Ходжаназаров
Айдарбек
Асанұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
МӘЖІЛІСМЕНДЕР ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ФИТОСАНИТАРИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

2023 жылғы 6 қарашада С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінің базасында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитеті ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздік мәселелері бойынша көшпелі отырыс өткізді.

Жиынға ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, ғылым және жоғары білім, сауда және интеграция министрліктері, облыстардың әкімдіктері, ветеринария, өсімдіктерді қорғау және карантин саласындағы ғылыми-зерттеу ұйымдары, аграрлық университеттер, Орта Азия бойынша Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының өкілдері, сарапшылар мен ауылшаруашылығы тауар өндірушілері қатысты.

Жиынды бастамас бұрын депутаттар Қазақстан-Қытай биогиялық қауіпсіздік жөніндегі зертханасының жұмысымен танысты, бұл зертхана екі елдің өзара мүддесіне өкілдік ететін, жануарлардың жұқпалы ауруларын зерттеу және диагностикалау мақсатында құрылған. Қауіпсіздікті сақтау бойынша Қытай стандарттары әлемдегі жоғары стандарттардың бірі, мысалы, тамақ өнімдерінде генетикалық түрлендірілген ағзалардың барын анықтау жүзден аса көрсеткіш бойынша жүзеге асырылады, ал біздегі тексеру 15 көрсеткіш бойынша жүргізіледі (Ресейде 2019 жылы 18 көрсеткіш болған). Осындай деңгейдегі зертханалар фермерлерге уақыт пен қаржылық шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді және отандық тауарлар экспортын ұлғайтуға ықпал етеді.  

Мәжілісмен Айдарбек Қожаназаров ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздік мәселесі ел үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті.

– Біздің мақсатымыз-Ветеринариялық медицина мен фитосанитарияның өзекті мәселелерін талқылау, сондай-ақ оларды шешу жолдарын іздеу мақсатында диалог алаңын құру. Біз Министрлікке заңнамалық, бюджеттік, ғылыми және кадрлық тұрғыдан көмек көрсетуге тиіспіз. Бүгінгі таңда әртүрлі ауыл шаруашылығы жануарларының 19 аса қауіпті аурулары бойынша 183 қолайсыз пункт тіркелгенін білеміз. Оның 129-о сауықтыру шаралары толығымен аяқталды. Дегенмен, вакциналарды уақтылы сатып алмау және беру, сондай-ақ оларды тасымалдау шарттарының бұзылуымен жыл сайынғы проблемалар бар. Менің ойымша, ветеринариялық препараттарды сатып алу бойынша ұзақ мерзімді шарттар жасасу нұсқасын қарастыру қажет, – деп бөлісті Айдарбек Қожаназаров.

Сонымен қатар, іс-шараны өткізудегі жаңашылдықтың бірі –жасанды интеллект технологиясын пайдалану болды, оның көмегімен депутат А.А. Қожаназаров айтқан бір жиынтық баяндамаға алдын ала мәлімделген баяндамалар өңделді. Нәтижесінде, 7 баяндаманы тыңдауға бөлінген 1,5 сағаттың орнына уақыт сұрақ-жауап пен жарыссөзде сөйлеу үшін тиімді пайдаланылды.

Отырыс барысында ветеринариялық және фитосанитариялық қызметтерді реформалау, жүйелерді цифрландыру және мамандар үшін мобильдік қосымшаларды енгізу, отандық вакциналар мен дәрілік препараттарды әзірлеу және пайдалану, материалдық-техникалық жарақтандыру, жеке ветеринариялық практика, ғылымды дамыту және сала үшін маман дайындау, тамақ өнімдері, соның ішінде импортталатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау  мәселелері талқыланды.

Жиын қорытындысы бойынша Үкіметке тиісті ұсынымдар жіберілетін болады.