The website color
Distance between letter distance
Images
30.11.2022

Мәжіліс экологиялық құқық бұзушылықтарға жауапкершілікті күшейтетін заң жобасын мақұлдады


Астана, 30 қараша, Мәжіліс үйі. Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар өсімдіктер дүниесі, агломерацияларды дамыту және Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Әкімшілік кодекстерге экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейтетін өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдап, өзге де бірқатар заң жобасын қарады.

Жалпы отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы аудиторлық палатасының мүшелігіне кандидаттарды қарап, бекітуден басталды.

«ҚР Конституциясының 57-бабына сәйкес Парламенттің әр Палатасы Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының үш мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды. Осыған орай, Конституцияның 58-бабы негізінде Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі қызметіне Михаил Бортниктің, Рүстем Нұрпейісовтің, Юлия Энгельдің кандидатурасын ұсынып отырмын», – деді Палата Төрағасы Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ мәжілісмендер Швейцариямен бағалы металдардан жасалған бұйымдарға сынамалық талдау таңбасын тану жөніндегі және Қытай Халық Республикасымен азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады.

Қазақы ит тұқымын сақтау және көбейту мәселелері бойынша депутаттар бастамашы болған түзетулер де мақұлданып, Сенаттың қарауына жолданды. Мақсаты – осы саладағы қызметті жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздерін құру.

«Қазақтың ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мақсатында құрылатын уәкілетті органның мамандандырылған ұйымы жанындағы қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығына маңызды рөл беріліп отыр. Орталықтың негізгі құзыретіне бірыңғай асыл тұқымды кітап жүргізу, қазақы ит тұқымдарының стандарттарын әзірлеу және басқа да міндеттер кіреді», – деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Әмірхан Рақымжанов.

Экологиялық құқық бұзушылықтарға жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша Қылмыстық және Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстерге енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар да екінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген.

«Қазақстанның ұлттық парктері мен басқа да табиғи байлықтарын қорғау, осы салада құқық бұзушылық жасаған азаматтарды қылмыстық қудалауды қатаңдату» міндеті қойылды. Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар екінші оқылымға Мемлекет басшысының вандализм көріністері, қоғамдық және жеке мүлікті бүлдіргені үшін жауаптылықты қатаңдату туралы тапсырмасын орындауға бағытталған түзетулер енгізді», – деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі Ғалымжан Елеуов.

Көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері туралы заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер қаралып, «Өсімдіктер дүниесі туралы» және «Агломерцияларды дамыту туралы» заң жобалары да екінші оқылымда мақұлданды.  

Сонымен қатар жалпы отырыста депутаттар төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі шарттар туралы ратификациялық келісімді жұмысқа қабылдады.

 Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-04. Суреттерді түсірген Ж. Жұмабеков.

 


Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan