The website color
Distance between letter distance
Images
30.09.2021

Мәжіліс Каспий теңізін ластанудан қорғауға қатысты заң жобаларын мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 30 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата депутаттары бірқатар жаңа заң жобаларын мақұлдады.

Жалпы отырыста депутаттар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобасын мақұлдады.  

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасы қылмысқа қарсы мемлекеттік органдардың қызметін күшейтуге және нәтижесін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Мәжіліс Төрағасы бұл біздің Қазақстанымызда да маңызды мәселелердің бірі екенін айтып: 

-Оны болдырмау үшін және алдын-алу үші әрқашанда қажетті, тиімді іс-шараларды қолға алу керек. Соның ішінде заң деңгейінде. Сол үшін біздің депутаттарымыз өздері бастамашы болып, осы заң жобасын әзірлеп және мақұлдап отырмыз. Бұл аталған қылмысқа қарсы мемлекеттік органдардың қызметін күшейтуге және нәтижесін арттыруға жаңа мүмкіндік беретін болады, - деді.

Палата Спикері заң жобасы үздік халықаралық тәжірибелерді ескере отырып әзірленген айтты. Мысалы, мемлекеттік лауазымды тұлға өзінің лауазымдық міндеттерін орындауды тоқтатқаннан кейін заңда көзделген ережелер әлі де 12 айға дейін қолданылады деп ұсынылды. Мұндай мерзімдер заңнамалық түрде мысалы, Германия, Финляндия болса, ал Швецияда, Швейцарияда одан да көп-18 ай деп белгіленген.

Н.Нығматулин атап өткендей, қаржы агенттігі мониторинг тексеруді жалғастыруға және жария лауазымды адамға және оның жақын туыстарына қатысты тиісті шараларды тағы 12 ай бойы қабылдауға міндетті және мұндай шара сыбайлас жемқорлыққа және қылмыстық жолмен алынған ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік береді.

Айта кету керек, заң жобасы жария лауазымды адамдары жүзеге асыратын ақшамен және өзге мүлікпен операциялар бойынша тиісті бақылауды заңнамалық деңгейде белгілеу болып табылады. Бұл норма қаржылық ашықтыққа қол жеткізуге және саяси маңызы бар лауазымды адамдардың сеніп тапсырылған өкілеттіктерін пайдалануына байланысты құқық бұзушылықтардың ықтимал жолын кесуге бағытталған.

Бүгінгі жалпы отырыста депутаттар «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Каспий теңізін жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Хаттаманың мақсаты - Каспий теңізінің жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластануын болғызбау, азайту, бақылау және барынша мүмкін болатын жою болып табылады.

Сонымен қатар, депутаттар «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Биологиялық әралуандылықты сақтау туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлдады.

Хаттаманың мақсаты биологиялық әртүрліліктің өміршеңдігі мен тұтастығын қорғау, сақтау әрі қалпына келтіру және Каспий теңізінің биологиялық ресурстарын орнықты пайдалануды қамтамасыз ету болып табылады.

Хаттамада Каспий теңізінің жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесіне теріс әсер ететін қызметті реттеу; флора мен фаунаның қорғалатын түрлерін коммерциялық мақсатта әдейі аулауды, иеленуді немесе союды, тасымалдауды және пайдалануды бақылау және қажет болуына қарай оларға тыйым салуды енгізу; Каспийдің жағалау маңындағы және теңіз экожүйелерін қорғау мақсатында қорғалатын аудандарды бөлу; Каспий теңізінің биоәртүрлілігін қорғау және қалпына келтіру бойынша Каспий маңы мемлекеттерінің ынтымақтастығы көзделеді.

Осыған орай, депутаттар Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне халықтың Каспий теңізін қорғау жөніндегі іс-шараларға қатысу тетіктері туралы мәселені қойды.

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттарында көрсетілген барлық экологиялық міндеттемелері бойынша толық және сенімді ақпарат қоғамның Каспий теңізін қорғауға да, жалпы қоршаған ортаны қорғауға да қатысуы үшін басты шарт болып табылады.

Палата Спикері бұл қоғамның Каспий теңізін қорғауға да, жалпы қоршаған ортаны қорғауға да қатысуының басты шарты екенін айтты.

Жалпы алғанда, Хаттамада ластану көздерін бақылау жөніндегі шараларға негізделген өңірлік және ұлттық бағдарламаларды немесе іс-қимыл жоспарларын қабылдау көзделеді.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: А.Жамалов, Ю. Ли, Ғ.Хамзин, Б.Дүйсенбинов, М.Раманқұлов, Д. Мыңбай, Е. Смышляева, А. Бердалин, А. Үйсімбаев. А. Қоңыров.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов)

 

 



Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan