Досманбетов
Бақберген
Сәрсенұлы

Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі К.Қ. МӘСІМОВКЕ ("Нормативтiк құқықтық актiлер туралы")
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі

К.Қ. МӘСІМОВКЕ

05.05.2011 г.

 

Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!

 

«Нормативтiк құқықтық актiлер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы      № 213-1 Қазақстан Республикасының Заңына 2009 жылғы 14 қазандағы           № 194-ІҮ ҚР Заңымен өзгерістер енгізілуіне байланысты Заңның 22 бабының 2 тармағының 3) тармақшасына сәйкес мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерінің жобалары бойынша ғылыми сараптама 2011 жылдың 1 қаңтарынан міндетті түрде жүргізілуге тиіс. Осы аталған баптың 6 тармағында ғылыми сараптаманы жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалған. Осыған байланысты, ғылыми сараптама Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 30 мамырдағы № 598 Қаулысына сәйкес нормативтік құқықтық актінің жобасына Ғылыми ұйымға немесе Сарапшыға ұсынған күннен бастап он бес күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде жүргізіледі.

Қызылорда облыстық Әділет департаментінің 2011 жылғы 12 қаңтардағы № 2/93 санды хатында Нормативтік құықтық актілерді әзірлеуші орган сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың қорытындысын алғаннан кейін ғана мәслихат сессиясына ұсыну қажет деп пайымдайды.

Ал Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 109 бабының 5 тармағында «Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетін нақтылау облыстық бюджетті нақтылауға байланысты жүргізілген жағдайда, мәслихаттың тиісті шешімі облыстық бюджет туралы мәслихаттың шешімін іске асыру туралы жергілікті атқарушы органның қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жергілікті атқарушы органның қаулысы қабылданғаннан кейін екі апта мерзімнен кешіктірілмей қабылданады» деп көрсетілген.

Облыстық мәслихаттың сессиясында қаралған бюджеттің құжаттары ауданға келеді. Сессияға ұсынылатын мәселелер жобасын әзірлеуші орган жобаны ғылыми сарпатамаға жібереді. Осы сараптама қорытындысы дұрыс деп келгенде ғана сессияға ұсынылады, әйтпесе жергілікті атқарушы орган қайта қарап, сараптамаға қайта ұсынады.

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 10 бабына сәйкес кезектен тыс сессия өткізу туралы шешім қабылданған күннен бастап 5 күн мерзімнен кешіктірілмей шақырылуы тиіс. Осыған байланысты аудандық газетке сессия шақыру 5 күн бұрын берілуі керек.

Алайда, осы мәселелерді дайындау жұмыстарының жүргізілуі Бюджет кодексінде көрсетілген 2 апталық мерзім ішінде үлгеру мүмкін емес. Сол себепті сараптама қорытындысы келмей тұрып сессияны шақыруға тура келеді. Бұның өзі сессия шақыру жөніндегі заңдылықтардың бұзылуына итермелейді.

Бұл жағдай Қызылорда облысының аудандық мәслихат депутаттарымен кездесуде туындады. Депутаттардың айтуынша, Елбасымыз «өзін-өзі басқарудың негізі – жергілікті мәслихат» деп шешті. Солай бола тұрып, депутаттарға (сессияға) сенбегеніміз қалай болады?

Жоғарыда аталған ғылыми сараптама жүргізу нормасы 2011 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енгізілгендіктен, көтерілген мәселе тек Қызылорда облысынан емес, басқа да облыстардан туындайтыны белгілі.

Екінші мәселе, Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 448 бабына сәйкес, ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруші заңды тұлғалар арнаулы салық режимін дербес таңдауға құқылы. Корпорациялық табыс салығын, қосылған құн салығын, әлеуметтік салық, жер салығын, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемдерді, мүлік салығын, көлік құралдары салығын есептеудің ерекше тәртібі көзделген.

Алайда, Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің (Салық кодексі) 448 бабының 3 тармағының 3) және 4) тармақшасына сәйкес басқа заңды тұлғалардың қатысу үлесі 25 пайыздан асатын заңды тұлғаны және құрылтайшысы бір уақытта арнаулы салық режимін қолданатын басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы болып табылатын заңды тұлғаның арнаулы салық режимін қолдануға құқығы жоқ.

Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексті күшіне енгізу туралы» заңының 9-1 бабының негізінде Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің (Салық кодексі) 448 бабының 3 тармағының 3) және 4) тармақшаларының қолданылуы 2011 жылдың 1 қаңтарына дейін тоқтатылған.

Осыған орай көптеген ірі ауылшаруашылығы  өнімдерін өндірушілер басқа заңды тұлғалардың қатысу үлесі 25 пайыздан асатын заңды тұлғалар арнаулы салық режимін қолданып келген.

2011 жылдың 1 қантарынан бастап Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 448 бабының 3 тармағының 3) және 4) тармақшаларына сәйкес, басқа заңды тұлғалардың қатысу үлесі 25 пайыздан асатын заңды тұлғалар арнаулы салық режимінің жеңілдіктері мен мүмкіншілігінен айырылып отыр. Атап айтқанда, арнаулы салық режимін қолдану негізінде отандық инвесторларды ынталандыру үшін ауылшаруашылығы өндірісіне инвестицияға тартуға.

Басқа занды тұлғалардың қатысуымен ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілердің арнаулы салық режимі қызметін тоқтату ауылшаруашылығы саласына инвестиция тартымдылығын төмендетуі мүмкін. Бұл өз кезегінде ауылшаруашылық өндірісі инвестициялық көлемінің қысқаруына жетелеуі мүмкін.

Жоғарыдағыларды баяндай келе:

1. «Нормативтiк құқықтық актiлер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы № 213-1 Қазақстан Республикасы Заңының 22 бабының 2 тармағының              3) тармақшасын «облыстық бюджетті, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерін және ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетін нақтылауға байланысты шешімдерді қоспағанда» деген сөздермен толықтыруға байланысты;

2. Ауыл шаруашылық өндірісінің инвестициялық ахуалын және тартымдылығын арттыру мақсатында Сізден Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 448-бабының 3-тармағының 3) және 4) тармақшаларын алып тастау жөнінде заңға өзгерістер енгізуге тапсырма беруіңізді сұраймыз.

 

 

Қазақстан Республикасы

Парламенті Сенатының

депутаттары                                                                                    

Б. ДОСМАНБЕТОВ

                                                                                             

                                                                                                                             О. ӘБДІКӘРІМОВ

 

                                                                                                                             И. ӘМІРОВ

 

                                                                                                                             Қ. БАЙМАХАНОВ

 

                                                                                                                             Б. ЖЫЛҚЫШИЕВ