Әбдіров
Нұрлан
Мәжитұлы

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің Төрағасы

Депутатқа хат
«Жергілікті полиция қызметінің қалыптасу барысы және оның қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз етудегі, сондай-ақ құқық бұзушылықтар профилактикасындағы қызметінің алғашқы нәтижелері туралы» тақырыбындағы Үкімет сағатына қосымша баянд

Құрметті Владимир Карпович!

Құрметті әріптестер!

Бүгінгі үкімет сағаты тақырыбының маңыздылығы мен өзектілігі осында жиналған қауымның ішінде ешкімнің де күмәнін туғызбайтынына сенімдімін.

Бұл ретте, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті жергілікті полиция қызметін құру - жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының реформасын одан әрі ілгерілетудегі кезекті қадамы деп тану керектігіне сіздердің назарларыңызды аударып отыр. Бұл өте маңызды мәселе.

Елбасының күнделікті өмірде қарапайым адамдардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге бағдарланған, халыққа қызмет ететін полицияны -  тұжырымдамалық жаңа үлгідегі  полицияны құру туралы идеясын  іске асыру жөнінде сөз болып отыр. Мұндай полиция Қазақстанда бұрын-сонды болмаған.

Парламентті, Ішкі істер министрлігін,  жергілікті атқарушы органдарды, мәслихаттар мен Қоғамдық кеңестерді қоса алғанда, біздің барлығымыз үшін осындай ұғым маңызды болуға тиіс.

Сондықтан да Комитеттің қосымша баяндамасы  осы ұстанымда жасалды.

Бүгінгі талқылауға Ішкі істер министрлігінің өкілдерімен және  жергілікті полиция басшыларымен қатар, мәслихаттар хатшыларының,  әкімдер орынбасарларының, бірқатар өңірлердің – Қарағанды, Ақмола, Жамбыл облыстары мен Астана қаласының Қоғамдық кеңестер өкілдерінің де  шақырылуы кездейсоқтық емес. Онсыз бүгінгі талқылау  толыққанды болмайды.

Соңғы бірнеше жыл ішінде жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына орталық атқарушы органдардың 200-ден астам функциясы берілгенін; жергілікті деңгейде салықтық база кеңейтілгенін; жергілікті өзін-өзі басқарудың  дербес бюджетін  қалыптастыруда  жұмыстар жүргізіліп жатқанын; аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер мен ауылдар  әкімдерін сайлау тәртібінің өзгертілгенін және басқа да өзгерістер болғанын  атап өткен жөн. Өткен жылы  ел Президентінің  Ұлт Жоспары «100 нақты қадам» шеңберінде,  Қазақстанда тұңғыш рет «Қоғамдық кеңестер туралы» және «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңдар қабылданды. Республикада жаңа институт – жергілікті полиция қызметін құру мәселелерін осы тұрғыдан қарастыруымыз керек.

Мұндай түсінік - осы институтты құруға және дамытуға  жергілікті қоғамдастықтың өзін тартуға,  жергілікті полицияға жүктелетін барлық маңызды, қоғамдық мәні бар міндеттерді  тиімді шешуге мүмкіндік беретін  қажетті параметрлер  белгілеуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының  жергілікті полиция қызметінің  мақсаты туралы болжамы  2015 жылғы 5 мамырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылды. Бұл қызмет  қоғамдық тәртіпті қорғауға, тұрмыстық қылмысқа қарсы іс-қимыл жасауға және жол-патрульдік қызметтің жұмысына жауап беруге тиіс;  жергілікті қоғамдастықпен тығыз ынтымақтаса отырып  ұсақ құқық бұзушылықтарға «нөлдік» төзімділік режимін  қамтамасыз етуі және жергілікті қоғамдастыққа есеп беруі тиіс. Елдің басты стратегиялық құжаттарының бірі – Президенттің Ұлт Жоспарының 30-шы қадамының негізінде  осы түбегейлі идея жатыр.

Өткен жылы Парламент осы Жоспарды іске асыру мақсатында  жергілікті полиция қызметінің жұмысы  мәселелері жөніндегі заңды қабылдады.  Заңды қабылдау барысында қызу пікірталас орын алды.  Бұған  ғалымдар, практик-заңгерлер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері атсалысты. Заңның жаңашылдықтарын қайталағым келмейді,  ол жөнінде  жаңа айтылып өтті.  Ұлт Жоспарының нақты қадамында айтылған идеологияны іске асыру  бойынша  жұмыстардың қаншалықты дұрыс ұйымдастырылғанын уақыт көрсетеді және оған  қоғам тиісінше баға береді.

Біздің Комитет жергілікті полиция қалыптасуының осы кезеңінде  оның дамуына дұрыс бағыт беріп көмектесу жөн болады деп шешті. Өйткені 25 мыңнан астам жергілікті полиция қызметкері  күн сайын қызмет атқарады. Елдегі азаматтардың тыныштығы мен амандығы солардың жұмыс сапасына байланысты болады. Әрине бұл іс қазақстандық практика үшін жаңа болғанымен, биліктің қызметіне полицияның жұмысына қарап  баға берілетініне ешкім  дау айта қоймайды деп ойлаймын. Өйткені полицияның қызметі әрдайым жұрттың көз алдында. Егер статистикаға көз жүгіртер болсақ, онда жергілікті полиция жұмысының үлесіне  барлық анықталған бұзушылықтардың басым бөлігі тиесілі екенін көреміз. Ішкі істер министрлігінің деректері бойынша, ағымдағы жылда бар болғаны 4 айдың ішінде  қызметкерлер  шамамен 1 млн. әкімшілік құқық бұзушылықты анықтағанын айтудың өзі жеткілікті, бұл  барлық осындай құқық бұзушылықтар санының  70 пайыздан астамын құрайды.

Болашаққа көз жүгіртер болсақ, әріптестеріме осы жылғы жергілікті полиция жұмысының  қорытындылары бойынша бұл мәселені қарауға оралуды ұсынғым келеді. Сол кезде біз жергілікті полицияның қалыптасу кезеңінің  тиімділігін бағалай аламыз.

Қазір Комитет Ұлт Жоспарының екінші бағыты «Заң үстемдігін қамтамасыз етуді» іске асыру үшін қабылданған заңдарға  құқықтық мониторингті  тұрақты негізде жүргізуде. Жергілікті жерлердегі нақты жағдайды білместен, мұндай мониторингті жүргізуге болмайды.

Сондықтан да  Комитет нысаналы тәртіппен Қарағанды облысына барды.  Біз алдын ала Астана, Алматы қалаларындағы, Ақмола, Павлодар облыстарындағы және басқа да өңірлердегі  жергілікті полицияның жұмыс практикасын зерделедік.  Содан кейін осы сапар барысында олардың бірінші басшыларымен  кездестік.

Комитет депутаттары,  «Нұр Отан» партиясының жанындағы  Құқықтық кеңестің мүшелері, жұртшылық өкілдері облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасы мен патрульдік-бекеттік қызмет полкіне барумен ғана шектелген жоқ. Ең алдымен, қызметтің төменгі буындарына, атап айтқанда Қарағанды және Теміртау қалаларындағы полицияның тірек пункттеріне барды. Құқық бұзушылықтардың профилактикасы жүйесіндегі шешуші буын – учаскелік инспекторлармен кездесті. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі, жол-патрульдік қызметтің мамандандырылған  бөлімшелерінің жұмысымен танысты. Тұрғындармен әңгімелесті.

Осы сапарды қорыта келе,  Қарағанды Б. Бейсенов атындағы  ІІМ Академиясының алаңында  тақырып  нысаналы түрде талқыланды. Тарату материалында осы дөңгелек үстел материалдары қамтылған  жеке брошюра бар.

 Тікелей байланыс жасау және мәселені зерделеу  бірнеше алдын ала тұжырым жасауға мүмкіндік берді.

Бірінші тұжырым.

Қатардағы қызметкерлермен қоса, олардың басшыларының да  заңмен алға қойылған мәндеттердің мәнін жеткілікті түрде түсінбеуі.

Бұл, ең алдымен, құқық бұзушылықтар профилактикасының рөлін төмендетуден көрінеді,  аталған заңда осы мәселе жергілікті полиция қызметінің алдына қойылған бірінші кезектегі  міндеттер деп айқындалған. Ұялы телефондарды ұрлағаны үшін бас бостандығынан  айыру жазасын азайтқан (полициялардың сөздері бойынша) сотқа  жергілікті полиция тарапынан  наразылықтардың жиі айтылуын осымен түсіндіруге болады. Егер барлық полиция жүйесі бұрынғыша  «ұстап алу және қамау»  қағидаты бойынша жұмысты жалғастыратын болса не болады?  Онда біз нақты профилактикаға  тіпті кіріспейміз де.

Қазақстанның қазіргі кезде  Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымдары елдерінің  даму қағидаты мен тәжірибесін  негізге алғанын ұмытуға болмайды. Мұнда құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділікке» олардың  алдын алу есебінен қол жеткізіледі. Және де бұл  адамды темір торға қамағанға қарағанда күрделірек. Өйткені бұл істе мемлекет пен қоғам тарапынан  белгілі бір күш-жігер,  субъектілердің кең аясының қатысуымен жүйелі шаралар қабылдау талап етіледі. Жергілікті полицияның осы жүйені қалыптастыруы және  онда  шешуші рөл атқаруы тиіс. Сонда ғана нақты нәтижеге қол жеткізе аламыз. Бұдан бүкіл қоғам пайда көреді.

Жақын болашақта жоғарыда аталған проблемаларды шешудің кілті -  жергілікті полиция қызметі үшін жаңа тәжірибе ескеріле отырып ойластырылған,  шынайы өмірге бейімделген кадрларды даярлау және қайта даярлау жүйесін құру болып табылады.

Екінші тұжырым.

Халықтың полиция қызметінің жүргізіп жатқан реформалары туралы жеткілікті түрде хабардар болмауы.

Бізідің өтінішіміз бойынша «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық саясат институты еліміздің               10 өңірінде сауал жүргізген болатын. Соның нәтижесінде сарапшылар да осындай қорытындыға келді. (Астана, Алматы қалалары, Ақтөбе, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Манғыстау және Қарағанды облыстары). 

Бұл сауалға тілшілер, милиция ардагерлері, жоғарғы оқу орындарының оқытушылары, талдау орталықтарының, үкіметтік емес сектордың талдаушылары, мемлекеттік қызметшілер мен ғалымдар қатысты (барлығы 44 сарапшы).

Олардың пікірі бойынша, қалыптасқан жағдайдың басты себебі, ішкі істер органдары мен жергілікті атқарушы органдарының халықпен түсіндіру жұмысының жүргізілмегендігі көрінеді. Жергілікті полицияның ағымдағы жұмысы бұқаралық ақпарат құралдарында тиісті түрде өз көрінісін таппаған.

Халық, жергілікті билік және полиция арасындағы түбегейлі жаңа қатынастарының мән-мағынасы халыққа түсіндірілмеген. Сондықтан жергілікті полицияның жұмысы әуелі Қазақстанның әрбір тұрғынының нақты қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қажет болған жағдайда, полиция халық үшін не істеп отырғаны туралы жергілікті тұрғындарға есеп беру қажет екенін жеткізуіміз керек.   

Үшінші тұжырым.

Әкімдіктер мен жергілікті полиция арасында кері байланыс жолға қойылмаған.

Мәселен, халықпен тікелей байланыста жұмыс істейтін төменгі полиция қызметтері ақпараттың айтарлықтай көлеміне, оның ішінде құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер және нақты алынған өңірдегі әлеуметтік, экономикалық проблемалардың салдары болып табылатын жағдайлар туралы ақпаратқа ие. Сонымен бірге  бұл ақпарат заңды ықтимал бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі қазіргі заманғы шараларды қабылдау мақсатында жергілікті атқарушы органдардың талдамалық жұмысы үшін қолайлы база болар еді.  Мұндай тәсіл құқық тәртібінің жай-күйіне ықпал етуге мүмкіндік беріп, сондай-ақ жалпы  халықтың билікке және соның ішінде полицияға деген сенімін арттыруға ықпал етер еді.  

Сондықтан жергілікті жерлерде әкімдіктердің  ағымдағы режимде осы жұмыспен айналысқаны дұрыс деп есептейміз. Егер бұған қажеттілік болса, онда бұл жұмысты өздерінің нақты бөлімшелері мен қызметтеріне тапсыруы қажет.

Төртінші тұжырым.

Жергілікті полиция мен халық арасында кері байланыс тиісті түрде әлі жолға қойылмаған.

Жергілікті полиция қызметінің ерекшелігі өз қызметін халықпен нақ тығыз өзара іс-қимылда жүзеге асыуы тиіс полицияның бөлімшесі ретінде ойластырылғанымен тұжырымдалады. Өйткені тыныштық, көшелер мен аулалардағы тәртіп, отбасылық жанжалдар, спирттік ішімдіктерді қатаң белгіленген уақытта сату, кәмелетке толмағандардың бос уақытын өткізуі және басқа да көптеген мәселелер – мұның бәрі жергілікті полицияның қамқорлығындағы сала. Әрине бұл мәселелердің барлығын жергілікті полиция күштері ғана шешетіні туралы сөз болып отырған жоқ. Бұл физикалық тұрғыдан да мүмкін емес. Азаматтардың кез келген шағын құқық бұзушылықтарға төзбеушіліктің мәнін түсінуі  азаматтардың таяу болашақта өздері полицияға көмектесіп, құқық бұзушылықтар туралы хабарлап, олардың жасалуына кедергі келтіретін қажетті талап болуы мүмкін. Себебі бұл – халыққа арналған полиция.

Тұтастай алғанда, артқарушы органдардың, полиция мен қоғамның өзінің бірлескен күш-жігері қажет.

Сонымен бірге, Республиканың түрлі өңірлерінде болған кезімізде тұрғындардың көпшілігі тіпті өзінің учаскелік инспекторын білмейтін  болып шықты. Осы ақпарат көрсетілуі мүмкін жергілікті полиция сайтын барлық азаматтар, әсіресе, егде жастағы адамдар пайдалана бермейді. Ал осы ақпаратты тұрғын үйлердің кіреберістерінде және басқа да қолжетімді жерлерде жаппай орналастыруға болады емес пе. Және бұл айтарлықтай шығынды да қажет етпейді. 

Осылай уақыт өтуде. Учаскелік полиция инспекторларының халықпен заң бойынша 1-тоқсанда өткізуі тиіс тоқсан сайынғы есептік кездесулерін бәрі бірдей өткізбеген.

Бас  прокуратураның ресми мәліметтеріне сүйенсек, онда Ақмола, Атырау, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының жекелеген жергілікті полиция   бөлімшелерінде кейбір учаскелік инспекторлар осындай кездесулерді өткен тоқсанда өткізбеген.

Осылайша, халық жергілікті полиция қызметімен ынтымақтастық және оның қызметін бағалау процесіне толық көлемде тартылмаған.

 Қазақстандықтардың сана-сезіміне олардың өз учаскелік инспекторынан немесе жол-патрульдік полииция қызметкерінен қоғамдық тәртіптің жай-күйі туралы кез келген уақытта сұрап-білуіне, сондай-ақ  оған әкімдіктің де, ІІД-нің де қабылдауға тиіс баға беруге болатыны туралы түсінік қалыптастыру қажет.

Бесінші тұжырым.

Құқық бұзушылық профилактикасы мәселелерінде әкімдіктер мен жергілікті полиция қызметі арасындағы  өзара іс-қимыл жасау  тәсілдері мен әдістерін түбегейлі жақсарту талап етіледі.

Статистикаға жүгіне кетейік. Бас прокуратураның деректері бойынша 2016 жылғы 1-тоқсанда қылмыстардың қайталануы  жоғары деңгейде болды, 5 мыңнан астам осындай қылмыстар тіркелген. 

Бұдан басқа, қылмыстық құқық бұзушылықтар саны: кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс   -   12,4%-ға (712-ден 800-ге дейін); масаң күйде жасалған қылмыс -  15,4%-ға (3 789-дан 4 372-ге дейін), қоғамдық орындарда жасалған қылмыс - 21,6%-ға (24 276-дан 29 522-ге дейін), отбасылық-тұрмыстық салада жасалған қылмыс -  55,9%-ға (68-ден 106-ға дейін)   өскен.  Осы жерде қылмыстың өсуі туралы министр де атап өтті.

Мұндай жағдайдың себептері қандай және оған қалай ықпал етуге болады? Жергілікті билік пен жергілікті полиция қандай шара қабылдауға тиіс? Бұл мәслелер әрине баршамызды алаңдатуға тиіс.

Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, тұрақты тұрғылықты жері, оны қолдайтын туыстары  жоқ, өз бетінші жұмыс орналасуға мүмкіндігі  жоқ адам мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауға аса мұқтажс болады. Мұндай қолдауды барлық дамыған елдерде жергілікті билік көрсетеді.

Сондықтан халықтың тұрмыс-тіршілігінің барлық неғұрлым маңызды мәселелеріне: білім беруге, денсаулық сақтауға, жұмыспен қамтуға және басқаларына жетекшілік ететін өңірлердің әкімдіктері аталған мәселені шешуге ерекше мүдделілік танытуға тиіс.  Осындай мүдделілік болмаса, ешнәрсе оң шешімін таппайды. Алайда ІІД жүйесіндегі пробация қызметі, сондай-ақ Қоғамдық кеңестер де Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжірибесі бойынша біздің күнделікті өмірімізге жуық арада енгізілген мүлдем жаңа институттар ретінде  қалыптасқан жағдайды өзгертуге жәрдемдесіп, қомақты үлес қоса алар еді.

Әкімдіктер де түзелу жолына түскен адамдарды жұмысқа орналастыруда Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және оның аумақтық бөлімшелерінің әлеуетін барынша белсенді түрде пайдалана алар еді.

Алтыншы тұжырым.

Жергілікті полиция мен Қоғамдық кеңестердің өзара іс-қимылы тиісті деңгейге қойылмаған. Тіпті мұндай өзара іс-қимыл жоқ деп те айтуға болады.

Барлық облыстардың, Астана және Алматы қалаларының, сондай-ақ орталық атқарушы органдардың Қоғамдық кеңестерінің жұмысына талдау жасадық. Әдетте, бұл құжаттарда жергілікті полиция қызметіне зерделеу жүргізу жоспарланбаған және осының салдарынан бұл кеңестер осы маңызды процеске тартылмаған деп тұжырымдауға болады.

Барлық өңірлердің Қоғамдық кеңестерінің құрамына да зерделеу жүргізілді. Өкінішке орай, олардың барлығының құрамына жергілікті полиция қызметінің бастықтары кірмеген. Сонымен қатар, олардың өңірлердің Қоғамдық кеңестерінің жұмысына тікелей қатысуы аумақтық Ішкі істер департаменттері бастықтарының қатысуына қарағанда маңыздырақ. Бұл жерде түсіндіру артық болар.

Мұндай өзара іс-қимылды дамыту қажет. Бұл мәселеде басқа Қоғамдық кеңестер үшін Ішкі істер министрлігімен бірлесіп құрылған Қоғамдық кеңестер екпін беруге тиіс. 

Халықпен кездесу өткізу кезінде жергілікті полиция қызметінің Қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау, облыс аудандарында көшпелі кеңестерге бірлесіп қатысу қоғамдық бақылаудың тиімді нысандарының бірі болар еді. Қоғамдық кеңестер үнемі жергілікті полицияның жұмысын бақылап, азаматтарды полицияға көмек көрсеткені үшін көтермелей алатын еді, сондай-ақ халықтың заңдық тәртіп пен құқықтық тәртіпті құрметтеп,  полицияның күнделікті жұмысында оған көмектесу ниетін дамытқан болар еді.

Жергілікті полициямен өзра іс-қимыл жасаудың шетелдік тәжірибесін зерделеу оларда әрбір елді мекеннің жергілікті жұртшылықтың пікірін ескеру үшін жергілікті полицияның жұмысын бағалауда өздерінің өлшемшарттарын әзірлеу практикасы бар екенін көрсетті. Бұл бағалау кейде уәкілетті құрылымдардың бағалауымен немесе басқа өңірлердегі осыған ұқсас бағалаулармен сәйкес келмеуі мүмкін. Егер Қоғамдық кеңестер өздерінің өңірлік ерекшеліктері мен басымдықтарын ескеріп, бағалау өлшемшарттарын әзірлесе, оның оң әсері айқын болар еді.

Жетінші тұжырым

Жергілікті полиция қызметінің кадрлық және материалдық-техникалық жағынан жеткілікті түрде қамтамасыз етілмеуі

Жергілікті полицияның қызметін ұйымдастырудағы ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі жергілікті полиция қызметінің тиімділігі сауатты стратегия мен тактиканың нәтижесіне ғана емес, сондай-ақ көбіне оның кадрлық әлеуетіне, қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне де байланысты екенін көрсетті. ЭЫДҰ елдеріндегі полиция мамандығы жастар үшін өте тартымды кәсіптердің бірі екенін атап өткен жөн, өйткені ол лайықты өмір сүруге барынша кепілдік береді.

Ал бізде ше? Бүгінгі күні республика бойынша жергілікті полиция қызметінде жұмыс істеуге ниет білдіргендер үшін 1,5 мың бос орын бар, бұл елорда – Астана қаласының бүкіл жергілікті полициясының штат санымен бірдей.

Бұл ненің дәлелі? Әрине, ең алдымен полиция кәсібі беделінің төмендігі. Бұл - жалақының жоғары болмауы, жұмыс уақтының нормадан тыс режимі, орасан физикалық және психилогиялық ауырпалық, әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалуы. Мұның барлығы жастардың полиция кәсібін таңдауға ұмтылуына ықпал етпейді. Ал жұмыс істеп жүргендерінде өздерінің кәсіби шеберлігін арттыруға жеткілікті уәжі жоқ.

Бүгінгі күні жұмыс істеп жүргендерінің, мысалы учаскелік полиция инспекторларының жағдайын қарайық. Олар құқық бұзушылықтар профилактикасының маңызды фигурасы  болып табылады және адамдармен тікелей байланыс жасайды.

 Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен бекітілген нормаларға сәйкес учаскелік полиция пункті жұмыс кабинеттерінен, азаматтарды қабылдау және жұртшылықпен жұмыс жасау бөлмелерінен, жеткізілілген адамдарға арналған үй-жайлардан тұрады. Алайда ауылдық жерлердегі уаскелік полиция пункттері негізінен бір бөлмеден тұрады.

Бұл тек үй-жайларға ғана қатысты мәселе. Сондай-ақ компьютерлік және басқа да ұйымдастыру техникасымен (мұндай техникалардың қай буынға жататыны туралы айтпай-ақ қоямыз), арнайы құралдармен, автокөлікпен жарақтандыруда кемшіліктер бар.

Қалыптасқан ахуал жергілікті полицияның беделіне ешқандай ықпал етпейді. Бұл мәселе жергілікті билік органдарының жіті назарында болуға тиіс деп есептейміз.

Жергілікті полиция қызметкерлерінің алдында тұрғын үй мәселесі өткір тұр. Біз барған барлық өңірлерімізде оған назар аудардық. Атап айтқанда, бұл жергілікті полиция қызметкерлерінің тұрғын үйді жалдағаны (жалға алғаны) үшін өтемақы алуына қатысты. Мұндай өтемақы алу олардың жұмыс беделін арттыратыны сөзсіз еді. Бұл мәселе Үкіметтің құзыретінде екені белгілі.

*******

Сөз соңында, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті мынаны атап өтуге болады деп есептейді.

Жергілікті полиция қызметін құрудың басты міндеті полицияны халыққа жақындату және оған жергілікті атқарушы органдардың құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы белсенді көмекшісі мәртебесін беру арқылы жергілікті жерлерде заңның үстемдігін қамтамасыз ету болып табылады. Бұл ретте, әңгіме жергілікті атқарушы органдарды нығайту туралы емес, оларға жергілікті полиция атынан күштік құрамдас бөлігін беру туралы болып отыр. Жергілікті биліктің нақты өңірдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі жауапкершілігін арттыру туралы айтқан жөн.

Комитет өзі жасаған талдауда құрамына жергілікті полиция қызметі де кіретін Ішкі істер министрлігінің тұтас жүйесіндегі дара басшылық қағидатын әдейі қозғамағанын айтқан жөн. Сондай-ақ жергілікті полицияның ішкі істер органдарының басқа да қызметтерімен өзара іс-қимыл жасау мәселелерін де қозғаған жоқ. Өйткені бұл байланыстардың барлығы бұрыннан қалыптасқан әрі заңмен және көптеген заңға тәуелді актілермен тиімді реттелген.

Реформаны іске асырудың алғашқы қадамындағы ең үлкен кемшілік Президенттің тұжырымдамалық идеясы әзірше ІІМ мен жергілікті атқарушы органдардың іс-қимылдарында жеткілікті түрде көрініс тапқан жоқ. Мүмкін оған әлі уақыт керек те шығар.

Қалай болса да, 30-қадамды іске асыру әзірше негізінен әкімдерге жергілікті полиция қызметінің бастықтарын тағайындау және оларға материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыру міндетін жүктеу құқығын берумен тоқталып тұр.

Бұл кезеңде қадамдық жоспар, осы жаңа институтты толыққанды енгізудің қандай да бір егжей-тегжейлі «жол картасы» қажет болуы мүмкін екенін түсінген жөн. Елде жүргізіліп жатқан жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару реформасымен үйлесетін жоспар керек.

Құрметті әріптестер!

Өз баяндамамды аяқтай келе, Ұлт жоспарының 30-шы қадамын сәтті жүзеге асыру жергілікті билік пен полицияның президенттік реформаның маңызын қаншалықты дұрыс және терең түсінетіндігіне тікелей байланысты екенін атап өткім келеді. Реформа тек қана функциялар мен өкілеттіктердің аражігін ажыратумен шектелмейтіні анық.

30-шы қадамды жүзеге асыру стратегиясы үшін жауапкершілікті жергілікті атқарушы органдар мен полицияның өзара түсіністігі маңызды болуы қажет.

Тағы да қайталап айтамын, жаңа институттың құрылғанына толық бес айдың өтпегенін ескере отырып, жергілікті полиция қызметінің қалыптасуы туралы мәселені Комитет үстіміздегі жылдың қорытындылары бойынша 2017 жылдың 1 тоқсанында қараған жөн деп есептейді.

Назарларыңызға рахмет!