Ходжаназаров
Айдарбек
Асанұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Ә.А. Смайыловқа

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Қазақта судың да сұрауы бар деген сөз бар. Осы судың сұрауын сұрау үшін кімге сауал жолдайтынымызды ұзақ ойладық.

Ең сорақысы сол, Су мәселесі бойынша міндеттер мен жауапкершілік экология, энергетика, ауыл шаруашылығы, индустрия министрліктері мен барлық облыс әкімдіктері арасында жеке-жеке бөлініп кеткен. Олардың арасында бір жүйелі байланыс жоқ. Қазақша айтатын болсақ, қойшы көп болса, қой арам өледінің кебін киіп отырмыз.

Алысқа бармай-ақ қоялық. Басты ордамыз Астананың өзінде осы мәселе шиеленісіп, жергілікті тұрғындардың ызасын тудырып отыр. Ал ауылдың күйі қандай, сонда?

Биылғы жаз аптап ыстықпен басталуда. Бүгіннің өзінде  еліміздің солтүстік өңірлеріндегі ауа температурасы 48 градусқа дейін жетті.

Бірқатар ауданда ылғал тапшылығы бар, ал фермерлер қуаңшылыққа байланысты сақтандыру жағдайын рәсімдеді.

Суармалы егіншілік те оңып тұрған жоқ. Елімізде ағынды суларының төмендеуімен қатар суды тасымалдау кезіндегі шығын да өсіп жатыр. Оған арықтар мен каналдардың тозуы және олардың сапасыз салынуы басты себеп. 

Елдегі 100 км3 жылдық су ағынының 56%-ы елден тыс жерде қалыптасады. Демек, су мәселесінде біз көршілерімізге тәуелдіміз.

Осындай жағдайда Қазақстанның суармалы суының жартысы су тұтынушыларға дейін жетпей, «құмға сіңіп» кетіп жатыр. Қазір бізге  сарапшылардың бағалауы бойынша 7 км3 дейін суармалы су жетіспейді.

Қазсушаруашылығында осы мақсатқа жыл сайын 98 млрд теңге бөлінеді. Ал бір ғана Түркістан облысында 300 млрд-тан астам теңгені қажет ететін жобалар кезегін күтуде.  Концепциялар мен жоспарлар қаржы жағынан бекітілмеген, бұл жобалар жылдап қағаз күйінде қалып кетеді.

Су мәселесінде бәрін бірден шешуге болмайтыны түсінікті. Бұл жағдайда «тар өткелдерді» іздеп, ең басым міндеттерді шешу керек. Бірақ бізде су ресурстарын есепке алу, шығындарды талдау, өзекті деректерді саралаудың бірыңғай жүйесі жоқ.

Бұл- салғырт қарап,  елеусіз қаладыратын мәселе емес. Таразының бір басында еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі ауылдық жерлерде тұратын 4,5 миллион отандасымыздың мүддесіне тікелей әсер ететін мәселе тұрғанын ұмытуға болмайды.

Ауыр жағдайды болдырмас үшін келесі ұсыныстарды жеткізгіміз келеді:

Біріншіден: цифрландыру құралдары арқылы су ресурстарының бірыңғай есебін жолға қою. Бұл туралы көп айтылады, бірақ ілгерілеу тым баяу.

Екіншіден:  Бірыңғай мемлекеттік органға су ресурстары үшін жауапкершілікті белгілеу. Су жайында деректерді иеленетін, су ресурстарын басқаратын және оларды тиімді пайдалану саясатын кемінде 30-50 жылға көздей отырып жүргізетін агенттікті құру керек.

Үшіншіден: Австралияның тәжірибесін негізге ала отырып, су пайдаланушыларды суды үнемді пайдалануға ынталандыру әдістерін қолдануды ұсынамыз.

Төртіншіден: Гидротехникалық құрылыстардың жобалық-сметалық құжаттамасын экономикалық тиімділікке және құрылыс құнын есептеудің дұрыстығына тексеру маңызды. Бірақ оны кім тексереді? Қазір салада маман мүлдем жоқ. Гидрогеологтар мен гидроинженерлерді мүлдем даярламаймыз.

Сонымен қатар келесі сұрақтарға жауап берулеріңізді сұраймыз:

ҚазСушар халықаралық қаржы институттарынан 114 млрд теңге несие алғаны белгілі. Бұл қаржы су саласындағы инфрақұрылымдарды жаңарту мен салу үшін жұмсалуы тиіс болған. Аталған қыруар қаржы қайда жұмсалды? Мақсатты қолданылған жобалардың қазіргі жағдай қандай? 

Ұлттық қордан жобаларды қаржыландырудың принциптері қандай? Ұлттық қордың жедел тапсырмаларға жұмсалатын шығындарды тоқтатып, оның орнына қаржыны Қазақстанның су қауіпсіздігі мәселелерін шешуге бағыттауға бола ма?

Су ресурс емес, ол біздің еліміздің байлығы! Бұл ұлттық таным-түсінікке айналуы тиіс! Сонда ғана оның қадіріне жетіп, оны дұрыс пайдалану керек екенін түсінетін боламыз.

Депутаттық сауалды қарап, қабылданған шаралар туралы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген тәртіппен жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен,

Қазақстан Республикасы

Парламенті Мәжілісінің депутаттары,

«Respublica» партиясы

Фракциясының мүшелері                                         А. Қожаназаров

Р. Берденов

О. Құспеков

Н. Тау

Д. Шүкіжанова

Д. Наумова

«AMANAT» партиясы

Фракциясының мүшелері                                          Н. Әшімбетов

                                                                                                  Қ. Әлішев

                                                                                                  П. Казанцев

«Қазақстан халық партиясы»

Фракциясының мүшесі                                               И. Смирнова

«Ауыл» партиясы

Фракциясының мүшелері                                          С. Егізбаев

                                                                                          А. Зейнуллин