АБДРАХМАНОВ
Сауытбек
Абдрахманұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Еңбектің негізгі рухы – анаға деген құрмет

«Егемен Қазақстан» газеті

2021 жылғы 5 сәуір

Толғамды ойларға толы тұсаукесер

Ұлт тарихындағы есімдері ел есінде қалған аяулы аналарымыз бен ару қыздарымыздың келер ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық тағылымдары һәм елдік мүдде жолындағы игілікті істері баяндалған еңбектер қазақ әдебиеті қоржынында көп емес. Осы бір сүбелі тақырыпта қалам тартып жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Шәрбану Бейсенованың кезекті кітабы – «Ұрпағына ұран болған аналар» атты танымдық-көпшілік басылым оқырманға жол тартты.

Image title


Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев фейсбуктегі парағын­да жазушы Шәрбану Бейсенованың жаңа кітабы туралы өз ойын білдірді. Онда былай делінген:

«Анам, жазушы Шәрбану Бейсенова­ның «Ұлы дала арулары» деген сериямен жа­рық көрген еңбектері көпші­лік­ке бел­гілі. Осыған дейін «Сүйінбике», «Бозоқ аруы» атты туындылары басы­лып шық­қан еді. Бүгін атал­ған серия ая­сын­да «Ұрпағына ұран болған аналар» атты үшін­ші кітап қалың оқырманға жол тартты.

Бұл еңбекте тарихымызда есім­дері ерекше аталатын аяу­лы аналарымыз бен ару қыз­дары­мыз­дың ұлтқа үлгі, ұрпаққа өнеге болатын тағы­лымдары және елдік мүд­де жолындағы игілікті істері кеңінен қамтылып жазылған.

Image title


Кітаптың алғысөзінде ай­тыл­­ғандай, «Ұлы дала ару­лары» сериясымен жазылған еңбек­тер­де тарихымыздағы аңыз да абыз аналарымыз­дың бәрі қам­тыл­мағаны анық. Сондықтан алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады деп сенеміз. Өйткені мұндай туындылар – ұлт шежіресінен сыр шертетін тарих қана емес, жас буынға айтар өсиеті мол қым­бат қазына. Қазіргідей ақпа­ратт­ар заманында ұлттық құнды­лық­тарымызды дәріптеу тұрғы­сынан да ұтымды дүние екені сөзсіз.

Асыл текті әзиз аналарымыз жайын­дағы жаңа кітап­тың оқыр­­маны көп болсын».

Ал ұлт руханиятындағы асыл ана­лардың рөлі талқыланған жиынға Пар­ламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевпен қатар, Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Мәжіліс депутаты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты Сауытбек Абдрахманов, белгілі жазушы Әлібек Асқар, Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен, Білім және ғылым комитетінің басшысы Жанна Құрманғалиева, жазушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, көрнекті журналист Жанболат Аупбаев, т.б. елордалық зиялы қауым өкілдері қатысып, жаңа жинақтың тұсаукесер рәсімін өткізді.

«Ұрпағына ұран болған аналар» – «Ұлы дала арулары» сериясының үшінші кітабы (құрастырғандар – Ш.Бейсенова мен Ж.Әскербекқызы). Бұдан бұрын «Сүйінбике – ұлы дала аруы», «Бозоқ аруы» атты екі кітап жарық көрген болатын. Жаңа жинақ үш бөлімнен тұрады: «Асыл текті әзіз аналар» атты І бөлімде Шыңғыс ханның жары болған Бөрте ханымнан бастап, ежелгі замандардағы он ананың өмірі баяндалған. Атап өтсек, Ақсұлу – Әлпеш ана, Нұрила (Домалақ) ана, Болған ана, Жұбан ана, Рәби Сұлтан бегім, Жаған бике ханым, Бопай ханым, т.б. Ал «Есімі ру-тайпа атауына шыққан аналар» атты ІІ бөлім тайпа көсемдері болған – Қызай ана, Мұрын ана, Абай ана, Тасбике, Тәттібике секілді жеті анаға арналады. «Ел жадындағы аңыз аналар» атты ІІІ бөлімде ел арасында есімдері аңызға айналған – Қарқабат ана, Марау, Жұпар, Сыланды, Дарабоз, Қойсана аналар, Қаламқас апа, Бопай ханша, Айғаным ана, Зере әже туралы 12 жазба топтастырылып, кітапқа барлығы халқымыздың 29 әзіз анасы туралы әңгіме еніп отыр.

Жиында С.Абдрахманов аталған еңбектің негізгі рухы – анаға деген құрмет екенін атап өтті. «Қазаққа Абайдай тұлғаны сыйлаған Ұлжан ананы алсақ, Арқаның сіңірлі атасы Қаракесектен шыққан Шаншарлардың айтқыштығы мен шешендігі Абайға қонды. Яғни Абай ұлылығында текті аналардан сіңген қасиет көп. Бұның өзі адам бойындағы асыл қасиеттер анадан даритынын көрсетеді. Мәселен, мына кітаптағы Қызай ана туралы әңгіменің өзі қандай мөлдір. Меніңше, жинақтағы әр ана туралы баяндарда болашақ повестердің идея-тақырыптары жатыр. Ал Бәйдібек бидің шабуыл кезінде Таш­кентте мал сатып жүргені кішкене көңі­ліме тиді. Бұл, әрине, ел арасындағы түр­лі аңыздың бір нұсқасы ғана. Ал та­ғы бір нұсқасында Бәйдібек би Сары бәй­бішенің алты баласын жау соңынан аттан­дырады. Алайда олар Күйік деген асу­да қайтыс болады. Сонда Домалақ ана бала­лардың текке қырылатынын біліп, бар­мауға үгіттеген екен. Міне, Домалақ анаға қатысты осындай детальдар да жинаққа енсе, тақырып толыға түсер еді», деді.

Image title


Ал Л.Сүлеймен: «Жинақта қалмақ аналарды қосқанда отыздан аса әйел-тұлғалар өмірі суреттелген. Оқып отырып, осы аналарға ортақ қасиет қандай деп ойладым. Сондағы қазақ аналарының негізгі қасиеті – «Ырыс баққан – дау бақпас» деген аталы сөзге келеді. Яғни ошақ басы – отбасы бірлігінен бас­тап, ауыл, ру, ел бірлігінің жайын ой­лау. Ұлтты сақтаған ұлағатты аналардың өмір тарихындағы шашырап жүрген түрлі деректерді жинап, жүйелеу – үлкен еңбек», дей келе, бұл кітаптың қазіргі жаһандану кезеңінде қазақ қыздарын, қазақ әйелдерін тәрбиелейтін рухани құрал екенін айтты.

Жазушы Шәрбану Бейсенова қалам тербеген әйел-ана тақырыбы – мәңгілік тақы­рып. Бұл туралы Т.Жұртбай әңгі­меледі. «Қолымызға тиген жаңа жинақ – ешқашан аяқталмайтын һәм қасиетті тақырып. Автор жүзге келсе де, қаламының ұшында бір тамшы жазылмаған қазақ әйелінің тағдыры тұрады. Ал кітап мазмұнына келсек, ел тарихында бір өзінен бір қауым ел тараған аналар бар. Мәселен, Мұрын анадан тоғыз болыс, Мақпал анадан сегіз болыс Байжігіт тараған. Қазіргі Тарбағатай, Ақжар, Ақсуаттың жартысы, Ақжар, Мақаншы түгел осы Мұрын ананың елі. Ол кездегі тоғыз болыс дегенің – кішігірім бір мемлекетке тең. Айпара деген мықты әйел болған. Бүкіл тобықтының анасы. Егер Айпара қалмақтарға барып, өлген түйенің астына балаларын тығып, Жандос пен Жігітекті алып кетпегенде, Тобықты қайдан шығар еді?.. Тобықты жоқ болса, Құнанбай мен Абай да тумас еді. Ал Абай тумаса, қазақ не болар еді?..» деді ол.

Жиын барысында Н.Дәуешов авторға министрдің Алғыс хатын тапсырып, аталған жобаның жалғасын табуына барынша қолдау көрсететінін жеткізді.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев іс-шараны ұйымдастырған Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы­ның директоры Дәулеткерей Кәпұлына, «Фолиант» баспасының директоры Нұр­лан Исабековке және жиынға қатыс­қан барша зиялы қауымға алғыс білдірді.

Айта кетейік, жаңа жинақ «Фолиант» баспасынан жүз данамен жарық көріп отыр. Алдағы уақытта тираж саны көбейіп, қайта басылуы мүмкін.



Маржан ӘБІШ