Досманбетов
Бақберген
Сәрсенұлы

Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Қ. МӘСІМОВКЕ (Бұхарбай батыр)

  

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

К. Қ. МӘСІМОВКЕ

 

27.01.2011 г.

Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!

 

Қазақ даласында туған елін, жерін қасық қаны қалғанша қызғыштай қорғап, ұланғайыр даланы бізге аманат етіп қалдырған баһадүрлеріміз аз болмаған. Сыр бойында олар: Жалаңтөс баһадүр, Келте тонды Келменбет, Сәрке, Байқадам, Жанқожа, Ақтан, Сарман, Тоғанас, Жаназар, Қабан, Сейіл, Қалдан, Елқонды болып жалғасып кете береді. Тарихшыларымыздың пайымдауынша қазақ халқы талай тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, тәуелсіздік жолындағы күресте 360-тан астам шайқастарды бастан өткерген. Осынау үлкен шоғырдың арасында Бұхарбай бабамыздың өр тұлғасы дараланып-ақ тұрғандай. Ол кісі сөз жоқ туымы бөлек, тұғыры биік кесек тұлға. Бабамыз батыр ғана емес, ірі саясаткер, мәмлегер, өз заманының қабырғалы қайраткері болған. Батыр баба жайлы құнды деректерді Сүйінбай, Жамбыл, Нысанбай жырау, Ілияс Есенберлин, Базар жырау, Т. Ізтілеуов, А. Тоқмағамбетов, З. Шүкіров сынды қарымды қаламгерлердің, Е. Бекмаханов, Е. Дінмұхамедов сынды белгілі ғалым-тарихшыларымыздың шығармаларынан көптеп кездестіреміз.

Батыр бабамыздың Созақ, Қышбөгет, Ақмола бекіністерін талқандау, Ақмешітті қоқандықтардан тазартудағы ерен ерлігі өзінше бір дастан. Жасы ұлғайған шағында елін отырықшылыққа бейімдеп, арық қаздырып, егіншілікке жұмылдыруы , сондай-ақ, дүниеден өткенше елді билеп, қара қылды қақ жарарлық әділдігімен ел жадында мәңгілікке қалды.

Алдағы 2012 жылы Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің (1837-1847жж.) Бас қолбасшыларының бірі Сыр бойындағы Кіші жүз Табын аталығынан шыққан хас батыр Бұхарбай батыр Естекбайұлы (1812-1898жж.) бабамыздың 200 жылдық тойы өткізілмекші. Осыған орай, айтулы тұлғаны ардақтап, келер ұрпаққа мәңгі мұра етіп қалдыру, ерлігін паш ету, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында Қызылорда қаласында батырға ескерткіш орнату, мерейтой аясында республикалық ақындар айтысы, ғылыми-танымдық конференция өткізу және Бұхарбай батыр туралы пьесаға конкурс жариялап, облыстық Н. Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында қою және тағы да басқа шаралар жоспарлануда.

Батырдың 200 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту келешек ұрпақ алдында батыр рухына бас иіп, құрметтеу деп білеміз.

Жоғарыдағыларды баяндай келе, құрметті Кәрім Қажымқанұлы, Сізден Бұхарбай батырдың 200 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде өткізілетін іс-шаралар тізіміне енгізуді сұраймыз.

 

 

Қазақстан Республикасы

Парламенті Сенатының

депутаттары                                                                                    

Б. ДОСМАНБЕТОВ

 

                                                                                                                             И. ӘМІРОВ

 

Қ. БАЙМАХАНОВ

 

                                                                                                                            

 

 

 

 

 

Депутаттық сауалға жауап

 

 

№ исх: 20-51/493   от: 01.03.2011

Қазақстан Республикасы

Парламенті Сенатының

депутаттарына

 

 

2011 жылғы 28 қаңтардағы № 19-7-20 Д/С

 

 

Құрметті депутаттар!

 

Қоқан хандығынан еліміздің көптеген қалаларын азат етуге қатысқан, әрі Кенесары хан қолбасшыларының бірі болған Бұхарбай батыр Естекбайұлының
200 жылдық мерейтойына қатысты жолдаған депутаттық сауалыңызды қарап, мынаны хабарлаймын.

Белгілі батырдың есімін есте қалдыру мақсатында ескерткіш орнату, ғылыми конференция ұйымдастыру, спектакль қою сияқты іс-шаралар өткізу жоспарлануда.

Аталған шараларға Қызылорда облысының әкімдігі 2012 жылдың бюджетінен қаражат қарастыруда.

Ал, Қызылорда қаласында Бұхарбай батырға ескерткіш орнату мәселесі Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссияда қарау көзделуде.

Сондай-ақ, Бұхарбай батырдың 200 жылдық мерейтойы менің өкіміммен бекітілетін 2012 – 2014 жылдары республикалық деңгейде өткізілетін мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесі жобасына енгізілетін болады.

 

 

                                                                                                                                                                  К. Мәсімов