Ел өңірлерін аралап, отандастармен кездесу қызу жалғасуда. Respublica Partiyasy әріптестеріммен бірге Маңғыстау облысында болып қайттық Динара Наумова.
Ауыл тұрғындарымен кездесіп, өңірдегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысымен таныстым, әлеуметтік саланың, медициналық қызмет көрсетудің және кәсіпкерлікті дамытудың өткір мәселелерін талқыладық.
Маңғыстау облысындағы жалғыз ірі "Ақтау Агро" құс фабрикасының жағдайымен таныстым. Бірнеше жыл бұрын жоба "Аграрлық несие корпорациясының" қаржыландыруы мен инвестордың қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқандығы бүкіл елге жарияланған болатын. "Ақтау Агро" ЖШС инвестициялық жобасы Маңғыстау облысындағы ет бағытындағы ең ауқымды және бірегей өндіріс орны болуы тиіс еді, оның қуаттылығы жылына 5 мың тоннаға жуық тауық етін құрайды, бұл өз кезегінде өңірдің импортқа тәуелділігін екі есе қысқартуға ықпал етуі тиіс еді.
Алайда, кәсіпорын қазіргі таңда жабылуға таяу қалған. Басшылығы бүгінде өндірісті қолдау үшін өнімді сату мен айналым қаражатын алуда күрделі қиындықтарға тап болып отырғанын баяндады. Мәселені жеке бақылауыма алдым.
Бұдан басқа, Мұнайлы ауданындағы құрама жем зауытының қызметімен танысып, Түпқараған ауданының Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, мұң-мұқтажын назарға алдым.
Сонымен қатар, балық шаруашылығындағы мәселелерді талқыладық. Бизнес өкілдерімен кездесіп, АӨК субсидиялау мәселелерін, агронесиені бөлу кезінде өңірлердің әртүрлі климаттық жағдайлары мен ерекшеліктерін ескерудің маңыздылығын, барлық өңірлер үшін ортақ ереже емес, өңірдің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, субсидиялау үшін жекелеген регламенттерді әзірлеу мүмкіндіктерін қарастырдық.
"Құрық" транзиттік бекетінің қызметімен танысып, жалпы өңірдегі өршіп тұрған бірқатар мәселені үкімет деңгейінде көтеру үшін анықтап қайттым.