Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә.А. Смайыловқа
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Әлихан Асханұлы!
Отандастарымыз бір елдің азаматы бола тұра өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған игіліктерді әртүрлі деңгейде алады. Мысалы, елорданың бір тұрғыны жылына орта есеппен 600 мың теңге, Шымкент тұрғыны 470 мың теңге алса, айталық Шығыс Қазақстан облысындағы ауыл тұрғыны мың теңге ғана алады екен.
Осы орайда ауыл тұрғынының мүмкіндігі қала тұрғынынан неге бірнеше есе аз деген орынды сұрақ туындайды. Бұл жағдай өз алдына қала мен ауыл арасындағы дисбаланстың, төтеп келгенде теңсіздіктің жылдам өсіп келе жатқанының айқын көрінісі.
Оның салдары денсаулық сақтау, білім беру, су, жарық, жылу секілді инжинерлік жүйелердің жұмысына әсер етіп, айналып келгенде АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ өмір сүру ұзақтығына әсер етуі мүмкін.
Ауыл – халқымыздың алтын бесігі, құты қонған қара шаңырағы. Ондағы мәселелерді кенже қалдыру елдігімізге сын. «Respublica» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында ауылды дамыту мәселесіне ерекше мән бергенін жақсы білесіздер. Осы орайда, кезек күттірмейтін бірқатар мәселені назарыңызға ұсынғамыз келеді.
Бірінші мәселе – ауылдағы білім мәселесі. PISA халықаралық зерттеулерінің деректері бойынша 2018 жылы ауыл және қала оқушыларының нәтижелері арасындағы алшақтық 37 баллды құрады. ҰБТ-ның 2022 жылғы қорытындысы бойынша 100-ден жоғары баллды қала түлектерінің 10,6%-ы алса, ауыл түлектерінің арасындағы бұл көрсеткіш 6,3%-ы ғана құраған.
Мәселеге көз жұмып қарауға болмайтыны айдан анық. Бұл орайда жаңа бағдарлама ұйымдастырып, уақыт жоғалтудың қажеті шамалы. Бүгінде жемісті жұмыс жасап, нәтижелерімен қуантып отырған бірқатар жобалар бар. Тек соларға қолдау көрсету керек.
Бұл орайда «Aitas» ауыл шаруашылығы компаниясының қолдауымен «НЗМ» ДББҰ жүзеге асырып отырған «Powered by NIS ауылдық мектебі» тұрақты білім беруді дамыту қорының жобасын айтуға болады. Жобаға «Қазақстан халқына» қоры да ат салысып келеді қазір. Бастама нәтижесінде 13,7 мыңнан астам ауылдық жерлердегі оқушыларымыз сапалы білім алуға қол жеткізді.
Мемлекет те жобаның тиімділігін арттыру үшін осы бағдарламаға жан-жақты қолдау механизмдерін қарастыруы керек деп есептейміз. Бірақ, бұл қолдау аясы тек мемлекеттік механизмдермен шектелмеуі тиіс.
Қазақта ауылын көріп азаматын таны деген даналық сөз бар. Бұл сөз аяғында нық тұрған әр азаматтың мойынында парыздың бар екенін көрсетеді.
Біз, «Respublica» партиясы, бизнесті ауыл мектептеріндегі білімге инвестиция салуға шақырамыз. Құрметті кәсіпкерлер! Күш-жігерімізді біріктіріп, биылғы жылдың соңына дейін тағы 111 ауылдық мектепті осы бағдарламамен қамтуға атсалысайық. Республика партиясы «Білім беру саласын тұрақты дамыту қорымен» серіктес болуға дайын. Сіздерді қатарымызға қосылуға шақырамыз. Бұл біздің ортақ азаматтық борышымыз.
Екінші мәселе – ауылдағы медицина мәселесі. Біз бәріміз заңды жұмыс істейтіндіктен міндетті әлеуметтік сақтандыру салығын төлейміз. Тек 2022 жылдың өзінде Сақтандыру қорына 1 триллион теңгеден астам қаржы жинақталған. Осы қаржының 35 пайызын ауылдық жерлерде тұратын, ұзын саны 2,3 миллион отандасымыз төлеген.
Салық төлеген соң заң бойынша тұтынушылардың уақтылы және сапалы медициналық көмек алуға құқығы бар. Бірақ ауыл тұрғындары бұған қол жеткізіп отыр ма? Жауабы айтпаса да белгілі деп ойлаймын.
Егер мемлекет ауылда медициналық қызмет алу үшін жағдай жасай алмаса, онда ауыл тұрғындары бұл салықты не үшін төлеп отыр? Бұл жарығы жоқ үй иесі электор қуаты үшін ақша төлегені секілді ақылға сиымсыз дүние емес пе?
Үшінші мәселе – «Ауылдағы өмір стандарттары». Қазір әлеуметтік желі беттерінде көркейген ауылдар туралы бейнероликтерді кездестіруге болады. Мұндай роликтер жүздеген мың қаралымға ие. Қараған адамның көзі тойып, көңілі марқаяды. Бассейіндер, балалар орталықтары, балабақшалар, жарық тартылған көшелер бәрі бар.
Дегенмен, бұл біз сәт сайын ғана көріп, көрген сайын таң қалатын емес, барлық ауылдарға тән қалыпты жағдайға айналуы тиіс. Қазір ауыл шаруашылығы кәсіпорындары өз қызметкерлері үшін үйлерді өздері салуда. Себебі қанша уақыттан бері тұрғын үй құрылысын дамыту үшін бюджеттен қаржыланатын «Отбасы» банк бағдарламалары негізінен қалаға бейімделген. Ауылдың күйі, айтпаса да белгілі.
Құрметті Әлихан Асханұлы жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, олардың оң шешімін табу мақсатында «Respublica» партиясы назарыңызға келесі ұсыныстарды жолдайды:
Біріншіден «Powered by NIS ауылдық мектебі» жобасын жүйелі негізде қаржыландыру механизмдерін ойластырыған абзал;
Екіншіден Денсаулық сақтау министрлігі Сақтандыру қорымен бірге ауыл тұрғындарына мобильді медициналық қызмет көрсетуді қаржыландыру жөніндегі бағдарламаны әзірлеу кезек күттірмейтін мәселе. Сонымен қатар жеке бизнесті ауылдық жерлерде жұмыс істеуге қызықтыру үшін оған жоғары тариф енгізуді ұтымды механизм деп білеміз.
Үшіншіден «Отбасы» банк арқылы ауылдық жерлерде тұрғын үйлер салуға агробизнесті несиелеу бағдарламасын жүзеге асыру – ауылдарды дамытуға зор үлес қосады деп сенеміз.
Депутаттық сауалды қарап, қабылданған шаралар туралы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген тәртіппен жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен,
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің депутаттары,
«Respublica» партиясы
Фракциясының мүшелері А. Ходжаназаров
Р. Берденов
О. Құспеков
Н. Тау
Д. Шүкіжанова
Д. Наумова
«Қазақстан халық партиясы»
Фракциясының мүшесі И. Смирнова
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің депутаты Д. Қасқарауов