Әбдіров
Нұрлан
Мәжитұлы

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің Төрағасы

Депутатқа хат
«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қарау жөніндегі Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясы төрағасының баяндамасы

Құрметті палата төрағалары!

 Құрметті әріптестер және шақырылғандар!

Парламенттің бүгінгі отырысы   сипаты жағынан – тарихи, мазмұны жағынан – тағдырлы. Біз қазақстандық қоғамның, мемлекеттің саяси жүйесі дамуының жаңа бағытының жобасын қараудамыз.

Сонымен бірге бүгін біз Қазақстан дамуының осыған дейін жүріп өткен жолын аяқтап, тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихының тағы бір бетін аудардық.

Ұсынылып отырған заң жобасында көрініс тапқан, дамудың жаңа сатысына бастаған тарихқа қадам жасадық.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы шешімді алғаш рет жария еткен кезде, сөзін «заманның дидары өзгерді, біз де өзгеруіміз керек. Сол себепті, мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді. Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып осындай байлам жасадым» - деп бастаған болатын.

Елбасымыз ұсынған конституциялық реформа елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының жаңа сатысына, жаңа кезеңіне аяқ басқалы тұрғанын көрсетеді.

Өйткені өркениет көшінен қалмай саяси жүйені одан әрі жетілдіру – бұл заман талабы. 

Құрметті әріптестер!

Осы конституциялық реформа идеясына Қазақстан қоғамдық қатынастардың дамуына қарай, кезең-кезеңмен ілгері басқанын атап өткім келеді.

Елбасы ұсынған конституциялық реформаның негізгі мәні мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу болып табылады.

Бұл ретте, реформаның басты мақсаты – атқарушы билік тармағын неғұрлым тиімді, жауапты әрі жедел ету және анық президенттік басқару нысаны мен президенттік билік вертикалін сақтай отырып, Парламенттің бақылау функцияларын күшейту.    

Ұсынылған конституциялық түзетулер мемлекет пен қоғамның тарихи даму қисынына сай келеді.

Өткен кезеңнің ең маңызды сатыларының бірі 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдау болды.

Ол халықтық егемендік арқылы көрініс табатын демократизм, идеологиялық және саяси алуантүрлілік, жергілікті өзін-өзі басқаруды мойындау және қамтамасыз ету, құқықтық мемлекетті бекіту сияқты конституциялық құрылыстың негіздерін бекітіп берді.

Қолданыстағы Конституция қабылданғалы
22 жылға уақыт өтті.

Осы уақытта еліміз өз дамуында орасан зор жетістіктерге қол жеткізді.

Мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық бағыт бойынша орнықты әрі кезең-кезеңмен ілгерілеу арқасында, Қазақстан қазір 1995 жылмен салыстырғанда мүлдем басқа елге айналды.

Бүгінгі таңда еліміз еуразиялық кеңістікте мүлдем жаңа лайықты мәртебесі мен орасан зор перспективасы бар қуатты мемлекет болып табылады. Және де осы кезеңде әлемнің барынша дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруді қамтамасыз ету негізгі мақсат болып отыр.

Мемлекет басшысы ұсынған конституциялық реформа барынша дер кезінде қолға алынды әрі аса қажеттіліктен туындап отыр. Оны іске асыру үшін бізде барлық қажетті зияткерлік және ресурстық әлеует жеткілікті.

Мемлекет басшысы ұсынып отырған заң жобасы Конституцияның 19 бабына 26 түзету енгізуді көздейді.

Заң жобасын екінші оқылымда қарау шеңберінде бүкіл конституциялық реформаның мәні туралы тұтас көзқарастың болғаны маңызды деп пайымдаймыз.

Осыған байланысты, алдымен депутаттар бірінші оқылымда тұжырымдамалық тұрғыда қолдаған түзетулерге қысқаша тоқталып өтуге рұқсат етіңіздер. 

1. Түзетулердің басым блогы Президенттің, Парламент пен Үкіметтің билік өкілеттіктерін қайта бөлу мәселелерін қозғайды.

Бұл түзетулер Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруға бағытталған.

Президенттің қорғаныс қабілеттілігі, ішкі саясат, мемлекеттік басқару, Конституцияны қорғау және мемлекеттік билік тармақтарының тиімді жұмысы мен олардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі құзыретін сақтау дұрыс қадам болғаны күмәнсіз.

Парламент заң шығару билігін жүзеге асыратыны туралы норма бекітіледі.

Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық саладағы заңмен белгіленген өкілеттіктерінің басым бөлігін Үкіметке беру ұсынылады.

Түзетулер сондай-ақ билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету міндетін шешеді.

Адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың жаңа пәрменді тетігі пайда болды.

Негізгі Заңға сәйкес Қазақстан Республикасында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары танылып қана қоймай, оларға кепілдік беріледі. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Президенті оған кепіл болып табылады.

Мемлекет конституциялық құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді қабылдай отырып, оны жүзеге асырудың құқықтық, ең алдымен, конституциялық тетіктерін белгілейді. 

  Мәселен, Мемлекет басшысы осыларды қорғау мүддесінде Конституциялық кеңеске қолданыстағы және қабылданған заңдардың, сондай-ақ өзге де құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру үшін жүгіне алады.

 

Осындай конституциялық бақылаудың жаңа бағыты заңдар мен құқықтық актілердің сапасына жақсы әсер ететіні сөзсіз. Ал бұл болса, Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде одан әрі нығаюына ықпал ететін болады.

Осы түзетулерге толығырақ тоқталуға рұқсат етіңіздер:

 

Бірінші. Конституцияның 91-бабына енгізілетін түзетулерде мемлекет тәуелсіздігінің мызғымастығы, сондай-ақ Негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар бойынша Республиканың Конституциялық Кеңесі қорытындысының міндетті түрде болуы бекітіледі.

Басты құндылығымыз – мемлекет тәуелсіздігінің беріктігіне кепілдіктер контитуциялық деңгейде бекітіледі. Конституцияның 91-бабында біртұтастықпен, республиканың аумақтық тұтастығымен және басқару нысанымен қатар ешбір жағдайда, тіпті, Негізгі заңды қайта қарау арқылы да еліміздің тәуелсіздігінің өзгермейтіндігі тікелей белгіленген.

Бұл түзету өте әділ, өйткені тәуелсіздік «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» 1991 жылғы 16 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының арнайы Конституциялық заңымен бекітілген.

Осы конституциялық ережелердің мызғымастығын қамтамасыз ету үшін, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар олардың белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы Конституциялық Кеңестің қорытындысы болған жағдайда ғана республикалық референдумға немесе Парламенттің қарауына шығарылуы мүмкін деп белгіленген. Осы мәселе бойынша өтініш жасау субъектісі ретінде Мемлекет басшысын айқындау ұсынылады.

Екінші. Конституцияның 49-бабының
1-тармағына маңызды өзгеріс ұсынылып отыр, оған сәйкес Парламент – заң шығару функцияларын ғана емес, Конституцияның 3-бабына сәйкес заң шығару билігін жүзеге асыратын Республиканың  ең жоғары өкілді органы болып табылады.

Негізгі заңның 3-бабының 3-тармағына сәйкес, халық  пен мемлекеттің атынан билік жүргізу құқығы Президентке, сондай-ақ конституциялық өкілеттіктері шегінде Республика Парламентіне тиесілі.

Заң шығару билігі – маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне қатысты негізге алынатын қағидаттар мен нормаларды белгілейтін және Конституцияның 61-бабының 3-тармағында аталған басқа да қатынастарды реттейтін заңдарды әзірлеумен, қараумен және қабылдаумен айналысатын мемлекеттік билік тармағы.

Ұсынылып отырған түзету толығымен қисынды, өйткені 64, 75 және 76-баптарда елімізде атқарушылық билікті – Үкімет, ал сот билігін – соттар (судьялар) жүзеге асыратыны туралы ереже нақты бекітілген.

Аталған түзету Конституцияның 3-бабы
4-тармағының нормаларына сәйкес келтіру үшін жасалып отырғаны анық, өйткені онда мемлекеттік билік жүйесі билікті үш тармаққа бөлу және тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы өзара іс-қимыл жасау қағидатына сәйкес белгіленген.


Үшінші. Конституцияның 57-бабының
6) тармақшасына Үкімет мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдау және олар заңдарды орындамаған жағдайда қызметінен босату туралы Президентке өтініш жасау құқығы туралы өте маңызды түзету енгізіліп отыр. Мұндай жағдайда Президент Үкімет мүшесін қызметінен босатады.

Төртінші. 61-баптың 2-тармағының жаңа редакциясына сәйкес Президент заңдар жобаларын қараудың басымдығын белгiлеуге құқылы, бұл тиісті заң жобалары бірінші кезектегі тәртіппен екі ай ішінде қабылдануға тиіс екенін бiлдiредi.

Бесінші. 70-баптың 1-тармағына айтарлықтай өзгеріс енгізу ұсынылып отыр. Онда Үкімет жаңадан сайланған Мәжілістің алдында өз өкілеттіктерін доғарады.

Бұл норма депутаттардың жауаптылығын арттырады, сондай-ақ елдің сайлау жүйесінің партиялық қағидатын күшейтеді.

Алтыншы. 44-бапқа түзетулер мемлекеттік бағдарламаларды және мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қамтылатын барлық органдарды қаржыландырудың және олардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту жөніндегі өкілеттіктерді Президенттен Үкіметке беруді көздейді.

Бұл міндетті Үкімет Мемлекет басшысымен келісіп шешетін болады.  

Жобада Мемлекет басшысының Үкімет және Премьер-Министр актілерінің күшін жою не қолданылуын тоқтата тұру құқығы алып тасталады. Осылайша Үкімет өз актілеріне өзі толық жауапты болады.

Сонымен бірге Республика Президенті адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, егемендігі мен тұтастығы мүддесі үшін  Конституциялық Кеңеске күшіне енген заңның немесе өзге де құқықтық актінің Конституцияға сәйкестігін қарау үшін өтініш жасай алады.

2. Жекелеген түзетулер сот пен прокуратураға қатысты

Конституцияның 79-бабы 3-тармағының қолданыстағы редакциясында судьяларға біліктілік талаптары белгіленген. Осы талаптар «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңда да көрсетілген. Заң жобасында судьяларға біліктілік талаптарын тек заңмен нақтылау ұсынылады.

81-баптағы Жоғарғы Соттың соттар қызметін қадағалауды жүзеге асыруы туралы норма Жоғарғы Сот заңда көзделген жағдайларда өзінің соттылығына жататын сот істерін қарайды деген нақтылаумен алмастырылады.

83-баптың 1-тармағына енгізілетін өзгерістер прокуратураның жекелеген функцияларын жинақтауға қатысты, себебі оларды прокуратура Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалау шеңберінде жүзеге асырады.

Ұсынылып отырған редакцияда прокуратураның негізгі функциялары толымды түрде және сонымен қатар заңға сілтеме жасай отырып жинақы түрде мазмұндалған.

Бұл ретте прокуратураның заңда белгіленген шекте және нысандарда ел аумағындағы заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асыратындығы, сотта мемлекет мүдделерін білдіретіндігі және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асыратындығы көзделген.

3. Заң жобасында, сондай-ақ жергілікті өкілді және атқарушы органдарға қатысты нормалар да қамтылған.

Атап айтқанда, 86-баптың 5-бабына өзгерістер енгізіліп отыр, оларға сәйкес мәслихаттың
өкілеттігін Қазақстан Республикасының Президенті
Премьер-Министрмен және Парламент Палаталары Төрағаларымен консультациялардан кейін мерзімінен бұрын тоқтатады.

Мұндай алқалы шешім оның негізділігі мен қажеттілігін қамтамасыз етеді және мәслихаттардың мәртебесін арттырады.

87-баптың 4-тармағында қалалық, аудандық және ауылдық деңгейдегі әкімдерді қызметке тағайындау немесе сайлау, сондай-ақ қызметінен босату тәртібі заң деңгейіне жатқызылып отыр. Естеріңізге сала кетейін, ол қазіргі кезде Президенттің Жарлығымен реттеледі.

Құрметті әріптестер!

Бұл күндері Сенат пен Мәжілістің барлық тұрақты комитеттері, саяси партиялардың фракциялары, Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы енгізілген Заң жобасын және бірінші оқылым барысында депутаттардың айтқан ұсыныстарын талқылады.

Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясы 4-ші және 5-ші наурыз күндері белсенді жұмыс істеді.

Депутаттардан, Парламент Палаталарының тұрақты комитеттерінен, саяси партиялардың фракцияларынан қолданыстағы Конституцияның бірқатар нормаларына барлығы 26 түзету келіп түсті, олардың барлығы Бірлескен комиссияда
жан-жақты қаралды.

Комиссия өз жұмысының қорытындылары бойынша Парламент Палаталарының бірлескен отырысының қарауына екінші оқылымда 10 түзету енгізу туралы шешім қабылдады. Оның көпшілігін Парламент депутаттары Парламент Палаталарының бірлескен отырысында заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде жария еткен болатын.

Енді солардың мәніне тоқталуға рұқсат етіңіздер!

Бірінші. Қазақстан тәуелсіздігінің жиырма бес жылдық тарихы ел Президенті ұсынған барлық идеялар мен қағидаттардың жан-жақты терең ойластырылғанын және заңдылығын растап отыр, олар саяси тұрақты және экономикалық тұрғыдан
өсіп-өркендеген мемлекетті қалыптастыру үшін берік іргетас қалады.

Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жетекші рөлі, оның бастамалары қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуын және дамуын қамтамасыз етті.

Қазақстан қоғамының өкілдері Елбасының мемлекетімізді құрудағы ерен еңбегін баянды ету туралы мәселені бірнеше рет көтерді.

Осыған байланысты Конституцияның
91-бабының 2-тармағының мынадай редакциясы ұсынылды:

Цитата: «2. Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігін, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанды Құрушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптерін және Қазақстан Республикасының Тұңғыш 
Президенті – Елбасының мәртебесін өзгертуге болмайды
.».

Екінші. Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы конфессияаралық татулықты ұлтаралық татулықпен қатар конституциялық құндылық деп тану мақсатында Конституцияның
39-бабының 2-тармағын ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады деген ережемен толықтыруды ұсынды.

Қазақстан Республикасы әртүрлі діни конфессиялар талайдан бері ондаған жылдар бойы татулық пен достастықта бірге өмір сүріп жатқан көпұлтты мемлекет болып табылады.

Дінге сенетін адамдар арасында әлемдегі барлық діндерді ұстанушылар бар.

Еліміздің тәуелсіздігі жылдарында Қазақстан Республикасындағы демократиялық процестердің дамуына және қазіргі заманғы жағдайларда қазақстандық қоғамның жаңғыруына азаматтық татулықты сақтауға, этносаралық және конфессияаралық қатынастарды үйлестіруге, әлеуметтік-саяси тұрақтылықты нығайту ісіне жәрдемдесуге бағытталған тағаттылық мәдениетін қоғамдық санада қалыптастырып дамыту арқасында қол жеткізілгеніне көзіміз анық жетті.

Қазақстанда діни тағаттылық ерекше маңызға ие болды.

Конфессияаралық татулық – қазақстандық мемлекеттіліктің ең жоғары құндылықтарының бірі және сондықтан да ол конституциялық құндылық ретінде бекітілуге тиіс.

Үшінші. Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуымен Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі уәкілді бес жыл мерзімге қызметке сайлауды және оны қызметінен босатуды        Парламент Сенатының ерекше қарауына жатқызу ұсынылады.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын конституциялық бекіту жеке адамның мәртебесін, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын іске асыру кепілін одан әрі нығайтуға бағытталған демократиялық процестерді дамытудағы кезекті маңызды қадам болады, сондай-ақ елдің Негізгі Заңының 1-бабында бекітілген адам мен азаматтың құқықтарының басымдығын ең жоғары мемлекеттік деңгейде тануды білдіреді.

Төртінші. 41-баптың 2-тармағына елдің Президенттігіне кандидаттар үшін жоғары білімнің болуын оларға қойылатын талаптардың бірі ретінде белгілеуге қатысты өзгеріс енгізіледі.

Президенттікке кандидаттар үшін жоғары білімнің болуы туралы талап Конституцияның 40-бабында белгіленген мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы ретінде Президенттің мәртебесіне сәйкес келеді.

Бұл ретте, Президенттікке кандидаттарға қойылатын қосымша талаптарды конституциялық заң деңгейінде енгізу мүмкіндігі белгіленеді.

Бесінші. Ішкі істер министрлігінің азаматтардың қауіпсіздігін, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі маңызды стратегиялық рөлін ескере отырып, 44-баптың 3) тармақшасында ел Президентінің Ішкі істер министрін тағайындау жөніндегі өкілеттігін сақтаған жөн деп есептейміз.

Бұл ретте, ел Президентінің Жоғарғы Бас Қолбасшы болып табылатыны, ал Ішкі істер министрлігінің құрылымына Ұлттық Ұланның кіретіні де ескеріледі.

Алтыншы. Конституцияның 4-бабының
3-тармағын мынадай редакцияда жазу ұсынылады:

«Республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады. Қазақстан қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Республиканың заңнамасында айқындалады.».

Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдармен және басқа да елдермен ынтымақтастығы халықаралық шарттар жасау арқылы жүзеге асырылатыны белгілі. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасы Республика ратификациялаған халықаралық шарттардың заңдар алдындағы басымдығын айқындайды, ал оларды денонсациялау тәртібі ұлттық заңнамамен реттеледі.

Кез келген шарт белгілі бір дәрежеде адамның және азаматтың құқығы мен бостандығын қозғайтынын білеміз, ал құқықтар заңмен ғана шектелуі мүмкін.

Осыған байланысты Бірлескен комиссия қабылдаған осы түзету ұсынылды, ол мемлекеттің дербестігін де күшейтеді.

Жетінші. Конституциялық құрылысты қорғауды, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтауды күшейту мақсатында Конституцияның 10-бабының 2-тармағында террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін азаматтықтан айыруға соттың шешімімен ғана жол берілетініне қатысты норманы бекіту ұсынылды.

«Азаматтықтың болмауын қысқарту туралы» 1961 жылғы 30 тамыздағы БҰҰ Конвенциясының
8-бабына сәйкес ешбір мемлекет азаматтықтан айыру құқығын жүзеге асыруға тиіс емес, ол тек қана тиісті тұлға үшін соттың немесе өзге де тәуелсіз мекеменің істерді әділ талқылау құқығын көздейтін заңға сәйкес жүзеге асырылады.

Бірлескен комиссия азаматтықтан айыру туралы мәселедегі объективтілік пен әділдік нақ сот шешімімен қамтамасыз етілуге тиіс деп пайымдайды.

 Сегізінші. Конституцияның 2-бабының жаңа                     3-1-тармағын Астана қаласында конституциялық заңға сәйкес нақ қаржы саласында ерекше құқықтық режим белгілену мүмкіндігі туралы нормамен толықтыру ұсынылады.

Аталған түзету Конституцияда конституциялық заңмен реттелетін «Астана» халықаралық қаржы орталығының мәртебесін бекіту мақсатында ұсынылып отыр.

Бірлескен комиссия Конституцияның 74-бабының 2-тармағын 44-баптың жаңа 10-1) тармақшасының нормаларымен үйлестіруді де ұсынады, онда Президенттің Конституциялық Кеңеске өтініш жасау  өкілеттігі көзделген.

Осыған орай, Конституцияның 74-бабының                2-тармағындағы «нормативтік» деген сөзді алып тастау ұсынылады.

Құрметті әріптестер!

Парламент Палаталарының барлық тұрақты комитеттері, Мәжілістегі саяси партиялардың фракциялары өздерінің оң қорытындыларын және заң жобасын қолдау туралы шешімдерін жазбаша ұсынды.

Сіздерге таратылған қорытынды салыстырма кестені ескере отырып, Бірлескен комиссия «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын екінші оқылымда тұтастай қабылдауды ұсынады. 

Құрметті әріптестер, бірлескен комиссияның ұсынысын қолдауларыңызды сұраймыз.

 

Құрметті әріптестер!

Сіздерге таратылған қорытынды салыстырмалы кестені ескере отырып, Бірлескен комиссия «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын екінші оқылымда тұтастай қабылдауды ұсынады.

Бірлескен комиссияның ұсынысын қолдауларыңызды сұраймыз.

Назарларыңызға рахмет!