The website color
Distance between letter distance
Images
19.10.2021

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Сауд Арабиясы Королдігі Парламентінің Төрағасымен кездесті


Нұр-Сұлтан, 19 қазан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстанға ресми сапармен келген Сауд Арабиясы Корольдігі Консультативтік кеңесінің Төрағасы Абдалла бен Мұхаммад бен Ибрахим Әл Аш-Шейхпен кездесті.

Кездесу барысында Нұрлан Нығматулин Сауд Арабиясы Қазақстанның Таяу Шығыстағы және мұсылман елдеріндегі ең  маңызды серіктестерінің  бірі екенін айтты.

Мәжіліс Төрағасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрқашанда Сауд Арабиясымен қарым-қатынасты дамытуға ерекше көңіл бөлетінін, бүгінде бұл бағытты Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып келе жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар, Палата Спикері Сауд Арабиясы Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы маңызды әріптестерінің бірі екенін, екі ел басшыларының бірлескен жұмыстары Нұр-Сұлтан және Эр-Рияд қалалары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға оң серпін беретініне мән берді.

Кездесу барысында Нұрлан Нығматулин бейінді парламенттік комитеттер арқылы өзара сапарлар алмасу тәжірибесін одан әрі белсенді жалғастыра отырып, парламентаралық ұйымдар шеңберінде жұмысты әрі қарай тиімді ынталандыру керектігіне тоқталды.

Өз кезегінде, мәртебелі мейман екі ел арасындағы саяси-экономикалық байланыстың ерекше дамып келе жатқанын, осы қалыптасқан қарым-қатынасты одан әрі нығайту қажеттілігін атап өтті.

Нұрлан Нығматулин мен Әл Аш-Шейх Қазақстан мен Сауд Арабиясы қатынастарын жан-жақты нығайту және арттыру парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға зор серпін беретініне сенім білдірді.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков)


Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan