Досманбетов
Бақберген
Сәрсенұлы

Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі К.Қ. МӘСІМОВКЕ (Байқоңыр қаласындағы құқық қорғау саласындағы мәселелер)
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі

К.Қ. МӘСІМОВКЕ

 

21.04.2011 г.

Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!

 

«Байқоңыр» кешенін жалға алу туралы Ресей Федерациясының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы 10.12.1994 жылғы Келісімінің 6 бабының 6.12 тармақшасына және екі ел Үкіметтері арасындағы «Байқоңыр» кешені аумағында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде құқық қорғау органдарының қарым-қатынасы туралы 04.10.1997 жылғы Келісімнің 5 және 11 баптарына сәйкес «Байқоңыр» кешені аумағында жасалынған құқық бұзушылық туралы істер мен материалдар Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары тарапынан қаралуы тиіс. Бірақтан, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2001 жылғы 7 мамырдағы № 6/2 Қаулысына сәйкес жоғарыда аталған нормалардың Қазақстан жерінде Қазақстан азаматтарына Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары мен соттарының араласуы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп танылып, Келісімдердің заңдық күші жоқ және қолдануға жатпайды деп шешілді.

Екі ел Президенттері тарапынан өз Үкіметтеріне аталған Келісімдерге азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтау сұрақтары бойынша өзгерістер мен толықтырулар 2004 жыл ішінде енгізу тапсырылған. Өзгерістер тек 2006 жылдың 3 қазанында ғана екі ел Үкіметтері арасындағы «Байқоңыр» кешені аумағында құқық қорғау органдарының өзара қарым-қатынасы туралы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Хаттамаға қол қойылғаннан кейін енгізілді. 

Қылмыстық істер бойынша мәселелер осылай шешілгенімен, әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты сұрақтар бұрынғыша өзгеріссіз қалды.

«Байқоңыр» кешенінің аумағы Қазақстан Республикасының ажырамас бөлігі, ал Байқоңыр қаласы – Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігі болғандықтан осы аумақта жасалынған әкімшілік құқық бұзушылыққа Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 4 бабына сәйкес әкімшілік іс қозғалып, әкімшілік жауапкершілкке тартылу тиіс. Бірақ, «Байқоңыр» кешені аумағында және Байқоңыр қаласында әкімшілік құқық бұзушылық жасалған жағдайда (жылына шамамен 30 мыңға жуық) әкімшілік істі қозғау және әкімшілік жауапкершілікке тарту әлге дейін Ресей Федерациясының заңнамаларына сәйкес жүргізіліп келеді. Сөйтіп, Қазақстан азаматтары Қазақстан аумағында тұрса да, әкімшілік жауапкершілікке Ресей Федерациясының заңдары бойынша тартылуда.

Келісімнің 5 бабын Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі конституцияға сәйкес емес деп танығандықтан, Келісімге Қазақстан азаматтары әкімшілік құқық бұзушылық жасағанда әкімшілік жауапкершілігін ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексімен жауапқа тартылатыны туралы өзгеріс енгізу қажет.

Сонымен қатар, Қызылорда облысы Сот әкімшілігіне байланысты жауапкер – Ресей кәсіпорындары мен ұйымдарының қызметкерлері болған жағдайда сот орындаушыларының жұмысында да кедергілер бар. Ресей жағы бұл мәселені Минск конвенциясы арқылы шешуді ұсынады. Біздің ойымызша дұрысы, Ресей Федерациясының Федеральдық сот приставтары қызметі мен Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігінің   сот актілерін орындау Комитеті арасында өзара іс-қимыл туралы келісім қабылдау арқылы шешу.

Жоғарыдағыларды баяндай келе, «Байқоңыр» кешені аумағында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде екі елдің құқық қорғау органдарының қарым-қатынасы туралы 04.10.1997 жылғы ҚР Конституциясына сәйкес емес Келісімге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілу және сот үкімдерін орындауға байланысты келісілген талап орнату қажет.

Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, Қазақстанның өзінің әкімшілік-аумақтық бірлігі болып саналатын Байқоңырға байланысты жоғарыда көтерілген мәселелердің жақын уақытта оң шешімін табуы үшін тиісті мемлекеттік орындарға тапсырма беруіңізді сұраймын.

 

 

Қазақстан Республикасы

Парламенті Сенатының

депутаты                                                                                                           Б. ДОСМАНБЕТОВ