ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ
С.Н. АХМЕТОВКЕ
Құрметті Серік Нығметұлы!
Біздің депутаттық сауал жолдауымызға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты «Өңір» депутаттық тобының Алматы облысындағы іс–сапары барысында Алматы облысы тұрғындарымен болған кездесулердегі «Үшарал-Достық» автомобиль жолының жағдайы туралы көтерілген өтініштер себеп болып отыр.
«Үшарал-Достық» автомобиль жолын қайта жаңғырту жобасының сметалық құны 22,7 млрд.теңгені құрайды, жобалық-сметалық құжаттамасы мен 2008 жылы 26 қыркүйекте № 2-486/08 берілген мемлекеттік сараптама қорытындысы бар.
Бірақ, жобаны іске асыру мерзімі өтіп кеткен. Қазақстан Республикасының Бюджеттік кодексіне сәйкес, жобалық-сметалық құжаттамасын түзету қажет. Қазіргі кезде жол апатты жағдайда және жол қозғалысы қауіпсіздігінің талаптарына сай емес, қатты тозған, бұл «Алакөл» курорттық аймағына, сондай-ақ «Достық» кедендік терминалына баруға қиындықтар тудыруда.
Бұл жоба жүзеге асырылса аймақтағы туризмнің қарқынды дамуына, жүк тасымалдау мерзімінің қысқаруына оң әсерін тигізер еді.
Жоғарыдағы аталғандарды ескере келе, Республикалық бюджеттен осы 184 шақырымдық «Үшарал-Достық» автомобиль жолын қайта жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттамасын түзету үшін қаражат қарастыруды сұраймыз.
Құрметпен,
«Өңір» депутаттық тобының мүшелері
Е. ЖҰМАБАЕВ
Қ. АЙТАХАНОВ
В. БОБРОВ
О. РАХМАНБЕРДИЕВ
Н. СҮЛЕЙМЕНОВ
Л. ТҰРЛАШОВ
А. КҮЗЕКОВ
М. АЛТЫНБАЕВ