Мәми
Қайрат
Әбдразақұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы

Депутатқа хат
Астана - әлемдегі рухани жарастықтың дәнекері (Егемен Қазақстан: 11.05.2012)

Астанаәлемдегі рухани жарастықтың дәнекері

Егемен Қазақстан: 11.05.2012

Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының Басшысы Қайрат МӘМИ:

«Мемлекеттің зайырлылық қағидат­та­рын берік ұстану біздің қоғамы­мыз­дың тұрақты дамуының берік кепілі болып табылады».

Бұл сөздердің мәні тереңде жатыр.

Елбасымыздың осылай деу арқылы, оған қоса «Дін – адам жаны мен моралінің саласы» дегенді қадап көрсету арқылы қай заманда да, қай қоғамда да діннің, ең алдымен, жан тәрбиесіне, мораль мәселесіне қатысты болуы керектігін атап айтты жақында ғана. Дін саясиланған жерде зайырлы мемлекеттерде ғана емес, мемлекеттік идеологиясы дінге негізделген елдердің өзінде белгілі бір проблемалар туындайтынын қазіргі әлем тәжірибесі көр­се­тіп отыр. Сондықтан біз діннің басты мақсаты адамның рухани жетілуі деп білеміз. Астанада осы айдың аяғында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІV съезінің қарсаңында бірқатар ойларымызды ортаға салмақпыз.

Бастама

Жер бетінде 7 миллиардтан астам адам өмір сүреді. Олардың тіліне, салт-дәс­түрі­не, басқа ор­тақ белгілеріне қарай ұлттарға, ал, сенім-нанымдарына қарай дін­дерге бөлінуі – адамзат пайда болғаннан берідегі сан ғасырлар ішінде қалыптасқан табиғи құ­бы­лыс. Әрине, бөліну жүрген жерде әр топтың (ұлттың, ұлыс­тың, мемлекеттің немесе діни ағымның) өз мүддесі болатыны да өмір заңдылығы. Адамзатқа ғұмыр ке­шіп жатқан Жер, Ауа, Аспан ортақ бол­ғанымен өмірдегі құбылыстарға көзқарас, пікір сан алуан. Міне, осы жерден ұлт­ара­лық, дінаралық, мемлекетаралық араз­дық­тар туындап, оның соңы саяси дау-жан­жалға, соғысқа ұла­сып, бейбіт өмірді қа­лайтын, ешбір жазығы жоқ мыңдаған адамдардың өмірін қиып кету қаупі туатыны тарихи шындық. Ықылым замандардан бері өз се­нім-нанымын өзгеге таңу үшін жасалған діни соғыстар, бір ұлтты өзге ұлттан биік қою мақ­сатында болған жорықтар мен ұлтаралық қақтығыстар аз бол­мағаны да халық жадында.

ХХ ғасырдың аяғына қарай осы жүзжылдықта планета тұр­ғын­дары үшін басты қатер бол­ған қырғиқабақ соғыстар кел­мес­ке кетіп, сахнада діни, өрке­ниет­аралық қақтығыстар сияқты жаңа сын мен тегеуріндер пайда болды. Кейбір террорис­тік-экс­тре­мистік ұйымдар діннің қа­сиет­ті саналатын құнды­лық­та­рын қорлап, өрке­ниет­тер мен діндер арасына сына қаға бас­тады. Діни құндылықтар мен әр ха­лық­тың қасиет тұтатын ұғым­дары­на құрмет пен өзара түсі­ніс­тіктің болмауы шарықтау ше­гіне жеткенде қантөгіс басталу қау­пі туатыны анық. Осындай маза­сыз­дық уақыт өте Еуропаны, Қиыр Шығысты, Ұлыбритания­ны, Африканы, Оңтүстік Азияны, тағы да басқа елдер мен аумақ­тарды жайлап бара жат­қа­нына жер беті халқы куә. 2001 жыл­ғы 11 қыркүйек­те­гі жан­түр­ші­герлік лаңкестік әрекет орын алды. Бұл оқиға мүдделер мен көзқарастар текетіресінің адамзат бола­шағына алапат апат әкеле жатқанын көрсет­ті. Адамзат та­рихындағы осы бір сын сәтте Қа­зақ­стан Басшысы Н.Назарбаев Әлем­дік және дәстүрлі діндер ли­дерлерінің съезін шақырып, бір шаңырақ­тың астында дін көсемдерінің басын қосты.

Бұл бастаманы көтерген қа­зақ елі осы басқосуда әлем ел­дері мен халықтарын адамзаттың ортақ бесігі – Жер бетінде бей­біт­шілікті сақтауға, діни конфессияларды ынтымақтастыққа, өз­ара келісім мен түсіністікке жетуге үндеді. Лаңкестік әрекет­те­рі­не діни реңк беру арандату­шы­лардың әрекеті екені, бірде-бір дін терроризмді қолдамайтыны, терроризмді қандай да діннің атымен байланыстыру сол дінді ұстанатын миллиондаған адам­дар­ға қиянат болатыны ашық айтылды. (Кейінірек осы бір қиын кезең туралы Катар мемлекетінің әмірі шейх Хамад бин Халифа әл-Сәни:«2001 жылдың қыр­күйе­гіндегі АҚШ-та Бүкіләлем­дік Сауда Ұйымы­ның үйі ғимараттарына шабуыл жасалғаннан кейін «ислам терроризмі» деген термин әлемге таратылды. Сонда біздер, араб жұртының басшылары, үнсіз қалдық. Сондай сын сағатта бір­ін­ші болып қазақ елінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл – жала! Мен «ислам экстре­миз­мі», «ислам терро­риз­мі» деген тер­мин­дерді қолдануға үзілді-кесілді қарсымын. Әлемдегі соғыстар ешқашан исламнан бас­тау алмаған. Бізге исламды түрлі жаладан қорғайтын кез келді», – деп мәлімдеді. Содан кейін ғана басқаларымыз батылданып, өз пікірімізді жария ете бастадық» деген пікір білдіреді.)

Осыдан кейін Еуропа, АҚШ сияқты демократиясы дамыған елдер де бүкіл әлемдік қоғамдастықта қандай да бір дінді жазықсыз жазғыратын айдар тағудың дұрыс еместігін ашық айтып, жаза бастады. Ең бастысы, қазақ мемлекеті Елбасы­ның бас­тамасымен өткен осы съезден кейін бейтарап жү­ріп жатқан әлемнің дәс­түрлі діндерінің лидерлері бірінші рет бір шаңырақ астына жиналды, қатар отырды, ортақ қатермен бірлесіп күресуге қол алысып, араларында өзара бірлік, ынтымақ, бейбітшілік сенімге негізделген диалог орнады.

Олар діннің атын жамылып жасалатын экстремизм, лаңкестік және күш көрсету мен қаскүнемдіктің басқа да түр­ле­рінің шынайы дінге еш қатысы жоқ деп мәлім­деді. Сол жолы форумға қатысушылар съез­ді тұрақты түрде өткізіп тұруды бір­ауыз­дан қолдап, оның жұмыс органы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидер­лерінің съезінің Хатшылығын құру туралы шешім қабылдады.

Бірлікке ұйытқы болған Қазақстан бүкіл әлем алдында шынайы қоғамдық және дінаралық келі­сім мен бірлікке қол жеткен ел ретінде танылды.

 Мақсат

Әлемде ешбір дін зорлық-зомбылыққа, со­ғысқа әділетсіздік пен азғындыққа ша­қыр­майды. Діннің ұс­та­нымы – бейбітші­лік, адалдық, тазалық, төзімділік және Жаратушы жаратқан кез келген тіршілік ие­сіне құрмет. Олар­дың бәрі де «Сен еш­кім­ге жан берген жоқсың, өзгенің жанын алу­ға құқың жоқ» деген қағиданы ұстанады. Солай бола тұра, жер бе­тін­дегі соғыс, лаңкестік, қырып-жою және адам, қа­ру-жарақ, есірткі саудасы сияқты зұлымдық­тар­ды қандай да бір діннің атымен байланыстыру, бір дінді екінші дінге қасақана қарсы қою тыйылмай келеді. Сондықтан бүгінде доктрина мен жалған діни қағи­да­лар ретінде түсіндіріліп отыр­ған зорлық-зомбылық актілерінің ақиқат мәнін танып, дін атын жамылып арам пиғыл­дарын жүзеге асырып жүргендердің бет пердесін сы­пырып, әшкерелеуді үйренуіміз керек.

Жаһан­дану заманында қандай да бір қатер бір елдің, бір дінба­сы­ның, жекелеген мемлекет басшысының құ­зы­ры жететін шеңберден әлдеқайда ауқымды болып келеді. Қатердің қоз­­дырғышы сырттан қа­сақана ұйымдас­ты­рылып жатса, оны түп тамырымен жою бір елдің ғана қолынан келетін іс емес. Қазақ мұндайда «Жалғыздың үні шықпас, жаяу­дың шаңы шық­пас» демей ме? Бұл жағ­дай­да сө­зіне әлем халықтары құлақ түретін – аузы дуалы, сөзі уәлі, жалған айтады-ау деп күдік келтірмейтін – иманы кәміл адамдар ғана айт­қа­нына сендіріп, ақиқатқа бас идіре ала­ды. Міне, Әлемдік және дәс­түр­лі діндер лидерлерінің съезі – иманы кәміл, дуалы ауыздардың бірін емес, бәрін бір шаңырақ астына жинап, жаһандық бейбітшілікке жету үшін құрылған осындай институт.

Елбасының дін лидерлері алдында сөйлеген сөзінде: «Барлық кезеңде мәрте­бе­лі моральдық құндылықтардың сақтаушы­ла­ры діни лидерлер – түрлі діндердің басшылары болған және болып отыр. Нақ сондықтан да осынау күрделі кезеңде дін қайраткерлеріне ай­рықша үміт артылады.

Бүгінде қай кездегіге қарағанда діннің адам­гер­шіл-гуманистік им­пе­ра­тивтері қажет болып отыр.

Нақ сіздер, діни лидерлер, ру­ха­нилықтың – дүниенің үйлесімді дамуының басты шартының қай­та өрлеуінің жүргізушілері бола аласыздар. Біз өз Съезіміздің мәртебелі мақсатын осыдан көреміз», дейтіні де сондықтан.

 Сенім

Жер шарының арғы бетінде болған құбылыс бергі бетіндегі елдің өміріне тікелей әсері тиіп жататын жаһандану заманында адамзат өміріне қауіп төндіретін кез келген қатер тек сол елдің ғана проблемасы болудан қалды. Сондықтан Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап-ақ тек өзінің ішкі-сыртқы проблемаларын шешумен ғана шектеліп, әлем бастан кешіп жатқан әділетсіздіктерге тек сырттан бақылаушы позициясын ұстанбай, әлемдік мәселелерге белсене араласты. Қазақстанның І Съезде терроризмге, экстремизмге, әділетсіз соғысқа тыйым және дінге жала жаппау мәселесін көтерсе, 2006 жылғы ІІ Съезде Таяу Шығыстағы ахуал күрт шиеленісіп, Иракта соғыс жүріп жатқан күрделі уақытта Астанаға жиналған әлемдік діндер лидерлері мемлекеттерді үнқатысу жолынан тай­мауға, сөйтіп, бейбітшілік және келісім мәде­ние­тін нығайту жөнінде шаралар қабылдауға шақыруы осы адамзаттық проблемаларды ортақ санайтын ұстанымының бір көрінісі.

Ал ІІІ Съезд планетаның түрлі өңірлерінде ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған лаң­кестік әрекеттер орын алғанына, Ауғанстандағы ахуал бұрынғыдан да қатты шиеленісіп, мұнда бүкіл өңірдің тұрақтылығына қауіп төндіретін экстремистер тағы да бас көтере бастағанына, бұл елде өндірілген есірткілер бүкіл әлемді жайлап бара жатқанына көңіл аудартты.

Осы басқосуда Қазақстан Президенті жаңа дүние құрылысының негіздері қандай болуы керектігін де ұсынды:

Біріншіден, бұл – әділ экономикалық модель. Ол адал да әділ әлемдік қаржылық, валюта жүйесіне негізделуі тиіс, онда алдау мен ысырапқорлыққа орын болмайды. Онда адам жасайтын игілік әрбір адамның жасампаздығы мен прогресіне, оның рухани өсуі мен жетілуіне бағытталатын болады.

Екіншіден, бұл – мемлекеттер арасындағы өзара қатынастардың әділ саяси моделі. Мұн­да басты орынға жекелеген елдердің емес, бүкіл әлемнің мүдделері қойылуға тиіс. Халықаралық қатынастардың жаңарған жүйесінде үлкен және шағын елдерге, «жақсы» және «жаман» халық­тарға бөлу болмауға тиіс. Осынау жаңа дүние баршаға ортақ сенім мен құрметтің, әріптестік пен үнқатысудың дүниесі болуы тиіс.

Үшіншіден, бұл – жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге деген жаңа көзқарас. Планетада ахуалды тұрақтандырып, оны қауіпсіз жасай алатын халықаралық кооперацияның жаңа пішіндерін әзірлеу жөнінде табанды іс-қимыл қажет. Лаңкесшілдік пен есірткі бизнесіне қарсы тұрудың әлдеқайда тиімді тетіктері талап етіледі.

Бүкіл адамзаттың ядролық қарусыз дүниеге қарай жаһандық қозғалысында күш-қуатты бірік­тіру айрықша маңызды.

Міне, осындай ірі мәселелерді талдап, іл­кім­ді ойларды ортаға салуға болатын және ізгілік, рақым, имандылық секілді мәңгілік ұғымдарды санаға дарыту арқылы адамдарды тазарту, қазіргі саяси ахуалға, халықтар достығына игі ықпал ету миссиясын мойнына алған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне деген ықы­лас, сенім жыл санап артып келеді. Мәселен, 2003 жылы І Съезге әлемнің 13 елінен 17 діни ұйым өкілдері келсе, 2006 жылы ІІ Съезге әлем­нің 26 елінен 29 діни делегация қатысты. Ал 2009 жылғы ІІІ Съезде әлемнің 35 елінен 77 делегация бас қосты. Биыл да одан аз болмайды. Әри­не, Қазақстан әлемнің басқа елдерінде түрлі деңгейде және қилы тақырыпта діндарлар бас­қо­суын ұйымдастырушылардың да жұмысынан сырт қалған емес. Жалпы, төрткүл дүниеде бей­бітшілікке үндейтін ондай құрылымдардың көп болғанынан зиян жоқ. Әрқайсысының өзіндік ерекшелігі, деңгейі, көтеретін тақырыптарының айырмашылықтары да бар. Дегенмен, сарапшы­лар­дың айтуынша, бастамашылардың бірде-бірі әлемдік және дәстүрлі діндердің дүние жүзіне мәшһүр лидерлерін дәл Қазақстандағыдай құ­рам­да басын қоса алған жоқ. Бұл дін лидер­лері­нің қазақстандық басқосудың нәтижелілігіне, сөзі мен ісінің сәйкестігіне сенетіндігін білдірсе керек. Сондықтан да съезд қазіргі кезде халықаралық сахнада өз пәрменділігімен дараланады. Дүние жүзінде екпін алып, үдей түскен өркениетаралық үнқатысу үдерісіне айтарлықтай үлесін қосуда. Басты мақсатымыз – дін арқылы, сондағы беделді, лауазымды адамдардың пікірі арқылы әлемдегі жағымсыз, қоғамға қажетсіз құбылыстарды барынша азайту.

 Жастар

Біртұтас діни кеңістік жасау мүмкін емес. Біз қай діннен, қай ұлттан, қай қауымнан болсақ та өзара құрмет пен төзімділікті басты кредо етіп өмір сүруге тиіспіз. Жастардың иманды, дінге жа­қын болғаны, күнәсіз таза өмірге ұмтылғаны жақсы, әрине. Алайда, білімнің таяздығынан адас­тырушылардың соңына еріп, фанатизмге бой ұрып, тіптен сойқаншыл лаңкестердің қол­шоқ­парына, құрбандығына айналып кетіп жатады. Бұл орайда дін лидерлерінің жастарды өз­де­рі ұстанатын діннің шынайы құндылықтарынан хабардар етіп, көзін ашуы адасушылар қатары­нан табылмауларына кепіл болары анық. Сонымен бірге, жастардың заманға лайық білім алуын, құқықтары қорғалуын, еңбекпен қамтылуын мемлекет өз деңгейінде шеше алмаса, бұл да әлеу­мет­тік ахуалдың ушығуына әкеліп соғатын фактор.

Бұл орайда, Қазақстан жастар саясатын кешенді әрі жүйелі түрде жүргізіп келеді.

Мәселен, «Балапан» бағдарламасының бекі­ті­луі нәтижесінде еліміздегі мектепке дейінгі ұй­ымдардың саны өсті. Алдағы 2020 жылы республика бойынша бұл 100 пайыз орындалады деп жоспарланып отыр. Орта білім беру жүйесінде реформалар жүргізіліп, білім сапасына мемлекеттік бақылау вертикалі енгізілді. Адами капитал инновациялық экономика мен білімді дамытуды айқындайтын факторға айналды.

Еліміздегі білім мен ғылым саласын несие­лен­діру – студенттердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған саясат. Жыл сайын Мемлекет білім беру саласына қыруар қаржы бөліп отырады. Астанада халықаралық университет ашылды. Әлемнің белді университеттері Астанада ашылған бұл оқу орнының серіктес­тері болып саналады. Оның сыртында жыл сайын мыңдаған студентті шетелге жіберіп, ең озық университеттерде оқытамыз. Міне, осының бәрі елімізде адам капиталы деңгейін арттыру, жас­тар­дың жаңа өмірге, жаңа технологияларға, жаңа қоғамдық қатынастарға бейімделуі мен ин­но­ва­ция­лық ізденістерге ұмтылуы үшін жасалуда. Десек те, әлемде жастарды зорлық-зомбылықтың қолшоқпары етіп пайдаланғысы келетін арам пиғылды күштер де жоқ емес. Олар тұлға ре­тін­де қалыптаспаған, дүниенің ақ-қарасын ажырат­па­ған жастарды өздерінің қатерлі идеяларымен улап, ақшамен алдарқатып, адамзатқа қауіп төн­ді­ретін терроризм сияқты қылмыстық әрекет­тер­ге итермелеуде. Яғни, жастар арқылы болашақты әлемдік қатерлерден кепілдендіру жаһандану заманында бір елдің ісі болудан қалды. Алдағы діндер көшбасшыларының съезінде «Дін және жастар» атты тақырыптың көтерілуінің мәні мен маңыздылығының өзі осында.

Бұл тақырып Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің III съезі қатысушыларының ұсы­ныс­тарына сәйкес белгіленген. Осы секциялық отырыста құндылықты ұстанымдар мен қазіргі заманғы жастардың қажеттіліктеріне; жастардың әмбебап құндылықтар тұрғысындағы құқық­та­ры­на; жастар ортасындағы заманауи әлеуметтік артықшылықтарға сәйкес моральдық таңдауға; жас­тардың жаңа діни ағымдарға көзқарасы мен соларға мүше болуына, сондай-ақ жастардың ру­хани-құндылықты мәдениетін қалып­тас­ты­ру­да­ғы және дамытудағы, олардың алдын алу және тү­бімен жою мақсатымен жастар арасындағы қыл­мыстылық пен өзіне өзі қол жұмсау себепте­рі мен жағдайларын іздестірудегі және т.б. діннің рөліне қатысты проблематикасы талқыланады.

 Дін және әйел

IV Съезде төрт секциялық отырыс өтеді деп жос­парланып отырса, оның бірі «Дін және әйел: рухани құндылықтар мен қазіргі заманғы сын-тегеу­ріндер» деген тақырыпты арқалауы тегін емес.

Биылғы форумның мазмұндық ерекшелігі саналатын аталған мәселенің көтерілуінің ең басты себебі де Әйел-Ана және оның құқықтары бүкіладамзаттық тақырып екендігінде. Онымен бірге ешбір дін әйелдердің зорлық-зомбылықтың құрбаны болуын, құқықтарының шектелуін жақтамайды. Олай болса жер шарының болашақ тұрғындарын дүниеге әкеліп, оларға жөргегінен тәрбие беретін әйелдердің білім-білігін, рухани, діни танымын көтеру арқылы олардың зиялы­лығын арттырып, адамзаттың кемел келешегін кепілдендіруге мүмкіндік тумақ.

Қазіргі заманда әйел адамдардың қатысын­сыз жасалатын еңбек түрі жоққа тән. Алайда, олар­дың құқықтарының қорғалуы сондай бір­келкі емес.

Халықаралық ұйымдардың алаңдаушылық­тарын туғызып отырған мәселе, «әйел мен ерлер тең құқыққа ие» деген ұраншылдықтарына қа­рамас­тан, кейбір тұрмыстық қатыгездіктер мен жыныстық зорлықтардың өріс алуы.

Әйелдерді есірткі бизнесіне, террористік пи­ғыл­дағы құрбандыққа тарту әрекеттерін айтпа­ған­да, әйелдер мен қыздарды саудалау контрабандасы мен әйелдерге қарсы әртүрлі қатыгездік­тер әлі де орын алуда. Лаңкестікке тартушылар олардың көп салада ауыр әлеуметтік жағдайын пайдалануы да мүмкін, кейде өздерінің білімсіз­дігінен соқыр сенімге уланғандар да кездесетіні анық.

Міне, сондықтан да әйелдерді кәсіби қауіп­сіз­дікпен қамтамасыз ету, жыныстық зорлықты тыю және күнделікті жұмыс сағатын азайту, зейнет жасын төмендету, білімін көтеруге мүмкін­дік туғызу – әлемдік күн тәртібіндегі тақырып. Бұл орайда, Қазақстан Республикасындағы мем­ле­кеттік гендерлік саясат гендерлік теңдікке қол жеткізу саласындағы ұлттық және халықаралық тәжірибені, әлем қауым­дас­тығы елдерінің өрке­ниет­тік, діни және мәдени ерекшеліктерін жан-жақты және мұқият ескеруге негізделгенін мысал ете аламыз. Сабақтастық, прагматизм мен тең­дестік қағидаттарына негізделген және діни төзімділікке бағытталған біздің елдің әйелдер өмірін ұйымдастыруға бағытталған бағдарлы дін­дер көшбасшылары съезінде әлемдегі әйелдер проблемасын батыл көтеруге моральдық құқық береді.

Сонымен бірге әйел-ана, отбасы және балалар құқықтарын қорғау саласындағы біздің жетістіктеріміз әлемдік ауқымда кеңінен мойындалып отыр. Оған «Ғаламдық гендерлік айырма­шы­лық – 2010» атты дүниежүзілік экономика­лық форум баянда­мас­ы­ның қорытындысы бойынша біздің еліміз Еуроодақтың 14 мемлекетін артқа қалдырып, 134 елдің ішінен 41-ші орынды иеленгені нақты дәлел бола алады.

Елдің ішкі сая­сатының маңызды бір бөлігі деуге болатын мемлекеттік гендерлік саясат база­лық гендерлік заңдарға және Мемлекет басшы­сы­ның Жарлығымен бекітілген Қазақстан Респуб­лика­сында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясына сәйкес жүзеге асырылады. Аталған стратегияда мыңжылдық даму мақсаттары мен әйелдерге қатысты кем­сіту­­дің барлық түрлерін жою туралы конвен­цияның ережелеріне орай Қазақстанға арналған гендерлік индикаторлар анықталған.

Әрине, биік мінберлерден әйел-ана құқының қорғалуы туралы жиі айтылғанмен оның қалай жүзеге асатыны заңмен негізделмесе «баяғы жартас бір жартас» күйінде қала беретіні анық. Бұл мәселенің шешімін табуда да әлемдік қауымдастық алдында Қазақстанның жүзі жарқын деп айтуға болады. Мәселен:

2009 жылы желтоқсанда «Еркектер мен әйел­­дер­дің тең құқықтары мен тең мүмкіндік­тері­нің мемлекеттік кепілдіктері туралы» Заң қабылданды;

Сол жылы отбасындағы құқық бұ­зу­шы­лық­тар­ға қарсы іс-қимыл әдістерін одан әрі же­тіл­ді­ру мақсатында әзірленген «Тұрмыстық зор­лық-зом­былықтың про­фи­лактикасы туралы» Заң қабылданды;

 2006-2011 жыл­дарға ар­налған Азаматтық қо­ғамды да­мыту тұ­ж­ы­рым­дамасы мен «Мем­ле­кеттік әлеумет­тік тапсырыс туралы» заң қабылданды.

Одан бөлек, Ұлттық комиссия мен Қазақ­стан Іскер әйел­дері қауымдастығы бірлесіп, өңір­лерде жер­гілікті әйелдер элитасын бірік­тіруге бағытталған «Саясаткер әйелдер клубы» жо­басын жасады.

Міне, осы және бұдан басқа да заңдар мен нақты шаралар қоғамның нәзік жынысты бөлі­гінің өздерін еңбек пен бизнестің сан саласында ой-армандарын жүзеге асыруына мүмкіндік береді.

Аталған стратегияда әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, экономикадағы гендерлік теңдікке қол жеткізуге ерекше көңіл бөлінген.

Біздің елде ана мен бала денсаулығын қор­ғау­ға зор көңіл бөлінеді. Отбасын қолдау, неке мен от­ба­сылық-некелік қатынастар беделін арттыру мемлекеттік саясат басымдықтарының бірі.

Қазақстан бұрынғы кеңестік кеңістікте ішкі істер құрылым­дарының аудандық буындарына дейін әйелдерді зорлық-зомбы­лықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелер құрған жалғыз ел. Бүгінде әйелдердің өмір сүру құқықтарын қор­ғау­ға арналған көптеген дағдарыстық орталық­тар нақты көмек көрсетуде.

Гендерлік теңдік мәселелерін ілгерілетуде үкі­меттік емес ұйымдар үлкен рөл атқарады. Қазіргі таңда Қазақстанда 25 мыңдай үкіметтік емес ұй­ым­дар жұмыс істейді, соның ішінде 250-і әйел­дер, отбасы және балалар мәселелерімен айналысады.

Жаһандану заманында әйел-ана мәселелерін ғаламдық деңгейде шешу, заңдар мен ұстаным­дарды біріздендіру үшін халықаралық ұйым­дармен ынтымақтастық саясатынсыз елестету қиын. ЮСАИД-пен және «Диалог Еуразия» халықара­лық қоғамдық қорымен гендерлік және отбасылық-демография­лық саясат сала­сын­дағы ынтымақтастыққа бағытталған гендер­лік тең­дік­ке қол жеткізу саласындағы ынтымақ­тастық туралы меморандумдарға қол қойылуы осының бір көрінісі.

«Гендерлік теңдік пен әйелдердің саяси және қоғамдық өмірге қатысуын ілгерілету» тақы­рыбымен, 2010 жылы, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы шеңберінде Вена қаласында өткен кеңеске 53 елден 257 адам қатысқан еді. Бұл – аталған ынтымақтастық ұйымы тарихында гума­нитарлық өлшем жөніндегі тақырыптарды талқылау бойынша адам ең көп қатысқан кеңес болғанын назарға алсақ, әйелдерге қатысты еліміз жүргізіп отырған саясатқа сырт көздің қызығушылығын байқаймыз.

Тәуелсіздікке қол жеткен уақыттан бастап әйел-ана өмірін дұрыс ұйымдастыру саясатын алдыңғы қатарға шығарған Мемлекет басшысы Қазақстан әйелдерінің съезінде гендерлік және отбасылық-демографиялық саясаттың одан әрі даму перспективаларын тағы да айқындап берді. Бұл «Отан отбасынан басталады» дейтін халық даналығының мемлекеттік ұстанымға айнала бастағанының белгісі.

Олай болса Әлемдік және дәстүрлі діндер ли­дерлерінің IV съезі: діни лидерлер әйелдің отбасы мен қоғамдағы рөлі; әйелдің әмбебап құнды­лық­тар тұрғысындағы құқықтары; әйелдің ұлт, жаһан болашағы үшін жауапкершілігі; әйелдер мен әйелдер ұйымдарының мәдениаралық және дінаралық келісімді қамтамасыз ету: тәжірибе алмасу және т.б. салалардағы рөлі сияқты мәсе­ле­лерді талқылауды жоспарлап отырса, бұл осы фо­рум­ның мазмұндық ерекшелігі ғана емес, Қазақ­станның әйел-ана өмірін ұйымдастырудағы сәтті саясатын әлемге паш етудің мүмкіндігі де болмақ.

 Дін мен дәстүр

Көптүрліліктің, көпұлттылықтың және көп­кон­фессиялықтың толерантты дамуы – ғаламдық бейбітшілік пен келісімнің кепілі. Жаһандану заманында ғасырдан ғасырға ауысып келген этно­мә­дени алуантүрлілік болмысты бір мәдениет пен бір танымның туының астына енгізуге талпыныс күшеюде. Сондықтан да мульти­куль­туралық тіршілік пен диалог мәселелері қазіргі заманғы қоғам үшін аса өзекті болып табылады.

Алдағы форумда Әлемдік және дәстүрлі дін­дер лидерлері халықтардың, олардың мәдениеті мен діндерін теңестіру және дамыту; этнокуль­ту­ралық алуантүрлілік болмысы және ұлттық бірлік туралы; мультикультурализм идеологиясы туралы; дамудың толеранттылығы мен саясаты, мәдени ерекшеліктерді сақтау және т.б. аспек­тілері сияқты мультикультурализм феноменіне көңіл аудару мәселесін қарастыруды жоспарлауы да бұл тақырыптың өзектілігін көрсетеді.

Жаһандану заманында әлемнің көптеген елдерінде өзгенің қаңсығын таңсық көру, этномәдениетінен жеріп, «ескіліктің қалдығы» санау – «жоғары мәдениеттіліктің», «уақытынан озып туғандықтың» белгісі сияқты қабылдануда.

Мұның ақыры бір мемлекетте бейбіт қатар өмір сүріп жатқан азаматтардың сыртқы әсердің ықпалымен жікке бөлінуіне, тұтастық пен ынты­мақ­тың бұзылуына апарып соғу қаупін туғы­за­ды. Бұл орайда ұлттық ерекшелік, салт дәстүр, тарихи этномәдениет дегенді тәрк ететіндер – діни фанаттар. Олар діни сенім-нанымдағы адам факторын мүлде жоққа шығарып, соқыр бас ұрушылыққа бой алдырады. «Бұл осылай болуға тиіс, және басқаша болуы мүмкін емес» деген төзімсіз көзқарас ұстанып, адамзатты ұстанған дініне, нәсіліне, салт-дәстүр ерекшелігіне қарай дос және дұшпан деп екіге бөледі. Пікірін бөліспегендерді күшпен көндіруге, тіптен жойып жіберуге күш салады. Бұған ықылым заманнан бері тарихтан белгілі діни соғыс­тар мен террористік әрекеттер, нәсілдік кемсітушіліктен туын­да­ған көтерілістер мен асыл текті ұлт құруға деген қанды қырғындар мысал. Бүгінгі сананың дамып, надандықты білім мен ғылым же­тіс­тіктері жоя бастаған өркениет за­манында әртүрлілікті дау-жан­жал­дың нысаны емес, құрметтеуге тұрарлық Жаратушы сыйы ретінде қабылдау бейбіт өмірге бастамақ.

Бұл орайда сан ғасырлар бойы түрлі этностар мен діни нанымдар­дың рухани мұрасымен кемелденген, өз бойына толеранттылық, діни тө­зім­ділік және жаңа атаулыны қабылдауға деген ашықтық секілді қасиет­тер­ді қалыптастырған Қазақстанның біртұтас халқының бірлігі жа­рас­қан бүгінгі өмірі әлемге үлгі жоба бола алады. Оған мәдениетаралық үн­қатысуды нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қа­тынастарды дамыту мәсе­ле­лерін жоғары дең­гейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болған Қазақстан халқы Ассам­блея­­сы құрылуы дәлел.

1995 жылы Президент Жар­лы­ғымен Мемлекет басшысы жанын­дағы консультативті-кеңесші орган ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы инс­титутының құрылуы сая­си тұрғыдан, сондай-ақ жаңа­дан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялы мемлекет­тің тұ­рақты дамуы тұрғысынан туын­да­ған еді. Ассамблея қызметі­нің арқасында Қазақстанда этнос­тық немесе діни ерекшелігіне қа­рамастан әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азамат­тық құ­қықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этнос­аралық және конфессияаралық ке­лісімнің айрықша үлгісі қалып­тасты. Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады.

Елімізде бүгінде этностардың мәдениеттері, тілдері, дәстүр­лері­нің дамуына қажетті барлық жағ­дай жасалған. Мемлекет аумағында қазіргі күні 800-ден астам этномәдени бірлестіктер болса, оның ішінде 28-і республикалық болып табылады. 15 тілде газет-журнал, 8 тілде радиобағ­дар­­ламалар, 7 тілде телебағдарламалар шығады. Білім беру толықтай өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізілетін 88 мектеп жұмыс істейді. 108 мектепте 22 этностың тілі жеке пән ретінде жүргізіледі. Осымен қатар, балалардан басқа үлкендер де 30 этнос тілдерін оқуға мүм­кіндік алған 195 этно-білім беру кешендері, жек­сенбілік және лингвистикалық мектептер ашылды. Қазақ және орыс театрларын қоспағанда елімізде тағы төрт ұлттық – өзбек, ұйғыр, кәріс және неміс театрлары жұмыс істейді. Әр жыл сайын Қазақстан этностарының тілдерінде бірнеше ондаған жаңа кітаптар жарық көреді.

Олардың міндеттеріне Қазақстан халқының ұлттық мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін өр­кен­дету, сақтау және дамытудан бөлек қоғамда­ғы экстремизмнің және радикализмнің көріністе­рі мен адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қысым жасауға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруда мемлекеттік органдар­ға жәрдемдесу де кіреді.

Ал бұл ұйымның саясаттағы рөліне келсек, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі­нің 9 депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды және олар елдегі барлық этностардың мүддесін білдіреді, этносаралық қатынастарға қатысты қабылданатын барлық заң жобаларын тиісті сараптаудан өткізеді.

Міне, сондықтан да көптеген елдер бетпе-бет келіп отырған мультикультурализм дағдарысына ұрынбаудың тың жолын тапқан Қазақ елінің бейбітшілікті сақтау, келісім, өзара түсіністік, елдер, халықтар мен конфессиялар арасындағы ынтымақтастық мәселелерін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінде көтеруге моральдық құқы бар және мемлекетіміз өзінің «Бірлігіміз жарасқан!» жобасын форум арқылы әлемге үлгі ете алады.

 Түйіндеме

Бейбітшіліктің өзегі болып табылатын то­ле­ранттылықтың ең басты ұстанымы өзіндік терең және мазмұнды мәнге ие, өз белгісі мен ділі бар басқа да өркениеттердің, мәдениеттердің, дін­дер­дің бар екендігін мойындау және олармен санасу болуы керек. Сонда ғана ешбір мемлекеттің тұтастығы мен ынтымағы бұзылмайды, олардың ұлттық, сенім-таным құндылығына қол сұғу болмайды. Сондықтан да ғасырлар бойы қалып­тас­қан осынау адамгершіл императивті бүкіл адам­затқа жеткізуді өз міндеті санаған Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің төртінші съезіндегі басты ұстанымы бей­біт­ші­лік­ті сақтау, келісім, өзара түсіністік, елдер, ха­лық­тар мен конфессиялар арасындағы ынтымақ­тастық мәселелері болып қала береді. Өйткені, тек төзімділік пен бірлесу арқылы біз лаңкестік, жаппай қырып-жою және кез келген өзге қарудың таралуы, есірткі саудасы мен оның салдарлары, экологиялық апаттар, заманымыздың өте ауыр ағзалық және әлеуметтік аурулары секілді бүкіләлемдік зұлымдық көріністерімен күресте жеңіске жете алмақпыз. Алдағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі осы ақиқатты жаһандық қоғамдастық назарына жеткізудің, сол арқылы Қазақ елінің келісім мен толеранттылыққа негізделген бейбітшілік­сүй­гіш­тік саясатын төрткүл дүниеге тағы да бір паш етудің мүмкіндігі болмақ. Елбасымыз Н.­Ә.На­зар­баев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында сөйлеген сөзінде айтқандай: «Оны өткізу ХХІ ғасырдағы әлемді қалыптастырудың маңызды қағидаты ретіндегі жаһандық толерант­ты­лықты орнықтыру ісіне қосқан Қазақстанның ең ұлы сыйы».