Дементьева
Наталья
Григорьевна

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Ауыл тұрмысын жақсарту үшін

2025 жылғы 2 маусым                                                            Ақмола облысы

Депутат Н.Дементьева әріптестерімен бірге Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Е.Қошановтың төрағалығымен өткен ауылдық жерлерді кешенді дамытуға бағытталған «Esen Foundation» қорының «Baquatty audan» пилоттық жобасын жүзеге асыру бойынша жиынға қатысты.  

«AMANAT» партиясы ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға бағытталған жаңа пилоттық жобаны іске қосқанын атап өту қажет. Іс-шара Ақмол ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген мектеп-гимназия қабырғасында ұйымдастырылды.

«AMANAT» партиясының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, кеңеске Ақмола облысының әкімі М.Ахметжанов, Мәжіліс депутаттары, салалық министрліктер мен өңір жұртшылығының өкілдері қатысты. Целиноград ауданында «AMANAT» партиясы «Esen Foundation» қорымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Baquatty audan» пилоттық жобасы қала мен ауыл арасындағы әлеуметтік алшақтықты жоюға бағдарланған. Яғни білім беру, денсаулық сақтау салаларын жаңғырту және инклюзивті ортаны дамыту мәселесіне баса назар аударылуда. Бұл шара мектеп қабырғасынан бастап ауылдағы адами капитал сапасын арттыруға және тұрғылықты жеріне қарамастан барша азаматқа тең жағдай жасауға мүмкіндік береді.

«AMANAT» партиясының Төрағасы Е.Қошанов аталған бастама Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев ұстанған саясатты жүзеге асырудың жарқын көрінісі екенін атап өтті. Президент ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту және әлеуметтік әділдік орнату мәселесіне баса мән береді. Бүгінде Қазақстанда 7,6 миллион азамат ауылдық жерде өмір сүреді. Олардың тұрмыс сапасы заман талабына сай болуы қажет.

«Esen Foundation» қорының сарапшылары «Baquatty audan» жобасының қазіргі нәтижесі туралы баяндап берді. Ауылдық педагогикалық академия құрылып, соның шеңберінде 1000-нан астам мұғалім кәсіби қоғамдастыққа бірікті. Олар салалық сессияларға қатысып, әдістемелерімен және тәжірибелерімен бөлісуде. Қосымша білім беру жүйесін дамыту аясында Талапкер және Қызылжар ауылдарында ашылған 5 Sandyq орталықтары арқылы балаларды мектептен тыс сабақтармен қамту көрсеткіші 83%-ға жетті. Ал ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қолдау көрсету мақсатында қазіргі заманғы стандарттарға сай жабдықталған инклюзивті білім беру кабинеттері ашылды. Денсаулық сақтау саласында 300-ден астам медицина қызметкері, соның ішінде дәрігерлер, медбикелер және медициналық ұйымдардың басшылары оқытылды.

«AMANAT» партиясының ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту және ауылдық жерлерді орнықты дамыту бағытында қолға алып жатқан жобалары азаматтардың кең қолдауына ие болып, ел аумағында қарқынды жүзеге асырылуда. Мысалы, «Жер аманаты» жобасы аясында пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген 12 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында соңғы екі жылда 16 мыңға жуық шағын несие беріліп, 18 мың жұмыс орны құрылды. Ал «Қарызсыз қоғам» жобасы азаматтардың қаржылық сауатын арттырып, борыш жүктемесін азайтуға ықпал етуде. 2025 жылы осы жоба аясында 1 миллион адамды қамту көзделіп отыр.

Кеңес қорытындысы бойынша «Baquatty audan» пилоттық жобасын өзге де партиялық жобалармен үйлестіру туралы шешім қабылданды. Бұл қадам аталған жобамен қамтылған ауылдарды орнықты және кешенді дамытуға мүмкіндік береді.

Н.Дементьеваның пікірінше, осы пилоттық жоба ең маңызды әлеуметтік салаларды – денсаулық сақтауды, білім беруді және инклюзивті дамытуға бағытталған. Осы бағдарлардың оң динамикасына ықпал ету ауданды басқа деңгейге көтеруге мүмкіндік туғызады, бұл жақсы нәтиже беріп, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға әсер етеді.