Жұмабаев
Ермек
Жианшаұлы

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Баяндама
Қазақстанда діни бірлестіктердің қызметін мемлекеттік реттеудің құқықтық негіздері

Қазақстанда діни бірлестіктердің қызметін мемлекеттік реттеудің құқықтық негіздері

 

Құрметті конференцияға қатысушылар!

 

Қазақстан – өркендеп дамуды мақсат еткен біртұтас халқының татулығы арқасында  бейбіт, берекелі өмір сүріп отырған ел. 

Мемлекет пен қоғам өмірінің барлық тұстарын қамтитын, кейінгі онжылдықта орын алған қарышты өзгерістер, әрине, мемлекеттік-діни қарым-қатынастар саласына да әсерін тигізеді.

Елімізде конфессиялық сан алуандық тез-ақ қалыптасты, оған Қазақстан үшін дәстүрлі діни ілімдер: ислам, православиелік христиандық және  жаңа, дәстүрлі емес, Қазақстанда бұрын болмаған діни қозғалыстардың ұйымдары да  кірді.

Қазақстан, әртүрлі көзқарастардың, дәстүрлер мен мәдениеттердің барынша алуан түрлі болуына қарамастан, бұрынғы Кеңес Одағының аумағында ұлттық немесе діни негіздерде қақтығыстар жоқ жалғыз мемлекет болып қалып отыр.

Тәуелсіз Қазақстанның 1993 жылғы Конституциясында республика азаматы үшін ар-ождан бостандығына, өзінің дінге көзқарасын өз бетінше айқындау құқығына кепілдік беріледі деп тұңғыш рет айқындалды.

         1995 жылғы Конституция бойынша Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретiнде орнықтырады, әркiмнiң ар-ождан бостандығына құқығын растайды, әркiмнiң діни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік береді.

         1992 жылы Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылдады, сол Заңға:

- діни бірлестіктерге салық салу, оларды тіркеу және тарату тәртібі, таратылған діни бірлестіктердің мүлкіне иелік ету мәселелері бойынша;

- діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі уәкілетті органның және жергілікті атқарушы органдардың құзыретін айқындау, экстремизмге және діни өшпенділікті қоздыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі мәселелер бойынша;

- миссионерлік қызмет және басқа да мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

2011 жылы Парламент «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдады, оның мақсаты діни бірлестіктер қызметінің және азаматтардың діни қызметінің негізгі бағыттарын құқықтық реттеу жолымен Қазақстан Республикасының діни бірлестіктер туралы заңнамасын жетілдіру болып табылады.

Заң діни бірлестікті тіркеу үшін құжаттар тізбесін айқындау және оның Жарғысына қойылатын талаптарды тұжырымдау, діни бірлестіктерді тіркеуден бас тартудың негіздері бөлігінде діни бірлестіктерді тіркеуге қатысты мәселелерді, сондай-ақ  дінтану сараптамасын жүргізудің негіздері мен тәртібін заңнамалық тұрғыдан реттеуді жетілдіруге, «миссионерлік қызмет», «діни қызметші» деген ұғымдарды нақтылауға бағытталған.

Заң жобасын әзірлеу кезінде Ресей, Белоруссия, Армения, Грузия, Тәжікстан, Литва, Испания сияқты елдердің және Қазақстан сияқты зайырлы мемлекет болып табылатын  басқа да еуропалық елдердің тәжірибесі ескерілді.

Қазақстан Республикасының негізгі заңдары барша азаматтардың, олардың ұлттық тиесілігіне қарамастан, тең болуын орнықтырады.

Осылайша Қазақстанда діни сенім бостандығын қамтамасыз етудің заңнамалық базасы жасалды.

Елімізде мәдениеттер мен өркениеттердің диалогын кеңейту, Қазақстанды конфессияаралық және өркениетаралық диалогтың әлемдік орталығына айналдыру жөнінде жұмыстар ойдағыдай жүргізілуде. Қазіргі кезде біздің конфессияаралық татулық пен келісім бойынша тәжірибемізді халықаралық қоғамдастық «өркениеттер диалогының» үлгілік моделі ретінде танып отыр. Астана Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің төрт съезі болып өткен, дінаралық сұхбаттастықтың әлемдік орталығына айналды.        

Астанада өткен төрт съездің жұмысына ислам, христиан, иудаизм, индуизм, буддизм және басқа да діндердің басшылары мен көрнекті өкілдері қатысты.  Съездің диалог алаңында діни қауымдастықтарды рухани жақындастыру жөнінде толымды да мазмұнды әңгіме болды, сондай-ақ азаматтарға, халықтар мен үкіметтерге бағытталған бірлескен үндеулер қабылданды. 

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 2003 жылы Астанада өткен І съезінде дінаралық саммитті тұрақты негізде өткізу және оның жұмыс органы - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің Хатшылығын құру туралы шешім қабылданды.  

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» атты жалпы тақырыппен өткен 2006 жылғы ІІ съезі «Дінаралық диалог қағидаттарын» қабылдап, Съезд аясында Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығын құру бастамасы көтерілді.

2009 жылғы Астана қаласында «Діни лидерлердің толеранттыққа, өзара құрметтеу мен ынтымақтастыққа негізделген әлемді құрудағы рөлі» атты жалпы тақырыппен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезі болып өтті. ІІІ Съездің жұмысына әлемнің барлық негізгі діндерін ұстанатын 35 елден 77 делегация қатысты.   

БҰҰ Бас Ассамблеясының 2008 жылғы 13 қарашада қабылданған қарарына сәйкес Съезд БҰҰ жүйесі тарапының қатысуымен және техникалық көмегімен өткізілді.  

2012 жылғы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің «Бейбітшілік пен келісім – адамзат таңдауы» атты жалпы тақырыппен өткен IV Съезі шеңберінде форумды одан әрі институттандыру жалғасын тапты, атап айтқанда үйлестіруші орган – Діни лидерлердің кеңесі құрылып, оның құрамына әлемдік және дәстүрлі діндердің басшылары мен көрнекті өкілдері кірді.   

Қазіргі уақытта әртүрлі конфессиялардың бейбіт қатар өмір сүруіне қажетті құқықтық және ұйымдық жағдайлар жасалған, дін саласында дінді мемлекеттен бөлу, ар-ождан бостандығы мен дін ұстану бостандығы, діни бірлестіктердің теңдігі, діни бірлестіктердің ішкі қызметіне мемлекеттің араласпауы, мемлекеттің діни бірлестіктермен ынтымақтастығы қағидаттарына негізделген біртұтас мемлекеттік саясат қалыптастырылды.

Тұтастай алғанда мемлекет тарапынан дінаралық диалогты дамытып, қолдап отыру үшін барлық жағдай жасалды, мұның өзі ең алдымен толеранттық сана-сезімді қалыптастыруға және әртүрлі діндер мен концессиялар өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруіне  бағытталған.

         Зейін қойып тыңдағандарыңызға рақмет!