Әбдіров
Нұрлан
Мәжитұлы

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің Төрағасы

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.М.Әбдіровтің (Түрік дүниесі қарым-қатынастарындағы жаңа қадам: Нахчыван Рухы) симпозиумында сөйлеген сөзі (2010 жылы 2 сәуір Түрік Республикасы, Анкара қаласы)

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.М.Әбдіровтің «Түрік дүниесі қарым-қатынастарындағы жаңа қадам: Нахчыван Рухы» симпозиумында сөйлеген сөзі (2010 жылы 2 сәуір Түрік Республикасы, Анкара қаласы)

Құрметті төраға!

Қадірменді симпозиумға қатысушылар!

Қазақстан делегациясы атынан сіздерді бүгінгі симпозиум жұмысының басталуымен құттықтаймын.

Былтыр, 2009 жылы Әзірбайжанның Нахчыван қаласында Түркі тілді мемлекеттер басшылары тарапынан қол қойылған құжат бүгінде тарихи мәнге ие болуда. Түркі әлемі үшін тарихи маңызы ерекше бұл келісімнің әсері мен ықпалы жыл өткен сайын арта түседі деп сенемін. Бүгінгі симпозиумның осы келісімге арналып отыруы да сөзіміздің айғағы. Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бері түркі әлемі мен Еуразияда ынтымақтастық пен интеграциялардың белсенді бастамашысы болып келеді. Мұнда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерекше зор.

Қазақстан Президенті Н. Назарбаев 2006 жылы Анталия қаласында өткен түркі тілді мемлекет басшыларының кезекті саммитінде, түркі тілді мемлекеттер Парламенттер Ассамблеясы мен Түркі әлемі Ақсақалдар алқасын құру туралы бастама көтерді. Осы құрылымдар мен Нахчыванда тағы да Елбасы Назарбаевтың бастамасымен негізі қаланған Түркі тілді мемлекеттердің Кеңесі бүгінгі мәжілісімізге өзек болуда. Мен Қазақстан Парламентінің депутаты ретінде Түркі тілді мемлекет Парламенттер Ассамблеясына ерекше тоқталғым келеді.

Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған бұл маңызды құрылым бүгінде жемісті қызмет атқаруда. Біздің елдердің Парламенттері арасында ынтымақтастық тереңдей түсуде. Сонымен қатар, таяуда Астанада Түркі әлемінің Академиясы және Ақсақалдар алқасы құрылады.

Міне, осының бәрі Қазақстан тарапының Нахчыван келісіміне бастамашы ғана емес, оның табанды түрде жүзеге асырушылардың бірі екенін айғақтайды. Биыл түркі тілді мемлекеттер үшін аса маңызды жыл. Қазақстан Еуропада қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуде. Түркия Қазақстанның бастамасымен құрылған Азиядағы өзара ықпалдастық шаралары мәслихатына жетекшілік жасайды. Түркия Еуропа одағы Парламенттер Ассамблеясына төрағалық етуде. Сондай-ақ, Қазақстан Түркияның ұсынысымен Ислам Конференциясы Ұйымына басшылық етуге әзірленуде.

Осы маңызды, тарихи мәні зор, беделді ұйымдарға жетекшілік ету барысында түркі тілді мемлекеттердің өзара ықпалдастығы мен бірін-бірі қолдауы Нахчывандағы Келісімнің өміршеңдігін арттыра түседі деп ойлаймын.

Бұл-біздің баршамызға үлкен жауапкершілікті жүктейді.

Мен бүгінгі симпозиум жұмысына сәттілік тілей отырып, баршаңызды осындай мәртебелі, нақты шараларды қолдауға шақырамын.

Сөзімнің соңында, Нахчыван келісімін талқылауға бағытталған бүгінгі симпозиумның ұйымдастырушыларына Қазақстан делегациясы атынан алғыс айтамын. Осы тәрізді шаралардың көптеп ұйымдастырылуын тілеймін.