БАР ӨНІМІНЕН АЙРЫЛҒАН ШАРУАЛАР МӘСЕЛЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА БОЛАДЫ - “Ақ жол”
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі Қазыбек Иса Түркістан облысы Жетісай ауданы шаруаларымен кездесті.
Онда ол таяуда табиғи апаттан зардап шеккен Қызылқұм және Ш. Ділдабеков атындағы ауыл округтары шаруаларының жағдайымен танысты.
Айта кетейік, аудан шаруалары 80 мың га жуық жерге мақта, бақша, көкөніс т.б. дақылдарын егіп, күн көріп келген. Биыл аталмыш екі шаруашылықтың 1000 га жерін бұршақ ұрып, сатуға дайын тұрған өнімді тып-типыл еткен.
178 шаруа қожалықтары, бұлар 803 адам шамамен 178 млн. теңге шығынға батқан. Әзірге облыстық, республикалық бюджеттен қосымша қаражат қарастырылмаған. Бюджет кодексінде табиғи апатқа көмек беру туралы ешқандай бап жоқ дейді. Өңірде осыдан 20 жыл бұрын селдің салдарынан шаруалар шығынға батқан болатын. Ол кезде республикалық бюджеттен көмек берілген екен.

