Досманбетов
Бақберген
Сәрсенұлы

Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі М.А. ҚҰЛ-МҰХАММЕДКЕ (Базар жырау)

       

Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі

М.А. ҚҰЛ-МҰХАММЕДКЕ

27.01.2011 г.

 

Құрметті Мұхтар Абырарұлы!

 

                Қазақ халқының сөз өнерін қастерлеп қадір тұтатынын Өзіңіз жақсы білесіз. Еліміздің рухани дүниесінен шығармаларымен ерекше орын алатын Сыр сүлейлерінің басында Базар жырау Оңдасұлы тұр (1841-1911 жж.).

                Базар жыраудың шығармалары Сыр өңірінен шыққан ақын-жыраулардың ішінен алғашқылардың бірі болып Ә. Диваев, С. Сейфуллин, М. Жұмабаев, М. Әуезов, Ә. Марғұлан, Ә. Қоңыратбаевтардың назарын аударған. С. Сейфуллин «Бұхар жыраудан кейінгі қазақтың ірі жырауы – Базар жырау» - десе, М. Жұмабаев «Асса елдің қамын ойлаған, қалса өзінің ойына терең бойлаған» - деп Базар жыраудың ақындық қабілетін жоғары бағалаған. Базар жырауды атақты Тұрмағамбет шайыр Ізтілеуовтің өзі ұстазым деп ұлықтап өтсе, М. Байділдаев «Кеншімбай, Оңғар, Жиенбай, Жорықбай, Кете Жүсіп т.б. ақын, әнші жыраулар Базар жыраудың мектебінен үлгі алған түлектер», - деп Базар жыраудың бағасын асыра түседі.

                Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті классиктерінің бірі                                   А. Тоқмағамбетовтің «Жыр күмбезі» романы Базар жыраудың өмірі мен өнерін қамтып жазылғаны және бар. Бұл романда дәстүрлі жыраулық өнердің қыр-сыры Базар жырау бейнесін сомдау арқылы ашылған.

                Базар жыраудың шығармалары Кеңестік кезеңде «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды», «Жеті ғасыр жырлайды», «Алдаспан», «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті» жинақтары мен «Базар жырау шығармалары» (А., «Жазушы», 1986) кітабына енсе, егеменді ел болған тұста «Жәмиғы қазақ бір туған», «Назбедеу» жинақтары күйінде және «Сырдария кітапханасының» құрамында 1 том болып жарық көрді.

                Базар жыраудың әдеби мұрасы филолог мамандар даярлау барысында курстық, дипломдық жұмыстар мен магистрлік, кандидаттық, докторлық диссертацияларға зерттеу нысаны болып келе жатқанына да көп болды.

                2011 жылы Базар жыраудың туғанына 170, дүниеден озғанына 100 жыл толады. Базар жыраудың 150 жылдығы еліміз бойынша кезінде аталмай, Өзбекстанда ғана тойланғанын ескере отырып, Базар жыраудың туғанына 170 жыл толуына орай Қызылорда қаласында ескерткіш орнатуға, республикалық деңгейде мәдени іс-шараларды өткізуге ықпал етуіңізді сұраймыз. 

 

 

Қазақстан Республикасы

Парламенті Сенатының

депутаттары                                                                                    

Б. ДОСМАНБЕТОВ

 

                                                                                                                             Қ. БАЙМАХАНОВ

№ исх: 07-04-04/86-Д   от: 04.02.2011

 

 

 

 

 

Депутаттық сауалға жауап

 

 

Қазақстан Республикасы

Парламенті Сенатының депутаттары

Б. Досманбетовқа, Қ. Баймахановқа

 

 

28.01.2011 ж.

№ 19-7-21Д/С-ге

 

Құрметті депутаттар!

 

Мәдениет министрлігі Сіздердің Базар жырау Оңдасынұлын республика көлемінде ұлықтап өту туралы жолдаған депутаттық сауалыңызды қарап, төмендегіні хабарлайды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 28 қыркүйектегі «Мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеу туралы» қаулысына сәйкес, жекелеген тұлғалардың мерейтойлары алғашқы жүз жылдықта – жүз жылдығы, онан кейінгі жүз жылдықтарда әрбір жиырма бес жылда аталып өтіледі.

Сол себепті, аталған тұлғаның 170 жылдық мерейтойын республика деңгейінде атап өту мүмкіншілігі заңдық тұрғыдан шектеулі болғандықтан, бұл мәселеге республикалық бюджетте қаржы қарастырылмағанын мәлімдейміз.

Осыған орай, Базар жырау Оңдасынұлының мерейтойын Қызылорда облысы көлемінде атап өтуді ұсынамыз және аталған мәселе бойынша облыс әкімдігіне хат жолданатынын жеткіземіз.

Сонымен қатар, Министрлікке Қызылорда облысы әкімдігінен Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссияға Қызылорда қаласында бюджеттен тыс қаржы көздерінің есебінен Базар жырауға ескерткіш орнату туралы ұсыныс келіп түскенін және бұл ұсыныс аталған комиссияның алдағы отырысында қаралатынын мәлімдейміз.

 

 

Министр                                                                    М. Құл-Мұхаммед