Қазақстан халқы Ассамблеясының бір топ мүшесі өткен брифингке Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов, Парламент Мәжілісінің депутаттары Сауытбек Абдрахманов, Ахмет Мурадов және ҚХА Кеңесінің мүшелері Анатолий Башмаков пен Айгүл Сәдуақасова қатысты.
Ералы Тоғжанов Ақтөбедегі экстремистік сипаттағы келеңсіз оқиғаға байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі өзінің отырысын өткізіп, үндеу қабылдағанын, онда экстремистік сипаттағы әрекеттерді айыптайтынын жеткізді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары сөзінің соңында қалың жұртшылықты қауіпсіз және тұрақты Қазақстанды нығайту және дамыту жолындағы Елбасының сындарлы саясатының айналасына ұйыса түсуге, қырағылық пен сабырлылық танытып, тұрақтылықты сақтауға шақырды.
Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов өз сөзінде діннің атын жамылған лаңкестерде қасиетті ештеңе жоқ екендігін қадап айтты. «Бұл оқиға Оразаға бір күн қалғанда орын алды. Осының өзі дінді бетперде етіп ұстанған адамдар үшін қасиетті ештеңе жоқ екенін көрсетіп отыр. Сондықтан, бұл оқиғалардан әрбір қазақстандық сабақ алуға тиіс. Ең алдымен, біз мемлекетіміздің зайырлы сипатын, Конституцияда жазылған зайырлы мемлекет деген атымызды толық қалпына келтіру жөнінде көп жұмыстар атқаруымыз керек. Ақтөбедегі оқиға осыны тағы да еске салады. Қазақстан халқы Ассамблеясының үндеуі әрбір қазақстандықты сабырлы, қырағы, ынтымақшыл болуға, қашанда еліміздің басты байлығы – достықты көздің қарашығындай сақтауға шақырады. Осы үндеу үлкен әңгіменің басы деп ойлаймыз», деді.
Парламент Мәжілісінің депутаты Ахмет Мурадов өз сөзінде еліміздің қай түкпірінде болған оқиғаның әрбір қазақстандыққа қатысы бар екенін айта келе, радикалдық, экстремистік, лаңкестік әрекеттерге тиісінше жауап беру қажет екендігіне тоқталды. Оған елдің мызғымас бірлігі арқасында мықты тосқауыл қоюға болатындығын жеткізді. «Аталған оқиғаға қатысты құзырлы орындар тарапынан қабылданған шешімдер алдағы уақытта оның қайталануына жол бермейді деп сенеміз», деді Мәжіліс депутаты.
«Кез келген проблема конституциялық және бейбіт жолмен, құқықтық тәсілмен шешілуі тиіс. Ақтөбеде орын алған оқиғаны айыптай отырып, алдағы уақытта қазақстандықтарды қырағы болуға, патриот болуға шақырамын», деп түйіндеді өз сөзін Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Анатолий Башмаков.
Әлеуметтанушы Айгүл Сәдуақасованың айтқаны зерттеу барысында нақтыланған халықтың пікірімен астасып жатты. «Жалпы, қазақстандықтар өздерінің ой-пікірлерін білдіргенде, елімізде бірлік болсын, елімізде мызғымас ынтымақ болсын дегенді көбірек айтады. Бұл – әлеуметтанушылар тарапынан зерттеу жүргізілгенде жиі кездесетін тұжырымдар. Сондықтан Ақтөбеде болған оқиғаны сарапшы ретінде қарастырсақ, халық мұндай лаңкестік оқиғаларға жол бермеуге, осыған бір халық болып, бір ел болып, бәріміз бірге қарсы тұрайық деген пікірлерін айтып жатыр», деді.