Бүгін, 2024 жылғы 24 мамырда депутат Динара Наумова нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күреске бағытталған мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штабтың отырысына қатысты.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің басшылығы, депутаттар, барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс әкімдіктерінің өкілдері қатысты.
Отырыста нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспардың орындалу барысы қаралды. Сондай-ақ маусым айында есірткіге қарсы айлық іс-шарасын өткізу ұсынылды.
Мемлекет Басшысы нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің Кешенді жоспарын әзірлеуді үкіметке тапсырған болатын. Мемлекет Басшысы есірткі бизнесімен күреске ерекше көңіл бөлуде. Қазіргі кездеең үлкен қауіптердің бірі синтетикалық есірткі өндірісі болып табылады. Соңғы жылдары «синтетика» ұстамасы 10 еседен астам өсті. Сонымен қатар, жастардың есірткі қылмысына жиі араласуы байқалады. Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде. Өкінішке қарай, жыл басынан бері 20 кәмелетке толмаған жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылды.