The website color
Distance between letter distance
Images
23.06.2021

Мәжілістің осы сессиядағы соңғы жалпы отырысы өтті


Нұр-Сұлтан, 23 маусым, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтіп, Палатаның VII шақырылымының алғашқы сессиясының жұмысы қорытындыланды.

Жалпы отырыс барысында депутаттар сот-сараптама қызметі мәселелеріне қатысты заңнамалық түзетулерді I оқылымда мақұлдады.  

Аталған заң жобасы кәсіби көрсетілетін сот-сараптамалық қызметтердің бәсекелес нарығын дамыту үшін жағдай жасауға бағытталған. Сонымен қатар құжат көрсетілетін сот-сараптамалық қызметтердің реттелмейтін нарығын құру мен сот-сараптама қызметін бақылаусыз коммерцияландыру тәуекелдерін болғызбауға мүмкіндік бере отырып, көрсетілетін сот-сараптамалық қызметтер нарығында бәсекелестікті қалыптастыру міндеті мен жеке сот сараптамасының жаңа моделін енгізу кезіндегі мемлекеттік бақылау арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуді көздейді. 

Депутаттар отырыста зияткерлік меншік cаласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері туралы заң жобасын I оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар мен Қазақстан Республикасының патенттік сенім білдірілген өкілдері қызметінің ашықтығын күшейтуге бағытталған және құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйым қызметінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталатын тетікті әзірлеуге мүмкіндік береді. Өйткені онда авторлар мен құқық иеленушілердің қаражаты жинақталып, олардың өздері төлем, сыйақы төлеуді жүргізеді және өз құқықтарын пайдаланады.

Сондай-ақ, жиын барысында Палата комитеттері кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері туралы және  Қазақстан мен АҚШ арасындағы әуе қатынасы туралы келiсiмді ратификациялау туралы заң жобаларын жұмысқа алуды көздейді.

Жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: Ф.Қаратаев, Г.Нұрымова, В.Нәбиев, Д.Назарбаева, Б.Бекжанов, А.Милютин, А.Қоңыров, Қ.Иса, А.Әбілдаев, Ғ.Елеуов, А.Перуашев, А.Платонов.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бүгін Парламент Мәжілісінің жетінші шақырылымының алғашқы сессиясы жұмысының қорытындылап, осы сессия өз жұмысын  қасиетті тәуелсіздігімізге 30 жыл толған  тарихи  кезеңде бастағанын алға тарта келіп:

-Осы сессиядағы жаңа және нақты қадамдар Мәжілістің заң шығару жұмысын одан әрі күшейтуге жол ашты.Соның нәтижесінде, Мәжіліс саяси, әлеуметтік, экономикалық маңызы зор көптеген заңдарды қабылдады. Көптеген парламенттік шаралар ұйымдастырылды. Бұл жолда біз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Стратегиялық бастамаларын және Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алға қойған міндеттерін басшылыққа алдық. Оның барлығы, халқымыздың өмір сапасын арттыруға, еліміздің тұрақты дамуын заң деңгейінде қамтамасыз етуге ықпал етті, - деді.

Нұрлан Нығматулин атап өткендей, сессия барысында депутаттар өздерінің заң шығарушылық бастамаларын белсенді қолданып, 10 заң жобасын әзірлеп шықты.

Осы сессияда 230-дан аса депутаттық сауалдар жолданды. Олар индустриялық-инновациялық даму, қаржы, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және аймақтық даму мәселелеріне бағытталды.

Палата Спикері сессия аяқталғанымен депутаттар өңірлерге, шалғайдағы ауылдық жерлерге барып сайлаушылармен кездесетінін айтты.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов).



Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan