The website color
Distance between letter distance
Images
07.04.2021

Мәжілісте жер қатынастарына қатысты заң жобасы I оқылымда мақұлданды


Нұр-Сұлтан, 7 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда Палата депутаттары бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алып, жер қатынастары мәселесіне қатысты заң жобасын I оқылымда мақұлдады.

Мемлекет Басшысы Қ.Тоқаевтың заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалған бұл құжатты қабылдаудың мақсаты – шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың, шетелдік қатысатын Қазақстан Республикасы заңды тұлғаларының, халықаралық ұйымдардың, халықаралық қатысатын ғылыми орталықтардың, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік құқығымен және уақытша жер пайдалану құқығымен қандастардың иеленуіне тыйым салуды енгізу.

Осыған сай, жалпы отырыста Нұрлан Нығматулин:

-Бүгінгі мақұлданып отырған жер қатынастары туралы заң жобасының Қазақстан қоғамында маңызы да, орны да ерекше. Себебі, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген осы құжаттың нәтижесінде халқымыздың назарында жүрген сұрақ бойынша нақты шешім қабылданды. Енді жерімізді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де толықтай тыйым салынады, - деді.

Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин бұл заң жобасы жер туралы түрлі пікірлерді тоқтатып, алдағы уақытта жерді қолдану мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жол ашатынына назар аударды. 

Айта кету керек, жер заңнамасынан шетелдік жер пайдаланушыларға және шетелдік қатысу үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға, сондай-ақ қандастарға ауыл шаруашылығы жерлеріне құқықтар беру мәселелерін регламенттейтін құқықтың материалдық нормалары алып тасталмақ.

Бұл ретте, 2016 жылғы 1 шілдеге дейін жоғарыда аталған жер пайдаланушыларға жалға беру шартымен берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне уақытша жер пайдалану құқығы жалға алу шартының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін қолданылатыны және ұзартылуға жатпайтыны көзделген.

Сонымен қатар, жалпы отырыста «Ерекше тауарларды бақылау туралы» заң жобасы мен оған ілеспе заң жоба I оқылымда мақұлданды.

Заң жобасында ерекше тауарларды бақылаудың мақсаттары, қағидаттары мен әдістері белгіленген.

Құжаттың мақсаты – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жаппай қырып-жою қаруын таратпау және қару-жарақтың заңсыз саудасына жол бермеу жөніндегі халықаралық міндеттемелерді сақтау.

Отырыс барысында депутаттар тауарлар мен қызметтерді заңсыз импорттауға байланысты жауапкершілік енгізуді ұсынды.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттарды қолдай отырып:

-Меніңше, депутаттардың жұмыс топтарында енгізген түзетулері маңызды және өзекті. Егер аталған мәселе бойынша Үкіметтің нұсқасын басшылыққа алатын болсақ, онда біздің шекарамыз арқылы кез-келген тасымал технологияларға, ғылыми-техникалық құжаттамаларға бағдарламалық қамтамасыз етуге тыйым салынған. Алайда, Қылмыстық Кодекстің 275-бабына сәйкес, тек қана заңсыз экспортқа жаза қолданылады. Сондықтан, депутаттар тек заңсыз экспортқа ғана емес, сонымен қатар ерекше тауарлардың заңсыз импорты үшін де жаза белгілеу туралы оңтайлы ұсыныс енгізді деп есептеймін, - деді Нұрлан Нығматулин.

Айта кету керек, заң жобасы ерекше тауарлардың экспортын, кері экспортын, импортын, транзитін, эксаумақтық кері экспортын, эксаумақтық делдалдық қызметтер көрсетуді немесе техникалық көмекті жүзеге асыру кезіндегі қатынастарды реттеуге бағытталған.

Жалпы отырыста Мәжіліс комитеттері біршама жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Олар Сайлау туралы Конституциялық заң жобасына түзетулер енгізу, Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне қатысты заң жобасы мен Салық кодексіне қатысты заң жобасы бар.

Сонымен қатар, депутаттар Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен Сенаты арасындағы келіспеушілікті еңсеру жөніндегі келісім комиссиясының ұсынысымен келісті.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: Ғ. Елеуов, С. Нақпаев, Д. Нұрманбетова, Г. Нұрымова, Д.Есбаева, А.Перуашев, Ф.Каменов, А.Қоңыров, Ғ.Құлахметов, А.Сқақова, В.Нәбиев.

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов).



Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan