар мен медициналық көлік сатып алынады. Қызылорда облысы үшін 2011 жылы 2 жылжымалы медициналық кешені (дөңгелектегі аурухана), жедел көмек үшін 6 реанимобиль, санитарлы авиация қызметі үшін 1 автокөлік сатып алынатын болады.
Төретам елді мекенінде емхана салу үшін 2011 жылы мемлекеттік бюджеттен 128413 мың. тенге бөлу және Ақай елді мекенінде 2015 жылға дейін дәрігерлік амбулатория салу көзделуде.
Бұған қарамастан, Денсаулық сақтау министрлігіне Қызылорда облысы әкімдігімен бірлесіп аталған келісімге толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы мәселені Ресей тарапымен пысықтауды, соның ішінде медициналық қызмет көрсету, науқастарды психикалық, жұқпалы аурулар мен туберкулезге, сонымен қатар, Төретам мен Ақай елді мекендерінің жанында орналасқан тұрғындарға жедел жәрдем көмегін көрсету сапасын бақылауды қамтамасыз ету туралы тапсырма берілді.
Байқоңыр қаласында тұрып жатқан қазақстандық азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз ету туралы.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы Байқоңыр қаласы тұрғындарының зейнетақы құқықтарының кепілдігі туралы 1996 жылғы 27 сәуірдегі үкіметаралық келісімге (бұдан әрі – 1996 жылғы 27 сәуірдегі келісім) сәйкес Байқоңыр қаласының тұрғындарын зейнетақымен қамсыздандыру адамдардың азаматтығына қарамастан, Ресей Федерациясының заңнамалық нормалары бойынша жүзеге асырылады.
Қазақстанда
азаматтардың жинақтаушы зейнетақы қорларына жеке
зейнетақы жинақтарын қалыптастыру арқылы
зейнетақымен қамсыздандырудың жаңа жүйесін
енгізетін «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру
туралы» Қазақстан Республикасының
1997 жылғы 20 маусымдағы заңы күшіне енгенге дейін 1996
жылғы 27 сәуірдегі келісімге қол қойылған.
Қалыптасқан жағдай «Байқоңыр» кешенінің аумағынан көшкен немесе жалдау мерзімі аяқталған жағдайда, Байқоңыр қаласындағы Ресей кәсіпорындарында жұмыс істейтін Қазақстан Республикасының азаматтары ерікті зейнетақы жарналарын аударғандарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналар жүргізілмегендіктен, Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесінен зейнетақымен қамсыздандыру құқығына ие бола алмайтындығына алып келеді.
Қазақстан Республикасы азаматтарының зейнетақы құқықтарын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ресей Федерациясының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен бірге 1996 жылғы 27 сәуірдегі келісімге тиісінше өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселелер қаралуда.
Байқоңыр қаласында тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету мәселесінің негізгі бағыттарына келетін болсақ, «Байқоңыр» кешенінде тұратын және/немесе жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының азаматтарына әлеуметтік кепілдіктер жөніндегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы 1998 жылғы 12 қазандағы келісіммен анықталған.
Осы келісімнің 3-бабына сәйкес қазақстандық азаматтарға әлеуметтік кепілдіктер Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған тәртіппен көрсетіледі.
Байқоңыр қаласында тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабында көрсетілген жалпы негiздер бойынша арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алады.
Байқоңыр қаласындағы қазақстандық барлық тұрғындарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу жөніндегі ұсыныстарды жүзеге асыру азаматтардың әлжуаз санаттарына әлеуметтік көмек көрсетудің атаулығы принципіне қайшы келеді.
Әлеуметтік көмек көрсету жүйесінің тұтастығын жоюға алып келетін басқа да елді мекендердің тұрғындарына осындай төлемдерді беру мәселесі туындайтын болады.
Бұған қоса «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес табысы кедейлік шегінен төмен аз қамтылған отбасыларға, оның ішінде Байқоңыр қаласында тұратындарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қазақстандық отбасыларға, оның ішінде Байқоңыр қаласында тұратындарға коммуналдық қызметтер, күрделі жөндеу ақысы, байланыс және телефон үшін абоненттік төлемақының, жергілікті атқарушы органдар жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде отбасының осы мақсаттарға белгілеген шығыстарының шекті көлемінен асқан жағдайда тұрғын үй көмегін көрсету көзделген. Тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен тәртібін жергілікті өкілді орган белгілейді.
Қазіргі уақытта Байқоңыр қаласында заңды тұлға мәртебесі жоқ, аудандық бюджет қаражатынан әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыратын Қармақшы аудандық филиалының жұмыспен қамтылу кординациясы мен әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жұмыс істеп жатыр.
Осыған қоса, Қызылорда облысының әкімдігіне аудандық бюджеттен қаржыландыратын және соған сәйкес келетін штаттық бірлікпен қамтылу кординациясы мен әлеуметтік бағдарламалар бөлімін ашу туралы мәселені пысықтау туралы тапсырма берілген.
«Байқоңыр» кешені бойынша денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелерін, сондай-ақ басқа да мәселелерді шешу жөнінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің жұмысы жалғастырылатынын атап кеткім келеді.
Аталған мәселелер Ресей тарапымен келісуді және пысықтауды талап ететіндіктен үстіміздегі жылғы қазан айында Мәскеу қаласында өтуі жоспарланған «Байқоңыр» кешені бойынша Кіші комиссия отырысында қаралатын болады.
Құрметпен,
К. Мәсімов