Қазақстан Республикасының Премьер-министрі К.Қ. МӘСІМОВКЕ |
05.05.2011 г.
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!
Сырбойылық диқандардың қатал табиғаттың тосын мінезімен алысып, егін егіп, жыл бойғы нәпақасын ақ күріштен айырып отырған ел екенін жақсы білесіз. Сонау Кеңес кезеңінің алғашқы жылдарынан бастап күріш егуді кәсіп еткен Қызылорда облысы КСРО-дағы күріштің төрттен бірін өндіріп, «ақ маржан фабрикасына» айналды.
Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев атамыз бастаған алтын дәннен тау тұрғызған Еңбек Ері атанған ерлер Сыр өңірінің әр ауданынан кездеседі.
Облыстағы 1980-1990 жылдардағы егіс көлемі қазір әлдеқайда қысқарды. Гербицид пен пестицид, тағы басқа органикалық емес тыңайтқыштарды көбірек пайдалану салдарынан инженерлік жүйеге келтірілген алқаптар азып, сортаңданып, айналымнан шығып жатыр.
Күрішші ауылдың перзенті ретінде айтарымыз, Сыр бойында күрішсіз өмір жоқ! Қай бір жылдары Жаңақорған ауданында мақта егісін қолға алып еді, жерсінбеді ме, әлде «ақ алтынның» кеш пісетіндігі мен бұл жақта қыстың ерте түсетіндігі әсер етті ме, қозаның қауашағындағы ұлпа қапқа толмай қалды.
Мұның бәрін айтып отырғанымыз, Сыр бойының брендіне айналған күріш шаруашылығына қауіп төніп тұр. Ол – су тапшылығы.
Кеңес дәуірінде дария жағалауларына елді мекендерді жоспарсыз жақын орналастырып, әр тұсынан буып, бөгет салудың салдарынан көктемгі абыржы кезінде Сыр сыртына сыймай, қызылордалықтарға біраз қиындықтар туғызды.
Бірақ бұл жаңалық емес. Сырдария атам заманнан бері көктем айларында осылай тасып, жаз шыға осылай жасып қалатын. Тасу кезеңдерінде мол су өңірдің қойын-қолтығындағы көлдер мен ойпаттарға жығылып, тақыр жерден телегей жасап, шалқып жататын. Іңкәрдария, Қалғандария, Қуаңдария тарамдары арқылы шеткі ауылдарға нәр барып, шөлейтті аймақтың өн бойы жасыл желекке оранушы еді.
Ақ маржансыз Сыр бойының бүгінін де, келешегін де көзге елестету мүмкін емес. Қызылордалықтар үшін күн көрудің көзінің бірі – күріш өсіру.
Арал теңізінің тағдырын ойлаған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу» және «САРАТС жобасының екінші кезеңі» халықаралық жобаларының жүзеге асырылуы барысында, осыдан бес жыл бұрын «Көксарай» су реттегіші» жобасы өмірге келді. Осыған байланысты, Үкімет Қаулы қабылдап, миллиардтаған қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Елбасының тікелей қамқорлығымен қарқын алып жатқан Кіші Аралды қалпына келтіру жобасына көлденең киліккен «Көксарай» нұсқасына Сыр жұртшылығы, оның ішінде Қызылорда облыстық мәслихатының депутаттары алғашқыда алаң білдіріп, қоғамдық пікір туғызды. Жоба бойынша көктем айларында дарияда тасқын тудырып, Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облысының жағалаулықтағы елді мекендерін шайып өтетін мол су енді суреттегішке жинақталып, тосын оқиғалардың қауіпін сейілтеді. Сондай-ақ, Өзбекстанның Арнасайына есепсіз, еселеп ағатын ағынға тосқауыл қояды. Ең бастысы – 3 миллиард текшеметр мөлшеріндегі су қыс бойғы қалың қар мен мұздақтар еріп бітіп, дария бұрынғы қалпына түскен тұста, арнаға қайта жіберіліп, егіншілік пен жайылымдықтарды өркендетуге, флора мен фаунаны молайтуға жұмсалады. Президентіміз айтқандай, еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қызмет ететін «Көксарай» жобасын сырбойылықтар қызу қолдап, үміт етті. Бірақ жиналған су дарияға қайта түспей қала ма деген пендешілік күдік те түрткілеген еді.
Биылғы жылы сол күдігіміз расқа шығып отырғандай. Алдымен ауылшаруышылығы министрлігінен су тапшылығына байланысты Сыр өңіріндегі судың 40 пайызға қысқарту жөнінде хабар жетті. Онсыз да қысқарып жеткен егінді одан әрі қысқартсақ, күн көріп отырған шаруамыз не болады?
Екіншіден, міне, мамыр айының жүзі ауып барады, «Көксарайдан» дарияға бір тамшы да су тамған жоқ. Ұлы өзеннің ұйығы көрініп, суға сусаған егінші қауым ұлардай шулап жатыр. Мезгілінде алмаған соң, маусымда жеткен судың күріш алқаптарына ешқандай пайдасы жоқ. «Судың да сұрауы бар» екенін министрліктегілер білмесе де, тамшыдан талғажау айырып жүрген Сыр диқандары біледі.
Үшіншіден, «Көксарайдағы» су қоры дер кезінде дарияға жібермегендіктен қазіргі күннің ыстықтығы +30 градустан түспей тұрғанда буланып, ысырапқа айналып жатыр.
Елбасы «Сыр-Алаштың анасы» деп ардақтаған аймақтағы қолдан жасалған қиындықтар, оның ішінде су тапшылығы жұртты қатты алаңдатуда.
Құрметтті Премьер-Министр мырза, мәселеге Өзіңіз араласуыңызды сұраймыз.
Қазақстан Республикасы
Парламенті Сенатының
депутаттары
Б. ДОСМАНБЕТОВ
Қ. БАЙМАХАНОВ