Перуашев
Азат
Тұрлыбекұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
"Мүдделік қолдау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын
Қазақстан Республикасы

Қазақстан Республикасы

Парламенті Мәжілісінің

Заңнама және сот-құқықтық

реформа комитеті

 

Жұмыс тобының жетекшісі

депутат Ж.Қ. Асановқа

 

 

Құрметті Жақып Қажманұлы!

 

Қазақстанның «АҚ ЖОЛ» Демократиялық партиясы «Мүдделік қолдау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын (бұдан әрі – Заң жобасы) қарап мыналарды хабарлайды.

Қазақстан Республикасы заңнамасының тұрақты түрде серпінді дамуы жағдайында «Мүдделік қолдау туралы» Заңды қабылдау идеясы дер кезінде көтерілген және өзекті мәселе болып табылады.

Мүдделік қолдау қызметі, дербес институт ретінде, билік органдарында дүние жүзінің көптеген елдеріндегі азаматтық қоғамның өзара әрекеттестік механизмінің құрылымдық элементтерінің бірі болып табылады. Мүдделік қолдау институтын халықаралық тәжірибе призмасынан қарай отырып, мүдделік қолдау саласындағы қатынастарды қалыптастырудың негізгі үш моделін бөліп көрсеткен жөн.

Бірінші модель мүдделік қолдау қызметі туралы арнайы заңы бар елдерге тән.

Екінші модель, мүдделік қолдау қызметі туралы арнайы заңы жоқ, бірақ мүдделік қолдау саяси үдерістің ажырамас бөлігі деп танылған және ол басқа заңнамалық актілермен реттелетін елдерге тән.

Үшінші модель мүдделік қолдау қызметі саяси ақиқаттың фактісі деп танылмаса да заңнамалық шешімдер қабылдау үдерісіне мүдделер тобы әсер етуінің қуатты және тиімді тетігі, яғни функционалдық өкілдік жүйесі  қалыптастырылған елдерде қолданылады, оның шеңберінде мүдделер тобы заңнамалық шешімдерді әзірлеуге тұрақты негізде қатысуға құқығы бар қауымдастықтар және басқа заңды тұлғалар бірлестіктері түрінде көрінеді.

Қазақстан Республикасында заңнамалық үдеріс дамуының бүгінгі ақиқатын ескере отырып, Қазақстанның мүдделік қолдау институты жүйесінің онша дамымаған үшінші моделінен – неғұрлым ілгерілеген модельге көшуі барынша қисынды әрі дұрыс болып көрінеді.

Мәселен, қарауға ұсынылған Заң жобасы мүдделік қолдау институтының негізгі принциптеріне қайшы келмейді, дегенмен бірқатар кемшіліктері бар, оларды Заң жобасын қарау сатысында жою қажет.

Заң жобасында мүдделік қолдау қызметі түсінігі Қазақстан Республикасының уәкілетті органда мемлекеттік тіркеуден өткен, кемінде он заңды тұлғаны біріктіретін, заңды тұлғалардың мемлекеттік емес бірлестіктері (одақтар, қауымдастықтар) ретінде айқындалады.

Сонымен қатар бұл тұжырымдаманың пысықталмағаны анық көрініп тұр. Мүдделік қолдау институты дамыған көптеген елдерде мүдделік қолдау қызметімен заңды тұлғалар бірлестіктері ғана емес, белгілі бір талаптарға сай келетін жекелеген жеке және заңды тұлғалар да (кәсіпқой мүдделік қолдаушылар) айналысуға құқылы.

Осыған байланысты мүдделік қолдау қызметі субъекті ұғымының мынадай редакциясын ұсынамыз: «мүдделік қолдау субъектілері – заңды тұлғалар не құрамына кемінде он заңды тұлға кіретін солардың бірлестігі, сондай-ақ осы заңға сәйкес мүдделік қолдау қызметін жүзеге асыратын жеке тұлғалар бірлестігі;».

Мүдделік қолдаушы ұғымын енгізу де қисынды болады деп ойлаймыз, өйткені мүдделік қолдау қызметінің субъекті өзінің қызметін өздерінің нақты өкілдері арқылы жүзеге асырады, «мүдделік қолдаушы – осы заңда көзделген нысандарда мүдделік қолдау қызметін тікелей жүзеге асыратын мүдделік қолдау қызметі субъектінің уәкілетті өкілі;».

Мүдделік қолдау қызметі субъектілерін есептен өткізу мүдделік қолдау қызметіндегі елеулі элемент болып табылады. Алайда, Заң жобасында мүдделік қолдау қызметі субъектілерін әділет органдарында тіркеуді жүзеге асыру ұсынылады, бұл биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтарына бөлінуінің конституциялық принципін негізге алған жағдайда дұрыс болмай шығады.

Осыған байланысты мүдделік қолдау қызметі субъектілерін уәкілетті органда тіркеу рәсімін алып тастауды және оны мүдделік қолдау қызметі субъектілерін Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталары Аппараттарында есептен өткізу рәсімімен ауыстыруды ұсынамыз.

Мұндай өзгерістердің қажеттігін АҚШ, ГФР, Ұлыбритания, Швеция, Литва сияқты елдердің және басқа да бірқатар еуропалық елдердің мүдделік қолдау институттарының шетелдік тәжірибесі айғақтайды.

Мысалы, Германияның заңнамсында мүдделік қолдау қызметі Бундестаг жанындағы Одақтарды және олардың өкілдерін тіркеу туралы ережеде егжей-тегжейлі регламенттелген. Бұл орайда мұндай одақтарды тіркеудің өзі жоғары заң шығару органында – Бундестагта тікелей жүзеге асырылады. АҚШ-та мүдделік қолдаушыларды тіркеу міндеті Сенаттың хатшысына және Өкілдер Палатасы клеркіне бекітілген.

Заң жобасының мәтінінен алып тастау талап етілетін келесі едәуір маңызды жәйіт мүдделік қолдау қызметін мемлекеттік органдарда жүзеге асыруға тыйым салу туралы ереженің Заң жобасында көрінуі болып табылады.

Бұл ережені алып тастау қажет деп есептейміз, өйткені ол Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі қолданыстағы заңнамасының нормаларына қайшы келеді.

Заң жобасында маңызды қоғамдық қатынастар тізбесі көзделген, заң жобаларына қатысты оларға мүдделік қолдау қызметін жүзеге асыру тыйым салынады.

Өзгелерден басқа, осындай жәйіттер ретінде мемлекеттік органдардың және мемлекеттік қызметтің ұйымдастырылуы мен қызметінің конституциялық негіздері бекітілген, бұл өзінің мәні жөнінен барынша ақылға қонымды және дұрыс болып көрінеді, алайда нақтылауды талап етеді.

«Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелеріне сәйкес аталған заңмен қызметтің жекелеген түрлерін лицензиялауға байланысты қатынастар реттеледі.

Бұл орайда «Лицензиялау туралы» ҚР Заңының ережелеріне сәйкес лицензиялауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар лицензиар ретінде әрекет етеді.

Сөйтіп, мемлекеттік органның лицензиялар және өзге де рұқсатнама құжаттарын беруге байланысты қызметі жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне тікелей қатысты болады.

Осыған орай Заң жобасының 3-бабы 2-тармағының 1) тармақшасын «(рұқсат беру рәсімдерін қоспағанда)» деген сөздермен толықтыруды ұсынамыз, сөйтіп Заң жобасындағы осы олқылықты жоямыз.

Бұдан басқа, Заң жобасында азаматтар мен заңды тұлғалардың салық міндеттемелерін қамтамасыз ету саласындағы мүдделік қолдау қызметін жүзеге аыруға тыйым салынады. Сонымен бірге, қоғамдық қатынастардың бұл саласы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне тікелей қатысты. Осыған байланысты қоғамдық қатынастардың салық салу сияқты маңызды саласында мүдделік қолдау қызметін жүзеге асыру мүмкіндігін заңнамалық тұрғыдан орнықтыру қажет.

Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, берілген ұсыныстар негізінде Заң жобасын пысықтау қажет деп есептейміз.

 

Қосымша: «АҚ ЖОЛ» ҚДП фракциясынан «Мүдделік қолдау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстар.

 

 

 

Фракция басшысы

ҚР Парламенті

Мәжілісінің депутаты                                                            А. Перуашев