Әбдіров
Нұрлан
Мәжитұлы

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің Төрағасы

Депутатқа хат
2016 жылғы 6 маусымдағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 27-қадамы шеңберінде жеке сот орындаушылары институты және оны дамыту» атты Үкімет сағатына қосымша баяндама

Құрметті Гүлмира Истайбекқызы!

Құрметті әріптестер!

Сіз, Гүлмира Истайбекқызы, Ұлт Жоспарының 27-қадамын жүзеге асыру шеңберінде жеке сот орындаушылары институтын дамыту қажеттігі жөнінде өз сөзіңізде нақты айтып өттіңіз. Сондай-ақ Әділет министрінің баяндамасында елімізде сот орындаушылығының қалыптасу  тарихына толық талдау берілді. Сол себепті, президенттік Ұлт Жоспарын толыққанды орындау үшін қандай әрекет жасау қажеттігіне толығырақ тоқталып өтсек. Осы жөнінде сөз өрбітейік.

Халқы тығыз орналасқан еліміздің өңірлеріне арнайы сапар барысында 500-ге жуық сот орындаушылары мен олардың барлық өңірлік палаталарының басшыларымен тікелей кездесіп, бұл тақырыпты егжей-тегжейлі талқылауға мүмкіндік туды.

Комитет осы сапар барысында жинаған көптеген материалдарды іріктеп, екі кітапшаға енгізіп, сіздердің назарларыңызға ұсынды. Кітапшалармен танысқан да боларсыздар.

Бұл сапардың нәтижесінде біз бірқатар тұжырым жасадық. Соларға назар аударсақ.

Кейбір тұжырымға тоқталып кетуге рұқсат етіңіздер.  

Бірінші тұжырым.

Бүгінгі таңда жеке сот орындаушылары институты қалыптасқан және  тұтастай алғанда, оң нәтижелерін беруде.

Соңғы жылдары жеке сот орындаушыларының саны артты, әсіресе, өткен жылы Парламент «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңға түзетулер қабылдағаннан кейін өсті. Енді олардың саны 1200-ге жетіп, тағы 264 адам тағылымдамадан өткеннен кейін жеке сот орындаушысы лицензиясын алуға дайындалып жатыр.

2016 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке сот орындаушылары институтына көптеген атқарушылық құжаттар, оның ішінде алименттерді, жалақы бойынша берешектерді өндіріп алу және басқалары сияқты әлеуметтік маңызы бар істер санаты өтті. Ағымдағы жылдың алғашқы бес айында жеке сот орындаушылары 80 %-дан астам  атқарушылық іс жүргізуді қозғады. Бүгінгі күні олардың «қоржынында» 1 млн-нан астам іс  бар. 

Егер өткен жылдың бірінші тоқсанында 45 мың  іс жүргізу нақты орындалса, ағымдағы жылдың осындай кезеңінде бұл көрсеткіш екі еседен көп, 106 мыңға дейін өсті.

Осы саладағы заңнамаға Парламент жүргізген реформалар, ең алдымен, тараптардың құқықтарын тиімді қорғауға және олардың іске асырылуын қамтамасыз етуге, сот актілері мен өзге актілердің орындалу мерзімдерін қысқартуға және сапасын арттыруға, халықтың сот төрелігіне деген сенімін нығатуға бағытталған.

Екінші тұжырым.

Атқарушылық іс жүргізу моделін одан әрі қалыптастыру салмақты қадамды талап етеді.

Жеке сот орындаушылары негізін құрайтын жаңа модельге көшу мемлекеттен олардың санын   арттыруды ғана талап етпейді. Осы кәсіптің функционалдық тиімділігі мен коммерциялық тартымдылығы арасында үйлесімді теңдікке қол жеткізу барынша маңызды.

Өзін-өзі қаржыландыру, төлемдер жасамау, борышкердің банкрот болуы, заңнамалық шектеулер және көптеген басқа да факторлар жеке сот орындаушыларының қызметі үшін кәсіптік тәуекелдер тудырып, аталған қызметтер нарығының тартымдылығы мен оның дамуына әсер етеді.

Аяқталған істердің  40-45%-ы бойынша ғана жеке сот орындаушысының шығындарының өтелгенін атап өтудің өзі жеткілікті. Басқаша айтқанда, әрбір екінші аяқталған атқарушылық іс бойынша жеке сот орындаушысының қызметі ақталмайды.

Банктердің істі орындау аяқталғанға дейін осы іс жүргізуге жұмыс айларын, тіпті болмаса жылдарын   арнаған жеке сот орындаушысының шығындарына  өтемақы төлеместен, атқарушылық парақтарын қайтарып алу жағдайлары бізге мысал ретінде келтірілді.

Көптеген жеке сот орындаушылары көмекшілерінің бар екенін жасыруға, міндетті зейнетақы және салықтық аударымдардан жалтаруға мәжүр  болады. Олар бұл туралы өздері тура айтып отыр.

Осыған байланысты, жеке сот орындаушыларының өз лицензияларынан бас тарту немесе бұдан бетер, табысы аз атқарушылық құжаттарға немқұрайлы қарау тәуекелі туындайды.

Сондай-ақ жеке сот орындаушыларын ел  аумақтары бойынша орын алып отырған бөлу біркелкі емес екенін ескеру қажет. Республиканың 71 ауданында бір-бірден сот орындаушысы жұмыс істейді, ал 47 ауданда олар мүлдем жоқ. Негізінен бұл Қостанай, Батыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Ақмола облыстарына тән, өйткені осы өңірлердің жекелеген аудандарында жеке сот орындаушылары өз қызметінен табыс табу перспективасын көрмегендіктен, жұмыс істегілері келмейді.

Уәкілетті орган ретінде Әділет министрлігі осы маңызды мән-жайды ескереді және жеке сот орындаушыларының дамыған жүйесі болған кезде ғана мемлекеттік сот орындаушыларының санын қысқартуды жүргізеді деп есептейміз. Жеке сот орындаушыларының қызметін тұрақты түрде мониторингілеу және соның негізінде реттеушілік әсерді талдауды жүргізу осыған ықпал ететін еді. Уәкілетті органның жоспарларын ескере отырып, Ұлт жоспарының 27-қадамын іске асыру мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беруді көздейтін 97-қадаммен үндестірілуге тиіс. Өткен жылы Ұлт жоспары шеңберінде Парламенттің өзін-өзі реттейтін ұйымдар туралы заңды қабылдағанын ескеру қажет.

Сот ісін жүргізудің осы сатысында халықтың құқықтарын қорғау реформаның басты міндеті болып табылатынын біз жақсы түсінеміз.  

Үшінші тұжырым.

Мемлекеттік органдар мен жеке сот орындаушылары арасындағы заңда белгіленген жекелеген құқықтық қатынастар іс жүзінде тиісінше іске асырылмай келеді. Қарапайым сөзбен айтқанда, заңдардың нормалары жұмыс істемейді. Нәтижесінде сот органдары мен уәкілетті органдардың актілері орындалмай қалады не толық көлемде орындалмайды.

Мысал ретінде «Ішкі істер органдары туралы» және «Сот приставтары туралы» заңдарды алайық.

Өңірлерге бару кезінде бізбен кездескен жеке сот орындаушылары борышкерлерді әкімшілік жауатылыққа тарта алмай отырғанына шағымданған болатын. Іс жүзінде жеке сот орындаушысы тиісті өкілеттіктерді иеленбей және материалдық шығындарды көтере отырып, қасақана төлемейтін борышкердің тұрған жерін өз бетінше анықтауға, оны ұстауға, сотқа апаруға және өз есебінен әкімшілік қамақты өтеу орнына айдауылмен алып жүруге мәжбүр болады.

Сонымен қатар, заңға сәйкес полиция атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуда сот орындаушыларына жәрдемдесуге, ішкі істер органдарының арнаулы мекемелерінде ұсталатын адамдарды күзетуді және айдауылмен алып жүруді қамтамасыз етуге міндетті. Сот приставтарының міндеттері атқарушылық әрекеттер жасалған кезде қоғамдық тәртiптi сақтау; атқарушылық әрекеттерді жасау кезiнде сот орындаушылары мен атқарушылық әрекеттерге қатысатын адамдарды күзету; сот актілері мен өзге де актілерді мәжбүрлеп орындатуға жәрдемдесу болып табылады. Сонымен бірге, сот орындаушысына қарағанда сот приставының қару мен күш қолдануға құқығы бар.

Жеке сот орындаушыларының заңдардың ережелері мен өздерінің құқықтарын білмеуінен, олардың тарапынан бірбеткейлік пен табандылықтың болмауынан және кәсіби палата рөлінің жеткіліксіз болуынан бастап мемлекеттік органдардың өздерінің тікелей міндеттерін орындауға адал қарамауына дейінгі бірқатар әртүрлі факторлар осы жағдайға ықпал ететіні анық.

Төртінші тұжырым.

Жеке сот орындаушыларының жұмысын жетілдіру – бұл жаңа институттың табысты болуына апаратын жол.

Статистикалық деректерге сәйкес 2016 жылдың бірінші тоқсанында республикадағы соттарға азаматтардан сот орындаушыларының әрекеттеріне дау айту туралы 1803 арыз, оның ішінде жеке сот орындаушыларының әрекеттеріне 281 арыз келіп түсті. Алайда, сот олардың бәрін бірдей негізді деп танымаған. Дегенмен, халық тарапынан келіп түсетін шағымдар санының салыстырмалы түрде аз болуы Палатаны және жеке сот орындаушыларын жұбатпауға тиіс. Керісінше, өтініштерді талдау палата үшін маңызды ақпарат көзі, жеке сот орындаушыларының жұмысын жетілдіру жөніндегі күнделікті жұмыс үшін материал болуға тиіс.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 2015 жылғы есебінде сот шешімі бойынша атқарушылық іс жүргізуге қатысты келіп түскен өтініштердің көп бөлігінде азаматтар әуре-сарсаңдыққа және сот орындаушыларының қолданыстағы заңнамада көзделген шараларды толық көлемде қабылдамауына, атқарушылық құжаттардың жоғалуына және оларды қалпына келтіру рәсімдеріне, сот орындаушыларының құзыретсіздігі мен немқұрайлығына, сондай-ақ олардың жиі ауысатынына және жеткіліксіз деңгейде әкімшілік етуіне наразылықтарын білдіретіні атап өтіледі. Бұл жеке орындаушыларға да, мемлекеттік орындаушыларға да қатысты.

Көптеген сот орындаушылары атқарушылық құжаттардың ауқымды көлемінің қағаз және электрондық жеткізгіштерде қайталану проблемасын көтерді. Сонымен бірге, электрондық атқарушылық құжатты беру және сот орындаушының әрекеттерін электрондық түрде санкциялау жұмыс істейді. Мысалы, сот органдарының «Төрелік» ақпараттық жүйесі мен атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің (АІЖО ААЖ) өзара іс-қимылы. Мұндай өзара іс-қимылды банктермен және басқа да мүдделі тұғлалармен жұмыста қолдануға болатын еді.

Мемлекеттік органдардың дерекқорын интеграциялау және оларға жеке сот орындаушыларының қол жеткізуі маңызды болып табылады. Борышкер міндеттемесін орындап, алайда бұл туралы мәліметтер тиісті дерекқорларда, атап айтқанда, Ішкі істер министрлігінің дерекқорында уақтылы көрсетілмеу жағдайлары жиі кездеседі. Палата мен Әділет министрлігі жүргізіп отырған бұл күрделі жұмыс осы бағытта жалғасын табуға тиіс.

Азаматтардың өтініштері мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдардан сот орындаушыларының іс жүзінде борышы жоқ адамдардың республикадан тысқары шығуын шектеуді санкциялау туралы қаулыны сотқа жіберу фактілерінің жиі кездесетінін байқауға болады. Бұл ретте, азаматтар ол жөнінде тікелей елден кетер алдында біліп, аталған қаулыға уақтылы шағымдана алмаған. Адамдар қолайсыз жағдайға тап болып, моральдық және материалдық зиян шеккен.

Палатаға мұндай жағдайларда борышкерге процестік құжаттарды кез келген жедел тәсілмен, оның ішінде электрондық тәсіл арқылы табыс ету туралы мәселені пысықтау қажет.

Өкінішке қарай, жекелеген жеке сот орындаушылары қолданыстағы заңнаманы дұрыс түсінбейді. Бұл туралы бізге қойылған сұрақтарға қарап баға беруге болады, олар борышкерлерді қылмыстық жауаптылыққа тартудың мүмкін болмауына; мүлікке тыйым салуға; борышкердің атқарушылық парақта  көрсетілген мекенжайының оның іс жүзінде тұратын жеріне сәйкес келмеуіне және т.б. қатысты болды.

Сонымен бірге, Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларында және «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңда осы мәселелердің бәрі жеткілікті дәрежеде реттелген.

Бұл азаматтар құқықтарының, оның ішінде еркін орын ауыстыру құқығының бұзылуына, мемлекеттік органдардың атқару процесіне шамадан тыс қатысуына әкеп соғады. Осыдан шағымдар да туындайды.

Жеке сот орындаушылары депутаттармен көптеген кездесулер барысында басқа да нақты шаралар ұсына отырып, жеке сот орындаушылары институтын одан әрі дамыту туралы өз пікірлерін білдірді. Сот орындаушылары жобасы қазір Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан коллекторлық қызмет туралы заңды қабылдау қажеттігіне күмән білдіргенін айтпауға болмайды. Олардың пікірінше, сот орындаушылары мен медиаторлар арасында өзінше бір аралық буын бола отырып, коллекторлар нақты өкілеттіктер болмағандықтан, атқарушылық іс жүргізудің де, медиация институтының да қалыпты дамуына кедергі келтіруі мүмкін.

Жеке сот орындаушысының қызметін жақсартуда республикалық палата ерекше рөл атқаруға тиіс. Палата әріптестеріне әдістемелік көмек көрсетіп, жұмыс істеп жатқан қызметкерлерді оқытуы және біліктілігін арттыруы қажет. Сонымен қатар, Палата штаттан тыс ахуалдарды қарап, ел өңірлерінде туындайтын проблемаларға ден қоятын жедел орган болуға тиіс. Осыған байланысты, жеке орындаушылар жүйелері жұмыс істеуінің халықаралық тәжірибесін және әлемнің дамыған елдеріндегі ұлттық палаталардың қызметін зерделеу өнімді болып табылады. Франциядағы Сот орындаушылары ұлттық палатасының тәжірибесін Қазақстанға үлгі ретінде алуға болады.

Бесінші тұжырым

Жалақы мен алименттер бойынша берешектер жөніндегі атқарушылық құжаттардың әлеуметтік маңызды санатын орындауға байланысты ахуал бұрынғыша өзекті болып қала береді.

Атап өтілгендей, жаңа жылдан бастап бұл санат жеке сот орындаушыларының айрықша құзыретіне жатқызылған.

Тұтастай алғанда, сот орындаушыларында 242 мыңнан астам алимент істері жатыр, оның ішінде жеке сот орындаушыларында – 23,4 мың, мемлекеттік сот орындаушыларында – 219 мың іс бар. Бұл ретте, 12 мыңнан астам ата-ана алимент төлеуден қасақана жалтарып жүр.

Өкінішке орай, алименттерді қасақана төлемеушілердің басым көпшілігінің кез келген жазадан қашу практикасы қалыптасқан. Бұл цифрлар Министрдің баяндамасында айтылып өтті. Алайда, проблеманың осыншама өзектілігі барлық уәкілетті органдардың осы мәселеде бірыңғай тергеу және сот практикасын әзірлеуін талап етеді. Ал әзірше, бұл сот орындаушылары мен қамыққан өндіріп алушылардан, жалғыз өзі балаларын бағып-қағып отырған аналардан басқа ешкімге керек болмай отыр.

Жалақы бойынша берешекті өндіріп алу мәселелері де ерекше назар аударуды талап етеді. Бұлайша назар аударудың себебін түсіндіріп жатудың өзі артық болар деп ойлаймын.

Республикалық палатаның деректері бойынша, ағымдағы жылы жеке сот орындаушыларының іс жүргізуінде сомасы 1,7 млрд. теңгеден астам осындай іс жүргізудің шамамен 2 мыңы болған. Олар бойынша сомасы 345,2 млн. теңге немесе 19,2 % ғана іс жүргізу толық көлемде орындалған.  Сомасы 1 млрд. теңгеден астам 1,2 мың іс жүргізу орындалуда жатыр.

Бұл мәселе прокуратура мен әділет органдарының ерекше бақылауында, олардың өзара іс-қимыл жасауы оң нәтиже беруде.

Палата осы істі бақылап отыруға және бұл мәселеде мемлекеттік органдармен өзара тығыз іс-қимыл жасауға тиіс.

Жеке сот орындаушылары өздеріне осы екі ерекше санаттағы іс жүргізу бойынша өкілеттік олардың қоғамның әлеуметтік проблемаларын шешуде мемлекетке көмектесуі үшін берілгенін түсінуі қажет.

*******

Сөз соңында Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті келесіні атап өтеді.

Атқарушылық іс жүргізудің басты мақсаты сот актілері мен басқа да актілердің уақтылы және толық орындалуын қамтамасыз ету, азаматтар мен заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарын қорғау болып табылады. 

Қосымша баяндамада көрсетілген мәселелер мүдделі мемлекеттік органдар мен жеке сот орындаушылары палатасының жіті назарында болуы қажет. Тиісті жұмыс жүргізіліп, өзінің оң нәтижелерін береді деген сенімдеміз.

Назарларыңызға рахмет.