Әбдіров
Нұрлан
Мәжитұлы

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің Төрағасы

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Қ. Мәсімовке

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі К.Қ. Мәсімовке

Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!

Сізге қаралуға еліміздің «Миссис Мира - 2011» байқауына дайындық деңгейі себеп болып отыр.

Отбасылы әйелдер арасындағы «Миссис Мира» халықаралық байқауы 1985 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан әлемге әйгілі шаралардың бірі болып саналады. Оның ұлттық аналогы біздің елімізде осыдан үш жыл бұрын Республика Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен өткізіле бастады.

«Миссис Казахстан» байқауының жеңімпазы болып өткен жылы Гүлназ Әлімгерей танылды. Енді ол үстіміздегі жылдың желтоқсан айының басында әлемнің 92 елінен келген үміткерлер арасында және бүкіл әлемнің көз алдында «Миссис Мира» байқауының ақтық сынында Қазақстанның намысын қорғайтын болады.

Гүлназ Әлімгерей – белгілі тележурналист, «Қазақстан» телерадиокорпорациясында жаңалықтар қызметінің редактор-жүргізушісі болып жұмыс істейді. Үкімет тарапынан ұйымдастырылған Қазақстанның индустриалды-инновациялық Бағдарламасының жобаларына арналған Жалпыұлттық телекөпірдің тұрақты жүргізушілерінің бірі ретінде өз жұмысын жоғарыда деңгейде атқарып келеді.

Сонымен бірге ол Қазақстанның мәдени мұрасын насихаттау мен дамытуға бағытталған «Қазақтың 100 әні» тележобасының жүргізушісі ретінде кең қауымға танымал.

Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, әлем жұртшылығының біздің елге деген өсіп келе жатқан шынайы қызығушылығын, оның ішінде мемлекетіміздің ірі халықаралық жобаларға қатысуы, сондай-ақ алда келе жатқан Тәуелсіздігіміздің 20-жылдығына орай Қазақстанға деген әлемнің жоғары назарын ескере отырып, Гүлназ Әлемгерейдің осы халықаралық байқауға дайындығы мен қатысуын Үкіметтің қамқорлығына және өзіңіздің жеке бақылауыңызға алуыңыз дұрыс болар еді.

Біздің үміткердің дайындығына және оны АҚШ-тағы финалдық байқауға қатысуына байланысты туындап отырған барлық мәселелерді шешуге мәдениет, сыртқы істер, ішкі істер, қаржы және басқа да мүдделі құрылымдар басшыларын жедел түрде тарту қажет болып тұр.

Әзірге, бізге белгілі болып отырғандай, қазақстандық жүлдегер жоғары деңгейдегі байқауға қатысу үшін қажетті ұйымдастырушылық және басқа да көптеген мәселелерді іс жүзінде өз бетінше шешуге тырысуда.

Құрметпен,

депутаттар Ж. Асанов

Н. Әбдіров